Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киберқауіпсіздікті игергендер өте аз

14.01.2021, 10:30 619

Cәкен  СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ:

Жаһандану  үдерісіндегі үзіліссіз процестің бірі – ақпа­раттық технологияның қарқынды дамуы. Сәт сайын өзгеріп жатқа­н шифр, қауіпсіздікті сақтайтын деректер  қоры, хакерлік шабуыл­дың кедергісі, кибершабуылға тосқауыл қоя білу – заман­ның сұранысына ие технологиялық қызметтер. Алайда­  цифрлық  жүйеге  ұмтылып  отырған  мемлекеттің осы  ақпараттық  технология  саласының  ақсап тұр­ғаны  үлкен  сынға  ұрындырып тұр. Өркениетті елдер халқының  әл-ауқа­тының жоғарылауы мен өнер­кәсі­бінің оң жолға бағыт­талуына осы ІТ қызметін дамыту арқылы­  қол  жеткізіп  отыр.

* Отыз жылдық тәжірибесі бар біздің елдегі тех­ноло­гиялық  ахуал  қандай?

* ІТ  саласын  игеруге  не  жетіспейді?

* Интернет желісінің игілігі мен зияны қандай?

Осы сынды сауалдарға жауап іздеу үшін қызыл­орд­алық ІТ маман Сәкен Кенжеевті сөзге тартқ­ан  едік.

– Көпшілік сізді қызылордалық ІТ маманы, «SAMBOB» интернет тарату желілік компаниясының басшысы ретінде таниды. Жалпы, ұсынатын  қызметтер туралы толықтырып өтсеңіз…

– «SAMBOB»  компаниясын  бастапқыда  ІТ қызметтер көрсету бағытында құрдық. Кейін­нен заман талабына сай, тұтынушылардың сұранысына сәйкес қызмет көрсету аясын кеңей­тіп, байланыс саласына бет бұрып, интернет желісін берумен айналысып келеміз. Жалпы­, ІТ саласы байланыс қызметі, автоматтандыру қызметі, құрылғыларды сату секілді түрлі бағытқа бөлінеді. Біз осы салалардың барлығын қамтып отырмыз. Өйткені бір бағытты ғана ұстап отыру қазіргі нарық талабына, сұранысына сай келе қоймайды. Тұтынушылардың сұранысы қай салада, қай түрі екенін, қандай талап қоятынын айқындай отырып, толықтай қамтуға  тырысамыз. Біздің компанияның басты­ ерекшелігі де сол – әмбебап қызмет көрсету үлгісі бар компания. Сондай-ақ, тек бір саламен шектелмей, көкжиегімізді кеңейтіп жатқан­ жайымыз бар. Мәселен, сауда-саттық, туризм саласын дамытуға да өзіндік үлесімізді қосып  келеміз.

– Сандық жүйеге көшу, интернетпен қамтамасыз ету деп жатамыз. Десек те, кейбір ауылдық жерлерде интернет қолжетімсіз. Сіздің тәжірибеңіз бойынша алыс ауылдарды қалай қамтуға болады?

– Соңғы жылдары сандық жүйеге көшу, «Цифрлы Қазақстан», «Ақылды қала», «Ақылды ауыл» деп айтылып жатыр. Бірақ мұның барлығ­ы жоғары жылдамдықтағы интернетсіз құр сөз ретінде қала береді. Кез келген ІТ, құрыл­ғы, кез келген цифрлы қызмет көрсету жылдамдығы жақсы интернетпен тығыз байланысты. Бұл сұрағыңыз өте орынды. Расымен де ауылдық жерлерде интернет қолжетімсіздігі бар. 2019 жылы кейбір деректерге сай Қызыл­орда облысында 70-ке жуық ауылда жоғары жылдамдықты интернет жоқ еді. Қазіргі таңда мемлекеттің қаржыландыруымен ірі провайдер компаниялар кезек-кезегімен интернет желісін тартып жатыр. Бірақ бұл мәселеге байланысты билікке 2017 жылы сымсыз байланыстың тиімді әрі арзан­ жолын ұсынған едік. Өкінішке қарай, бұл ұсыныстар қараусыз қалды. Біздің тәжірибеміз негізінде Қызылорда облысын аз уақыт ішінде түгелдей интернетпен қамтуға мүмкіндік бар еді.

– Қызылордада «Ақылды қала» жобасы іске қосылып, кеңейтіліп келеді. Сіздер қандай үлес қоса алар едіңіздер?

– Дәл осы сұрағыңызға байланысты менде күмән бар. «Ақылды қалаға» байланысты  нәр­селерді еш жерден көріп жүрген жоқпыз. Әлем­дік тәжірибеде «Ақылды қала»  жобасы «Smart city» деп аталады. Елбасы өзінің жолдауында осы мәселені айтқан болатын. 2017 жылдың мамырында Қырымбек Көшербаев облыс әкімі қызметін атқарып тұрған тұста «Ақылды қала» («Smart city») жобасының концепциясын толықт­ай құрастырып ұсынғанбыз. Жиналыстарына қатысып, әкімнің жеке қабылдауына да кіріп, жобамызды қолдаған еді. Жобамыздың бірнеше сатысында қаланың барлық сквер, жағажа­йына, «Арбат» бойына, орталық алаң секілді көпшілік шоғырланатын, тынығуға келеті­н орындарға бюджеттен артық шығынсыз тегін wi-fi желілерін орнатуға болатын еді. Ол бірнеше сатыдан тұрады. «Orda wi-fi», «Smart box» деген қызметтер арқылы кез келген ұялы байланыс операторы арқылы өзге оператор­ларға тегін қоңырау шалуға мүмкіндік беретін жобалар болды. Алайда тапсырманы орындаушылар жобаны соңына дейін түсініп, жаңғыртып, жалғастыра алмады. Осы тұрғыдан қолдау таппай қалдық. Әр жерден бір түйір нашар жылдам­дықтағы Wi-Fi шығарып, міне, бұл «Ақылды қала» деп түсініп жүргендер көп. «Ақылды қала» – бұл орталықтандырылған басқар­у  жүйесі  бар, «Тірі» ағза іспеттес бір бөлігі екіншісімен тікелей байланысты жүйе. Осы принциптерге байланысты мен Қызыл­ордада «Ақылды қала» жобасының иісін де сезіп тұрғаным жоқ. Тағы да айтамын, бір-екі жерде мекеменің есебінен төлеп отырған тегін интернетті  қолданысқа беру бұл жобаның іске қосыл­ған­ы деген сөз емес.

– Жаһандық цифрландыру кезеңіне аяқ бас­қалы ІТ саласын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Сала маманы ретінде Қазақстанның  ІТ саласы қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Цифрландыру – жаһан талабы. Әлемнің көптеген мемлекеттері осы арнаға ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Тіпті цифрландыру бары­сында ірі алпауыт компаниялар құрып, мамандар даярлап, бағдарламалар құрумен айналысып жатыр. Көршілеріміз Белоруссия, Ресей, Украи­на елдері мықты мамандар арқылы өз өнім­дерін әлемдік нарыққа шығарып отыр. Ал біздің Қазақстанда меніңше, мұндай тенденция тапшы. Білетінім, біз – 99,9 пайыз IT саласының дайын өнімдерін тұтынушымыз. Әрине, бұл дұрыс емес. Болашақта бүкіл ақпарат, мемлекеттік құпиялар цифрлы түрде сақталып, өңделетін заманға келе жатырмыз, келдік те. Өз бағдар­ламамыз бен өз құрылғымыздың болмауы мемлекеттік деңгейдегі экономикалық қауіп­сіздігіміздің сақталуына кері әсерін тигізеді. Осы ретте біз үкімет есебінен ірі көлемдегі ІТ  тапсырыстарды  жергілікті  ІТ  компания­лар­ға беру керек деп ойлаймын. Оларға осындай мүмкіндік керек. Егер біз шетелдік компаниялардың көмегіне жүгініп, сыртқа жүгінуді тоқтат­пасақ, қазақтан шыққан мамандар даярланб­ай  қалады.

– Қазақстанда  интернет  қолданушылар  соңғы 10 жылда 80 пайызға жетіпті-міс. Бұл тиімділігінен бөлек, әрбір тұтынушы үшін қандай қауіп туғызу­ы  мүмкін?

– Кез келген нәрсенің екі жағы болатыны секілді соңғы кезде интернеттің пайдалы және зиянды тұсы туралы жиі айтылып жүр. Әрине, интернет білім іздеген адамға өте мол мағлұмат беріп, сапалы, қажетті ақпараттарын табуда оң ықпал етеді. Екінші жағынан интернет кеңістігінде ашықтан-ашық жатқан, пайдасыз, зияны көп, кейде жастардың санасын улайтын, экстремистік бағыттағы контенттер де баршылық. Ақпаратты қолдана білмейтін, ажыратуға сауаты жетпейтін адамға зиянды тұрғыда әсер етеді. Сол үшін керексіз ақпараттардан балаларымызды, жастарды қорғау, мемлекет тарапынан бақыла­у болу керек деп есептеймін. Өйткені жағым­сыз дүниелердің таралуына тосқауыл қою құзырлы органдардың тарапынан істеуге болатын әрекет. Ол үшін интернет желісіндегі орнал­асқан ақпараттарға тұрақты түрде мониторинг жасалу керек. Екінші жағынан әр адам мемлекетке сүйеніп отырмай, әр тұтынушы өз баласын интернеттің кері ықпалынан қорғауға талпынғаны жөн. Қазір түрлі фаерволдар, антиви­рустардың көмегімен де қажетсіз контенттерді  бұғаттап тастауға болады. ІТ саласының  осындай  мүмкіндіктері бар. Біздің тәжірибемізде мұндай жағдайлар жиі болады. Мәселен, ашық интернет көздерінің салдарынан бүтіндей бір мекеменің бухгалтерлік мағлұматынан айырылып қалған кезі болды. Сондықтан персоналды ақпараттарды неғұрлым құпия ұстауға тырысу керек.

– Шыны керек, біздің елде технологиялық саланы­ң кенжелеуі байқалады. Әсіресе, кибер­шабуылға ұшырайтын ақпараттық ресурстар, бизнес-қауымдастықтар осы тұрғыда көп шығын­ға ұшырауға мәжбүр. Бұл туралы не айтасыз?

– Бұл да – бүгінгі күннің ең күрделі сұрағы. Компьютерге шабуылдап кіру арқылы құпия ақпараттарға қол жеткізу, құрылғыда сақталған­ парольдерді ұрлау, онлайн-банкингтің дерек­теріне қол жеткізу, сондай-ақ, бағалы ақпараттарды шифрлап, қайта ашу үшін қомақты ақша талап ету арқылы бопсалау секілді жағдайлар кеңінен таралған. Қазір де кездесіп жатыр, бұл өте көп мөлшердегі шығынға ұшыратады. Біздің елімізде де сол вирустың көмегімен ақшалай шығынға батырған оқиғалар кезікті. Осы секілді шабуылдардан қорғану үшін сапалы, лицензия­сы  бар бағдарламалар мен антивирус қолданып, ірі мекемелердің міндетті түрде ІТ маманы болу керек. Болмаса біз секілді IT компаниялармен келісімшартқа отырып, ақпараттың толықтай қорғалуын қамтамасыз ету керек. Шыны керек, қазір ақпараттың құпиялылығы деген ұғымды түсінбейтін бизнес өкілдері өте көп. Бұл – ойнайт­ын емес, ойланатын шаруа. Бір ғана қателік, электронды поштаны дұрыс жазбау немесе сайттың адресінен қателесу вирус шақыры­п, жылдаған ақпараттан айрылу қаупін төндіреді.

Ал кибершабуылдарға ұшырайтын ақпа­раттық ресурстар бойынша айтар болсам, кез келген­ сайт, ресурс интернет желісіне қосыл­ған серверлерде тұрады. Сондықтан ол әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімді болып табылады. Сондықтан оларға түрлі ақпараттық-бағдарламалық деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аппараттар қойылады. Бірақ, адамның істегенін адам істей алатындықтан, көп жағдайда хакерлер бұзып өтуге машықтанады. Мұндай проб­лема ІТ саласымен айналысып отырған біздің мекеменің өзіне осы тектес шабуылдар жасалып, жұмысымызға кедергісін келтірді. Салдарынан бір-екі құрылғымыз істен шықты, бұл әрине маман тарапынан емес, құрылғыны өндірген компания тарапынан кеткен кемшілік салдарынан болды. Бұл ІТ саласы дамыған Ресей,­ АҚШ, Қытайда да кездеседі. Хакерлік шабуылға ұшырамаған сайттар жоқ деуге болады. Бәрі де түрлі кедергілерден өткен. Тек дайын­ әрі сақ болу керек. Әсіресе құрылымы үлкен, ірі мекемелерге арнайы маман керек, ал жеке адамдар­ түрлі әлеуметтік желілерге кірерде құпия сөзін күрделі етіп қойып, ешкімге айтпауы­ керек. Ыңғайы келсе құпия сөздерді компьютерлік құрылғыға емес, өзінің жадына сақтағаны қауіпсіз. Дәл осындай сақтық шара­лар­ы  смартфондарға  да  өте қажет.

– Жалпы, осы киберқауіпсіздікті игерген маманд­ар жеткіліксіздігі анық байқалады. Қарапайы­м халық та кейде интернет арқылы жеке ақпараттарын ұрлатып жатады. Осы ретте сала маманы ретінде қандай кеңес айтар едіңіз?

– Жалпы, ІТ саласында жұмыс істеп жүр­ген­дердің ішінде де киберқауіпсіздікті игергендер де өте аз. Өйткені бұл – ІТ саланың ішіндегі ең күрделі қызметтің түрі. Киберқауіпсіздікті игерген орта буынды мамандар да жеткіліксіз. Бір ғана өзіміздің аймағымызды алсақ, ең ірі, ал­пауыт­ деген мекемелердің өзінде мықты ІТ маманы жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Бұл кемшілік әу бастағы білімнен басталады. Университет қабырғасында дұрыс білім алуға құлық танытпау, жұмыс істеп жүргенде білімін шыңдап, жоғарылатпауы себеп. Бұл біліктілік шыңдау деген міндетті түрде арнайы оқуға қатысу дегенді білдірмейді. Қазір өздігінен ізденеті­н  заман  болған соң  жаңа құрылғылар­ды­ игеру арқылы барлық нәрсеге қол жеткізуге болады­. Жалпы айтқанда, ақпараттық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ететін мамандар өте тапшы десек те қателеспейміз. Осы кедергіні жойып, қауіпсіздікті сақтау үшін білімді жастарды оқыту  керек.

 – Уақыт  бөліп  сұхбаттасқаныңызға  рақмет!

Сұхбаттасқан  Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: