Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дос Көшім: Кезектен тыс сайлаудың басты себебі – биліктің қорқынышы

06.09.2022, 16:15 1493

HALYQLINE.KZ

Дос аға, жаңа Қазақстанның жаңа жолдауынан көңіліңізге не түйдіңіз? Жалпы, көңіл толатындай қандай әңгіме айтылды?

– Жалғыз мен емес, саясаттың төңірегінде жүрген басқа да жандар, бұл жолдауды – сайлауалды бағдарлама деп есептейді. Әуелі тауыққа тары сепкен сияқты әлеуметтік бағыттағы «жарылқаудан» соң, «енді осындай тамаша Президентті тағы бір жеті жылға сайлай салмайсыңдар ма?» деген негізгі ой айтылды. Қысқа да нұсқа, авторитарлық елдерде сан рет тәжірибеден өткен, сенімді тәсіл. Алайда, осы жерде өзімнің жеке болжамымды да айта кеткім келеді. Меніңше, Тоқаевтың Назарбаев салған соқпаққа түсуі – кезектен тыс президенттік сайлауды жариялауы өзінің бастамасы емес, оның қасындағылардың шешімі сияқты. Олар үш жылдай әліптің артын бағып, Қасекеңнің шын мәнінде билік жүйесін ауыстырмайтынына, ауыстыруға ниетінің жоқ екендігіне көздері жетіп, президенттің қасына топтала бастағаны көрініп тұр. Кететін Елбасы кетті, ол енді қайтып келмейді, демек енді оларға алдарына салып, қалқан етіп, соның тасасына тығылып жүретін жаңа тұлға керек. Кейін, саяси өмір өзгерсе, «біздер кінәлі емеспіз, бастаушымыз – мынау» деп көрсетуге де жақсы… Бұған Президенттің «ескі Қазақстан» дегенді сол жүйеге қызмет еткендердің барлығы емес, тек қана Елбасының жақындары деп түсінетінін қосыңыз. Оған Қасым-Жомарт ағамыздың орыстілді билік иелеріне майдай жағатын қазақ тіліне деген көзқарасын қосыңыз. Қысқасы, қоғам да, бұрынғы билік иелері де басында – үмітті оятқан, кейін – күдігі көбейген Президенттің іс-әрекетіне осы жолдаудан жауап тапқан сияқты. Менің түйгенім – осы.

Қасым-Жомарт Кемелұлын көпшілігіміз парасатты, зиялы, таза деп білеміз. Парасаттылықтың да, зиялылықтың да бір белгісі сөзінде тұру екені тағы анық. Президент 2019 жылғы жолдауда өзінің «Елбасы саясатының сабақтастығын сақтаушы» екендігін айтып еді, сол сөзінде тұрғанын және сол бағытта (Ұмытпасам, «Назарбаев моделі» деген сөз тіркесі де сол жылғы жолдауда дүниеге келді) қалатынын тағы бір дәлелдеді. Шынымды айтсам, оның өз көзқарасын, ұстанымын өзгертпегеніне ризамын. Құдай екіжүзділіктен сақтасын!

Жолдаудың фабуласына «көңіліміз толды». Бірақ, біріншіден, осы айтылған мәселелер, әлеуметтік қолдаулар біздерді күннен-күнге өсіп келе жатқан қымбатшылық пен жұмыссыздықтан құтқара ала ма, екіншіден, осы мақсаттар шын мәнінде жүзеге аса ма деген сұрақтар бәріміздің көңілімізде қалғаны анық. Егер Тоқаевтың бұрынғы жолдаулардағы мәселелердің төрттен бірінің жартылай ғана орындалғанын есімізге түсірсек, қоғамның сенімсіздігіне негіз бар деген сөз.

Әңгіме деп отырғанымды түсінетін шығарсыз, қоғамда жолдауға деген көзқарас өте төмен. Орындалмайтын, әлі де бос сөз дейтіндердің саны көп екен, әлеуметтік желіден байқадық. Сіздіңше, жолдаудың мазмұнын да, формасын да өзгертетін уақыт жеткен жоқ па?

Жолдау формасындағы «сайлауалды бағдарлама», менің ойымша, өте жақсы, терең ойластырылып жасалған құжат. Байқайсыздар ма, жолдау оқылғанда Қазақ елінде билік тармақтары да, Парламент те жоқ сияқты – тек данышпан бір адам ғана бар деген ой қалыптастырды. Тыңдаушыларға бәрін бір ғана адам білетіндей және, ең бастысы, бір ғана адам шешетіндей мессидж берді. Айтпақшы, шындығында да, ертең Парламенттің жұмысы сол Президенттің жолдауындағы пікірлерін, бастамаларын заңға айналдырумен шектеледі. Бұл – ешқандай жаңа Қазақстан емес, бұрынғы, өзіміз білетін «ескі» немесе қазіргі Қазақстан. Ертең барлық бұқаралық ақпарат құралдары, ақын-жазушылардан бастап, ғалымдарға дейін (биліктің адамдарын былай қойғанда) «Президенттің жолдауы қандай тамаша! Осы уақытқа дейін біздердің ешқайсысымыз білмей жүрген мәселелердің шешуін ашып салды!» деп тамсана жөнелетіні белгілі. Бұл да – «баяғы» да қазіргі Қазақстан. Егер Жаңа Қазақстан болса, теледидардағы жолдауды талдауға шақырылған төрт адамның екеуі сыни пікір айтатын, құжаттың жетімсіз жағын көрсететін жандар болар еді… Ал қазіргі Қазақстанда пікір айтуға шақырылған алты адамның барлығы мақтаудан жарыс өткізуге келгендей әсер қалдырады. (Ең қызығы, «ескі» Қазақстандағы, ескі Президенттің жолдауларын да осылайша, жер-көкке тигізбей мақтайтын – осы отырған адамдар болатын).

Көптеген елдің Президенттері төрт-бес жылда бір де Жолдау жасамайды екен. Бұл – олардың құқығы, бірақ міндеті емес. Бұл мәселелер (мемлекеттің даму бағыты, экономикадағы, әлеуметтік саладағы жаңа жобалар, саяси реформалар, т.т.) саяси партиялардың бәсекелесу кезеңінде айтылады, бір бөлігі Үкімет жағынан көтеріледі, жүзеге асырылады, енді бір бөлігі – парламенттің еншісінде. Президенттер мемлекетке қауіп төнгенде, немесе саяси дағдарыс ушыққан уақытта, т.т. сондай аса маңызды мәселелер туындағанда ғана өзінің көзқарасын халыққа жеткізуге тырысады. Ал шетелден келген машиналардың төлемі 200-250 доллардан аспау керек деген сияқты күнделікті, кезекті мәселелердің шешімі – үкіметтің құзырында. Ол – президенттің деңгейі емес. Президенттің міндеті – үкіметтің орнына өзі шешім шығару емес, үкіметті жұмыс істету. Алайда, авторитарлық елдердің бәрінде президент – ханның рөлін ойнайды. Барлық саланың шешімі – соның қолында. Бұл да – бұрынғы Қазақстан…

Бұл жолдауда Қаңтар оқиғасын ұйымдастырғандардың атыжөндері айтылуы керек еді. Шетелге кеткен ақшалардың қашан қайтатыны туралы сөз болуы керек еді. Екеуі де болмады. Неге?

Мойындауымыз керек, осы жолдаудан Қаңтар қырғыны жөнінде нақты деректерді бәріміз күттік. Бірақ сайлауға түскелі отырған адам үшін Қаңтар қырғынының шындығын ашу – өзі отырған бұтақты өзі кесумен тең. Сондықтан ол мәселеге жоламағаны түсінікті. Бірақ Қаңтардың шындығы ашылмай жатып, ашылуға деген алғашқы қадамдар жасалмай жатып, кімдердің террорист, ал кімдердің бейбіт шеруге шығушы екені анықталмай жатып жазаға тартылушыларға рақымшылық жасау мәселесін көтеруі – Қаңтар қырғынына қатысты тексерістер сиырқұйымшақтанып, бұлдыр елеске айналып кетеді ме деген күдік тудырады. Қоғам әлі күнге дейін қаралы тізімге кірген 238 адамның кімдердің қолынан, қандай жағдайда қаза тапқанын, азаптап өлтірілген алты адамның (бұл билік тарапынан мойындалған дерек) қазасына кімдер кінәлі екенін де білмейді. Рақымшылық барлық тексеру аяқталып, айыптылар жазаларын алып болғаннан кейін жасалатын соңғы қадам болып табылады. Екіншіден, бұл «қайырымды» бастама – Қаңтар оқиғасының басты кейіпкерінің ақталуы немесе өзін-өзі ақтауы да сияқты…

Шетелге кеткен ақшаның қандай жолдармен, қаншасы қайтарылғаны туралы мәселе, т.б. «президенттің жеңістері», менің ойымша, сайлау барысында айтылатын сияқты. Электоратқа арналған біршама мәселелердің бұл Жолдауға кірмей қалғанының себебі осында деп ойлаймын.  

Экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды әлеуметтанушылар талдар. Сіз мынаны түсіндіріп беріңізші, жолдауда айтылғандай Президент жеті жылда өз мүмкіндігін көрсете ала ма? Содан кейін, бір президенттің екі рет сайлануға құқығы болмайды дегенге нақты заңды кепілдік бар ма? (Конституция коммерсанттың қойын дәптеріне айналды ғой).

Әділетті сайлаудың нақты шарттары бар. Соның бірі – сайлаудың белгіленген уақытында өтуі. Бір ғана мысал: АҚШ-та «Ұлы дағдарыс» жылдарында да (1929-1933), Екінші дүниежүзілік соғыстың қайнап тұрған кезінде де сайлау өз уақытында өткізілген. Ең қызығы, 1932 жылы да, 1943 жылы да Ф.Рузвельт жеңіске жеткен. Егер сол уақыттағы президент М.Гувер 1930 жылы «…түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет» деп кезектен тыс сайлау өткізіп жібергенде, Америка тарихында ең жақсы президент аталған, бұл лауазымды төрт рет жеңіп алған Ф.Рузвельт те болмас еді… Қысқасы, қандай жағдай болса да, сайлау өз уақытында өтуі шарт. Бұл барлық саяси партиялардың, сайлауға түсуге ниет еткен барлық азаматтардың мүмкіндіктерінің теңдігінің шарты деуге де болады. Сайлауды «мен орнымда қалайын» деп емес, «билікке менен де артық адам келуі керек» деген ұранмен жүргізеді.

Президенттің сөзінен кезектен тыс сайлау өткізудің нақты және дәлелді себептерін іздестіру үстінде «ол үшін алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет» деген сөйлемге кездестім. «Ол үшіннің» не екенін білейін деп, оның алдындағы мәтінге көңіл аударып едім, «реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды» деген, кез келген саясаткердің сөз байлығында кездесетін, таптауырын болған сөз тіркесін жолықтырдым. Әрине, қазаншының еркі бар екенін бәріміз білеміз, бірақ «саяси мәселелердің бәрін шешу» үшін Тоқаевта әлі де екі жыл және 2024 жылы болатын тағы бір сайлау науқаны бар емес пе? Бұл – тура өзі айтқан жеті жыл! Екіншіден, екі жылдан соң, оның орнына келген адам «реформалардың қарқынын» түсіріп алады деп кім айтты? Мүмкін, ол адам реформаларды одан да қарқынды жүргізер. Үшіншіден, демократиялық елдерде «сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау» деген ұғым болмауы керек, сайлаудың нақты мерзімі, әр адамның қанша рет сайлануға болатыны Конституцияда тайға таңба басқандай етіп жазылып қойылады. Не үшін дейсіздер ме? Биліктен айырылғысы келмейтін кейбір президенттердің өздеріне қажетті кезеңді «жоспарламауы» үшін!

Ал бесіншіден, отыз жыл бойы қалыптасқан әділетсіз сайлау жүйесі жаңармай тұрғанда, сайлау өткізудің өзі қылмыс деп білемін.

Тоқаевтың президент қызметін атқарып отырғанына 3 жыл 4 ай болыпты. (Кейбір оппозициялық бағыттағы адамдар мен президенттің жақтастарының таратып жүрген «Ақорда» мен «Кітапхана» деген ертегіге сенбейтінімді талай рет айтқанмын. Тоқаев 2019 жылдың сәуір айынан бастап, бүгінге дейін Президент болып табылады және оның жауапкершілігін «кітапхана» жақтан біреу басқарып отырыпты-мыс», «өзіне билік қаңтар қырғынынан кейін ғана тиіпті-міс» деген сияқты алыпқашты сөздермен бүркемелеуге болмайды. Билік ешқашан бөлінбейді. Бұл – аксиома). Біреулер оның билігін қолдайды, енді біреулер сыни пікірлерін айтады. Бірақ кезектен тыс сайлау өткізу бастамасының («кезектен тыс» деген сөз – кезекте тұрғандарды көзіне ілмей, кезекті бұзып- жарып өтіп кететін басбұзарларға да айтылады…) біздің президенттің беделін түсіріп кеткені анық.

Алайда, әлеуметтік желілерде кезектен тыс сайлауға «қарсылармен» қатар қолдаушылар да бар екені және олардың да өзіндік дәлелдемелері бар екенін көріп отырмыз. Сіз олардың дәлелдерімен келіспейтін сияқтысыз.

– Иә, кейбір қоғам белсенділері «Нұркландар» (Назарбаевтың жақындары шығар деп ойлаймын) реванш алып, билікке қайта келуі мүмкін десе, енді біреулер «сақалдылар билікті алып қоюы мүмкін» деп қорқытады. Бәрі мүмкін, бірақ оның кезектен тыс сайлауға қандай қатысы бар? Әлде Тоқаев осы күзде 7 жылға сайлана қалса, «нұркландар» мен «сақалдылар» революцияны кейінге қалдырады деп ойлай ма екен. Бұл болжамның ішінде көзге көрінбейтін «жиырма бесінші кадрдың» бар екенін де ұмытпайық, ол – биліктің «нұркланнан» бөлінгенін көрсету. Ал мен үшін қазіргі биліктің барлығы сол Нұрсұлтан ағамыздың шапанынан шыққан жандар. Оларды бөліп-жарудың қажеті жоқ. Ал «сақалдыларға» келсек, оларға өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін билік қана керек. Сондықтан сен автократсың ба, демократсың ба, әлде ұлтшыл не либералсың ба  – бәрібір.

Меніңше, кезектен тыс сайлау өткізудің басты себебі – қорқыныш. Екі жылдан кейін Қазақстан қандай жағдайда болады, әлеуметтік-экономикалық құлдырауды тоқтата алмаса, билікке берілетін баға, президенттің рейтингі қандай деңгейде болмақ деген сақтану, қорғану, қауіптің алдын алу. Бір сөзбен айтқанда, биліктен айрылып қалмаудың сан түрлі тәсілдерінің бірі.

Айтпақшы, осы жолдау «Конституцияны кез келген уақытта өзгерте салуға болады екен» деген ескі Қазақстанның ұстанымының тағы да толық жүзеге асқанын көрсетті. Бұл – біздің қоғам үшін аса қауіпті дерт. Бірақ біз үйреніп кеткен сияқтымыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Әділетті Қазақстанда кездескенше, аман болайық!

Әңгімелескен  Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: