Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Халықтың» басты жетістігі – әуелгі ұстанымынан айнымағаны

23.07.2020, 14:20 1190

Нұрлан  КӨБЕГЕНҰЛЫ,

«Әлімсақ» журналының және «Ұстаз  мәртебесі» газетінің

бас редакторы:

– Ортақ мереке құтты болсын, аға! Респуб­ликалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті – 20 жаста. Газеттің осы аралықтағы  басты  жетістігі  не  деп  ойлайсыз?

– Рақмет, бірге болсын! Адам жасымен есептегенде 20 жыл көп емес, ал басылым тарихымен таразыласақ, жиырма жылдың салмағы басым.­ 2000 жыл мен 2020 жылды салыстыруға келмейді. Жиырма жылда ақпарат саласында қаншама өзгерістер болды, аудитория жаңарды, жаңа медиа бәсекелестікке келді, азаматтық журналистика алға шығуға талпыныс жасай бастады­, осының бәрі дәстүрлі журналистиканың дамуына әсер етті. Өзгерістерді қабылдай отырып, тәуелсіз басылымдардың алға қадам басуы  жетістік.

«Халық» – ғасырлар тоғысында жарыққа шыққан тәуелсіз газет. Тәуелсіздік алған жас мемлекет тұсында қоғамдық-саяси бағытты ұстанған басылымның жас әрі санаулы тілшілерімен ақпарат кеңістігінде өз орнын қалып­тастыруы оңай емес, газеттің көтерген әрбір мәселесі шынайы, сауатты болуы тиіс. Шындықты қалайтын оқырман сенің мәймөңкелегеніңді,  билікке жағымпаздана тіл қатқаныңды біліп қояды. Оның үстіне бүгінгідей бар-жоқты теріп жаза беретін әлеуметтік желі де, тіпті ұялы телефон жаппай қолданыста жоқ кезең. Тек оқырман мен көрермен өзіне жақын ақпарат  құралдарынан  үміт  күтеді. Біз сол кезде-ақ халықтың сүйікті басылымына айналып үлгергенбіз.  «Халық» – халықтың газеті» деген ұстанымнан  айнымай  келе  жатқаны – газеттің басты  жетістігі.

– Газетке «Халық» атын қою кімнің идеясы болды?

– Жаңа басылымға ат қоюда біраз ойластық. Бас  редактор Аманжол Сақыпұлы ат қою жайын­ ортаға тастады. Мен: «Біз облыстан атауы да, көтерер мәселесі де ерекше газет шығарғ­алы отырмыз ғой. Оның үстіне, шындықты айтатын, әділдікті жақтайтын басылым болса дейміз. Ендеше жаңа газеттің атын «Әділет» деп қойсақ қайтеді?» деп, өзімше шапкасы­на «Әділет» деп жазған, қолдан сыз­ған макетім­ді көрсеттім. Бас редактор «дұрыс екен» деді, басқа еш нәрсе айтпады. Сөйтсек, бас редакт­ордың ойлағаны ішінде екен. Өзі көптен бері жаңа газет шығаруды ойлап жүргендіктен атауына да тоқталған секілді. Біздің ойымызды білгісі келсе керек. «Біз халық іздеп жүріп оқитын газет шығарайық. Сондықтан газеттің атын  «Халық» деп қояйық» деді. Маған атаудың­ нақтылығы ұнады. Жаңа атаумен бір-бірімізді құттықтап, жұмысқа қызу кірісіп кеттік.

– Осы күні оқырман алдындағы жауапкер­шіліктің қандай болатынын сезініп те қалдық. «Халықта» жұмыс істеген 9 жылыңызда оқыр­манды «шындықтан бір елі ажырамаймыз» деп сендіргеніңіз анық. Газеттің бүгінгі бет-бейнесі бұл сөзді  айтқаныңызға  өкіндірмей  ме?

– Газеттің бүгінгі бет-бейнесі қазіргі бас редак­торға, газеттің шығармашылық ұжымына байланысты. Біз қалыптастырған «Халық» шындықтың шырағданы бола білді, әділдіктің туын көтеруде жаңылысқан жоқ. Облыс әкімі болған Мұхтар Құл-Мұхаммедті, қала әкімі болған­ Қожахмет Баймахановты, Арал ауданының әкімі болған Бақытжан Қодамановты, басқар­ма басшыларын да сын тезіне салып алған­быз. Қала әкімінің орынбасары болған Өсербаевтың теріс әрекетін әшкерелеп, сотқа дейін бардық, облыстық денсаулық сақтау басқар­масы басшысы болған Көшімбековті тәртіптік кеңеске салдық. Бас имам Ақтамбер­дінің қитұрқы әрекетін газеттің жеті нөміріне жарияладық, ақыры бас имамдықтан кетіп тынды.­ Арал мәселесін көтеруде облыс әкімі бол­ған Серікб­ай  Нұрғисаевпен  арпалыстық. Міне, осы мақалалардың өзегінде шындық жатты­. Осының­ бәрі кім үшін, әрине оқырман үшін, халық  үшін!

Облысқа Қырымбек Көшербаев келгелі «Халық» газеті облыс әкімі туралы ләм-мим демеді­. Оны республикалық газет орыс тілінде сынағанда «Халықтың» журналистері жазыл­ған сынды зерттеп, мақала жазбады. Мен басқа газет­ жазбаса да, «Халықтан» күтіп едім. Осы жағдай мені ойландырды. Егер жазғыңыз келсе,­ айтайын. Істі болып, үйқамаққа қамалған бұрын­ғы облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қайда, ісі немен бітті, сотқа жолданды ма? Қозғалғ­ан қылмыстық әрекеттерде тағы кім­дердің қатысы бар? Үйқамақта отырған әкім туралы­  жазыңыз.

Тағы сұрақ. Нұр-Сұлтан қаласынан келген облыс әкімінің орынбасары бар, басқалары бар, заңға сәйкес отбасымен Қызылордада тұрып жатыр ма? Жақында Жаңақорғанда болған оқиғаға қатысты нақты ақпарат таратыңыз. Учаскелік полицейдің сөгіс алуы заңды ма? Тағы толып жатқан сұрақтарға қоғамдық-саяси­ газет жауап іздеуі керек. Журналистік зерттеу жасап, мәселені шешуді жолға қоюда аянбағандарыңыз  дұрыс.

– Осыдан 10 жыл бұрын, яғни газеттің 10 жылдығына орай шыққан «Халықтың» артында қалың оқырманы бар» тақырыбындағы құттықтауыңызда «Біз өткір мақала, сыни материалдар арқылы облыс журналистикасына тың серпін әкелдік» депсіз. Қызылордалық БАҚ-тарда болған (одан кейінгі жылдардағы) тағы қандай тың серпілісті айта  аласыз?

– Мақсатымыз да сол болды: өткір мақала, сыни материалдар арқылы өңір журналис­ти­касына тың серпін әкелу. Осы бағытта шығар­машылық ұжым батылдықпен жұмыс істеді. Тәуел­сіздік алған екінші онжылдықта журна­листика саясатқа мойын бұрды, елдегі саяси оқиғалар сараптан өткізілді, сыртқы саясатта болып жатқан оқиғалар, діни ахуал басты тақырыпқа айналды. Бұл жағдайды «Халық» газеті де басынан өткерді, айтылған тақырыптар мақала­ өзегіне айналды. Енді үшінші онжылдықта көтерілген мәселе ақпарат кеңістігінің кеңеюі, көптілділіктің насихатталуы, интернет­тің мүмкіндігі, т.б. журналистикаға серпін әкелді. Дәстүрлі журналистика өз сайттарымен оқырманмен байланыс құра бастады. Оның үстіне ақпарат құралдары санының көбеюі өзара бәсекелестікті тудырды. Дегенмен, өңіріміздегі өзекті мәселелерді қозғау алға баса қоймады. Мемлекеттік тапсырыс жергілікті БАҚ-тардың аузын жапты. Жығылғанға жұдырық, ҚР БАҚ туралы Заңның депутаттар алдында көкпарға тартылуы: бірде диктофонды еркін қолдану, бірде рұқсатпен ғана сұхбат алу секілді «әрі тарт да, бері тарт» әрекеттер тілші қауымының ақпарат таратудағы тынысын тарылтты. Бұл әрекеттер журналистиканы еркіндіктен айырд­ы. Ақпарат кеңістігіндегі орнымызды енді блогерлер, әлеуметтік желінің белсенді қол­данушылары иелене бастады. Алайда соңғы жылдары өңір журналистикасы бір серпілді. Қоғамдағы орнын сақтап қалу жолында бірігіп жұмыс істей бастады, өткір материалдар ар­қылы әрбір ақпарат құралы өз аудиториясына жақын­дай түсті. Бұл – қуанатын жағдай. Дегенмен, ресми және тәуелсіз БАҚ деп бөліну, бір ақпаратты әртүрлі беру арқылы оқырман мен көрерменді шатастыру, тіпті оларды журналистерден алшақтату жақсылыққа әкеп соқпайды.

– Басылымның 10 жылдығында шыққан «Шындық шыбығы» атты кітапта газет туралы бас редактор Аманжол Сақыпұлы «Еңкейдік, бірақ жығылмауға тырыстық, қисайдық, бірақ құлағанымыз жоқ» депті. Осы орайда айтайықшы, жергілікті билік тәуелсіз басылымдарды еңкейтуге, қисайтуға  неге  құмар?

– Жалпы көзқарас сондай. Жергілікті билік те жоғарыға жалтақтайды. Мүмкін билікке тәуел­сіз БАҚ-тардың еркіндігі ұнамайтын шығар­. Есіңде болар, соңғы жылдары БАҚ турал­ы Заң талқыға түсті. Заңға сәйкес журналистердің ақпарат алу мерзімінің ұзақтығына наразылық туды. Алайда заңға толықтырулар мен өзгерістер пікірлердің ішінара ескеруімен қабылданды. Ал, биылғы Үкіметтің ақпарат саласы­н дамытудың үш жылдық ұлттық жос­пары БАҚ саласын талқылап, алдымызға шығар­ды, кемшілігімізді көрсетті. Алайда ұлттық жоспарда БАҚ туралы Заңның журналист үшін, ақпарат құралдары үшін тиімді-тиімсіздігі туралы айтылмаған. Отандық медиа саласын дамытудың проблемасы көрсетілгенімен тәуелсіз БАҚ-тың дамуына онша көңіл бөлінбегені, меншік нысанына қарамастан бәріне бірдей көзқарастың жоқтығы, әсіресе мерзімді баспасөзге деген немқұрайдылық байқа­лады. Сондықтан ақпараттық саясат тетікт­ерін жетілдіруде ортақ көзқарас керек деп есептеймін. Ал, өңірлік БАҚ-тардың «орта­лықтың» тізімінен алынып қалғаны қашан?! Себебі­ өңірлердегі журналистермен соңғы жылда­ры не министрліктен, не журналистер одағынан бір адам келіп, кездесу өткізген емес. Осыдан кейін жергілікті БАҚ-тардың жай-күйін Үкімет те, министрлік те қайдан білсін?

Айтып отырған Үкіметтің ақпарат саласын дамытудың үш жылдық ұлттық жоспарында мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету туралы­ жазылғанын байқадым. Бірақ қаржы кімдерге  беріледі, мәселе сонда! Шынын айт­қанда, бір  өңірде  ауасын  жұтып, суын ішіп, сол жердің  тұрғындарына  бірдей  ақпарат  тара­тып, кейде  тәуелсіз БАҚ мәселе көтеріп, елдің мұңын билікке бірінші жеткізіп отырса да, қаржыландыруда  алалаушылық бар. Басқаша айтқанд­а, тәуелсіз  БАҚ  биліктің  тоқалдан туған­ балалары секілді. Ұлттық  жоспарда осы жайт  назарда  болу  керек  еді.

Қазір біздің облыста негізінен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тек мемлекеттік БАҚ пен республикалық арналарға ғана берілуде. Сондықта­н  жергілікті атқарушы билік оңтайлы­ саясатты  жүргізу  керек.

– Ақын, журналист Шаһизада Әбдікәрімов бізге берген сұхбатында «Қоғам ТВ» және «Ақме­шіт апталығы», «Ақмешіт ақшамы», «Халық» газетт­ері бірігіп, Сыр бойында тұңғыш рет тәуел­сіз ақпараттар понорамасын құрадық» деген еді. «Халықтың» медиакеңістікте қанатын кең сер­пуіне­ осы ақпарат құралдарының септігі тиген болар­. Қайткенмен өзара бәсекелестік, мәселені бірге көтеру, бір-бірін қолдау деген бар ғой…

– Ресми  ақпараттан шаршаған оқырман үшін тәуелсіз басылымдардың жарыққа шығуы олардың­ ойлау жүйесіне де әсер етті. Еркін ой айту, пікір білдіру оқырман үшін пайдалы болды. Он жылдың ішінде бірінен соң бірі жарыққа шыққан жоғарыда аталған ақпарат құралдарына жергілікті тұрғындардың өзі иек артты. Шынай­ы ақпаратты тәуелсіз БАҚ-тан оқыды, бір мәселе болса, тәуелсіз БАҚ-тан көмек күтті. Дегенмен, шығармашылық ортада өзара бәсекелестік, кейде бақталастық жүріп жатты. Жергілікті журналистер арасында мәселені бірге көтеру болмады. Мәселен, «Халық» газеті бір өзекті проблеманы көтерсе, өзге тәуелсіз БАҚ үнсіз қалды, тек басын бұғып, бақылап отырды. Себебін сұрастырғанымда: «Сендер мәселені көтеріп қойдыңдар, біз неге қайталап айтуымыз керек?» деген жауап алғанмын кезінд­е әріптестерімнен. Ол кезде журналистер бәсекелестігі болмады. Енді бар, азаматтық журналистика белсенді. Сондықтан мәселені бір басылым емес, барлық ақпарат құралы бірге көтергенде ғана журналистиканың күшін, беделін­  сақтай  аламыз.

– Сізбен сұхбат алдында газеттің бірнеше жылғы­ тігінділерін қарап шыққан едім. Солардың ішінен газеттің ең алғашқы саны тым ерекшеленеді. Өйткені, ол – 20 жыл бойы тоқтаусыз өз оқырманына жол тартып келе жатқан басы­лымның  бастамасы, іргетасы. «Алдыңғы арбаны» түзу  жолға  қоюда қаншалықты қиындықты баста­н  өткердіңіздер?

– Газеттің алғашқы нөмірі саған тым ерекше көрінсе, маған тым ыстық. Алғашқы нөмірдің жүгі бас редактордың орынбасары ретінде өзіме түскен соң газеттің бұл санын алғашқы шығармашылық ұжыммен екі апта дайындадық. Бір апта газеттің дизайнымен отырдық. Жаңаша ой, жаңаша стиль қалыптастыру, бұрын айтылып жүргенімен орындалмаған мәселелер және қозғалм­аған тақырыптарды сыни тұрғыда көтеру,­ оқырманмен шынайы байланыста болу жолдарын іздестіру, жалпы алғанда газеттің атына сай халықтың сөзін сөйлеп, мәселені билікке­ жеткізіп, проблеманы жазып ғана қоймай, шешу жолдарын көрсетуді мақсат тұттық.

Сәбидің алғашқы нық қадам басқаны сияқты басылым да алғашқы нөмірінен бастап оқырман­ға ерекше көрінсе, әрі қарайғы жолымыз даңғыл болатынына сендім және сондай жауапкершілікпен жұмыс істедік. Бір жыл «Халық­пен» ауырдым, кешкі уақытты кафеде емес, редакцияда өткіздім, махаббатты емес, мақала­ны ойладым, басылымның аяғынан нық басып кетуін күттім. Шүкір, ойлағанымдай болды.­ Тоғыз жасына дейін қасынан табылдым.

– Газетте  жұмыс  істегендердің,  істейтіндердің басым бөлігі – жастар. Мұның өзі о бастан бас­шылықт­ың белгілі бір бағыттағы бұлжымас принципі­   секілді…

– Бұл – газеттің бас редакторы Аманжол Сақып­ұлының принципі. Өмір жолына енді қадам басып жатқан жастарды қамқорлығына алып, шығармашылық жолына жөн сілтеу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қазір өзге редакция­лар студенттерді алмайды, оларға дайын­ маман керек. Ал, біз сол кезде дарынды жастарды дайын маманға айналдырып, «Халықт­а» тәрбиеледік. Пісіп-жетілген кезде әлгіндей редакциялар қағып алып кетеді. Қазір де бұндай жағдай өз басымнан өтіп жатыр. Кеше­гі­ «Халық» газетінен тәрбиеленіп шыққан жас журналистер бүгінде ел танитын маманға ай­налып, өзі еңбек еткен газетті мақтаныш тұтады.­

– Біз Halyqline.kz сайты араға бірнеше жыл салып газеттің алғашқы санында жарық көрген «Ләззат» атты арнайы бетті қайта жандандырған едік. Біздің мақсат ә дегеннен-ақ орындалып келеді.­ Ал, менің 20 жыл бұрынғы оқиғаға орал­ғым  келіп  отыр.

– Біз алғашқы алты айда оқырмандардың көзқарасын байқау мақсатында «Ләззат» бетін аштық. Оның үстіне махаббат тақырыбына тереңі­рек барған мақалалар оқылымда еді. Сол кезде газеттің бір беті емес, шымкенттіктердің  бұл тақыр­ыпқа тұтас газет арнап жатқан кезі еді. Газетт­ері өтімді. Кейін жамбылдықтар «Ләз­зат» деген газет шығарып, бізді таңғал­дырған. Әр нөмір сайын «ләззат» тақырыбында әңгіме жазу да оңай емес, авторлардың көмегіне­  жүгіндік.

Тігінділерді қарап шыққаннан кейін қатты қызығып кеткенсіңдер ме, шынымен сайтта «Ләззат» бетін ашыпсыңдар. Бірақ біз шығар­ған кездегідей «өтімді материалдар» оқи алмадым. Негізі, мен осы бетті қайта жандандыр­ғандарыңа онша келісе қоймаймын. Төсек мәселесі, жыныстық ойын, екеудің құпиясы бүгінгі күннің тақырыбы емес. Одан да өзекті тақырыптар бар. Соларды сайтта қозғасаңыздар дұрыс  болар  еді.

– Облыстағы журналистика мамандығын оқыту жүйесіне көңіліңіз тола ма? Өзіңіз де болашақ  журналистерге ЖОО-да дәріс бердіңіз. Басшылық бағыттап берген жолдан шығуға қаншалықты  мәжбүр  болдыңыз?

– Өзім де журналистиканы Қызылордадан оқыдым. ҚМУ-дың бірінші түлегі болдық. Біз­дің кезімізде жағдай басқаша. Алғашқыда нақты бағдарлама, кітап, кабинет, оқытатын маман болмады. «Әдеби еңбек методологиясы» пәні­нен Тоқболат Еңсегенов берді. Шәкізат Дәрмағамбетов «Кітап баспасынан» дәріс оқыды. Әдебиет­ші Айман Айтбаева маман жетіспегендіктен «Корректурадан» сабақ берді. Көзіміз Қызылордаға Бауыржан Омаров келгенде ашылды. Келе сала университеттің газетін шығары­п, өзі алып келген шәкірті Әділжан Үмбетті бас редактор, мені жауапты хатшы етіп қойды. Журналистикаға махаббатымыз сол кезд­е жанданды. Оған дейін жазуға бет бұрып, облыстық газеттерге барып, тапсырма алып, әр жанр бойынша материал жазып жүргенмін. Б.Омаровпен бірге жас мамандар келді. Қазір олар – оқу  орнының  белді оқытушылары. Алайда­  мәселе  бар. Оқуға  қабылданған жиырма­ студенттің жартысы журналистикадан алшақ болып­ келеді. Оларды алғашында мен де практикадан өткіздім. Жазу білмейді, жанр ажырата алмайды. Ал, сол жоғары оқу орнын бітіргендер макеттің не екенін білмейтіні таңғалдырды.­

Рас, мен де жоғары оқу орнында бес жыл жас журналистерге сабақ бердім. «Болашақ» университетіне шақырумен барған кезде өзім студент болып бірінші курсқа келген кездегідей еш нәрсе жоқ екен. Содан журналистика кабинетінің, журналистикаға қатысты кітаптардың, студияның болуын, оларды камерамен, фотоаппаратпен, диктофонмен қамтамасыз етуін және практикалық сабақта газет сайттарында жарияланған ақпараттарды, мақалаларды студент­тер талдау үшін 10 компьютердің болуын­ және олардың интернетке қосылуын сұрадым. Қорқыт ата университетінің ректоры кезінде алғаш журналистика бөлімін ашқан «Болашақтың» құрылтайшысы Бақберген Досмамбетов бірден түсінді. Айтылған ұсыныс­тарды түгел орындады. Шындық үшін айтайық, ҚМУ-дан бұрын студия ашқан «Болашақ» универ­ситеті болды. Міне, содан менің жұмыс істеуге деген ынтам ашылды. Журналистер үшін дуалды оқытуды  «Болашақ»  университеті  бастады. Кей практикалық  сабақтар редакцияда өтті. Кейін «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газеті редакциясында «Болашақтың» журнали­стика факультетін бітірген Абай Тағыберген, Майра Болатова, Жұлдызай Қалиева, Абзал Жолтерек жұмыс істеді. Жас журналистерді оқытудың тізгінін басшылық бағыттаған жоқ, өзімнің қолыма берді. Шығармашылық еркіндіктің дәмін студенттер оқып жүріп сезінді.

– «Халық» өз түлектерімен мақтанады. Ал, түлектер  ше, «Халықты»  не  үшін  мақтайды?

– Мен қызмет екен тоғыз жылда редакцияға қаншама жастар жұмыс іздеп келді. Олардың қабілетін байқауды, шығармашылық деңгейін тексеруді, жазуға икемін сынауды бас редактор маған тапсыратын. Талай жас журналистер сынға­ шыдамай кетіп қалды. Сыннан өткендер жұмыс істеді. Оларға шығармашылық еркіндік берілді. Біз қазір «Халықтан» түлеп ұшқандарды айта бастасақ, олардың бүгінгі қызметтері, деңгейлері өсіп, өз ісінің мамандары атанғанын көресің. Ол – алғашқы қызмет еткен орынның берген тәлім-тәрбиесінен. Бүгінгі мықтылардың «Халық» газетінен шыңдалдық, шығар­машылығымызға жол салып берді» деп мақтанат­ын  себебі – сол.

– «Халық» газетінің оқырмандарына деген тілегіңізді  естісек.

– Өзімнің шығармашылық жолымдағы шыңдалған сәттерім әрі ұмытылмас жастық шағым өткен ұжымым «Халық» газетіне әркез тілектеспін. Жиырма жыл бұрынғы оқырмандар әлі «Халықпен» бірге келе жатыр. Жаңа оқырмандармен де толықты. Олар газеттен өзіне керекті шынайы ақпаратты алғысы және шындықты оқығысы келеді, әділдікті ту еткен басылым санайды­. Оқырманның осындай сенімінен шығып,­ Сыр өңірі журналистикасында ойып тұрып орын ала беріңіздер. Ұжымға шығармашылық  табыс, мол жетістік тілеймін. Жиырма жылдық  құтты  болсын!

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: