Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел алдында арым таза

24.12.2020, 10:40 595

Нұртай  САБИЛЬЯНОВ:

1986  жылғы  ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы, тәуелсіз еліміздің  қаржы  саласының дамуына зор үлес қосқан білікті экономист-аудитор, 16 жыл бойы Парламент Мәжілісінде халыққа адал қызмет етіп келе жатқан саясаткер Нұртай Салихұлы Сабильяновты қазақстандықтар жақсы біледі. 2021 жылдың басында депутаттық өкілеттігінің аяқталатынын естіп, Нұртай ағамен депутаттық қызметі, Желтоқсан, тәуелсіздік тақырыбында  кеңінен  сұхбаттасқан  едік.

ДЕПУТАТ   МЕМЛЕКЕТ  МҮДДЕСІН   ЖОҒАРЫ  ҚОЮЫ  ТИІС

– Нұртай Салихұлы, есіңізде шығар­, біраз  жыл  бұрын «Мәжілістегі ең халықшыл,  кәсіби, қоғамдық  пікірге ықпалы зор депутат» деген рейтинг­ жасап, Сіздің бір жылда Шығыс­ Қазақстан облысында 50 елді мекенді аралап, 61 кездесу өткізіп, халық­тан 700-ге жуық хат алға­ныңызды жазып едік. Ал 16 жылда қанша елді мекенді аралап, қанша кездес­у  өткіздіңіз? Ел-жұрттан қанша хат алып, қанша заң жобасына өзгеріс пен  түзету  енгіздіңіз?

– Осыдан тура 16 жыл бұрын өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан об­лысының Аягөз, Үржар, Жарма аудандарының тұрғындары қолдап, ол  округтен алғаш рет депутат болып сайландым. Үш ауданның халқына, облыс тұрғындарына алғысым шек­сіз. Депутаттыққа 7 рет (1994 жылы – Жоғарғы Кеңестің, 1999, 2000, 2004, 2007, 2012, 2016 жылдары – Мә­жі­лістің  депутаттығына)  үміткер  болып тіркеліп, соның төртеуінде (үш рет «Nur Otan»-ның партиялық тізі­мімен) сайландым. «Nur Otan» пар­тиясына да алғыс айтамын. Осы жылдар­ ішінде халыққа, елге адал қызмет етуді алдыма мақсат етіп қойып, қолымнан келгенінше аянбай жұмыс істедім. 16 жыл халықтың ортасы­нда болдым. Депутаттың ең басты қызметі – сапалы заңдар қабылдау, халықпен  бірге  болу, мұң-мұқтажына құлақ салу, мәселесін көтеру, шешілуіне көмектесу. 16 жылда 750 елді мекенде (кездесулерімнің 80-85 пайызын ШҚО-да өткіздім) халы­қпен 1250 ашық кездесу өткізіп, олар көтерген мәселелерді ұсыныс-хат, депутаттық сауал жолдау, заң жобал­арына өзгеріс енгізу, Парламенттегі отырыстарда құзырлы меке­ме­лерге жеткізу арқылы шешілуіне атсалыстым. 310 депутаттық сауал жолдаппын. Көптеген әлеуметтік, экономикалық  мәселелер шешілді. 16  жыл  ішінде  халықтан 9700 өтініш-хат алыппын. Солардың барлығына жауап қайтардым. 60 пайызға жуығы шешілді, заңдар арқылы да реттелді. Әрине, бәрін бір күнде, бір жылда шешу мүмкін емес. Кейін шешімін тапқандары да бар. Әртүрлі заң жо­баларына қатысты берген 5140 ұсынысым қабылданды. Соның ішінде Шығыс Қазақстанда 65 мектеп пен балабақша салу, 120 елді мекенге ауызсу тарту, 40-тан аса басқа әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсы­ныс­тарым бар. Депутат ұсыныс берерде­ негіздеме болуы керек. Ол ұсынысқа талдау жасалып, жұмыс тобын­да, комитетте және жалпы отырыста тал­қыланған соң қабылданады. Осы шақыр­ылымның өзінде 9 заңға бастамашы болдым. Өзім басшылық ететін  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде 62 заң жобасы­н сапалы сүзгіден өткіздік. Бұл – қыруар жұмыс. Депутаттың тағы бір жұмысы – өңірлерден келген адамдарды қабылдау. 6270 азаматты Мәжілісте, «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдауында, аймақтардағы кездесулерде жеке қабылдап, түйт­кілдерін  шешуге  жәрдемдестім. БАҚ-тарға үнемі ашық сұхбат беріп, әлеуметтік желіде қабылданып жат­қан заңдар туралы ақпарат беріп отырдым.

– Былайғы жұрт халықпен тығыз жұмыс істейтін депутаттың немен айналысатыны­н  білмей, көпе-көрінеу жазғырып  жатады. «Депутаттар  Парламентте шалқайып отырып алып, тетікті басып дауыс береді, бар жұ­мысы   сол»  деп  кінәлайтынын  біле­сіз. Бірақ қарапайым халықпен қоян-қолтық араласу, оның мұң-мұқта­жына  құлақ асу деген нәрсенің жөні бөлек. Айтыңызшы, осы қызметіңізден қандай ой түйдіңіз? Шындығында, біз депутаттық мәртебеге жеңіл-желпі қарап, оның саяси тұлға, мемле­кетшіл қайраткер болуы қажеттігін назардан тыс қалдыратын  болдық. Неге  бұлай?

– Менің түйген ойым, әрбір депутат  өзінің қызметінде халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қоюы қажет. Ең бастысы, қарапайым халықпен бірге болу. Шалғайдағы елді мекендердегі халықпен кездесуге өз көлігіммен, өз қаражаттыммен бардым. Бюджеттен бір тиын жұмсалған жоқ. Барардың алдында аудандық газет,­ әлеуметтік желі арқылы хабарлама беріп, жұртты құлақтандырдық. Соның әсерінен халық кездесуге көп жиналатын. Жиналғандарға мұң-мұқтажын айтуға толық мүмкіндік бердік. Жастарды қолдауға ерекше назар  аудардым. 170 студентке Мәжі­лісте  тәжірибеден  өтуге көмектес­тім, қазір олар әр салада өз деңгейінде­ қызмет етіп жүр. Менің шақыруыммен шығысқазақстандық 550 қарапайым азамат пен оқушылар Парламент ғимаратын аралап, депутаттардың қызметімен танысты. Бұл жастардың ой-өрісін кеңейтіп, тәуелсіз елдің саналы, білімді азаматы болып өсуіне мүмкіндік береді. Депутаттың жалақысына келетін болсақ, 16 жыл бойы өз жалақымның 60 пайызын қайырымдылыққа жұмсап келемін. 16 жыл бойы Үржар ауданы Науалы ауылындағы балалар үйіне үздіксіз қамқорлық жасадым. Мен ақшаға құныққан да, мемлекет қаржысына қол сұққан да адам емеспін. Ел алдында арым таза. Депутат болғанға дейін азды-көпті кәсіпкерлікпен айнал­ыстым. Мұны айтып отырған себебім, мәселе Парламент депутаты болған адамның бұрын қайда жұмыс істегенінде, кім болғанында емес, мемлекет мүддесін өзінің қарақан басыны­ң мүддесінен жоғары қоя білгенінде дер едім. Әр заң жобасын талқылаған кезде халықтың, мем­лекеттің мүддесі тұрғысынан қарау керек.

ЖЕЛТОҚСАН  –  МЕНІҢ  ӨМІРІМДЕГІ   БІР   БЕЛЕС

– Нұртай аға, осыдан 8 жыл бұрын, Сізден сұхбат алғанда «Желтоқсан туралы­  арнайы  заң  қашан  қабыл­данады?» деген сауал қойып едім. Бірақ ондай заң әлі күнге қабылданған жоқ. 2016 жылы өткен «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты форумға қатысушылар жоғары билікке 18 желтоқсанды қазақтың қаһармандарына алғыс білдіру және тағзым ету белгісі ретінде көптеген шетелдерде жасал­ғандай, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен күрескерлерді  жалпыұлттық  құрметтеу  күні  деп жариялау жөнінде ұсыныс­ жасады.­ Бірақ бұл ұсыныс қабылдан­ған жоқ, себебі  неде  деп  ойлайсыз?

– Желтоқсан – азаттық аңсаған халықтың азуы алты қарыс империя­ға қарсы үлкен ұлт-азаттық күресі. Қазақтың ұлттық намысы мен ұлттық рухы күллі әлемге танылған күн. Тәуел­сіздік жылдарында осынау айтулы­  күнге қатысты әртүрлі іс-шара өткізіліп келеді. Сіз айтқан ұсыныстың­ қабылданбағаны кей­біреулерге мүмкін ұнамаған шығар яки қажет деп таппаған шығар. Алайда­ біз уақыт өте келе Желтоқсан қаһармандарын ұлт, ел болып құр­меттейтін күнге жетеміз! Оған уақыт керек. Парламентте жүріп Желтоқ­санға қатысты бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, әртүрлі мәселелерді  көтеріп, мемлекеттік органдар­ға жібердім. Желтоқсаншылармен көп кездесулерге қатысып, кейбір мәселелерді шештік. Бір өкініштісі, Желтоқсанға осы айда екі-үш күн көңіл бөліп, басқа кезде ұмыт қала­тыны дұрыс емес. Қала әкімдіктері жоспарлаған іс-шараларына шақы­рады, едел-жедел өткізеді. Осымен келер жылғы желтоқсанға дейін іс бітті. Желтоқсан мен тәуелсіздік – егіз ұғым. Ендеше тарихымызға, азаттығымызға қатысты жұмыстар еш­уақытта  тоқтамау керек. Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін жас ұрпаққа, жастарға Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі арқылы үлгі  етуге  тиіспіз.

– Міне, 30 жылдан асса да «Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың мәртебесі туралы», «Кеңес билігінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен барлық құрбандарды ақтау туралы» заң қабылданбай келеді. Алдағы уақытта қабылданатынына үміт бар ма?

– Иә, үміт бар. Желтоқсан көте­рілісіне қатысушылардың мәртебесі туралы заң қабылдауға деген ұсы­ныс­тар айтылып жүр. Мұндай ұсы­ны­с­тарды Үкіметке бірнеше рет жолдадық, бірақ қолдау таппады. Өйткені бұл мәселе «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның аясында реттеледі деп жүр. Жақында Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша мемлекеттік комис­сия құрылып, алғашқы оты­рысын өткізді. Сол комиссияның құрамында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды, Желтоқсан қаһармандарын ұлықтауға зор еңбек сіңіріп жүрген үлкен қайраткер, белгілі заңге­р Сабыр Қасымов ағамыз да бар. Осы комиссияның жұмысы алдағы уақытта Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен оның құрбандарын ақтау туралы заң қабылдауға негіз болад­ы  деп  ойлаймын.

– Нұртай аға, осыдан отыз төрт жыл бұрынғы Алматыдағы көтеріліс қалай басталып еді? Сіздер алаңға қалай шықтыңыздар? Сол кезде алаңдағы оқи­ғалар желісі қалай өрбіді? Сол дүр­бе­леңнің бел ортасында жүріп, көзбен көріп, құлағыңызбен естігеніңізді  бүк­пелемей  айтып  бере  аласыз  ба?

– Ол кезде 24 жастамын. Алматыдағы халық шаруашылығы институтының 3-курсында оқимын. Жел­тоқсан туралы түнде жаңалықтардан естіп, ертеңіне институттан сабақтан сұранып, алаңға бардық. «Кеңестік құқық» деген пәннен дәріс оқитын Ұлан Есбергенов атты ұстазымызға барып: «Мен курстастарыммен бірге алаңға барамын! Ұлттық намысымызды қорғаймыз! Орталық Комитеттің шешімімен келіспейміз!» деп едім, ағай: «Дұрыс! Барыңдар! Мен де қосыламын!»  деп қолдады. Өз тобымды  алаңға  бастап  апардым. Оған достар­ым куә. Таңғалғаным, инс­титутта бірге оқыған, танып-білетін қаншама адам: «Нұртай бізді үгіттеп апарды» деп ешкімге айтып, сатқындық жасаған жоқ. Бірақ мені біл­мей­тін, көрмеген кейбір адамдар қара­лады. Алаңдағы  аласапыранда біреу­ді тану мүмкін емес, тек бірге оқы­ғандар ғана бір-бірімізді тауып, танып­ жүрдік. Әрине, алаңда қан төгілді. Жантүршігерлік қақтығыс болды. Тіпті, жиналған жастарды қуып шығу үшін өрт сөндіретін 10 ма­шина қатар жүріп, қақаған аязда су шашты. Біз бір-біріміздің қолымыздан қысып ұстап, баррикада жасадық. Күні бойы арпалыстық. Кеудесін намы­с оты кернеген қазақ жастары қазір  әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным!» әнін қосыла шыр­қағанда, рухымыз аспандады. Сол 17 желтоқсанның түнінде бізді қоршай  бастады. Сол сәтте байланыс техникумының шарбағын құлатып, әзер дегенде қоршаудан шығып, түннің бір уағында жатақханаға жеттік. Бірақ түнімен ұйықтамай, алаңда ұстап шығатын ұрандар, плакаттар дайындадық. Таңертең қарасақ, әскерилер жатақханамызды қоршап­ тұр екен. Дегенімізден қайтпай басқа есіктен шығып, алаңға бардық­. Ертеңіне, 18 желтоқсанда Брежнев алаңын әскерилер, халық жасақтары, арнайы  отрядтар  қоршап тұрды. Фурманов пен Сәтбаев көшелері­нің қиылысынан кіреміз дегенде қатты қақтығысқа тап болдық. Сол сәтте «Қаратаудың басынан көш келеді» деген әнді ұрандатып айтып, Фурмановтан көтеріліп, Сәтбаев көшесімен алаңға келдік. Ол кезде әскерилер, халық жасақшылары күш жинап алған еді. Арғы жақта БТР-лар сап түзеп тұрды. Күш тең емес-тін. Алаңды жан-жағынан қоршап тастапты. Арасында сәл күшімізді жинап алып, қайта алға ұмтыламыз. Бір кезде­ әскерлер бізді шегіндіріп, бұрынғы­ Ленин көшесіне дейін ығыстырды. Әрі қарай шегінуге мәжбүр болдық. Бірақ қақтығыстар жалғасып жатты. Біз қарсылығы­мызды  тоқтатқан  жоқпыз.

– Сол көтерілістен кейін өз жағ­дайыңыз қалай болды? Алаңда мега­фон­мен  сөйлеп  тұрған  суретіңіз  МҚК-нің қызметкерлерінің қолына түсті емес пе? Тағдыр-талайыңыз қалай  болғанын  айтып  берсеңіз.

– Желтоқсан көтерілісіне 20 мыңдай  адам  қатысты.  Соның  ішінде 99-ы істі болып, сотталды. Көптеген азаматтар  әкімшілік, тәртіптік  жауап­кершілікке  тартылды. Біз мұны айтуға­  тиіспіз.  20 мың адамның  бәрін жазалау  мүмкін  емес-ті. Мен қаһарлы­ Желтоқсанда екі күн алаңда болдым. Ұлттық ар-намысымызды аяққа  таптатпау үшін аяусыз күрес­тік. Алаңда  болғанымды, мегафонмен сөйлегенімнің  нақты  дәлелі – сөйлеп тұрған суретім. Мен сөйлей­мін дегенімде,  жігіттер  көтеріп тұрды. «Біз алаңнан кетпейміз! Намы­сымызды аяққа таптатпаймыз! Күресті тоқтатпаймыз!» деп ұран­датқаным рас. Сол сәтте суретімді жасыр­ын камерамен түсірген. Екі айдан­  кейін МҚК-нің  қызметкерлері сол суретімді оқу орындарына таратып­, институттан мені ұстап, үстімнен іс қозғады. 9 айға жуық тексеру­, тергеу және бақылауда болдым­. Бұл өмірімдегі  ең қиын кезең еді. Одан кейін қылмыстық құрам болмағандықтан істі жапты. Соңғы  кездесуде  МҚК-нің адам­дары: «Үш жыл тағы бақылауда боласың. Тәртіп бұзсаң, 5 жылға сотталасың» деп  ескертті.

– Сонда  институтта  Сізді  қолдаған, көмектескен  адамдар болды ма? Аман қалуыңызға біреулердің көмегі тиді  ме?

– Сын сағатта мені институттағы оқытушылар, курстастарым қолдады. Ең алдымен Алматы халық шаруа­шылығы институтының деканы Кәкім Дүйсембаев, кафедра меңгеру­шісі Борис Цой, құқықтану пәнінен сабақ берген Ұлан Есбергенов ағаларым және басқа да ұлттық намысы бар азаматтар көмек көрсетті. Оның көбі жасырын түрде болды. Ұлан Сағын­ышұлы кейіннен білікті судья, белгілі заңгер, танымал қайраткер болған­ын білеміз. Осы азаматтардың қолдауымен аман қалдым. Әрине, сол кезде: «Сабильянов ұлтшыл, оны инсти­тутта оқытушы етіп қалдыруға болмайды» дегенді бетіме айтқандар болды. Өйткені 3-курста бізге алдын ала жұмысқа жолдама беретін. Үздік оқып, үздік дипломға үміткер болғанымнан бухгалтерлік есеп кафедрасына оқытушы етіп қалдырған еді. Бірақ Желтоқсаннан кейін жолдамамды алып қойды. Ол уақытта жолдам­адан айырылу жұмыссыз қалумен бірдей еді. Одан кейін ленинд­ік шәкіртақыдан, партияға мүшелікке өтуден де шеттетілдім. Құрмет тақтасындағы суретімді де алғызы­п тастады. Белгілі қайраткер, ректорымыз Нұрғали Мамыровтың орнына жаңадан келген ректор: «Бізге ондай ұлтшылдың керегі жоқ!» деп кесіп айтты. Содан соң Алматыда қалу үшін өз бетіммен жолдама іздедім. Курстастарымның бәрі жолда­масын алып, оқуын бітіріп кеткен­де ең соңынан дипломымды әзер берді. Басыма іс түскенде дос пен жаудың, жақыным мен қарсыла­сымның кім екенін түсіндім. Қан­шама жыл жанымда жүрген кейбір азамат­тардың бір-ақ күнде көзқарасын өзгертіп, бұрын басқа көзқараста болған адамдардың бір күнде мені қолдағандарын көрдім. Желтоқсан – менің өмірімдегі бір белес. Бұл белес­тен: «Ешқашан ешкімді сатпауға тиіссің!» деген түйін жасадым. Мені қаншалықты қинаса да, өзіммен қатар жүрген, алаңға барған сту­дент­тердің аты-жөнін, тегін тізімнен көрсеткен  жоқпын!  Сондай-ақ,  аман қалуыма әкемнің 5 жыл соғысқа қатысып, Ұлы Отан соғысының ар­дагері  болғаны  да  өз  әсерін  тигізді.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ басамыз. Тәуелсіздік қазаққа не берді?

– Тәуелсіздік – асыл қазынамыз, баға жетпес құндылығымыз, ата-ба­бала­рымыздың  арманы. Азаттыққа жету үшін қаншама ғасырлар бойы батыр бабаларымыз қанын төкті, жанын­ пида етті. Тәуелсіздік жолында қаншама адамдар аянбай еңбек етіп, үлесін қосты. Сол барша қазақ армандаған  тәуелсіздіктің  таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, әлемдік қауымдастықтан өз орнын алды.  Әрине,  алғашқы жылдары бізге оңай болған жоқ. Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың  басшылығымен  үлкен экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Бұл реформалардың қалай болғанын сол кезде жұмыс істеген­ азаматтар жақсы біледі. Бизнес саласында жұмыс істеп жүрге­німде, бюджетке тиісті салықты аударып­ отырдық. Қолымыздан келген­інше мемлекетке көмектестік. 1993 жылы рубль аймағынан шығу үшін төл теңгеміз қолданысқа енгі­зілді. Бұл жағдай ел экономикасын жақсартуға зор әсерін тигізді. Одан кейін Ұлттық қор құрылды. Бірқатар бағдарламалар қабылданды. Сол арқыл­ы тәуелсіздігіміз нығайып, тұрақты даму жолына түстік. Бір ғана көші-қонның  мәселесін алайық. 1994 жылы Қазақстаннан 400 мыңға жуық  адам  көшті. Жалпы  тәуелсіздік жылдарында 4 млн-ға жуық қазақстандық  шетелге  көшіпті. Кейбіреулер  еліміздің  келешегіне  сенімсіздік білдірді. Қазақтың саны ол кезде  40 пайызды құрайтын. Осындай алмағайып шақта тәуелсіздікті нығайту үлкен еңбектің, қажыр-қайраттың арқасы деп ойлаймын. Ең бастысы, тәуелсіз ел болу арқылы өз тағдырымызды өзіміз шешетін болдық. Азат елде азат ойлы ұрпақ өсіп келеді. Сол ұрпақтың егемендіктің, азаттықтың қадірін білетін санасы пісіп-жетілді. Міне, тәуелсіздіктің бізге бергені – осы. Әрине, тәуелсіздігіміз нығаюы үшін әр адам адал жұмыс істеп, береке­-бірлігімізді сақтауға үлес қосқан­ы жөн. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, қанша жерден бір-бірімізге іштей түсініспеушілік болса да, тәуелсіздікке келгенде жұдырықтай жұмылуымыз керек. Тәуел­сіз­дігіміз баянды болсын! Осы жолда аянбай қызмет ететін елжанды, ұлт­шыл, қазақшыл, мемлекетшіл жастар көбейе  берсін  деп  тілеймін!

Сұхбаттасқан  Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Суреттер  Н.Сабильяновтың   жеке архивінен  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: