9-18 сәуір күндері Алматыда күрес түрлерінен Азияның лицензиялық турнирі мен Азия чемпионаты өтеді. Осыған орай жарыстың ұйымдастырушысы, Азия күрес кеңесінің президенті Д.Тұрлыхановпен хабарласып, сұхбатқа тартқан едік.
– Дәулет Болатұлы, Алматыда олимпиадалық іріктеу турниріне неше мемлекеттен балуандар қатысады? Біздің елден кімдер сынға түседі?
– Алматы қаласында 9-11 сәуір күндері Азия аймақтық олимпиадаға іріктеу турниріне жиырмадан астам мемлекеттің балуандары бақ сынайды.
Бірнеше күн бұрын ұлттық құраманың бас бапкері жиын өткізіп, дүбірлі сайыста еліміздің намысын қорғайтын балуандар есімін атады. Жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен грек-рим күресінен төрт салмақта олимпиада жолдамасына мына балуандар таласады:
67 кг: Мейіржан Шермағанбет (Шымкент қаласы);
87 кг: Нұрсұлтан Тұрсынов (ШҚО);
97 кг: Олжас Сырлыбай (Қызылорда облысы);
130 кг: Георгий Цурцумия (Алматы қаласы).
Еркін күрестен ұлттық құрама 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем чемпионатында төрт жолдамаға ие болған еді. Атап айтар болсақ, 57, 65, 74 және 97 кг салмақта еншіледік. Енді 86 кг-да Азамат Дәулетбеков пен 125 кг-да Юсуп Батырмурзаев қалған екі лицензия үшін таласады.
Әйелдер күресінен ел қоржынында әзірге 50 кг мен 76 кг салмақта екі жолдама бар. Ал қалған төрт палуанымыз олимпиаданың лицензиясы үшін күш сынасады. Олар: Татьяна Ахметова (53 кг), Эмма Тисина (57 кг), Аяулым Қасымова (62 кг), Жамиля Бақбергенова (68 кг) қатысады.
– Жанкүйерлер асыға күтіп жүрген жарыс көрерменсіз өте ме? Көрермендер санитарлық талапты орындай отырып, сайысты көре ала ма?
– Бүкіл әлемді дүрліктірген індетке байланысты алдағы жарыстар көрерменсіз өтпек. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда көптеген спорттық шаралар жанкүйерлерсіз өтіп жатыр. Бұл мәселеге қатысты Үкімет қаулысы, Алматы қаласы бас санитарлық дәрігерінің бұйрығы мен Біріккен күрес әлемінің (халықаралық күрес федерациясы) арнайы хаттамасы бар. Мұның барлығы санитарлық нормаларды сақтау және індетті жұқтыру қаупін азайту мақсатында жасалуда. Айта кетерім, күрес және спорт жанкүйерлері жарысты «Qazsport» телеарнасынан, Біріккен күрес әлемінің сайтынан және Қазақстан күрес федерациясының YouTube каналынан тікелей эфирден тамашалай алады.
– Токиоға Алмат Кебісбаев пен Мейіржан Шермағанбет екеуінің қайсысы барады? Кімге сенім артасыз?
– А.Кебіспаев – тәжирбелі, талай жарыстарда атой салған, атақ-даңқы бар мықты балуан. М.Шермағанбет те жас, оған қоса бүгінгі күнде Мейіржанның спорттық бабы жақсы. Дегенмен, Токио олимпиадасына еліміздің атынан нақты мына балуан барады деп нық сеніммен айта алмаймын. Қай спортшы бабында болса, сол Жапонияға аттанады. Біздің басты мақсат – Токиоға жолдама жеңіп алу. Сол себепті алда өтетін жарыста грек-рим және әйелдер күресінен төрт және еркін күрестен екі жолдамаға қол жеткізуіміз керек.
– Азия біріншілігінде ел намысын қорғайтын балуандарды атап өтсеңіз?
– Лицензиялық турнир аяқталғасын, 13-18 сәуірде Азия чемпионаты басталады. Онда грек-рим күресінен бақ сынайтын спортшылар мыналар:
55 келі: Жансерік Сәрсенбиев (Жамбыл облысы);
60 келі: Айдос Сұлтанғали (Қызылорда облысы);
63 келі: Сұлтан Әсетұлы (Жамбыл облысы);
67 келі: Алмат Кебіспаев (Нұр-Сұлтан қаласы);
72 келі: Азат Садықов (Алматы қаласы);
77 келі: Демеу Жадыраев (Алматы қаласы);
82 келі: Евгений Поливадов (Атырау облысы);
87 келі: Нұрсұлтан Тұрсынов (ШҚО);
97 келі: Ерұлан Ысқақов (Қарағанды облысы);
130 келі: Әлімхан Сыздықов (Шымкент қаласы).
– Токио олимпиадасына қатысатын балуандардан кімнен жүлде күтесіз?
– Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар. Жоғарыда айтқанымдай, одан бұрынғы басты мақсатымыз – олимпиада лицензияларын толық жеңіп алу. Содан кейін олимпиада жайлы ойланып, жақындаған уақытта сізге өзімнің үмітім мен болжамдарымды айтармын.
Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!