Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болат ОМАРӘЛИЕВ: «Қадірін түсірмейін деп кадр алмадым»

03.09.2024, 15:15 4496

Ол кісімен сұхбаттасу қиынның қиыны болды. Әлденеге өкпелі ғой деймін, әріптестердің көпшілігімен сұхбатқа келіспей жүргеннін сырттай естігенбіз. Мұнан соң аш қасқырдай құлқыным ашыла түсті. “Болмайды” деген сайын, әңгімелесу үшін ынтызарлығым артып барады. Қалайда сұхбат алуым керек. Сірә, ол кісі өшіру үшін қызыл шоқты қайта-қайта үрлегенін білмесе керек-ті…

Редакторым Нұржан Нұрмағанбетов екеуміз екі жақтан қолқалап, фототілшіні ырыққа көндіргендей болдық. Ойда жүрген бірнеше сұрақты қағазға түсіре салып, үйін бетке алдым. Жұмбақтап отырған кейіпкеріміз 50 жылға жуық уақытын фото түсіруге арнаған Болат Омарәлиев болатын. Дәл бүгін 70 жасқа толған қазыналы қартты көзімізбен көріп, дидарласып қайтқан едік. “Фотоаппаратты қайта қолға алуға қалай қарайсыз?” деген сұрақты қойғанымыз сол еді, “Қазір ештеңеге қызығушылығым жоқ. Шәмші, Мұқағали тіріліп келсе, түсіруге болады” деді күліп. Түздегі кісілердің көбі “Болат ағаның қадіріне жете алмай жүрміз” дегенді жиі-жиі айтады екен. Рас-ау, мерейтойы қарсаңында фотокөрмесін, фотожинағын көреміз бе деп ойлағанбыз. Айтпақшы, Сыр бойын басқарған бірнеше әкім уәде де берген көрінеді…

Біздің әңгімелесуіміз 3 бөлімнен тұрды. Әуелгісі таныстық, сөзбасы болса, екінші бөлім дастарқан басында, шай үстінде жалғасты. Ал, үшінші бөлім “қырағы фототілшінің архивін көру” деп аталады. Қойылған сұрақтардан тыс тақырыпта да әңгіме өрбіген соң, біз жанрды өзгерткен дұрыс шығар деп таптық. Әйтпесе, жұп-жұмыр жауапқа артынан сұрақ дайындай салу қолымнан келмейтін дүние емес еді…

Ақын Асқар Тоқмағанбетов

ҚҰРБАНДЫҚПЕН КЕЛГЕН ӨНЕР

Табиғатқа өте жақын болдым. Ауылда өстім. 13 жасқа дейін ауылдан жинап алған әсеріммен әлі келе жатырмын. Уақытында өлең де жаздық. Бір жерде өлең оқығаным бар еді. Сонда Қомшабай Сүйеніш деген ақын қағазға қарап, мен жатқа оқыдым. Жұртшылық таңырқады. Өйтпегенде ше, олар суретке түсіретін адамнан ондайды күтпеді. Қомшекең де таңғалды. Қоярда қоймай, оқып көрейін деп 5-6 өлеңімді алып қалды. Кейіннен бала-шағамды алып, еңбек демалысына шықтым. Қоғалыкөл ауылындағы Жирентай деген көлдің жағасындағы жайлауда Жылқыбай деген нағашымның үйінде жатып қызыққа тап болдым. Нағашым оқып жатқан газетке суретім мен әлгіндегі өлеңдерім бір бет болып шығыпты. Суретші Қайырбай Зәкіров екеуміздің өлеңдерімізді тұсаукесер деп беріпті. Қомшекең мақтауын да келістірген. Сонда нағашым: “Біздің қазақ аяғындағы сөзді басына, басындағысын аяғына қойып жаза береді екен-ау” деген еді. Сөзі сүйегімнен өтіп кетті. Содан кейін өлең жазбай кеттім.

17 жасымда повесть жаздым. Оның көлемі 4 қалың дәптер болды. Кітапқұмар едім. Жақында журналист Тілеген Бекарыстанов деген інім “Аға, сіз жазушы екенсіз ғой” дейді маған. Басымды алып қаша жөнелдім. “Ой, аға қойыңызшы, “Ленин жолында” 1973 жылдың 13 маусымы күні әңгімеңіз шығыпты” дейді. Уақытында жаздық-сыздық. Суретті де салдық. Егер жазушы болсам, ақын болсам, ортақол болар едім. Ал, менің ондайға барғым келмеді.

АЛҒАШҚЫ ТЕК пен АЛҒАШҚЫ ҚАТЕЛІК

Менен екі жас кіші немере інім Мұхиттың фотоапараты болды. Ол кезде ондай құрылғы дүкенде 12 сом тұрады. Қалмайын деп мен де алдым. 15 жасымда ең бірінші “Қыз көктемі” деген фотоэтюд түсіріппін. Оны “Ленин жолына” (қазіргі “Сыр бойы” – ред.) апарып бердім. Менің тегім негізі Өмірәлиев ғой, онда Омарәлиев деп қате жазылып кетіпті, Солайша менің тегім куәлікте де, қолданыста да өзгерді. 16 жасымда “Ленин жолында” фототілшінің орны босады. Жұмысқа алыңыз деп Ұзақ Бағаевтың алдына бардым. Ұзекең мінезі өте жұмсақ кісі еді. “Әкеңді шақырып келші, сонымен сөйлесейін” деді. Әкем базарда ет сататын. “Тағы бірдеңені бүлдірдің бе? Бағаевты сырттай ғана танимын, не деймін енді?” дейді шарасыз күйдегі адамдай абдырап. Не керек, жабырқап болса да барды. Бірақ, кабинеттен күліп шықты. Сонда Бағаев әкеме: “Болат – өте талантты бала. Жұмысқа алмасақ кейін тастап кетеді. Фототілшілік – қазақта кенже қалған өнер. Тіпті, бізде мұны өнер деп қабылдайтындар жоқтың қасы. Баланың қазіргі күні ұстазы жоқ, өз білгенімен түсіріп жүр. Мен балаңызға айлық деп қаламақы берейін. Аптасына бірнеше мәрте шығатын газет комбайн секілді суретті жұтып жатыр. Жас ғой, әйтпесе газет жұмысының қиындығынан тастап кетеді” депті. Кейіннен білдім маған айлық төленіпті. Айлықты 2 жыл бойы ауылда сабақ берген, өзімнің жақсы көретін ағайым алып келіпті. Мұны кассир апай зейнетке шығып бара жатып айтып кетті. “Болат, мен саған бір сыр айтамын. Ешкімге айтпа!” деп бастады. Уақытында ешкімге айта алмадым. Қазір айтқаным, мұндайдың болатынын жұртшылықтың білсін дегенім ғой.

Нұрсұлтан Назарбав Сыр еліне келгенде…

4 РЕТ КІРІП, 4 РЕТ ШЫҚҚАН

Мен 18 жасқа келгенде “Сырдария” деген аудандық газет ашылды, соған жұмысқа орналастым. Сақтаған Есмаханұлы деген бастығым “неге кешіктің?” дейтін үнемі. “Этюд түсіріп жүріп қалып едім” десем, “сенің-ақ этюдің таусылмайды екен. Жұмыс істейсің бе өзі?” деп ұрысатын. Автобус жоқ, болғанның өзінде адам ығы- жығы. Қысқасы, жұмысқа қатынау қиын еді. Сол жұмысқа 4 рет кіріп, 4 рет шығыппын. Бірде ауданның басшысы мен әйелі сенбілікте жұмыс істеп жүргенін түсіргенмін. Арт жағында біреудің балтыры көрініп қалыпты. Оны газетке тап солайынан баса салыпты. Басшының әйелі қиғылықты салып, мені жұмыстан шығартқан еді. Міне, осы секілді себептер болды. Енді бірде тракторшыны фотоға түсірдім. Қайта оған күнін толық жазып, қолымды қойып қойғаным жақсы болыпты. Ол суретті алты айдан соң газетке шығарып жіберген. Ал, тракторшы ол уақытта қайтыс болып кеткен екен. Сонда да газеттен шығып қалғанмын. Қазіргі “Егемен Қазақстанның” сол кездегі Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Байжігіт Әбдіразақовтың айтатыны ғой, “Болат, сен 4 рет кіріп, 4 рет шықпағаныңда мынандай мықты фотограф болмас едің. Сені ол жақ әбден шынықтырып жіберген ғой” деп. Сөзінің де жаны бар шығар…

5 ЖЫЛДАН СОҢ БҰЙЫРҒАН СЫЙЛЫҚ

Облысты басқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед “Бөке, мен сізді Алматыда тұрады деп ойлағанмын. Сіздің жанымда күндіз-түні суретке түсіріп жүргеніңізді білмеппін” дегені бар еді. Баспасөз хатшысы Сахитжан Бермағамбетовке “Бөкеңе фотоаппарат алып бер” деп тапсырған болатын. Менен “жақсы фотоаппараттар қанша тұрады?” деп сұрады. “2-3 мың доллар шығар” дедім. “10 мың долларға алып беремін. Сізді құрметтеуіміз керек, кітабыңызды шығарамыз” деді.

…Мен әуежайға барсам, тікұшаққа 10 минуттан аса уақыт кешігіп қалыппын. Су тасқыны кезі ғой. Бастыққа хабарлассам, “көлік келеді, сонымен Жалағашқа бар” деді. Жалағашта бір топ адам тікұшақтың қонуын қарап тұрсақ, жерге гүмп ете қалды. Адамның ойы жаман ғой, сонда бірден кітап пен фотоаппарат есіме түсті. Бәрі бітті, кетті деп ойладым. Ана жақта өзгелердің жан үшін арпалысып жатқанын содан соң барып ойға алдым. Мені көбі тікұшақта болды деп ойлады. Бір ажалдан аман қалдым. Бірақ, бұл алғашқысы емес еді. “Алматы ақшамы” газетінде мылтық оғынан қалай қорғанғаным туралы 2 бет материал жазылған болатын.

…Осы оқиғадан кейін (тікұшақ апаты – ред.) 6 айдан соң Жапониядан Алматының фирмасы арқылы фотоаппарат келді. Бір аптадай ұстап, қалай түсіретінін үйреніп жүрген едім. Сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың орынбасары Мадияр Алдоңғаров шақырған екен. Бардым. Ол өз жағдайын айта жөнелді. “Бөке, осындай да осындай, Байқоңырдан бір фотографты алып едік, соған фотоаппарат керек болып тұр. Бір айдан соң, мұнан да жақсысын алып береміз…”. Түк қиналғаным жоқ, бере салдым. Бірақ, бұл фотоаппараттың ешқандай бюджеттің ақшасына алынбағанын, сыйлық ретінде берілгенін айттым. Кейіннен біраз кісі “Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алдынан өтуің керек еді” деп айтты. Расында, менің басыма ондай ой келмеді, өкініп қалдым. Арада 5 жыл өтіп кеткеннен кейін әкімшіліктен хабарласты. Бардым. Аппарат басшысы, баспасөз хатшысы барлығы отыр екен. “Бөке, мынау сенің фотоаппаратың екен ғой, ұят болды, қайтарып берейін деп едік” дейді. Сірә, қазіргі әкім Қырымбек Көшербаевтың ықпалы болды ғой деймін. Мен бүкіл жұмыстарымды түкке тұрғысыз аппаратпен түсірдім. Жұмыстың жағымды, құнды болуы сапасына байланысты емес. Маңызы – фотоаппаратты өзіңе бағындыра білуіңде. Әркімнің өз тақырыбы болады. Менің тақырыбым – талантты, танымал адамдардың бейнесі. Мысалы, Елбасының Қызылордаға келген сапарларының барлығын да суретке түсірдім. Бірақ, назар аударатындай тым ерекшесі болмады ғой деймін.

Аққу биін билеген қыз

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ШӘМШІМЕН БАЙЛАНЫСТЫРҒАН

Шәмші Қалдаяқов өлерінің алдында, ұмытпасам 1989 жылы болуы керек, Қызылорда педагогикалық училищесінде концертін өткізді. Аядай ғана залдың ішінде. Күрк-күрк жөтеліп отыр. Шашы аппақ қудай. Жанында ешкім жоқ. Көрермені жиырма шақты адам ғана. Былайынша айтқанда, мүлдем елеусіз келген не елеусіз қалған адамдай. Сонда Шәмшіні аяп, сол бейнесін көрсеткім келмей суретке түсере алмадым, түсірмедім. Жүз суретке түсірсек те, кейіпкердің шынайы бейнесін шығара алмауымыз мүмкін. Сосын ғой, өлеңге беріліп кететініміз. Ішкі толғанысын бере алмаған соң солай болады.

Жалпы, менің шығармашылығым Шәмшімен тікелей байланысты болды. Оның әндерінің тақырыптарына байланысты суреттер түсіріп отырдым. Мысалы, “Кешікпей келем деп ең…” деген әніне орай сағатқа қарап тұрған, елеңдеп тұрған суреттер түсірдім.

Өз басым небір мықты жігіттермен жұмыс істедім. Солар мені көтеріп кетті. Бірақ, Алматыға барғанда көп жұмыс істейтін едім деп ойлаймын. Онда келіп-кетіп жүрген тұлғалар да көп ғой. Осыған да шүкір. 1983 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен шараға облыстан делегация аттанды. Қазақстанның өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонда менің 10 шақты жұмысым қойылыпты. Кейіннен Украинада, Польшада өткен көрмелерде туындыларым көпшілікке ұсынылды. ЭКСПО-2017 көрмесінде де бірқатар суретім төбе көрсетті. Фото-журналистердің Мәскеуден шығатын жалғыз журналы бар. Соған да, басқа да халықаралық, республикалық газет-журнал- дарға еңбектерім еніп отырады.

ШЕРХАНҒА ҰСТАЛЫП, СӨЗГЕ ТҰСАЛЫП…

Бір күні Алматыда көшеде келе жатсам, жазушы Асқар Сүлейменов кездесіп қалды.

Амандықтан соң, қолыма кілт ұсынды. “Менің басқа екі бөлмелі үйім бар. Анаммен бөлек тұрамын. Мына квартираға сен жайғас. Сені бір-екі күнде ана мұрт (Шерхан Мұртаза – ред.) жұмысқа шақырады” деді. Асқармен кереметтей байланысым жоқ еді. Жақсылық жасағаны ғой. Мен одан үй сұрамадым, тұратын жер сұрамадым деймін ғой ішімнен. Осыны ақын Ибрагим Исаға айттым. Сөйтсем ол: “Ойбай, ол жынды бала-шағаң бар екен демейді, бір-ақ күнде қуып шығады” деді. Дәл осыны драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа айтсам, “Ойбу, Асқар мәрт жігіт ғой. Айтты ма, ол саған квартираны беріп тұр. Қолын қайтардың ба, енді сені көрместей болады. Бекер істедің” деді. Артынша ақын Қайырбек Асанов хабарласты. “Бөке, Шерхан сені “Қазақ әдебиетіне” жұмысқа шақырып жатыр” деп. Қарап отырсам, Шерхан Мұртаза мені 13 жыл бойы жұмысқа шақырыпты. Әлгі пәтерге уақытша тұрсам да, Алматыға сіңісіп кетер ме едім?

Кейін Шерхан Парламентте депутат кезінде Байқоңырға келді. Сонда бір кездесу барысында барлығын таныстырып жатып мені “Болат Омарәлиев” дегенде, “Ааа, мынау екен ғой оңбаған. Бұл мені талай рет масқара қылған. Өзінде түр де жоқ екен” дегені бар. Ол өзі Бауыржанның ауылынан ғой. Қасқабас адам көрсе, бұйрабас деп, бұйрабас адам көрсе, қасқабас деп керісінше сөйлейтін. Солай теріс сөйлегенін білдім де, жай ғана күлдім.

ӨМІР ӨКІНІШТЕН ТҰРАДЫ

КазТАГ-тың фототілшісі Владимир Ягунин деген болды. Әйелі қайтыс болып, шарасыз күйде қалды. Мүгедек жалғыз баласы бар еді. Өзі Тереңөзектікі, қазақ болып кеткен. Бір күні сол хабарласты. “Болат, менің архивімді алып қалшы. Далада қалдым, өлетін уақытым да жақындап қалды” деп. Мен соны алып қала алмадым. “Сатып алып қал” деген соң ба, арым бармады. Одан кейін Шиеліде аудандық газетте жұмыс істеген Сайдхасан Хутаев деген мықты фототілші болды. Ол да “нашарлап барамын. Бүкіл архивім далада қалды. Алып қалшы” деді. Оны да алмадым. Екі үлкен өкінішімді айтып отырмын. Сатып алсам да, архивті аман сақтауым керек еді деймін осы күні. Амал жоқ. Одан өзге де көптеген фототілші өз жұмыстарын жұртшылық назарына кеңінен ұсына алмады. Кейбіреуі жоғалтып алды, қараусыз қалды дегендей. Мен 48 жыл бойы архивімді жоғалтпаппын. Кітаптардың арасына жинай бердім, жинай бердім. Түп-түзу болып сақталды. Әр суретімнің өзіндік тарихы бар. Сонысымен ыстық маған. Мысалы, Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылында таудың төбесіне шығып, айналаға қарап отырсам тырналар ұшып бара жатыр екен, үшбұрыш болып. Талай құстардың ұшуын түсіріп жүрсем де осы кадр ерекше әсер етті. Үшбұрыштала ұшатыны ауаны жарып, кесіп отыратыны ғой. Сол фотоны қимай, өзгертпей 30 жыл сақтадым. Сөйттім де негатив күйінде “Тырнаның түнде ұшуы” деп тақырып қойдым да шығарып жібердім.

Бір күні туысым сканер деген аппарат әкеліп берді. Төрт жыл бойы бүкіл жұмыстарымды сканерлеп, компьютерге көшіріп алдым. Архивім – менің байлығым.

Жазып алған Рыскелді ЖАХМАН

«Халық» газеті, 2018 жыл

Пікірлер:
  • Болат Омарәлиев маған бала күннен таныс.5-6-жастағы кезім. Бір топ бала ойнап жүргенбіз.
    -» Ал,балалар,қазір суретке түсіреміз»-, деп Дәмеш жеңгем айқайлады. Ол кісі Бөкеңнің апасы болатын. Биік тораңғылдың көлеңкесіне ауылдың бар баласы жиналдық.
    Сонда » күлеміз» деп 3-4-рет сырт еткізіп фотоға басып алды…
    Ол сурет архивінде сақалған шығар.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: