Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келесі алгебрамды «Үшқұдық» деп атауым мүмкін

27.03.2026, 7:20 47

Биыл ҚР Еңбек Ері, көрнекті ғалым, белгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаев 70 жасты толтырды. Жыл басында ғана ағамызбен Қызылорда қаласында жолығып, кең көлемде сұхбаттасқан едік. Шыны керек, академиктің айтары өте көп. Кейде оны тоқтату мүмкін емес. Кәдімгідей мысы басады. Әрі өзіңе қарсы сұрақ қойғанда тосылып та қаласың. Бір сағаттан аса әңгімелессек те, құмарымыз қанбай қалғандай. Себебі, математик ауыздыға сөз бермейді. Тағы десеңіз, айтары нысанға дөп тиеді. Әр сөзі нық, нақты фактіге негізделген. Сол себепті, шыбындаған атша басымызды мың мәрте изеумен болдық.

Айтқандай, телефон ұстамайтын Асқар ағамен кездескісі, сөйлескісі келетіндердің қарасы қалың. Әр уақытын жүйелеп отыратыны сондықтан. Біздің сұрақсыз сұхбатымыз да күтпеген жерден сап  тыйылды  деуге  болады.

Бала күнімде ақын, жазушы, тарихшы болсам деп армандадым. Ауылымыздың жанында Сығанақ деген жер бар, Сунақатада. Әкем «Урал» велосипедін алып берді. Соны мініп, 22 шақырым жерге барып, тарихи орындарды аралап, өзімше елестетіп қайтатынмын. Қазақ­тың әдебиеті мен тарихын оқып өстік, ол қанымызға  сіңді.

Қазір заман өзгерді. Абай айт­қандай, «замана соққан жел» бар. Бұрынғы 50-60-жылдармен салыс­тырсаңыз, өмір аспан мен жердей өзгерді. Адамның болмысы сол күйі қалғанымен, өмір салты, мақсаты, тілі  өзгерді.

Негізгі сұрақ: «Қазақ осы өзгеріс­те өз орнын тапты ма?». Осы ой мені мазалайды. Жастарда жақсы үрдістер бар, бірақ ол үлкендерге түсініксіз болуы мүмкін. Дегенмен, мен одан трагедия  көрмеймін.

Мысалы, жаңа айттық, біз жазу­шы болсақ, тарихшы болсақ деп армандайтынбыз. Ол кезде біз ауылда тұрдық. Көршіміздің үйінде үлкен кітапхана болды. Менің әкем, атам оқымаса да, жалпы ғылымға, білімге көзқарасы өте зор болатын. Мен қолыма ақша түссе, ауылдың орталығынан кітап алып келемін. Ол кезде кітапқа барсаң, бәрі – қазақша кітаптар. Кітаптың құны 2 тиыннан бастап 5 тиын, 10 тиынға дейін. Өте арзан еді ғой. Алып оқып, соған еліп жүретінмін. Былай шындай сеніп деген­дей, қатты фантазияны оятатын. Енді ол кезде телефон да жоқ, ол кезде теледидар да жоқ. Теледидар кейін мен төртінші сыныпқа келгенде пайда болды. Мынау электр бағаналары да жоқ болу керек. Менің бала күнім еміс-еміс есімде, керосин шамның астында отыратын едік. Кейін электр де пайда болды. Бәрі де жақсы болды ғой. Бірақ, сол бала күнгі арман, бала күнгі ой сол менің жүрегімде қалып қойды ғой деп ойлай­мын.

Бұрын компартияның заманы болды. Зиялы қауым идеологияның бір бөлігі еді. Жазушылар партияны мадақтады, есесіне жағдай жасалды: жалақы, пәтер, кітап, демалыс деген­дей…

Ал қазір – нарық. Ешкім сенің не жазып жатқаныңды сұрамайды. Кітабың   өтсе – өмір  сүресің,   өтпесе – далада қаласың. Көп адам, әсіресе аға буын, осы нарыққа бейім­деле  алмай  жүр.

Тағы да айтамын: осы нарықтың заманын көп адам игере алмай жатыр. Әсіресе мен құралпы, мен қатар­лы ақсақалдардың көбі далада қалып қойғандай сезімде. Иә, кейбіреуі үйреніп кетті. Енді ойлап қара­саңыз, қазір өмір дағдарыстан тұрады. Жұрт «жағдайымыз жаман, жалақы жоқ, қиын» деп жатады. Қазір  бәрі  «ақша  жоқ»  дейді.  Бірақ көшеге қарасаң, Алматының көшесі – толған  кептеліс. Қызыл­ордаға келсең  де,  көше­де  машина аз деп айтуға болмайды. Халық кедей болса, осы машина қайдан  келеді? Көп үйде бір емес, екі машина бар. Біздің кезімізде ол үлкен көрсеткіш болатын еді. Мәселе – ақшада емес, құндылықта. Ақшаны қайда жұмсайсың?

Біреулер «халқымды ойлаймын, халықтың қамын ойлаймын» дейді. Ойлап қарасаң, бұның бәрі де – бос сөз. Кімнің тарысы ерте піссе, соның тауығы боламын деген психология ғой. Жақсы ма, жаман ба, мен оған баға бере алмаймын. Мен тек осындай  фактіні  қарап  жүрмін.

«Капиталистік қоғам адами құндылықтарды қалтарыста қалдырып қойған   жоқ  па? Бұл қоғам қайда бара жатыр?» дейтін сұрақтың өзі маған түсініксіз. Өйткені, қоғамның мақсаты   ол  емес, сен  қалтарыс­та  қалып  қойдың ба, қалмадың ба? Оған бәрібір. Капитализм деген – нарық, пайда түсіру. Бір тауар өнді­ріп, оны сату, содан тауар алып, баю. Мақсат – осы. Бай болған, баю болғаны ол енді жаман ұмтылыс деп ойламаймын. Қазақтың психологиясына келсеңіз, мысалы қазақта Оспанбай деген ат бар. Оспан кедей деген есім жоқ. Неге? Қазақтар кез келген атты, кез келген сөзді адамның аты етіп бере алады. Мысалы, неше түрлі жаман сөздер бар. Ал бірақ кедей деген ат жоқ. Оспанхан, Оспанбай және Оспанбек дейді, Оспан  кедей деген ат жоқ. Демек, ол – халықтың психологиясында бар нәрсе, табиғи нәрсе. Оған біз қарсы келіп, біз таптық көзқарас дейтін әңгі­мені ойлап тауып, бүкіл өмірі осы таптық көз­қарастан тұрады дейтін Карл Маркстің еңбегін оқып өстік қой. Сөйтсек, әңгіме олай емес екен. Бүгінгі күні «Карл Маркстің еңбегі  дұрыс па, дұрыс емес пе?» дейтін  уақыт  келді.

Мәселенки, таптық көзқарас деп осы халықтың жартысы қырылып қалған кезеңдер де болған. Азаматтық соғысты айтамын. Ал егер қазақ­тың болмысына келсеңіз, онда бай да болған, кедей де болған. Ол барлық қоғамда бар, бүгінгі қоғамда да бар, келесі қоғамда да. Бірақ бай кім болған?

Мысалы, Абай – бай кісі. Оның 1500-дей қойы, 200-дей жылқысы, таңғаларлығы 20-30 шақты сиыры болған. Ол факті дәлелденген. Ол тура­лы қағаз  бар. Бірақ ол ақылымен,  беделімен  ерекшеленді.

Ал енді оның сол жаңағы қойын, жылқысын кім баққан? Өзінің айналасындағы адамдар, өзінің туыс­тары. Тек біреуі бай болады, өйткені ақылы қатты істейді, сыйлы болады. Ал біреудің қолынан қой баққаннан басқа ештеңе келмейді. Негізі психо­логия – осы. Бірақ осыны дарыл­датып  үлкен бір проблема ғып, алшақ  етіп  жіберген – саясат. Өкініштісі сол, саясаттың артынан жүгіріп кеттік бәріміз де. Жалпы, қазақтар мынау қой сияқты момын халық болған. Біреу айтса, соның артынан далақтап кетіп қалатын. «Критический мышление» дейді ғой, сыни ойлау жоқ. Бірақ оны ойлайтын да заман болған жоқ. Өйткені, еліңді біреу басқарып алды. Большевиктер  келді. Совет  одағы  болды.

