Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
сатирик, ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері:
Қазыбек Әшірбекұлы – ҚР ІІМ Еңбек және Құрметті ардагері. Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарына, төсбелгілеріне, алғысхаттарына, сондай-ақ Қызылорда облысы Полиция департаменті мен облыс әкімінің бірқатар марапатына ие болған.
Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағына қарасты Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі. Ата басылым «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің екі мәрте иегері. Бүгінгі күні БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып, тұрақты түрде материалдар жариялап отырады.
– Қазыбек аға, ішкі істер органдарында қандай қызметтер атқардыңыз?
– 1965-1968 жылдар аралығында үш жыл Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп, елге оралғаннан кейін бір ай мерзім ішінде Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасының шаруашылық бөліміне жүргізуші-қызметкер болып жұмысқа орналастым. Кейін Мемлекеттік автоинспекция бөлімінің жол бақылау инспекторы қызметіне ауыстым. Бұл бөлімде анықтаушы, аға анықтаушы қызметтерін атқардым. 1980 жылдың басында облыстық Ішкі істер басқармасының Кадр бөліміне қызметке келдім. Кадр бөлімінде инспектор, аға инспектор болдым. Бір сөзбен айтқанда, менің қызметім ішкі істер органында Кадр мен МАИ бөлімдерінде болды. МАИ бөлімінде дивизион командирінің саяси іс жөніндегі орынбасары, кадр жөніндегі аға инспекторы қызметтерін атқардым. 1991 жылы қараша айында ОІІБ-ның Кадр бөлімінен зейнеткерлік демалысқа ішкі қызметтегі майор шенімен шықтым.
– Қызмет барысында қандай есте қаларлықтай жағдай болды?
– Түс ауған кез. Қаладағы сол кездегі Карл Маркс көшесі мен Энгельс көшесінің қиылысында үлкен кітап сататын сауда дүкені болатын. Дүкен алдында 5-6 кісі тұрды. Бейтаныс ер адам бір қолымен ішін басып тұр. Саусағының арасынан қан ізі байқалады. Мені көрген әлгі кісілер «Жолдас милиционер, мына кісіге біреу дүкен ішінде пышақ салып, ескі базар жаққа қарай кетті» деп нұсқады. Кісілер сілтеген жаққа қарасам, расында бір ұзын бойлы кісі кетіп бара жатты. «Анау – сол, әлгі адам» деді куәгерлер. Жедел жәрдем шақырып, «Жарақат алған кісіні дереу ауруханаға жіберіңдер!» дедім де, өзім әлгінің соңына түстім. Шілде айы болатын. Үстінде қымбат тері тоны, оң қолында пышақ, оны жеңінің ішіне тығып алыпты. 4-5 метр қалғанда жүгіріп жетіп, бірден оң қолындағы қаруға жармаспақ болғанда, әлгі артына жалт қарап, оң қолындағы пышақты маған сермегені! Абырой болғанда, пышақтың ұшы жеңінің ішіне ілініп, сыртқа шықпай қалды. Мен де пышақтан ұстап үлгердім. Әлгі қылмыскер сол күні бірнеше дүкенді тонаған болып шықты. Бірінен үстіндегі тері тонды, бірінен ақша және тағы басқаларын алған. Ал кітап сататын дүкенге кіріп, сатушыға пышақ көрсетіп, ақша талап еткен. Сол кезде дүкенге кітап алуға келген кісі араша түскенде, ішіне пышақ салып алған. Ол қылмыскер кезінде заң жолымен жазасын алды. Бұл жайлы сол кездері облыстық «Путь Ленина» газеті «Смело и решительно» деп шағын мақала жариялады. Қызмет барысында көмектескен кісілер де болды. Оларға жәрдемдескен кезім болды. Ұсақ-түйектің қайсы бірін айта бересің. Бәріміз пендеміз. Адамның адамгершілік қасиеті болуы керек.
– Қазақ ССР ІІМ-нің бұйрығымен арнайы киім үлгісін киіп жүруге рұқсатыңыз бар екен. Бұл мүмкіндіктің артықшылығы қандай?
– Мен зейнеткерлік демалысқа ішкі қызмет майоры шенімен шықтым. Ол кезде біздің басқармада бұндай арнайы киімді демалыста киіп жүруге 2-3 кісіде ғана рұқсат болатын. Айрықша артықшылығын көргенім жоқ, жеңілдіктер қарастырылмаған.
– Өзіңіз ішкі істер органында кадр саласында қызмет атқардыңыз. Қазір полицейлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беріп жатыр. Сіздердің кездеріңізде өзге сала мамандарына қарағанда, қандай көмек көрсетілді?
– Менің білетінім, қай кезде болса да, бәріміз үшін тұрғын үй мәселесі күрделі еді ғой. Қазір де солай болып тұр. Сол кездері ОІІБ-ның қызметкерлеріне көпқабатты 3-4 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Міне, көмектің «көкесі» осы тұрғын үй болатын.
– Бүгінде саладағы қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Министр Марат Мұратұлының келуімен салада біршама оң өзгеріс болды. Қазір полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына, олардың қызметтік көліктеріне қатысты мәселелер оң шешімін тапты. Мысалы, жанар-жағармай құю бекеттері талапқа сай жабдықталып, көліктерді жуу мәселесі де шешілген. Арнайы орындар ашылып, бәрі сол жерлерде атқарылады. Бұрынғыдай кез келген жерге тұра қалып көлікті жуу, ластау деген жоқ. Бұл да болса, сақшылардың жұмысын біршама жеңілдетті. Әрине, жақсы бастамалардың бәрін қолдаймын. Әрбір азамат мәдениетті болып, тазалықты сақтап, болашаққа үмітпен қараса екен деймін.
– МАИ-да еңбек еттіңіз. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында соңғы жылдары жол сақшыларының жұмыстарында біршама өзгеріс болды. Бұған не дейсіз?
– Үкіметіміз бен Ішкі істер министрлігі бұл салаға ерекше көңіл бөліп тұр. Оң өзгерістер де аз емес. Дегенмен, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген ғой. Сол бір құмалақтың кесірі күллі қызметкерлердің атына кір келтіріп тұрған жайы бар. Ондайлардан арылу үшін ішкі істер органына ары таза, адал азаматты алу керек. Кейде қызметіне адал полиция қызметкерлерінің еңбегін кейбір азаматтардың шалыс басқан әрекеттері жуып-шайып кетеді. Әйтпесе, бүгінде жол апаттары бұрынғыға қарағанда азайып, заманауи бағыттағы жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жол апатынан келетін өлім саны кеміді.
– Шығармашылыққа жақындығыңыз қашан басталды? Сіздің сын садағыңызға өз әріптестеріңіздің ілінген кезі болды ма?
– Әу баста менің жан дүнием сатира жанрына жақын болды. Прозаға да онша бара алмадым. Поэзияда лирикалық нәзік жырлар жазғым келсе де, жаза алмадым. Сонау 1980 жылдардың басынан сатираға ден қойдым. Республикалық және облыстық басылымдарда шағын дүниелерім жарық көріп тұрды. Шынымды айтсам, сақшы әріптесімнің атын атап, түсін түстеп, сын садағына ілген емеспін. Жалпы сала жайлы өзара талқылап, кемшіліктерді қалай жөндеу керектігін қарастыруды үзбей ақылдасатынбыз. Қазақ «Су ішкен құдығына түкірмес болар» деген емес пе?!
– Қандай кітаптарыңыз жарық көрді? Сатира жеңіл жанр емес дегендей…
– «Күлкі керуен», «Жебе», «Белорақ», «Сырдария кітапханасы» 200 томдығы аясында «Ұрт пен мұрт» кітабым жарық көрді. Қаламгерлердің сатира жанрына жақындай бермейтінінің өз сыры бар. Ауыр жанр. Қазір фельетон, памфлет жазу мүлде жоқ десе болады. Өзім іздесем, сұрастырсам, шығармашылығыма қолдау білдіріп, демеушілік жасайтын азаматтар табылады.
– Сатираға жақындығыңыз журналистика саласына да жақындатқан болар…
– Республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне, «Ара» журналына өлеңдерім шықты. Олар ұйымдастырған байқауларға қатысып, топ жардым. Республикалық басылымдармен қатар, өңірлік газеттерге де сын-сықақтарым жиі жарық көріп тұрады. Мәселен, облыстағы «Сыр бойы», «Халық», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде материалдарым жарияланады. Мысалы, «Ақмешіт апталығы» газетінде әзіл-оспақ, сын-сықақ бөлімін басқардым. Сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смақанұлы, Оспанхан Әубәкіров, Балғабек Қыдырбекұлы, Сақтапберген Әлжіков ағаларымыздың шығармашылығымен жете таныспын. Бүгінде ел мені сақшыдан шыққан сатирик ретінде таниды.
– Қоғамдық жұмысқа белсене араласасыз. Қазір қоғамдағы, аймақтағы қандай мәселелерді күн тәртібінде деп айтар едіңіз?
– Қазір аймақта жасалып жатқан оң істер көп. Қала жылдан-жылға жаңарып, көркейіп келеді. Күн тәртібіне қойылған мәселе көп. Қала тазалығы, құрылыстардың сапалы салынуы, мұқтаж кісілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, биылғы егістің күтімі мен оны ысырап етпей жинап алу, қысқа дайындық мәселесі тағы да басқа түйткілді мәселелер күн тәртібінен түспек емес. Бұл мәселелер бүкіл ел аумағында өзекті деп ойлаймын.
– Қызылорда облысы Полиция департаменті ұжымымен бүгінгі байланысыңыз қандай? Ақылдасып, кеңесіп тұрасыз ба?
– Облыстық Полиция департаментінде үш мыңға жуық сала ардагері бар. Ардагерлер кеңесі мен оның мүшелері үздіксіз жұмыс істеуде. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Серікбол басшының кеңесшісі ретінде ардагерлердің мұң-мұқтажы мен өтініштерін басшылық құрамымен бірлесе отырып, оң шешіп отырады. Басшылық құрамымен байланысымыз ойдағыдай. Қажет кезде ақылдасып, кеңесіп тұратын кез де болады.
Департамент бастығы, генерал-майор М.Аблазимов аймаққа қызмет бабымен жақында келген. Келген бетте қызмет кезінде қаза тапқан қырандардың отбасысында болды. Ата-аналарына құрмет көрсетті. Бұл адамгершіліктің аса биік шыңы болса керек.
Сұхбаттасқан
Гауһарай ЕСІМОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!