Қоғамнан дара, жалғыздығын әлдилеп жан күшін сарыққан сан қырлы сирек таланттар бар. Олар шын өнерді ғана бағалап, көпе-көрінеумен, абыр-дұбырмен шектесе бермейді. Сол таланттың бірі – әнші, композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова. Елена ханыммен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Елена апай, халыққа алғаш айтыс арқылы танылдыңыз. Айтыс өнерінен қол үзуіңіздің себебі неде?
– Айтыста азды-көпті жиырма жылдай жүріппін. Біздің кездегі айтыстың дәрежесі де, деңгейі де, тіпті, абыройы да бөлек еді. Айтыстың адалдау уақытында, халықтың жел сөзді емес, жөн сөзді ұғынатын кезеңінде өнер көрсеттім деп ойлаймын. Айтыс – ауыз әдебиетінің бір жанры. Есейе келе классикалық жазба әдебиетке бет бұрдым. Шығармашылық адамы бір жерде айналсоқтамай, жан-жақты даму керек деп ойлаймын. Әрі Фариза апайдың «Сен өлең жаз, айтыс деңгейінде қалма» дегені де әсер етті.
– «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» әндері елге кеңінен танымал. Композиторлыққа қалай келдіңіз? Әндердің шығу тарихына тоқтала кетсеңіз.
– Ешқашан «ән жазсам-ау» деп ойланған емеспін. Біріншіден, менің негізгі мамандығым – әдебиетші, қазақ тілінің маманымын. Екіншіден, өнерпазбын, әншімін. Мен үшін ең құдіретті нәрсе – сөз. Бұл әндердің жазылуына аталған әндердің мәтіні, яғни өлеңдері әсер етті.
Жас күнімде анам батырлар жырын дауыстап оқытып қоятын. Сол кезде мен оны әлдебір әуенге салып алып, әндетіп оқитынмын. Жалпы, кез келген жыр шумағын оқығанда белгілі бір әуенмен оқимын. Күні бүгінге дейін солай. Ал ол әндердің тарихы менің өмірім ғой. «Көздеріңе ғашықпынды» 17 жасымда жаздым. Ол жастағы адамның көңіл күйі, сезімі, мінезі мүлде басқаша ғой. Тап-таза, тұп-тұнық. Жаныңды ешкім кірлетпеген, әлде өзің кірлемеген… Менің де басымнан ғашықтық, ұяңдық, мөлдір сезімдердің өткені хақ. Сол жастығымның болмысын осы әндерде қалдырдым. Әлде сақтадым десем болар ма екен?..
Маған ылғи бір жігіт «сенің көздеріңе ғашықпын» деп айта беретін. Бірде «Ауыл кеші көңілді» деген кітапты қарап отырсам, осындай атпен бір өлең тұр екен. Өлеңін жазған Ұ.Есдәулетов, әнін жазған Қ.Әбілов деп тұр. Әнін жазған өзіміздің кәдімгі Халық ақыны Қонысбай Әбіл ағамыз екенін кейіннен білдім. Сол кезде өлең ұнап, өзімше бір әуенге салып айтып жүрдім. Бірте-бірте ортам, жастар жағы айтып кетті. Тіпті осы әннен кейін-ақ, мені композитор деп халық өздері атай бастады. Бұл әннің осылай өміршең болатынын, қазақ түгіл қырғыз да, өзбек те, татар да айтып кететінін мүлде білген жоқпын.
Сол дәуреннің драмалы сәттері болғанда, «Есіңе мені алғайсың» жазылды. Ол кезде мен 20 жаста едім. Екі әнде де бір сезімнің ғұмыры жатыр… Ол сезім, өлді ме, өшті ме, білмеймін…
– Болмысыңыздан Махамбеттің өршіл рухы байқалады. Өзіңізге ақындық талант кімнен дарыған?
– Әдебиетпен, сөз құдіретімен ауырған адамның барлығында махамбеттік өршілдік болады деп ойлаймын. Ол әртүрлі сипатта көрінеді. Біреулерде тек қана шығармашылыққа деген адалдықта, біреулерде қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көргенде пайда болуы мүмкін. Ешқайсысы да шығармашылық адамына жат емес. Махамбет болмысы – ұлт болмысы. Егер бізде Махамбет, Абай, Мұхтар, Әбіш болмаса, біз ұлт болмас едік. Сондықтан егер шынымен, менің бойымнан сондай болмыс көрінсе, оны тек мақтаныш тұтамын және сол болмысымды сақтауға тырысар едім… Ал мені ақын қылған – тағдырым. Әрі қиын, әрі қасіретті…
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Иә, кейде ұйықтап жатып та жылап оянамын…
– Бүгінгі қазақ мінезі, әдеп-ибасы, өзінің табиғи болмысынан қаншалықты өзгерді? Қазіргі қазақ қалыбына көңіліңіз тола ма?
– Қазақтың «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегеніндей, үлкен өзгеріске ұшырадық. Баяғы сөз таным, ізет, иба, қадір-қасиеттен мүлде басқа болмысқа енгенімізді сонау XIX, тіпті, кешегі XX ғасырмен де салыстыра алмайсың. Жаһандану жұмырына жұтылып бара жатқандаймыз. Оған елдегі есепсіз неше түрлі діни ағым мен адасушылықты қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, дүбәра, дүмбілез болмысты қалыптастырдық. Осының барлығы Ницшенің «адамның барлық бақытсыздығы – надандығынан» дегеніне саяды. Ғасырлар бойғы тарихымыз бен талайлы тағдырымызды ескерсек, ұлт қауіпсіздігі күн тәртібенен түспейтін мәселе болуы керек. Әлемдік ақпараттық ағын мен елдегі шегі жоқ жемқорлық халықты тобырлық сана төңірегінде ұстап, мәдениетті тек сахнаға әртіс көйлек киіп алып, ән салу деп ұғындырып, рухани үдерісті тежеп-ақ келеді. Ар ойлайтын емес, пайда ойлайтын ұрпақ өсірдік. Кейде қорықпайсың, шошынасың… Арты қайырлы болғай… жедел түрде қолға алмаса, енді бір он жылда мүлдем кеш болады. Қазіргі қалып осындай болса, қайдан көңіл толсын? Кешегі Ақтамберді, Мұрат ақындардың да зарлап кеткені осы бүгінгі қалыпқа түсетіндігімізді сол заманда-ақ сезгені шығар-ау… Жер бетінде бір халықтың азып-тозып кеткені тарих үшін түк емес шығар, бірақ адамзат үшін ұлы қылмыстардың жемісі. Ал біздің халықтың адамзат алдында қылмыскер болмауын құдайдан жатсам-тұрсам тілеймін.
– Сіз адам бойындағы ең жоғары бағалайтын қасиет қандай?
– Лауазымына, қызметіне, шен-шекпеніне қарамай, шынайылық, адалдық, айналып келгенде адамдық иісі болса, сол адам ғой.
– Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыновамен етене араласып, жақын болдыңыз. Осынау тұғыры биік тұлғалардың өзіңіз таныған адамдық болмысы туралы не айтасыз?
– Ондай адамдар енді туа ма, тумай ма? Халық болған соң, заманына сай мықтылар туатын да шығар. Бірақ Әбіш аға мен Фариза апайлар қайталанатынына күмәнім бар. Ең алдымен, ол кісілер менің талантымды таныды, маған сенді, үлкен үміт артты. Сол үшін де оларға қарыздармын. «Былай істе, өйт-бүйт» деген жоқ, барлық өнеге-тәрбиені істерімен, адал болмыстарымен берді.
Фариза апамнан бастайыншы. Фариза шын мәнінде ұлттың ар-ожданын, салт-санасын ең кемел деңгейде көрсем деп, бүкіл ғұмырын руханиятқа арнаған еліміздің ең бетке ұстар тұлғаларының бірі еді. Қазақ қызына тән иман да, ар да, қадір-қасиет те апайдың бойынан табылатын. Замандастары «Махамбет в юбке» деп атады. Десе дегендей еді. Әдебиетке берген қазынасын айтпағанда, қоғамға, жалпы халыққа көрсеткен үлгі-өнегесі, адамгершілігі аңыз болды.
Әбіш аға халқымыздың әулие деп аталатын ғасырлар қойнауындағы тұлғаларының бірі болды. Жаны өте нәзік, жүрегі елжіреп тұратын, бала секілді, аппақ ниетті кісі еді. Қазақтың көркем прозасын көкке көтерген заңғар жазушы, адамзат тарихын қолмен қойғандай білген терең данышпан.
Өкініштісі, біздің қоғамға да, билікке де ондай адамдар керек бола қоймайды ғой. Әйтпесе, Әбіш аға секілді кісілердің әр ісі, әр сөзі тасқа басылып, ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне пайдаланылар еді. Әбіш аға өмірінің соңында азғантай ғана зейнетақымен ғана кеткенін жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Қолда бардың қадірін білмейтін жер бетінде жалғыз біздің ұлт шығар. Кейде сонау заманда Махамбеттің басын кесіп, Абайды сабап, Мағжан, Сәкендерді атып, Әбіш ағаларды жан-жағынан күстаналап, тірідей жеп өлтіргенде, біздердің еленбеуіміз, ескерілмеуіміз тіпті, заңдылық шығар деп ойлаймын.
– Фариза апайға арнаған өлеңіңізде:
«Бір тамшы мұң – ар азығын
Берші маған –
Жандырсын!» – дейсіз. Қазір сіз ар азығын, жан азығын қайдан, неден аласыз?
– Кітаптан. Тек қана қазақ әдебиетінің мол мұрасынан.
– Ең алғаш жырларымен дертті болған, ғашық болған ақыныңыз кім?
– Төлеген Айбергенов. Төлеген ағаның жырларын әлі күнге көзіме жас келмей, жүрегім езілмей, егілмей оқи алмаймын. Қатты сағынамын. Кімді? Нені? Білмеймін… Төлеген аға да әлі күнге көкте сағынып жүргендей көрінеді де тұрады…
– Әділетсіздіктің алдында үнсіз қалған кезіңіз көп пе?
– Есімде жоқ. Бірақ соңғы кезде «үнсіздік синдромына» ұшырағандай, ешкіммен сөйлескім келмейді. Сонда да қоғамдағы әділетсіздіктерге әлеуметтік желі арқылы үн қосып отырамын. Онымыз бірақ кімге керек қазір?
– Қазір шығармашылық, өмір туралы кіммен әңгімелесесіз, кімге сыр ашасыз?
– Маңайымда топырлаған дос, сырлас жоқтың қасы. Өзім өнерлерін құрметтейтін талантты қыз-жігіттермен сирек болса да, ой бөлісеміз. Ол әрине, әнші Жұбаныш, Жезқазғандағы құрбым ақын Светлана Жұмкина, Маңғыстауда Майра, Астанада әпкемдей, туысымдай болып кеткен Меңжамал және санаулы жандар бар, сосын үйдегі балаларым…
– Жастардың жазғандарын оқисыз ба? Кейінгі буын ақындарының өлеңдері көңіліңізден шыға ма?
– Міндетті түрде. Кейде әлеуметтік желіден бір жақсы жыр оқысам, соның авторын іздеп тауып, сөйлесемін. Әсіресе жастарды іздеймін, олар туралы көбірек ойлаймын, шамам келсе, уақыт бөліп, бірге шай ішіп, сөйлесемін. Соңғы үш жылдан бері «Абай» арнасында «Сарасөз» бағдарламасын жүргіземін. Бағдарламаға келген әрбір жастың шығармасын талдап, оқимын. Әрі таланттың эфирге шығып, халыққа танылуына атсалысып, әріптестеріммен сол жолда жұмыс атқарып жүрміз. Талантты жастар өте көп. Мысалы, Ерлан Жүніс қандай керемет ақын, Айжан Тәбарак, Әлия Іңкәрбек, Олжас Сәндібек, Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева, Асылбек Жаңбырбай, Шерхан Талап, Толқын Қабылша, Ақжол Түменбай, Айдын Байыс… тағы да бірнеше ондаған жастардың ақындығы, Жадыра Шамұратова секілді жазушы қыздардың қарым-қабілеті біздің руханияттың байлығы деп түсінемін. Мені олардың шығармашылығы ғана емес, тағдыры, тұрмыс-тіршілігі де ойландырады. Бірінің пәтері жоқ, бірінің айлығы жоқ, бірінің денсаулығы нашар, бірінің күнкөрісі төмен, несиеден несиеге дейін тіршілік етіп жүр. Бүгінгі әдебиетті жасап отырған осы талантты жастардың тұрмыстық мәселесіне ой жүгіртіп, жағдайларына бас қатырып отырған кім бар? Шығармашылыққа жағдай жасап, олардың өмірінен хабар алып отырған үкімет бар ма? Жоқ екені ащы шындық. Тіл мен әдебиеті, мәдениеті ұлықталмай, ұлтты, мемлекетті ұшпаққа шығарам деу – үлкен қате. Осы жастардың жағдайын жоғары жаққа жеткізгім келіп, бірнеше рет қолында билігі бар кісілердің есігін қағып көрдім, ең соңында есіл өнер мен әдебиеттің ешкімге керек болмай, қор болғанына әбден қорланып шықтым…
– Жыр жинақтарыңызды кітапханадан кезіктіріп, оқып жүретінмін. Таңдамалы поэзия кітабын шығару жоспарда бар ма?
– Шығармашылықта маған ұнайтыны – таңдамалы жинақ. Адам көңіл күйдің ауанымен әртүрлі нәрсе жаза беруі мүмкін. Кейде жазған дүниең өзектілігін жоғалтары да белгілі. Жалпы, жазған-сызғаныңды сұрыптағанда ең көркем, ең классикалық деген бір жинағың болса, сол нағыз еңбек қой. Таңдамалы тек ақындарға қатысты емес, суретші болсын, жазушы болсын, композитор болсын, барлығында бір таңдамалы болса, нұр үстіне нұр емес пе?
– Өміріңізге маңызды бетбұрыс енгізген бір оқиға туралы айтсаңыз.
– Менің өмірімде кейде өзім түсінбей жүрген нәрселерді құдайдың кейбір оқиғалармен түсіндіріп беретіні жиі кездеседі. Әр адам осы өмірге неге келгенін, не істеу керегін, немен айналысып, кім боларын ойланатын шығар. Мені де сол ой жиі мазалайды. Тіршілікке әр адам белгілі бір миссиямен келетін секілді көрінеді. Адамдардағы адасушылық – сол миссияңды түсінбегеннен. 1992 жылдары ғой деймін, мен студентпін. Сол уақыттарда «Көздеріңе ғашықпынның», «Есіңе мені алғайсыңның» дүркіреп тұрған кезі. Менің қатысатын іс-шараларым, концерттерім, айтыстарым көп. Өмірден жас кеткен бауырларымның ауыр қазасынан кейін анам ауырыңқырып қала берді. Кейде жоспарлы істерімді тастап, анамның қасына барып отырамын. Оны түсінген анам: «шаруаңа бара бер, шақырған жерлеріне бармай қалсаң, сені «бізді менсінбеді» деп кінәлайды ғой» дейді. «Мама, қойшы, сен ауырып жатқанда мен қалай барып, ән салып тұрамын?» деймін. Мамамның олай дейтінінің де жөні жоқ емес еді. Менің талантымды көре алмайтындар көп болды. Айтпаған сөзді айтты, істемегенді істеді қылып, әйтеуір қит етсе, ұры иттің артындай шуласқан біреулер барынша жолымды бөгеп-ақ бақты. Әлі де сол беттерінен қайтқан жоқ. Бір күні төсек тартып қалған анамның қасында отырғанда, аздап көңілі аулансын деп теледидар қосып қойғанмын, «Қазақстан» арнасынан белгілі ақын Тынышбай Рақым ағамыз «Кеш жарық» деген бағдарлама жүргізіп отыр екен, бір кезде: «Сонау Сырдың бойында талантты қарындасымыз бар, тамаша ақын, композитор Елена Әбдіхалықова деген, сол қарындасымның әні «Көздеріңе ғашықпын», орындайтын Досхан Жолжақсынов» деп хабарлады. Мұны естіген анам: «саған масыл болып, бағыңды байлап қойдым, сен Алматыда, осы теледидарда жүретін едің» деп жылап қалды. «Мама, теледидар қайда қашады, әлі сол теледидардан түспейтін болам» деймін. Шындығында, маған жасалған қиянаттардың көптігінен әбден шаршап, шамам келсе, ән салмауға, ештеңе жазбауға іштей бекінген едім. Бәрін тастап, айдалаға екі қолыңды төбеңе қойып безердей күйде жүрген шағым-тұғын. Тіреп тұрған ешкімім жоқ, жоғары жақтағы көкесінен басқа түк таланты жоқ біреулердің шалқып жүргенін көргенде қатты қорланамын. Біздің елде адал еңбекпен, өз біліміңмен, талантыңмен жарыққа шығу үшін темірдей жүйке, болаттай төзім, еш мүмкіндікке сыймайтын салқынқандылық пен өлексеңді сүйреткенше тәулігіне 24 сағат бейнеттенуің керек. Басқаша мүмкін емес. Мен сол марқұм Тынышбай ағаның бағдарламасынан кейін, ауырып жатқан анамның сөзінен кейін, «бәрін тастаймын» дегенім дұрыс емес екенін, Құдайдың мені жер бетіне мүлде басқа миссиямен жібергеніне көзім анық жетті…
– Бір өлеңіңізде:
«Жиденің гүлін – ауылдың иісін
аңсатты-ау, қызық қуған бел…
Тағдырым, мейлі, жанымды қисын,
тек аман болсын, туған жер!» – дейсіз. Туған жер дегенде алғаш ойыңызға не оралады?
– Бәрі оралады. Балалық шақ, әке-шешем, ып-ыстық күндер… Жиде деген біздің жақта көбірек өседі-ау… Мамыр айында гүлдейді, сол кезде далада жұпар аңқиды. Осы сәтті сағынамын. Астанада Абай көшесінде жалғыз түп жиде өседі, кейде мамырда әдейі барып, иіскеп келемін.
– Ерекше әсерленіп оқыған соңғы кітабыңыз қандай? Жаныңызға жақын жазушылар кімдер?
– Жақында ғана Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Періштелер өлімі» кітабын оқыдым. Негізгі ең жақсы көретін шығармам – Әбіш ағаның «Ханшадария хикаясы». Халқымыздың барлық классик жазушыларын жақсы көремін. Көркем әдебиетте қазақ жазушыларының деңгейі де, дәрежесі де ешкімнен кем емес. Қазіргі таңда жастар шетел тілдерін меңгеріп, түпнұсқадан оқи алады ғой. Мен аударма арқылы оқимын. Мүмкін тұпнұсқадан оқысам, пікірім өзгерер деп ойлағанмын, алайда Нобель сыйлығын алған Мо Яньды орысша аудармадан оқығаннан кейін, қазақ әдебиетінің өресі төмен дей алмаймын.
– Алда қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?
– Жоспар құрмаймын, құрсам да жарияламаймын. Мен шығармашылық адамымын, аяқ астынан керемет ән жазуым мүмкін, оны ешкім қайталай алмайтындай орындауым мүмкін. Мүлде басқа шығарма жазуым мүмкін… Алдағы өмірді Құдай көрсетер, бұйырғаны болады ғой.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!