Мен «Қызылордада не болып жатыр?» деп интернеттен қараймын анда-­санда. Телеарна, газет-журнал­дар бар. Анда-санда бір хабар ілініп қалады. Сосын облыс әкімінің баспа­сөз хатшысы жақсы жұмыс істейді ғой деймін. Қызылордадан жаңалықтар көп беріп тұрады. Жалпы, менің әкем қарап отыратын мұның барлығын да. Алматыда тұрдық. Жаңалықтардан қарап «Ойбай, жел болыпты, мына жерді су басып кетіпті, мына жерде өнім шықпай қалыпты» деп соның бәрін ескертіп, қарап отыратын. Ылғи маған айтып отыратын. «Мына Жаңақорғанда жел тұрып, біреудің шатырын ұшырып кетіпті». Бір ай бойы айтып жүрді «Ана кісінің шифері ұшып кетіпті ғой, не қылды екен? Сен соны білші сұрап» деп. Бұл кісінің қанына сіңіп қалды ғой. Ол кісі өлгенше газет оқып кетті. Көзілдірік тағып алып, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» секілді  газеттерді  оқып  отыратын.

Совет одағы бәрі жаман деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Мен Совет одағында тудым-өстім. Совет одағының жақсылығын көрдім. Мен мектепке бардым, интернатқа бардым. Москвадағы мемлекеттік универси­тетке түстім. Соның бәрі – Совет одағының арқасы. Сондықтан, оның бәрі ақ-қара деп мен айта алмаймын. Өмірдің бояуы көп, бірыңғай екі түске  келтіруге  болмайды.

Жасанды интеллект деген не? Компьютер деген не? Компьютер – үлкен дауыл, цунами, жел, қара күш. Бірақ, соны сен басқара білуің керек. Ол дұрыс. Бұйрық бере білу керек. Компьютердің тілі деген «программа жазу» дейтін біздің кезімізде. Қазір «қуаттау»  деп  аталады.

Компьютерде екі-ақ сан бар. Нөл және бір деген. Шындық және жал­ған деген. Компьютердің тіл – осы. Ал адами тіл басқа. Мүлде басқа. Сондықтан бүкіл адами өмірге сіз компьютерлік өмірді, көзқарасты әкеле алмайсыз. Алайда бүгінгі заман – компьютердің заманы. Сіз соған бейім болуыңыз керек. Бұл арада Ньютонның көзқарасын жүзеге асыру керек. Ньютон «қисық жоқ» дейді, тағы бірде «қисықты көрсең, түзу қыл» дейді. Былай қарағанда қате сияқты. Негізінде қате. Бірақ, Ньютон «Бұл – қате нәрсе. Десе де, қатенің  шамасы  бар»  дейді.

Менің бар болғаны екі-ақ оқырманым бар дейтінмін баяғыда. Өйткені, бұл әңгімені талай айттым. Әлі айтып келе жатырмын. Мынау Абайдың сөзі бар ғой «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма…». Сонда менің екі-ақ оқырманым болды. Біреуі – Қасым-Жомарт Кемелұлы, екіншісі – Алтынбек  Сәрсенбаев.

Алтынбек қайтыс болып кетті ғой. Басқа ешқандай оқырман жоқ. Ешкім ешнәрсе оқымайды, айтпай­ды. Дұрыс та демейді, қисық та демей­ді. Қазір айтатын болып жүр. Шуылдақтар көбейіп кетті. Ал Қасекең сол менің пәленбай жыл бұрын айтқан әңгімелерімнің барлығын сол сарында жеткізіп жүр. Шынымды айтайын, Қасекең маған бұрыннан да хат жазатын. «Теледидардан осындай хабарыңды көрдік, дұрыс айттың. Бізге, қазаққа осы керек» деп отыратын. Сондықтан, менің айтып жүрген кейбір сөзімнің Мемлекет басшысының құлағына ілініп, сол бағытта жұмыс істеп жатқаны мені қуантады, бұл – мен үшін абырой.

Мен жасанды интеллектіден қорықпаймын. Неге қорқуым керек? Әңгіме сіздің қорыққаннан не қорықпағаныңыздан өзгермейді. Уақытқа бәрібір, сен қорқасың ба, қорықпайсың ба? Ол «сені қорқады екен»  деп  айрықша жағдай жасамайды…

Иә, солай заман кетіп бара жатыр. Қазір компьютер шықты. Егер сен соны түсініп, соның жаңағы икеміне еріп, соны өзіңе бағындыра білсең, оның пайдасын  көре білсең, яғни басыңды  істетсең,  өзің де мықты боласың, сенің елің де жақсарады. Ал егер «ойбай да, ойбай» деген  баяғы ескі себепті әңгіме айтатын  болсаң, соны қайталай беретін болсаң, ол – сенің қып-қызыл ақымақ­тығың. Басқа  ештеңе  емес.

Түйін: егер сен жаңа технологияны игерсең – пайдасын көресің. Ал қарсы  болсаң – артта  қаласың.

Заман өзгерді дейміз ғой. Жақ­сылық та бар, жамандық та. Өкі­ніштісі сол, қазір бір блогер дейтін берекесіз мамандық шықты. Оның мақсаты – жалғыз  хайп  жинау.  Өйт­кені, оның оқырманы көп болса, 1 миллион адам жинаса, оған ақша түседі. Бұрын сондай болған. Қазір оны өзгертті. Себебі, 1 мил­лион оқырманды жинау түкке тұрмайтын нәрсе  екен.  Ал енді сізге керегі – тек оқырман емес, тірі оқыр­ман. Тірі оқырман деген не? Сіздің көрсеткен хабарыңызға нақты бір пікір жазу керек. Мынау жақсы не жаман деуі керек. Түптеп келгенде, оның ішінде бәрі бар. Сен мақтап отырсың ба, жамандап  отырсың  ба,  оған  бәрібір. Тек шу болса болды. Хайп деген сөз – шу. Жазбасы шуға ұласса, оған жарнама береді. 1 мил­лион оқырманның ең болмағанда он мыңы қарайды деген сөз, қалғаны – далада жүр, әншейін өтірік оқырман.

Қазір неше түрлі бизнес бар, сен айтасың, оқырманды 1 миллион қыл деп. Ақшасын берсең, 2 миллион етіп те береді. Ол – түкке тұрмайтын шаруа. Политехнология дейді оның барлығын.

Мінеки, блогердің бәрі демейміз, басым көпшілігі осындай пәтуа­сыз кәсіппен айналысады. Бірақ, оған сен қарсы келе алмайсың. Ол да – үлкен өнер. Демек, сен соған үйреніп, соған байланысты тірлігіңді өзің де қылуың керек. Мысалы, мен әлеуметтік желіде жоқпын. Мен фейсбукта да жоқпын, ештеңеде жоқпын. Телефон да жоқ. Себеп – осы. Өйткені, пәтуасыз  тірлік, пә­туа­сыз  өмір.

Бұрын мұнайдан басқа бренд таппадық деп айтқанмын. Қазір жағдай біршама түзеліп келеді. Ғылымда басты мәселе – бағыттың дұрыс қойылмауы. Ғалым өзіне ыңғайлы тақырыпты емес, мемлекетке қажет мәселені  зерттеуі  керек.

Ғылым ермек емес. Совет кезінде ғылымға ерекше мән берілді, себебі оның стратегиялық маңызы болды. Көп адам ғылымды түсін­бейді. Менің мақсатым – адамдардың сыни ойлауын дамыту. Оқу, іздену, еңбек – негізгі  шарт.

Жалпы, жалақы мәселесі – бұрыннан келе жатқан әңгіме. Адам болған соң әртүрлі пікір болады ғой. Әр кәллада – бір қиял. Мысалы, біреудің жағдайы түзелді. Ол жақсы жұмыс істеп кетуі мүмкін. Еңбек етсе, оның барлығы келеді. Ал біреу баяғы ескі сарынмен кезінде бір нәрсені  үйренді де, сонымен қалып қойды. Оған не істейсіз? Мысалы, біреу «мен оң жақ бәтеңкені жасай аламын» деп айтады. Грантқа жоспар береді. «Мен мың оң жақ бәтеңкені жасаймын» дейді. Дені дұрыс адам оған «Ей, бауырым, сенің оң жақ бәтеңкең­нің бізге не керегі бар? Адам екі  аяқты  киеді ғой. Соны жаса» дейді ғой. Сонда ол «Мен сол жақ жасай алмаймын, өйткені қалыбы жоғалып қалды. Мен мынаны үйренгенмін» дейді. Сен үйренді екен деп Үкімет солай жүре бере ме? Сосын оларға талапты өзгерту керек. Грант алғанда сен өзіңнің қолыңнан келетінді айтпауың керек. Мемлекетте қандай проблема бар, қандай шарт жасауым керек, не істеуім керек? Міне, осыған мен қандай үлес қоса аламын? Бұл арада жаңа рөл шығады. Мінеки, мемлекетке осындай тақырып керек. «Былай жүрсек болмайды, біз былай жүруіміз керек» деген сияқты әңгіме айту керек. Міне, осы бағытта мен идеяны айтып жүрмін. Осы бағытта жұмыс істеп  те  жатырмыз.

Кімде-кім х!+1=у2 теңдеуімді шығарса, шешімін тапса, оған 2 мың доллар беремін. Мұндай есептер менде  көп.

100 долларды анда-санда алып жатыр, бәріне бірдей бермейміз. Есеп шығармаса, неге бересің?! Бәрі еңбекпен, өзінің ұмтылысымен алуы керек. Бірақ, бұл арада бір үлкен мәселе бар. Қазір апта сайын біреу­лер хат жазады. Дәлірек айтқанда, ғылымнан хабары жоқ адамдар. Ешқандай дұрыс кітап оқымаған, дұрыс адаммен тілдеспеген, сөйлеспеген, жайлап айтсақ – топас. Интернеттен ана жерден, мына жерден көріп алады, бір блогердің сөзін естиді, сонан келеді да мазалай береді сондайлар. «Мен мынаны шығардым» дейді, қарасаң – қып-қызыл қате, қарапайым қате. Сосын мен ылғи айтам, «балам, сен мына екі кітапты оқы» деп кітаптың тізімін  беремін.

«Сен осыны оқышы ең болмағанда. Сосын сенің басың істей бастайды. Сенің істеп отырғаның – даладағы тірлік. Сен мені мазалай берме. Менің оған уақытым жоқ. Мен саған бес рет жауап бердім. Жетеді осы!» деймін. Өкініштісі сол, осындайлар көбейіп кетті. Өйткені, менің есеп бергендегі жалғыз мақсатым – адамдардың сыни ойлау көзқарасын өзгерту. Сыни ойлау өзіңе, өзгеге, алдыңдағы еңбегіңе, ғылымға, т.б.

Менің екі алгебрам бар. «Төрткөл», «Төртқара» дейтін. Үшке байланысты тағы бір сөз естідім, Үш­құдық дейтін. Мүмкін «Үшқұдық» деп атармын. Үшінші дәрежелі тағы бір алгебра таптым. Әңгіме мынада ғой. Ғылым – телегей теңіз. Бұл жерде бір тосын көзқарас керек. Егер сен баяғы сарынмен жүре берсең, онда ештеңе шықпайды. Менің алгеб­рам еш заңға бағынбайды. Жалпы, үшінші деген заң жоқ онда. Төртінші деген заң бар. Төрт деп отырған себебім, мағынасы сонда. Оны мен «квадрат» деп, «квадр» деп айтуыма болатын еді. Оны мен айтпадым. Жұрттың бәрі сұрайды «Төртқара» деген не?» деп. Өйткені, онда төрт деген сөз бар. Мен сол үшін қойып отырмын. Ойласам маған жақсы шабыт, жақсы ой келеді. Артық ойдың бәрін  лақтырып  тастайды.

Бүгінгі басты мәселе – ақпараттың жетіспеуі емес, керісінше артық ақпарат. Қажет емес дүниелер өте көп, ал керекті ақпаратты табу қиын. Бұл – қазіргі заманның ең үлкен мәселелерінің бірі. Өкініштісі сол, осының әдісін таба алмай жүрміз. Дәлірек айтсақ, оның әдісі бар. Жалпы мынадай ғылым бар. Информация деген ғылым бар. Бұл математиканың  бір  бөлігі  болған.

Жазып  алған 

Рыскелді  ЖАХМАН

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: