Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел болашағына оптимистік көзқараспен қараймын

09.12.2021, 11:00 492

Нұрлыбек  СҮЙІНТАЕВ,

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ материалдар мен шығындарды бақылау бойынша топтың басшысы:

«Жасыңда жалықпасаң, қартайғанда тарықпайсың»  деген.  Еліміз  Тәуелсіздік  алған 30 жылдан бері қанатын қомдап, туған жерінде еселі еңбек етіп келе жатқан жастар қауымы көп. Жаспын деп жасқанбай, кедергілерге қарамай табысты, көшбасшы болуға ұмтылатындардың қатары артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Біздің аймақта да еңбексүйгіш, ісіне адал, айналасына мақтануға тұрарлық, үлгілі кәсіп иелері көп. Солардың бірі – Нұрлыбек Сүйінтаев. Облысымыздағы ірі мұнай компаниясы «ПҚҚР»-да материалдар мен шығындарды бақылау бойынша топтың басшысы қызметін атқарады. Қытай мұнай универсиетінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша бакалавр, «Технологиялық машиналар және салалық жабдықтар» мамандығы бойынша магистр мамандықтарын тамамдаған. Ел  Тәуелсіздігінің  30  жылдығы  мерекесі қарсаңында  тәуелсіздіктің  төл  құрдасы Нұрлыбек  Сүйінтаевпен  аз-кем әңгімелескен  едік.

– Нұрлыбек, еліміз Тәуелсіздігін алған жылы дүниеге келдіңіз. Қазақ­станның 30 жыл ішінде қол жеткізген қандай басты жетістіктерін атай аласыз және осы уақыт аралығында еңбек  жолында қандай жетістіктерге қол  жеткіздіңіз?

– Қаншалықты қарапайым ес­тілсе де, біздің басты құндылығымыз – еліміздегі тыныштық. Біз біршама аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз және әлемдегі жағ­дай оңай емес. Көп жерде соғыс жүріп жатыр, бірақ біздің еліміз шие­леністің өршулеріне төзімділік таны­тып, қақтығыстарды тежеуде. Соның  арқасында  бізде  тыныштық, достық және татулық үстем болады. Көпшілігі осы бейбіт күнімізге де қанағаттанбайды,  бірақ  мен мемлекетіміздің сарабдал саясатына ризамын. Біз  соғыстың не екенін, төңке­рістің не екенін білмейміз, біздің шетелде білім алуға, саяхат­тауға, өзіміз үшін жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндігіміз бар. Бұл – Қазақстан секілді жас мемлекет үшін өте үлкен көрсеткіш. Егеменді ел атанғаны­мызға 30 жыл болды, осы уақыт аралығында талай айтулы белестерді бағындырдық. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халық­аралық аренада танымал, өркендеп, дамып келе  жатқан мемлекетке айналды. Ал маған келсек,  жасым – 30-да. Өз отбасымды құрдым, бала-шағамыз  бар,  үй  салдым.  Әзірге басты жетістігім – осы.

– Мұнай саласы өзінің қиындығымен қатар, көптеген жауапкер­шілікті жүктейді. Мұнда қанша уа­қыттан бері қызмет істеп келесіз? Қызметіңіз барысында қандай да бір оң  өзгерістерді  істей  алдыңыз  ба?

– «ПҚҚР»-да жұмыс істеу қызыл­ордалық жастар үшін үлкен арман болды. Компания бізге жан-жақты білім алумен қоса шәкіртақымен қамтамасыз етті. Мен компания ұйым­дастырған байқаудан сүрінбей өтіп, осы бағдарламаның қаты­су­шысы атандым. Сөйтіп  2014 жылы Бейжіңдегі Қытай мұнай универ­ситетінде бакалавр дәрежесін алдым. Ал, міне, қазір «ПҚҚР» АҚ-да техникалық қызмет көрсету бөлімінде маман-тағылымгер қызметінен бастап жеті жыл жұмыс істеп келе­мін. Техникалық қызмет көрсету бөлімі өндірістің барлық саласын қамтитындықтан, біліктілігі жоғары әріптестердің көмегінің арқасында мен орасан зор тәжірибе жинақтап, маман-тағылымгерден 1-ші санатты аға инженер-технолог лауазымына дейін жеттім. Ал 2021 жылдың шілдесінен бастап материалдар мен шығындарды  бақылау бойынша топтың басшысы болып жұмыс істеймін.

– Жұмыс  бойынша қандай маңызды  жобаларға  қатыстыңыз?

– 2014 жылдың қыркүйегінде мен жұмысқа жаңа орналасқан кезде, техникалық қызмет көрсету бөлі­мінің жауапкершілік аймағына сорап-компрессор құбырларын сорғы қарнақтарын (СКҚ мен СҚ) тек­серу және тазалауды бақылау жұмысы берілген болатын. Сол кездегі ҚҚКЖ бөлімінің менеджерлері Асқар Әбді­разақов пен Жалғас Шайхсламов мені және менің кезекші алмас­тырушымды тиімділіктің түйінді көрсеткіштері бойынша күнделікті есептерді енгізуге жауапты тұлғалар етіп тағайындады. Осы тапсырманы орындау үшін маған барлық қажетті деректерді жинау, талдау және тексеру қажет болды. Мен күн сайын СКҚ тазалау базасына барып, технологиялық үдерісті зерттедім, есептерде нені қалдыру керектігін білу үшін әріптестермен және учаске шеберімен сөйлестім. Барлық ақпаратпен танысып шыққаннан кейін біз бүгінгі күнге дейін бөлімде пайда­ланылатын мәліметтерді енгізуге ыңғайлы  ақпараттық  есеп форматын  жасадық.

– Жұмыс сапасын арттыру үшін қандай маңызды міндеттемелерді орындау  керек  деп  ойлайсыз?

– Кез  келген  кәсіпорынның  жалпы тұрақтылығы оның қаржылық әл-ауқатына байланысты. Қызмет­те табысқа жету үшін барлық материал­дық ресурстарды барынша тиімді пайдалануға қол жеткізу, өндірістік үдерістердің үздіксіздігін қамтамасыз ету қажет. Экономика жағдайы­ның ескерілуі мен оңтайландыру біздің  компанияда  басты  мақсат  болып табылады және біздің бөлімнің бір бағыты өндіріс шығындарын, материалдар мен үдерістерді оңтайландыруды қамтиды. Қазіргі таңда біз 2022 жылғы ГӨЗ-ға дайындалудамыз, бұл компанияның барлық бөлімшелерінің қатысуларын қажет етеді. Келесі жылға арналған жыл сайынғы сатып алуда мен сатып алу үдерісін жеделдетуді және жақсартуды  жоспарлап  отырмын, өйт­кені материалдардың бағасы үнемі өсуде, ал бұл сатып алуды жоспарлау кезіндегі өзекті бағалардың ашық конкурсқа қатысушылар үшін тиімсіз болуына әкеледі.  Осының бәрі бюджеттің ұлғаюына әкеліп, өндіріске кері  ықпалын  тигізуде.

– Кәсіби біліктілігіңізді қалай арт­тырасыз? Жұмысыңызда немесе өмі­ріңізде  кімнен  үлгі  аласыз?

– Біздің компания ұйымдастыратын оқу курстары, бағдарламалары мен семинарларынан басқа, мен өз бетіммен білім алуға да уақыт бөлуге тырысамын. Мен өзіме қажетті тақырыптар бойынша кітаптарды, журналдарды, басылымдарды оқимын, подкасттарды тыңдаймын және кәсіби ресурстарға кіріп шығамын. Мен үшін еліктеуге болатын және өмірінен үлгі алатын қаһарман адам – бұл менің атам. Мен үшін ол жанқияр, ержүрек адам болып қала береді. Кәсіби тұрғыдан еліктеуге келе­тін болсақ, мен шынында техникалық  қызмет  көрсету  бөлімінде  еңбек жолын бастау бақытына ие болдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, техникалық қызмет көрсету бөлімі өндіріс­тің барлық саласын қамтиды. Ал осы бөлімнің барлық қызметкерлері – белгілі бір шыңдарға жеткен, үлгі тұтатын біліктілігі жоғары мамандар. Әріптестерімнің арқасында мен күнделікті жұмысыма көмек­тесетін құнды тәжірибе жинадым. Бұл оңайға түспеді, бірақ мен көп нәрсені дәл осы жерде үйрендім. Сол кезде менің ақылшым, тәлімгерім әріптесім, жетекші инженер-механик Жадырасын Сейітов болды. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, басшы болудың жоғары жауапкершілігінің үлгісін көрсетті, адамдардың бабын әрдайым  таба  білді.

– «Жақсы  жұмыс – жанға тыныс» дейді. Таңертең ертемен тұрғанда жұмыс­ыңызға  асығып  тұрудың  бас­ты  себебі  не?

– Әркімнің жұмыста өз уәждемесі бар, біреу өз ісін сүйіп, басқасы жеке мүддесін қанағаттандыру үшін жұмыс істейді. Ал мен өз үлесімді қосатынымды, менің жұмысым компанияның мақсатына жетуге көмектесетінін түсіне отыра, арман­дарымды орындауды ұнатамын. Бірақ жұмыс істеу­дің жеке себептері қандай болса да, шын мәнінде барлығы дерлік ақша үшін жұмыс істейді. Ақша жұмыс­тың  басты себебі болмаса да, оның да маңызы зор. Өйткені, дәл ақшаның өзі адамның тіршілік әрекетін қамтамасыз  етеді.

– Ғылымда қандай өнертабыстың немесе  технологияның дамығанын қалай­сыз?

– Соңғы онжылдықтар ішінде ғылым дамуда үлкен секіріс жасап, бұрын мүлдем мүмкін емес деп санал­ған кейбір нәрселерді шындыққа айналдырды. Мен бәрінен бұрын зағип жандарды емдей алатын және миллиондаған адамдардың өмірін өзгертетін нағыз бірегей технологияның пайда болуын асыға күтемін. Бұл сұрақ мен үшін маңызды, себебі менің операцияға жатпайтын көру қабілетінің проблемалары бар таныстарым  көп.

– Денсаулық – басты байлық. Бос уақытыңызды қалай жоспарлайсыз және саламатты өмір салтын ұстанасыз  ба?

– Мен біздің ұрпақ «бүгінгі күнмен өмір сүр» деген қағиданы ұстанып, уақытын өз рақаты үшін өткіз­генді жөн көреді де, ешнәрсеге көп уайымдамауға тырысады деп ойлаймын. Біз үшін физикалық және психологиялық жайлылық, сонымен қатар жеке еркіндік маңыз­ды. Бос уақытымызда саяхаттап, демалуды, жаңа нәрселерді біліп үйренуді жөн көреміз. Біздің ұрпақтың бір кемшілігі – спортқа аз уақыт бөлеміз. Менің пікірімше, мемлекет  жас  ұрпақтың спортқа деген қызығушылығының жоқтығы мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Ата-аналарымыздың жастық шағында мемлекет халық арасында спортпен айналысуды белсенді түрде насихаттаған. Бүгінгі таңда қазіргі заманғы БАҚ, технология және ғалам­тор ғасырында саламатты өмір салтын сауатты насихаттауды құру үшін барлық жағдай бар деп есеп­теймін, өйткені бұл – ұлтты физикалық сауықтырудың ең аз шығынды және  ең  тиімді  әдісі.

– Алдағы бес жылда өз болаша­ғыңызды, елдің болашағын қалай елестет­есіз?

– Алдын ала болжау қиын болса да, алдағы бес жыл еліміз үшін бетбұрысты болады деп есептеймін. Оған қоса, коронавирус жағдайы бізді оқиғалардың ең нанғысыз өрбу мүмкіндігін ескеруге мәжбүр етеді. Бірақ коронавирус еліміздің экономикалық  мәселелерден (тұрмыс деңгейінің төмендігі – 42 500 теңге, байлар  мен кедейлер арасындағы үлкен алшақтық, аймақтық дамудың бірқалыпсыздығы) бастап мәдени (қашықтықтан білім беру сапасына байланысты қиыншылықтар, ғылымды дамыту мәселелері) және ұйымдастырушылық (әлі күнге дейін­гі көптеген қоғам өмірі салаларының қатты бюрократтандырылуы, мемлекеттік басқарудың тиімсіздігі) мәселелеріне дейінгі барлық ішкі проблемаларын ашып берді. Қазақстанның болашағы алдағы бес жылда осы мәселелердің тиімді шешілуіне байланысты. Бірақ, жалпы, мен ел болашағына оптимистік көзқараспен қараймын және ол біздің ұрпақтың қолында деп есептеймін.  Ал менің алдағы бес жылға жоспарым – дамуға, қызықты жоба­лармен айналысуға және үйренер нәрсесі бар адамдармен жұмыс істеу­ге мүмкіндігім болатын компанияда жұмыс істеу. Армандарымды осы бағытта  іске  асырғым  келеді.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен 

Әйгерім  НАЖМАДИН.

Суретті  түсірген 

Андрей  ТАЙГУНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: