Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ішімдіктің кесірінен педофил болдым…»

02.09.2022, 11:20 1722

Балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек. Біз кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейттік, бірақ бұл мәселе өзекті болып қалып отыр. Ондай қылмыскерлер барынша қатаң жазаға лайық, оларға рақымшылық болмауы керек, сонымен қатар мерзімінен бұрын да босатылу құқығы берілмеуге тиіс. Олар барынша қауіпсіздігі жоғары абақтыларда отыруы керек. Осындай әр іс прокуратура органының ерекше бақылауында болуға тиіс…

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы жолдауынан.

ҚР Президенті 2019 жылы өзгерді. Алайда жаңалықтардан балалардың сексуалды сипаттағы зорлыққа ұшырағаны жайында жиі айтылады. Жауапты мамандардың ұлт ісінде өтімді қарекет қыла алмай жүргені ме? Қазақта жау ешқашан алыстан келмейді деген жөнді сөз бар. Расында да, балаларға қастандық жасайтын ағайын-туысы, көршісі, құда-жекжаты, өгей әкесі және ең сорақысы, туған әкесі мен ағасы азғындық әрекетке барады. «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды бөтен үйден тойдырма» деп үлгі-өнеге алған қазақ елінде мұндай оқиғалар болып жатқаны өкінішті. Дейтұрғанымен, ауруын жасырған өледі. Бұны жасырып, «ұяттың» суын ішкенмен, педофилдер балаларға «аңшылығын» тоқтатпайды. Жалпы, қазір педофилизм мен гомосексуализмді шетелдік ғалымдар патологияға жатқызбай жатады. Әлеуметтік желіде өзін ашық педофил екенін жариялаған адамның айтуынша, балалар  порнографиясын  көргенде  ләззат алатын көрінеді. Сонда бұл психикалық тұрғыда сау адам ба? Әлде оның орентациялық қалауы болған соң, қоғам қалыпты көзқараспен қарауы керек пе? Журналист бала секілді әркімнің ізінен еріп, сөзіне сеніп жүрмейді. Ақиқаттың ақ-қарасын анықтап, бейтарап болуы қажет. Тіпті мұндай оқиғада да сабырлық танытуы керек екені сөзсіз. Сондықтан педофилдің де өз мұңын тыңдауымыз керек. Сол себепті кім не десе, о десін деп Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 тергеу изоляторында педофил деп сотталған сотталушымен тілдестік. Шыны керек, кейіпкердің өмірбаяны жайында анонс та болмады. Бәрі сол жерде шынайы өтті. Шытырманға толы оқиғаға сот үкімін шығарса да детектив болып, сіз де  шындығын  болжап  көріңіз. Ендеше,   А. есімді қылмыскер оқиғаның қалай болғанын  тереңірек  тарқатты.

– Қайырлы күн! Ең алдымен, батылдық таны­тып сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Бүгін көптің көкейінде жүрген сауалдарға ашық жауап бересіз деген үміттемін. Олай болса, әңгіменің әлқиссасын сіздің өмірбаяныңыздан бастайық. Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Бұрын кім едіңіз? Қайда оқыдыңыз, қай жерде жұмыс істедіңіз?

– Осы Қызылорда облысы, Амангелді ауылының тумасымын. Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Алты ағайындымын. Үйдің ортаншысымын. Отбасымыз тату-тәтті өмір сүрді. Балалық шағым қызықты оқиғаларға толы болды. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін білесіздер. Таң атып келе жатқанда малды өріске айдау, кешқұрым мезгілде күтіп алу, бау-бақша егу, кесек құю сынды жұмыс­тарды істеп өстік. Жоғары білім алмадым. Мұндай мүмкіншілік отбасымда болмады. Өйткені әкем ерте қайтқан еді. Сондықтан жоқшылықты, ауыртпашылықты көріп ер жеттік. Сүйген жарыммен 2015 жылы шаңырақ көтердім. 2019 жылы ұлды болдым, 2020 жылы  қызым  дүниеге  келді.

– Қашан абақтыға түстіңіз? Қандай іспен және  қай  баппен?

– Бәрі Алланың жазуымен болды. 2020 жылдың аяғында 40 жасқа толғанымда ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 1-тармағы (Көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. – ред.) бойынша бес жылға сотталдым. Қазіргі таңда 1 жыл 8 айын өтедім, енді 3 жыл 4 айы қалды. Істеген  ісіме  өкінемін.

– Сіздің тарапыңыздан жәбірленуші адам қанша жаста болды? Ол сізге кім болып келеді? Бұл  алғашқысы  ма?

– Иә, бұндай қадамға алғаш рет бардым. Жәбірленуші қайын апамның қызы болып келе­ді. Шамамен 6-7 жастағы мектеп оқушысы.

– Бұрындары да қайын апаңыздың қызы үйіңіз­ге келіп  тұрушы  ма еді?

– Қайын апам балаларын қыдыртып үйге жіберіп тұрады. Түздің адамы болғаннан ке­йін үйдегі жағдайлардан көп уақытта бейхабармын.

– Оқиға қалай болғанын баяндап беріңізші. Бұрын мұндай қадамға бармаған болсаңыз, бұл жолы  мұндай  әрекетке  баруға  не  себеп  болды?

– Түскі мезгілде күн ыстықта үйге жұмыстан ішімдік ішіп келдім. Бөлмеме кіріп, киімімді шешіп, ұйықтайын дегенмін. Қасымда жаңағы қайын апамның қызы жатыр екен. Дәл сол күні кешке келіншегіме мән-жайды айтып, кешірім сұрадым. 5-6 ай бойы ешімге айтпай, құпия сақтады. Артынша үйде әйеліммен сөзге келіп қалып, ашумен қайын апама айтып берген болатын. Сосын өзім де мойындап, кешірім сұрап, хат жаздым. Қайын апам кешірімін берді. Жеңіл жаза тағайындауын соттан сұрады. Бірақ өзім мойындаған факт бойынша жазаландым. Бұндай жағдай өмірімде бірінші рет болды. Мүлде ойымда да ешқашан болмаған екен. Құдай сақтасын!

– Демек, ішімдіктің кесірінен лас әрекетке бардыңыз ғой. Қаншалықты көлемде ащы суды іштіңіз? Болған оқиға есіңізде ме?

– Есімде жоқ. Нақты өзім де білмеймін.

– Неліктен нақты есіңізде болмаса, әйеліңізге «қайын апамның қызын зорладым» деп айттыңыз?

– Басқаша ойлап қалмасын дедім.

– Сіз балаға әлімжеттік танытпасаңыз, айтудың керегі неде?

– Осындай істеп қойдым ба деген күдік болды. Сондықтан Алланың алдында таза болу үшін мойындадым. Барлық тексерістен өттік. Алайда дәлелденбеді. Тек өзімді мойындаған факт бойынша сотталып кеттім.

– Сол уақытта үйдің ішінде тек екеуіңіз болдыңыздар ма?

– Жоқ, келіншегім, екі балам барлығы болды. Есімді жиған соң, бәрін айттым.

– Сіздің ойыңызша, педофил ұғымы қандай мағына береді?

– Бұл дұрыс емес. Айтуға да ұят дүние. Менің оқиғамда ішімдіктің буымен болды. Әйтпе­се  мұндай  азғындыққа бармас едім. Қатты қателестім. Өмірімнің әрбір минутында осы қате­лігім үшін өкінемін. Қазір мүлде ішімдік деген атаулыны қолданбаймын. Бұрында темекі, есірткі дегеннен бойымды аулақ ұстайтынмын. Тек қана арасында дос-жарандармен ішіп тұратыным бар еді. Алайда бұл көңіл көтеру­дің түрі мені жақсылыққа әкелмеді. Намазға жығылып, сәждеге тұрып, Жаратқан иеме құлшылық  етудемін.

– Әлеуметтік желіде бір бала өзінің ми опухолы болғанын айтты. Соның әсерінен осы педофилизмге шалдыққан екен. Сіздің денсаулығыңызда  қандай  да  бір  жарақат  бар  ма?

– Ешқандай жарақат жоқ.

– Жалпы, отбасыңыз бұл оқиғадан кейін сізді қалай қабылдады? Анаңыз сізге не айтты?

– Әрине, қиын болды. Бастапқыда сенбеді. Мұндай қадамға бармайды деп ақтады. Себебі үлгілі бала болып өстім. Отбасымның көңіліне осындай қаяу келтіргеніме өкінемін. Балаларымды да аяймын. Өзім де әкесіз өстім. Әкенің жылуы қалай жетпейтінін айтып жеткізу мүмкін емес. Өзім соны біле тұра, балаларыма да соны көрсеткеніме қатты өкінемін. Тіпті тірі жетім қылдым. Алла қаласа, тиісті жазамды өтеп, балаларымды қанатымның астына алсам екен.

– Темір тордың ішінде мұндай баппен түскендердің  жағдайы  қалай?

– Шүкір, жағдай жақсы. Ешқандай қысым жоқ. Мен сотталған баппен бірдей екі сотталушы бар. Бірі мен келгенде босап шыққан. Екіншісі енді бостандыққа шығады. Олардың оқиғасын сұрап, ескі жараның аузын тырнап, қазбалап сұрамадым. Қазіргі таңда түрмеде асханада жұмыс істеймін. Тапқан табысымды отбасыма жіберіп, аз да болса көмектесіп тұрамын. Қазір қолымнан келетіні тек осы. Шыққаннан кейін бәрін демалдырып, өзім жұмыс істеп, қолғабыс ететінім даусыз. Түрмеде бос уақытым кітап, газет оқумен өтеді. Мұнда әртүрлі жанрда кітаптар бар. Басшылық жағдайымызды толық қамтамасыз етіп отыр. Қоғамнан алыстасақ та, рухани баюға көмектесіп жатыр. Бұған қоса, қателігімізді тар қапас­та түсіндірді. Отбасымызбен жиі кездес­тіріп, шүйіркелесіп  тұруға  да  рұқсат  береді.

– Түрмеден шыққаннан кейін болашағыңызды  қалай  елестетесіз?

– Балаларымның жанында. Себебі оларға алдағы уақытта қиын болатыны анық. Әкесі жайында ел әртүрлі пікір айтып, балаларыма естіртетіні анық. Десе де, балаларым қандай шешім қабылдаса да, көмегімді аямаймын. Анама үй тұрғызып, балаларыма тек қуаныш сыйлағым келеді. Бір Алла сол күнге жеткізсе ғой,  шіркін!

– Өзіңіз жайлы ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!

Түрмедегімен  тілдескен 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: