Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Клубты алатын адам футбол фанаты болуы керек

23.10.2025, 11:40 311

Абай  ДҮЙСЕНБИЕВ, 

«Қайсар»  футбол

клубының  экс-ойыншысы:

Қазақ – ежелден өнер мен спорттың жанашыр жанкүйері. Қанында тектілігі тулап тұратын қызба халық. Намысын нанға, арын ақшаға айырбастамайтын марғасқа мінезді. Әлемде қаншама спорт түрі болса, соның арасында футбол ойынының бәсі биік.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жергілікті «Қайсар» клубында ала доп бәсекесін қыздырған спортшының бірі – Абай Дүйсенбиев. Ол 1993-1994 жылдар аралығында жасыл алаңның жұлдызына айналды десек, артық айтқандық емес. Осы екі жыл көлемінде үлкен матчтарда аймақ құрамасының қатарында ел намысын қорғады. Доп додасының көрігін қыздырған экс-ойыншымен жолығып, футболдың өткені мен бүгіні жайында аз-кем әңгімелескен болатынбыз.

Әлі күнге дейін ойын алаңынан табылатын спортшыны стадион маңайынан кезіктірдік. Күні бүгінге дейін спорттан қол үзбеген ағамыздың сөзі жинақы, жүрісі ширақ. Бұл, сірә, спорттың тигізген  пайдасы  болар  деп  топшыладық.

«ҚАЙСАРҒА»  ҮЛЕС  ҚОСТЫМ  ДЕП  ШҮКІРШІЛІК  ЕТЕМІН

– Абай аға, алғашқы сауалымызды футболға деген  қызығушылығыңыздан  бастасақ.

– Бұл ойынға бала күннен келдім десем де болады. Әкем Шамшадин Дүйсенбиев орган қызметкері болатын. 1976 жылы әкемнің қыз­мет ауыстыруына байланысты Қазалы ауданына қоныс аудардық. Сол жерге барған соң спортқа ден қоя бастадым. Алғашында күреске қатысып, кейін баскетбол ойнадым. Содан бір күні ағам Асқардың айтуымен футбол ойнау­ға келіп, сол сәттен бастап, спорттың осы түріне қызығушылығым артып, аймақтың бас клубына дейін келдім. Футболда алғашқы жаттықтырушым қазалылық Нұрылда есімді бапкер болды. Өзі – сол жақтың жергілікті адамы. Одан кейінгі жылдары Тереңөзекке келдік. Барған бойдан футбол секцияларын сұрас­тырдым. Ол жақта да спорттық жаттығуымды жалғастырып, үнемі доп теуіп, өзімді шынық­тырып жүрдім. Содан қалаға қайта көшіп келдік. Қай жақта, не барын білмедім. Сөйтіп жүргенде бір жылдай уақытым босқа өтіп кетті. Кейін жолдас балалардан сұрастырып тауып, қатыса бастадым. Сол кезеңдері Қайнаровтың қол астында шынықтық. 1991 жылы оқу бітіріп келдім де, 1992 жылы институтта бір жыл сабақ бердім. Тура бір жылдан кейін, яғни 1993 жылы «Қайсар» құрамына қосылдым. Ел чемпионаты басталайын деп жатқан уақыт. Ұмытпасам, 1-2 матч болған алдында. Көне стадион маңайында база болатын. База­ға келгенімде бірінші ойынға қосуға мені үлгер­меді де, екінші ойыннан бастап жасыл алаңға шыға бастадым. Әрине, ол кездегі әсер есімнен кетпейді. Үлкен ойын алаңы. Жұрттың бәрі сенің қимылыңды бағып қарап отырады. Сәл жіберген орынсыз қате жеңіліске ұшыратуы мүмкін. Сондықтан аса сақтықпен ойнайтынмын.

Жасыл алаңдағы алғашқы ойыным Алматының «Қайрат» командасына қарсы өтті. Олар сол кездің өзінде де өте шебер ойнайтын мықты клуб болатын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді. Осы ойынға әкем, ағаларым жан­күйер болып қатысты. Өкініштісі сол, 8:0 есебімен ұтылып қалдық. Дегенмен, клуб құрамында тәуір ойыншылар өнер көрсетті. «Қайсардың» бюджеті аздау болғаннан ке­йін жалақы жағы жеткіліксіздеу болып, көп ойыншы­мыз ауысып кетті. Нартай Құлым­бетов, Сергей Когай, Тілеухан Тұрмаған­бетов, Марат Есмұратов, Серікбол Қыпшақбаев, Әбіл Қалымбетов бәріміз бір клуб құрамында ойындар өткіздік. 1994 жылы «Петро­Қазақстан» компаниясы демеуші болып, «Қайсарды» қарамағына алды. Осы жылы ойын­ды аяқтап, әкемнің айтуымен органға қыз­метке ауыстым. Әбіл Қалым­бетов қайтадан құрамаға шақырды. Бірақ, көңілім футболға барғысы кеп тұрса да, жұмыстан шығып кете алмай, ұсынысын қабылдай алмадым. Жалпы, екі маусымда 34 ойын өткізіп, 6 голдың авторы атандым. «Қайсарға» үлес қостым деп  шүкіршілік  етемін.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ  АРТЫҚШЫЛЫҒЫ  мен  КЕМШІЛІГІ  БАР

– Мемлекет басшысы өңірлердегі футбол клубтарын жекешелендіруді ұсынды. Бұл жөнінде  не  айтар  едіңіз?

– Жалпы, жекешелендірудің жақсы және кемшін жағы бар. Мәселен, бұрынғы футболды алатын болсақ, ол кезде бір мекемеге ойын­шылар тіркеліп, айлық алатын-тұғын. Сырттан келген ойыншылар болса, асханасынан тамақтанатын. Әйтеуір ойыншыларда қанағат болатын еді. Қазіргі заманда мекемелер алғысы жоқ. Клубты алатын адам нағыз футболдың фанаты болуы керек. Мысалы, «Қайрат» коман­дасының директоры Қайрат Боранбаев – нағыз осы футболдың жанкүйері әрі жанашы­ры. Ал, бізде ақшасы барлар алады. Бірақ, футболға шынайы жанкүйер емес. Мүмкін өзі қызығатын басқа спортқа демеуші болса деймін. Футболға келетін демеуші осы спорт түрін жаны қалайтын маман болса деп ойлаймын. Қызылорда мен Шымкентті немесе Қызылорда мен Алматыны салыстырып қараңыз. Футболды алға сүйрейтін шынайы қолдаушы бола алатын адам ол екеуінен де оңай табылады. Алматының өзінде қаншама лига бар. Жарысқа барғанда олар жоғарыдан көрінеді. Оларға өзінің лигалары қызықты. Киімі, тама­ғы, айлығы бәрі шешілген. Міне, ойыншылар сосын жақсы көңіл күйде доп тебеді. Асхат Тағыбергенді «Қайсарға» келмеді деп кінәлап жатыр. «Тобыл» мен «Ордабасының» ойыны­на келді деп жатыр. Бұл дұрыс емес. Жас күнімде «Қайрат» клубына қосып жіберейік дегендер болды. Мен қарсылық  таныттым. Өйткені, мен осында жетілуім керек. Ал, көзге түсіп, жақсы ойнап кетсем, ол кезде ойлануға болатын еді. «Қайсарда» қалдым, ешқандай өкініш жоқ. Бір өкініштісі сол, клубқа сол кезде демеуші болмады. Жасыратыны жоқ, ол кезде киімнің өзі сапасыз болатын. Бір айта кетерлігі, кейін «ПетроҚазақстан» демеушілігіне алып, жағдай жақсара түсті. Соған көңілім қуанады. «Ислам­ғали Қозбақов «Қайсар» клубын алайын деп жатыр» деген мәлімет бар. Әрине, үлкен сенім артамыз! «Шахтерді» Тимур  Турлов алып жатыр. Михаил Ломтадзенің де қаржысы жеткілікті. Міне, жалпы айтарым, жекешелендірудің артықшылығы да, кемшілігі де бар. Тек тиімді жағын ұстану қажет. Ең біріншіден,  қаржы  жағын  үнемдейді.

АУДАНДАРДАН  ЖАҚСЫ  ОЙЫНШЫЛАР  ШЫҒАДЫ

– Жаңа  айтып  қалдыңыз,  осы футбол акаде­миясын құру жөнінде де жиі айтылып жүр. Жас ойыншыларды көбейту мәселесі жөнінде не айтар  едіңіз?

– 2023 жылы футболға бапкер болып келдім. Мысалы, бір топ болса, сонда 2014 жылы 90  адамға  таңдау  жасадық.   Сол  жылдары  Садық   Мұстафаевтың  академия  ашамын  деген жоспары  болды. 600 бала алынып, қысқарту керек   болды.  Негізі  клуб  сапында 25 ойыншы  болу керек еді.  Басында  сол  90  баланың  70-80-і тұрақты  келіп  тұрды. Екі маусым жұмыс істедік. Мүмкін бапкерлік құрам аз болды деп ойлаймын. Нақты жаспен алып, жақсы үздік ойыншыларды академиядан шығаруға болады. Талантты ойыншылар көп әрине. Оған сөз жоқ. Оны іздеу керек. Аудандардан  жақсы  ойыншылар  шығады. Түрлі жарыс, фестиваль ұйымдастырып жатыр. Қалай болып жатқанын айта алмаймын. Қазір бапкер емеспін. Ойынның бас-аяғында жоқпын. Бірақ, бір айтарым, академия құрып, мықты ойыншылар шығаруға әбден болады. Академия құрылса, балалар соның  ішінде  жатып  оқиды. Олардың күнделікті тамағы, жарыс  алдындағы киімі қада­ғаланады.  Жаттығуы үздікіз  жүргізіледі. Қазіргі ойыншылар үйден қатынайды. Кім не жеп жүргенін білмейсің. Бүгінгі жастардың тама­ғы – кириеш­ки, пицца, суши сияқты құнарсыз ас. Қалай тамақтанасың, солай ойнайсың. Қызылордада академия ашуға толық мүмкіндік бар. Екі мәрте кубок алдық. Әрине, бұл – аймақ футболы үшін үлкен жетістік. Негізі  біздің  мүмкіндігіміз  бұдан  да  жоғары  деп  айтар  едім.

– Биылдың өзінде еліміз бойынша үш жас ойыншы қаза тапты. Сіздің кезіңізде ойын барысында  қандай  да  бір  оқыс  оқиға болатын ба еді?

– Әрине, бұл – үлкен қайғылы жағдай. Негізі спорт – ауыр жол. Қиыншылығы көп сала деуге болады. «Қайсардың» ойыншысы Бақыт Кәдіров Қарашығанаққа ойынға барғанда аяғын сындырып алды. Сонда 2-3 ай жатып ем алды. Кейін елге келді. Ең ауыры, осы жерден карьерасы аяқталды. Қазір жазылды, бірақ орны қалды. Қатты жүгіре алмайды, бүгінде ардагерлердің  жаттығуларына  тұрақты келіп жүр.

ӘКЕМ  ҮЙГЕ  ҮСТЕЛ  ТЕННИСІН  ҚҰРЫП  БЕРДІ

– Сол кездері футболдан бөлек, құрама сапын­дағы жігіттер спорттың қай түріне жақын болды?

– Спортшылар  барлық  спортқа  бейім  болды деп айта аламын. Көбі баскетбол, волейбол, үстел теннисін ойнайтын. Жүгіру болса да тұрақты  жаттығулардың  біріне айнал­ды. Мақтанғаным емес, баскетбол секция­сына тұрақты қатыстым. Волейболға ерекше қызығу­шылығым болды. Қазірдің өзінде осы спорттарға ерекше іштартып тұрамын. Мектеп атынан қатысып, талай мәрте жеңімпаз атандық. Әкем үйге үстел теннисін құрып берді. Сол бала күнгі ойнағанның әсері болар, жақында  ардагерлер арасында өткен үстел теннисінен облыстық жарыста 22 ардагердің арасында 4-орын алдым. Жалпы, адамның бала күнгі ойна­ған ойыны, спорты өміріне үлкен оң әсерін тигізеді. Соған көзім анық жетті. Осы ретте жас ата-аналарға айтарым, балаларыңызды ықыласы бар кез келген спортқа қатыстырыңыздар. Ол түбінде өз жемісін береді. Мектепте сабақ берген жылдары кішкентай жаттығулардың өзін жасай алмайтын балалар болды. Таңғалатын едім. Солардың арасында спортқа  барамын  дегендерін қолдап, кеңесімді  айтып,  бағыттап  жібердім.

ЕШҚАШАН  СТАТИСТИКАҒА  ҚЫЗЫҚПАДЫМ

– Есіңізде  қалған   қандай ойынды атар едіңіз?

– Ойыншы үшін әрбір ойын өз ерекшелігімен ұнайды. Жылы нақты есімде жоқ. Жезқазғанда бір үлкен жарыста шешуші гол салғаным қатты есімде сақталыпты. Осы Қызыл­ордада «Яссы» командасына қарсы бір ойын өткіздік. Алматының «Қайрат» командасымен өткізген ойын күні кешегідей көз алдым­да. Орталық  стадионның  шөбі  тобықтан асады. Тепкен добың көп ұзамай анадай жерге барып тұрып қалады. Біз бұрын тақырда ойнап үйреніп қалғанбыз. Анау аса қиындық туғыз­ған ойын ретінде есімде қалыпты. Бірақ ол ойын­ның да өз қызықшылығы көп. Мен бірақ ешқашан статистикаға қызықпаппын. Мен үшін ол ойын жай жұмыс секілді болды. Жауап­кершілікті  сезінемін. Бары  сол  ғана.

– Сол уақыттары футбол сіздерге қандай мүмкіндіктерге жол ашты? Бұрынғы мен бүгінгі футболдың  артықшылығы мен кемшілігі қандай?

– Бұрын футболды тыныштықта ойнайтынбыз, көп жарнамасы жоқ болатын. Негізі футбол – командалық ойын. Алаңда жеке-­дара қақпаға ұмтылу қателік болады. Спортшы клубпен бірігіп, бір-біріне пас беру арқылы ойнау  керек. Артта тұрған ойыншыны сезіне білуі керек. Қазіргі футболды жоғары бағалаймын. Ойыншылардың жүгіру жылдамдығы таңғаларлық. Бұл – үлкен жаттығулардың жемісі. Маған ұнайтын ойындар – ортаны өтіп, шетке шығып, сосын барып қақпаны нысанаға алу. Жанкүйерлерге де осындай ойындар қызықты.

Футболдың бізге берген мүмкіндігі көп болды. Футболды аяқтаған азаматтар органға жұмысқа орналасты. Берік Жаппасбаев деген футболшымыз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комите­тіне жұмысқа тұрды. Ғабит Мақатаев деген футболшымыз дзюдомен де айналысты, сол мықты спортшыны органға жұмысқа шақыр­ды. Аға лейтенант шеніне дейін қызмет жаса­ды. Кейін қайтып спорт саласына оралды. Қазіргі ойыншыларды да әр сала бойынша сұраушылар болып жатады. Футбол көп жігіттің  жолын  ашты.

Бірінші лигадан Сұлтан Әбілдаев бір емес, екі рет шығарды. Сәйкестік керек. Барлық жағынан ойынға кең көлемді қараған дұрыс. Ойын – ол ойын. Бапкер мен ойыншы бір-бірінің ойын алыстан ұғынуы керек. Сонда  нәтиже  шығады.

ФУТБОЛ  –  ӘЛЕМДІК  ДЕҢГЕЙДЕГІ  СПОРТ

– Футбол  сізге  не  берді?

– Спорт маған көп нәрсе берді. Дұрыс тамақ­тану, дұрыс жаттығу жасау. Бұл, са­йып келгенде, адам өміріне оң имидж қалып­тастырады. Жақсы жолдастарды жолықтырды. Қазақстан төңірегінде қаншама азаматпен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Спорттың қай түрі болсын шынайы ықылас танытсаң, ұдайы көңілің ауып тұрады. Ал мансап үшін қатыссаң, кішкентай жетістікке жеткен соң басқа жаққа ауысқың келіп тұрады. Мен осыны айт­қым келеді. Спорт, оның ішінде футбол маған көп дүние берді. Мен де футболға еңбегімді сіңіргім келеді. Криштиану Роналду қандай ойын көрсетіп жүр мысалы. Футбол – әлемдік деңгейдегі спорт. Сондықтан оның жемісі де, жеңісі  де, жеңілісі  де  болуы  заңдылық.

– Қазақ футболы қалайша дамиды деп ойлайсыз?

– Өте ауыр сұрақ. Қазақта осы ойында кемшін тартып тұрғаны – ол көреалмаушылық. Қаражаттың тиімсіз жұмсалуы да өз зардабын тигізіп отыр деп ойлаймын. Егер де жоспарлы дүниені жүйелі жасаса, көп жетістікке жеткен болар  едік.

СТАДИОН  ФУТБОЛ  ОЙНАУҒА  КЕРІ  ӘСЕР  ЕТУІ  МҮМКІН

– Жаңа стадионның салынуы «Қайсар» коман­дасына  қандай  серпін  береді?

– Стадион жалпы Сыр өңіріне оң серпін беріп отыр деп айта аламын. Оның ішінде тек футбол емес, басқа да спорттарға жағдай жасалған. Дзюдо, бокс үйірмелері ашылған. Жұмыс істеп жатыр. Жаңа стадионда концерт өткізуге қарсымын. Неге десеңіз, алаң аяққа тапталып, футбол ойнауға кері әсер етуі мүмкін. Қаламызда басқа да жақсы жерлер жеткілікті. Сол жерлерде өткізілсе, дұрыс болар еді. Алаңды қайта тырмалау керек. Ол – үлкен жұмыс. «Қайсар» келер жылы жаңа стадионда жерлестерін  жарқын  жетістіктерімен  қуан­тады  деп  сенемін.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: