Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есірткіге қарсы жаңа заң жобасында қырыққа жуық түзету бар

21.12.2023, 10:20 1328

Снежанна  ИМАШЕВА,

ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаты:

Жыл басынан бері құқық қорғау органының қызметкерлері заңсыз айналымнан қомақты есірткі тәркілеп, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесті. Ірі көлемде есірткі өндіретін зертханалар жойылды. Бүгінде есірткінің жаңа түрлері тұтынатын зат қана емес, сондай-ақ оны тасымалдау жастарды заңсыз әрекетке итермелейтін жұмыс түріне айналды.

Бүгінгі таңда еліміздің болашағына қауіп төндіріп, ұлт денсаулығына көлеңкесін түсіріп тұрған осы мәселе төңірегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашевамен сұхбаттасып, есірткіге қарсы кешенді жоспарлармен таныстық. Халық қалаулысы есірткіге қарсы жаңа заң жобасына, ондағы түзетулерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар еліміздегі есірткі айналымының жолын кесу бағытында атқарылған іс-шаралар мен алдағы жоспарларды да атап өтті.

– Бүгінгі таңда қоғамдық кеселге айналған есірткінің  заңсыз айналымы жөнінде не айтасыз?

– Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес – еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі. Соңғы екі-үш  жылда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы ахуал шиеленісе түсті, алайда жалпы жағдай тұрақты сипатқа ие. Ұлттық заңнама халықаралық стандарттарға толық сәйкес келтірілді, есірткіге қарсы күрес бағытында БҰҰ-ның барлық негізгі конвенциялары ратификацияланды. Қазіргі уақытта қабылданып жатқан іс-шаралардың кешенді сипаты Ұлттық қауіпсіздік стратегия­сымен айқындалған. Өңірлік деңгейде бұл міндет­тер  аумақтарды дамыту  бағдарлама­лары форматында  орындалады.

Айта кетерлігі, Қазақстандағы есірткі жағдайы синтетикалық препараттардың кең таралуы, оңтүстік өңірлердегі каннабистің меншікті шикізат базасы (Шу алқабы және Қызылорда облысы) және «Солтүстік бағыт» бойынша ауған героинінің трафигі Орталық Азия елдері, Қазақстан, Ресей және өзге мемлекеттер арқылы Еуропаға өтуі секілді негізгі үш факторға байланысты.

Қазіргі таңда синтетикалық есірткі әлем бойынша ғаламдық «бас ауруына» айналып тұр. Бұған дейін заңнама мұндай қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға мүмкіндік бермейтін. Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылға дейін есірткі тізімі тек заң деңгейінде толықтырылды. Тиісті нормаларды әзірлеу бірнеше айдан бір жылға дейін, тіпті одан да көп уақыт алатын. Мысалы, «Джи-Ви-Аш» (GWH) негізіндегі 27 синтетикалық каннабиноид елімізде 2009 жылы алынып, алғаш рет тіркелді. Есірткі тізіміне тек екі жылдан кейін ғана енгізілді. Аталмыш мәселе өз кезегінде есірткі нарығын жаңа бақыланбайтын заттармен толықтыруға ықпал етті. Олардың құрылымы тек 1-2 молекуланы ауыстыру арқылы өзгертілді. Бұл жағдайдың салдарынан есірткінің жаңа түрлері пайда болып, олардың ақыр соңында өлімге апаратын да күші болды. Осыған байланысты заңнамалық деңгейде Үкіметке есірткі тізімін бекіту құзыретін беру бекітілді. Құрылымдық элементтердің (атомдар, сутегі, оттегі және т.б.) «аналогтары» және «алмастырғыштары» деген ұғымдар енгізілді. Бүгінде Қазақстанда қауіп­ті есірткінің барлық белгілі түрі бақыла­нады. Оларды тізімге енгізу жүйесі бұрынғыдай емес, бір айдан аз уақыт алады. Тізімге қосу үшін аталмыш заттардың БҰҰ Халықаралық комите­тінің ұсынымдарында немесе Еуразия­лық одақ елдерінің тізбелерінде болуы жеткілікті. Осылайша  есірткінің жаңа түрлері елде физи­калық пайда болғанға дейін де бақылауға алына­ды.

Бұл жаңалықтардың күшіне енуі құзыр­лы органдарға есірткі қылмысымен және есірткінің заңсыз айналымымен күресудің тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде «синтетика» ұстамаларының есірткі нары­ғынан алынуы жоғары қарқынмен өсті. Статисти­калық көрсеткіштер бойынша 2019 жылы – 10 келі, 2020 жылы – 50 келі, 2021 жылы – 100 келі, 2022 жылы – 582 келі, 2023 жылдың 10  айында  888 келі «синтетика» алынды.

– Қазіргі уақытта есірткі бизнесіне қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бағы­тында қандай маңызды бағдарламалар қолға алынды?

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет осы жылдың маусым айында Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешен­ді жоспарын әзірлеп, бекітті. Үш жылдық кезең­дегі негізгі мақсаттар: қоғамға аса қауіпті есірткі түрлерінің, әсіресе, синтетикалық заттардың таралу жолын кесу; нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу; есірткі тұтынушыларының сенімді және анық есебін қалып­тастыру; уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру, олардың материалдық-техникалық  жағдайын  нығайту.

Аталған бағдарламалық құжатта әрбір мемлекет­тік органның есірткіге қарсы қызметінің міндеттері мен негізгі бағыттары айқындалып, мұнда басты басымдық алдын алу шараларына берілген. Маңызды құжат бойынша қаржыландыру  көлемі  де  нақтыланды.

Кешенді жоспарды іске асыру есірткі ахуалын жедел тұрақтандырудың тиімді платформасын құруға мүмкіндік береді, оған төмендегі шараларды  қабылдау  ықпал  ететін  болады:

– шекаралық өткізу пункттерін тауарлық-материалдық заттар және заңды химия­лық өнім түріндегі ауыр жүк көлігімен тасымалданатын есірткілерді, прекурсорларды және есірткі зертханаларына арналған жабдықтарды табу жөніндегі тексеру жабдық­тарымен  жарақтандыру;

– азаматтарды медициналық куәлан­дыру шеңберінде денсаулық сақтау органдары іріктеуге жататын жаңа синтетикалық есірткілерді, сондай-ақ қан үлгілерін және басқа да биоматериалдарды жедел зерттеу бойынша сот сараптамасы органдарының материалдық-техника­лық  базасын  нығайту;

– есірткі тұтынушылардың нақты есебін қалыптастыруға, нашақорлықтың алдын алу шараларын әзірлей отырып, есірткі ахуалын тиімді талдауға ықпал ететін есірткіге тәуел­ділікті ерте сатыларда анықтау бойынша скрининг­ті  енгізу;

– емдеу-оңалту орталықтарына жаңғырту жұмыстарын  жүргізу  және  жаңа  орындар ашу, емдеу-еңбек ету  шеберханаларының  да­йын өніміне сұранысты арттыру, жеке есірткі орталық­тарында психоактивті заттарға тәуелді адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету  мониторингі;

– каннабисті дайындау мен тарату арналарын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қазіргі заманғы техникалық құралдарды қолдана отырып, өтпелі емес жерлерде жасырын есірткі зертханаларын жою тиімділігін арт­тыру.

Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды жүзеге асыру жалпы елдегі есірткі жағдайын айтарлықтай  тұрақтандыруға  мүмкіндік береді.

– Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт То­қаев есірткінің заңсыз айналымының жиі болуы­на сәйкес, жауапкершілікті қатаңдатуды тапсыр­ды. Осы ретте қолданыстағы заңнамаға қандай  өзгерістер  енгізілуі   мүмкін?

– Қазір Парламент Мәжілісінде есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірне­ше заң жобасы тек жазаны күшейту бағытында ғана емес, кейбір нормаларды жеңілдету мүмкіндігін де қарастырып отыр. Парламент депутаттарының, тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара тығыз байланысы негізінде ұсынылған әрбір бастама бойын­ша тиянақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгін­де жаңа заң жобасында қырыққа жуық түрлі  түзету  бар.

Есірткі бизнесінің жаңа түрлеріне қарсы күресті күшейту мақсатында заңнамаға прекурсорлардың ел ішіндегі заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату көзделді, сондай-ақ есірткі дайындау үшін пайдаланылатын өзге де заттар мен жабдықтар қарастырылады. Сонымен қатар, осы бағытта нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру тиісті нормаларды жетілдіру бойынша түсініктемелер мен ұсыныстар әзірлей отырып, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар туралы істер бойынша  сот  практикасы  зерделенеді.

Айта кету керек, жоғарыда аталған заң жоба­сында «дәріханаға тәуелділікті» тудыр­ған «тропикамид» және «азот оксиді» сияқты дәрілік препараттарды қамтитын күшті заттарды теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр. Негізінен бұл заттар «синтетиканың» және есірткінің басқа түрлерінің әсерін арттыру үшін қолданылады. Алайда медициналық нарықтың дамуына байланыс­ты  бұл  заттардың  толық тізімі жоқ.

«Синтетика» таралуының жолын кесу мақсатында есірткі дайындау үшін пайдаланылатын прекурсорларды, өзге де заттар мен жабдықтарды бақылауды күшейту қолға алынады. Есірткі бизнесінде интернет-технологияларды, ҚР қолданыстағы заңнамасының нормаларына, сондай-ақ провайдерлік, банктік және почта қызметтеріне жататын шетелдік онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу сервистерінің өкілдіктерін кеңейту жолымен пайдалануды  шектеу  де  көзделіп  отыр.

Бүгінде синтетикалық есірткінің кең та­ралуы заңсыз есірткі өндірісінің пайда болуы­на әкеп соқты. Биылдың өзінде 74 есірткі зертхана­сының  қызметі  тоқтатылды.

– Қазіргі таңдағы синтетикалық есірткінің өршуіне не себеп? Осы тәуелділікті жоюдың қандай  да  бір тетіктері мен тиімді жолдары бар ма?

– Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан есірткі қылмысымен күресу шараларына қарамастан, бұл заттардың белгілі бір бөлігі есірткі тұтынушылар арасында кең таралып отыр. Бұған «синтетика» бағасының салыстырмалы түрде арзандығы мен қолжетімділігі ықпал етуде. Технологиялық прогрестің қарқынды дамуымен заманауи есірткі бизнесі толығы­мен дерлік киберкеңістікке көшті. Мұнда криптоәмияндар, шифрлау деңгейі жоғары мессенджерлер (мысалы, Telegram) және басқа да инновациялар белсенді түрде енгізілуде. Сәйкесінше олармен күресу әдістері де үнемі жетілдіріліп отырады. Соның бірі – «Киберқадағалау» жүйесінің енгізілуі. Бұл жүйе арқылы есірткінің интернет кеңістігінде анықталған учаскелері нақты уақытта бұғатталады. Мәселен, биыл жыл басынан бері 2,2 мың ресурс бұғатталды.

Есірткі бизнесінің қаржылық құрамдас бөлігімен күресу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылдан бастап электронды ақшаның жасырын иелері арасындағы аударымдарға тыйым салынады. Интернетті толығымен жауып, адамдарды электронды ақшаны аудару мүмкіндігінен айыру мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан біз құқықтық теңгерімді қамтамасыз ете отырып, заң аясындағы тиімді шараларды қабылдап жатырмыз. 2020 жылы Мемлекет басшысының бұйрығымен есірткіні интернет арқылы  таратқандар  үшін  жаза  күшейтілді.

Есірткілерді жарнамалау және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осының арқасында есірткі сайттарының мекен­жайлары көрсетілген граффити және басқа да ақпаратты таратушыларға арналған нақты жаза пайда болды. Бұрын оларға Әкімшілік құқық нормалары аясында шара қолданылатын.

– Есірткімен күрес бағытында халықаралық деңгейдегі  қандай  тәжірибеге  сүйенесіздер?

– Халықаралық аренада біз мемлекеттік органдардың есірткіге қарсы қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар бірлескен халық­аралық жобаларды іске асыру бойынша іс-шара­ларды белсенді жүргізіп жатырмыз. Мұндай ынтымақтастық БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен, Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымымен, Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығымен, сондай-ақ, Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен жолға қойыл­ған. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп, Орталық Азия елдерінде, Ауғанстанда және көрші елдерде есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына  қарсы күреске бағытталған жаһандық жобалар  жүзеге  асуда.

Халықаралық өзара іс-қимылдың нәтижелері бізге қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге уақытылы ден қоюға мүмкіндік  береді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан

 Гауһарай  ЕСІМОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: