Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізге жеңімпаз рух пен сенім қажет

27.03.2025, 8:20 417

Мұхтар  ТҮМЕНБАЙ:

Кей мәселе жауыр болғанымен, жанды жерден тиетіні жасырын емес. Оның үстіне күн сайын күрт құбылатын әлемдік саясат та санада сауал туындатпай қоймайды. Әйтеуір, әр өзгеріс өзекті болып отыр. Осы орайда, ойландырған жайтты ортаға салып, саясаттанушы, журналист Мұхтар Түменбаймен сұхбат құрдық.

ОТЫЗ  ЖЫЛДА  ЖЕТПЕГЕН  БЕЛЕСКЕ БЕС  ЖЫЛДА  ЖЕТЕМІЗ  ДЕУ – АБСУРД

– «Шахмат  ойынының  партиясы аяқталғанда пешкалар, ладьялар, корольдер және ферзьдер – бәрі бір қорапқа қайтады». Түптеп келгенде, өмірдің «бұлжымас қағидасы» да осындай ғой. Сөйте тұра, жау сынды бір-біріне өшігеді. Толастамайтын тартыс, мәресі жоқ жарыс. Осы «өмір – күрес» дегенді санаға қатты сіңіріп алмадық па? Өз-өзімен күресу жолда  қалған  сияқты

  Ә дегеннен бірден күрделі сұрақтан бастадыңыз ғой. Әрине, патшаның да, қара жаяудың да, бәріміздің де баратынымыз – бір жер. Сондықтан Құдай берген азғантай ғұмырды талас пен тартысқа, дау-дамай мен жанжалға жұмсау қате болар еді. Бірақ, «өмір – күрес» деген қағидатты да теріс дей алмаймын. Адам баласын былай қойғанда, табиғи стихиялардың өзі мәңгілік тартыс жағдайында болады. Айталық, от пен су. Су көп болса, отты өшіріп тынады. Ал от күш алса, суды құрғатып, ауаға айналдырады. Кейін ол суың аспанда бұлтқа айналып, күш алған кезде қайтадан жерге жауып, өртті өшіреді. Жан-жануарлар мен өсімдіктер де дәл солай. Жыртқыш шөпқоректілерді азық қылады. Шөппен қоректенетіндер өсімдік атаулыны тып-типыл етеді. Мұның бәрі күрес емес деп кім айта алады? Алайда, жыртқыш аң тек өз өмірлік қажеттігін өтеу үшін ғана аңшылыққа шығады, одан артыққа бармайды. Шөпқоректілер де солай. Шөпті жұлып жегенімен, тамырына тиіспейді. Нәтижесінде келесі жылы жер қайта көгереді, хайуандар саны қайта қалпына келеді. Солай өмір жалғаса береді. «Өмір – күрес» дегенде ол күрес жан сақтау үшін бе, жоқ әлде жан алу үшін жүре ме? Мәселе сонда. Адам баласы осы екі араны шатастырып  алды.

– Аға, «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиясын еске алайықшы. Көзделген мақсат, ұсынған бағыт бойынша елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, дамыған елдермен иық тіресетін деңгейге жету керек тұғынбыз.  Қазір  2025 жылдың  жартысын да жүріп өттік. Алдағы  уақытқа  болжам  жасасақ… Барыс секілді алысқа секіріп, биік жартастарды бағындыруға үлгереміз бе?

– Отыз  жылда  жетпеген  белеске айналдырған  бес  жылда  жетеміз  деу – абсурд. Және мәселе тек уақыттың аздығында емес. Халық санасында жасампаз әрі жеңімпаз менталитет қалыптасқан жоқ. Біз әлі де жасықпыз, әлі жасқаншақпыз. Өз алдына шешім қабылдауға, жауапкершілікті мойынға алуға жүрексінеміз. Жоғарғы биліктен бастап, қара  халыққа  дейін  бәрі  солай.  Ал  батыл  шешімдерсіз, нақты  қадамдарсыз  қандай  жетістіктер  болуы мүмкін? Міне, біздегі  әрбір  азамат ішіндегі  осы  комплекстерді  жеңбейінше, белгілі  бір  нәтиже  шығады  деп  айту қиын.  Тіпті  мүмкін  емес  дер  едім. Қазба байлығы  немесе  жеңілдетілген  несие  емес  бізге  керегі. Жеңімпаз  рух  пен  сенім  қажет. Әзірге  ол  жоқ.

– Ұлытаудан басталған Ұлттық құрылтайда бүгінге дейін бірнеше мәселе көтеріліп, заңдар да қабылданды. Былай қарасақ, жыл сайын жиын өткізуді де бос шығын көретіндер жоқ емес. Осы орайда, Құрылтайдың тигізетін септігіне тоқталсақ… Айтыңызшы, бұл мақсатын мүлтіксіз орындай  ала  ма?

– Шынымды айтсам, Ұлттық құрылтай деп аталған бұл ұйымды дәл осы қалпында қабылдай алмадым. Бар болмысымен түсініксіз бір декоративті жиын. Неге олай дейтінімді айта кетейін. Шын мәнісінде пәрменді ұйымның нақты шешім, нақты ұйғарым шығара алатындай күші болуы керек. Онсыз бәрі бекер. Сылдыр су. Ал Ұлттық құрылтайда ондай тетік жоқ. Тек кей өзекті деген мәселелерді талқыға салып, ойларымен бөлісетін қауһары ғана бар. Ондай жиын кімге керек? Демократияның декорациясы дер едім. Текке ақша шашу, ысырап.

САЛЫҚТАН   ЖАЛТАРАТЫН  «СҰР  СХЕМАЛАР»  ҚАЙТА  ЖАҢҒЫРАДЫ

– Салаларға реформа жүргізілмейді дей алмай­мыз. Десек те, бәрі толыққанды жемісін берді деу қиын. Сіздіңше, нанымды нәтижеге қол жеткізіп, оң өзгерісін кібіртіктемей кесіп айтатын сала  қайсы?

– Жалпы, салалық реформа деген не өзі? Жыл сайын белгілі бір министрлік өз ішінде реформаның басталғанын мәлімдейді. Ал нәтижесі қайсы? Жоқ. Ол нәтиже болмайды да. Себебі бірде-бір сала өз алдына бөлек рефор­ма жүргізе алмайды. Айталық, ауыл шаруа­шылығын мысал ретінде қарастырып көрейік. Өткен жылдар аралығында бұл салаға субсидия­лар миллиардтап емес, триллиондап құйылды. Несие дейсің бе, лизинг дейсің бе, барлық құралды сынап көрді. Не шықты? Түк шықпады. Өйткені негізгі себеп – кадр мен маман тапшылығында. Мәселені кім шешеді? Дұрыс, ғылым  және жоғары білім министр­лігі. Ал ол ауыл шаруашылығы саласында рефор­ма жүріп жатқанынан мүлдем хабарсыз. Ауыл шаруа­шылығы  саласын тежейтін тағы бір мәселе – урбанизация процесі. Халықтың жаппай  ауылдан қалаға көшуі. Мұнымен кім айна­лысады?  Әрине  еңбекпен қамту министр­лігі мен көші-қон, миграция мекеме­лері. Ол жерде реформа  жүріп жатыр ма? Жоқ. Міне, басты себеп қайда жатыр? Энергетика, өндіріс, қаржы, сауда министрліктері, бәрі де бір-бірімен өзара тығыз байланысқан. Бірінсіз екіншісінің тасы өрге домаламайды. Сондықтан барлық салаға бір уақытта және кешенді түрде өзара байланыса отырып реформа жүргізу қажет. Ал біз болсақ бір ғана саланы реформалаймыз деп босқа арам  тер  болып,  әуреге  түсеміз.

Егер де қандай бағытта көңіл көншітерлік жетістіктеріміз бар деп сұрасаңыз, ІТ мен цифрландыру саласын атар едім. Бұл саладағы оң өзгерістер экономикамыздың басқа бағыттарына да серпін бере бастады. Банк секторы мен әлеуметтік сала, сауда-саттық, тіпті сол алдында айтқан ауыл шаруашылығы саласына да жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік тудырып отыр. Малды түгелдей чиппен таңбалап, оны квадрокоптермен бағып жүрген фермер  жігітті  білемін. Міне, сізге салалар арасын­дағы  байланыстың  дәлелі.

– Осы тұста екіұшты пікір қалыптастырған салық саясатын реформалау жайын да қозғасақ… Бұл бюджеттің кірісін арттыратын амал шығар. Бірақ «халықты тонау операциясына» балап  жатқандар  біраз.

– Салық көлемін арттыру мәселесіне келе­тін болсақ, бұл – бөлек талдауды қажет ететін күрделі тақырып. Әрине, бізде, өзге елдермен салыстырғанда салық көлемі осы уақытқа дейін біршама төмен болып келді. Мәселен, АҚШ-тағы 52% бен Германиядағы 44%, Франциядағы 51% салықпен салыстырудың өзі ұят. Бірақ кез келген салық көтерілімі тек басқа ешбір амал қалмаған кезде жүзеге асырылуы тиіс. Біздің үкіметте ондай амалдар болды. Бюджет тапшылығын толықтырудың бірталай көзін мен де атағанмын. Оның ішінде прогрессивтік салық жүйесін енгізуден бастап, квазимемлекеттік мекемелерді қысқарту, банк секторының  топ  менеджерлерінің жыл сайын­ғы жүздеген миллион бонустарына қосым­ша салық салу, қымбат бағалы бұйымдарға салы­натын салықты көбейту сияқты он жеті пункттен тұратын ұсыныстар болған. Бәрі де – жүзе­ге асыруға болатын шаралар. Бірақ үкімет жалпыға бірдей қосымша құн салығын арттырудан басқа амал таппады. Не дейсің оған? Бұл шешімнің кері әсері көп ұзамай-ақ біліне бастайды. Ресми банк аударымдарының орнына ешбір есепте жоқ «қара қолма-қол» ақша айналымға түседі. Салықтан жалтаратын «сұр схемалар» қайта жаңғырады. Оның нәтижесі қандай болатынын менсіз  де  сезіп  отырған  шығарсыздар.

– Ресми дереккөз ретінде қарастыратын статис­тикаға  да  сенім азайды. Кейде сандар «ойнап» жатады. Негізгі олқылық есеп жүргізгенде көрсеткішті жақсы деп ұсынуда екен. Терең талдаудың жоқ екені де жазылып жүр. Меніңше, жақсылықты асырып, жамандықты жасыру дәл статистикаға жүрмеуі керек. Сараптау  қиынға  соғады,  әйтпесе.  Бұған  не  дейсіз?

– Өкініштісі сол, біздегі ресми статистика көп жыл бойы бір адамның ғана көңілін аулау мақсатында жүргізіліп келді. Сандарға өзгертулер енгізу, ойдан алып қосу немесе шегеру қалыпты көрініске айналды. Нәтижесінде, қағаз күйінде бәрі жақсы, ал іс жүзінде жағдай көңіл көншітерлік емес. Статистика атаулының мәні мен маңызын көбі елей бермейді. Ал шын мәнісінде бұл – өте маңызды сала. Соның негізінде, сіз айтқан талдау, сараптаумен бірге қоғам дамуының қысқа және ұзақмерзімді жоспары жасалады. Егер бастапқы берілген сандар қате болса, қорытынды есеп дұрыс шыға ма? Әрине, жоқ. Соған қарамастан, түрлі мемлекеттік орган статистика мекемесіне жалған ақпарат жіберіп, көрсеткіштерді өздеріне қажетті нәтижеге сәйкестендіруге тырысып бағады. Оны статистикалық органдар еш тексерместен базаға енгізе салады. Бұдан шығар бір ғана жол бар. Статистикалық меке­мелердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оларға министрліктер мен әкімдіктер берген мәліметтерді тексеру құқығын беру. Сонымен бірге, таратқан статистикалық мәліметтеріне жауапты  қылу.

АРТҚА ШЕГІНУ ЗЕЛЕНСКИЙ ҮШІН ДЕ, ПУТИН ҮШІН ДЕ САЯСИ ӨЛІММЕН ТЕҢ

– Қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдай көпшіліктің жіті назарында. Телефон арқылы сөйлесулер, келісімдер болғанымен, бәрібір шикілік бар сын-ды. Сонымен, қайта сайлан­сам қақтығысты реттеймін деген Трамп уәдесінде тұра ала ма? Қалай ойлайсыз, бұл соғыстың  нүктесі  жақын  арада  қойыла  ма?

– Жақын арада деген ұғымның өзі созылмалы. Бір ай да, жарты жыл да жақында деген түсінік береді. Ниет болса бәрі де мүмкін. Екі жақ та үшжылдық шайқастан әбден қажыды. Екі тарап та соғыс амалдарын тоқтатуға мүдделі. Алайда Трамптың бұл текетіресті бір күнде тоқтата аламын деуі популистік мәлімдеме ғана. Басқа түк те емес. Ресей тара­пы Қырымды аннексиялаған он бір жылдан бері жанжал тек ушығумен болды. Ал соңғы үшжылдық соғыс кезінде екі тараптың жүздеген  мың адами шығыны бұл жанжалды тоқтататын шешімнің табылуын тіптен қиындатып жіберді. Келіссөздер басталады. Басқа альтернатива жоқ. Бірақ олар қиын жағдайда өтетіні де анық. Ресей тарапы ә деген­нен Украина қабыл­дамайтын талаптарды қойып отыр. РФ-ның бұл саясаты «түйе сұрасаң, бие береді» дегенге саяды. Әрине, келіссөз бары­сында олар өз тәбе­тін азайтады. Сол үшін Украина жағынан да шегіну­лерді талап ететін болады. Менің  ойымша,  түптің  түбінде  АҚШ  пен  Ресей  Украинаны Қырымды беру­ге мәжбүрлейді. Ал Донбасс, Запорожье мен Херсон облыс­тарына қатысты мәселе бөлек келіс­сөздер тақырыбына айналады. Және бұл келіссөздер жақын арада бітпейді. Ұзақ жылдарға созылуы әбден мүмкін. Себебі бұл мәселеде артқа шегі­ну Зелен­ский үшін де, Путин үшін де саяси өліммен  тең.

– Күшке негізделген саясат күшейіп жатқан заманда, әлем елдері арасында жаңа тәртіпті орнатудың қандай ықтимал сценарийлері бар? БҰҰ немесе басқа халықаралық ұйымдар қазіргі күрделі геосаяси ахуалды шешуде қаншалықты қауқарлы?

– Бұл  жайында  ондаған  сценарий  жасау­ға  болады. Себебі  АҚШ  бұл жерде өз мүддесін қорғайды, Қытайдың  өз көзқарасы бар. ЕуроОдақ мүшелерінің де өз есебі бар. Үшжылдық соғыстан қажыса да, Ресейдің де әлемді қайта бөлу процесінен қалыс қалғысы жоқ. Түркия мен Үндістан да ірі ойыншылар қатарына қосылды. Бәрі де осы елдердің мүдделерінің тоғысуына байланысты. Қытайдың Еуразия континентінде жалғыз өзі доменантты рөльге ие болмауын ойласа, АҚШ Ресейдің біржола құлдырауына жол бермейді. ЕуроОдақ Украи­наның қолымен Ресейді біршама әлсіретіп, энергетика  көздері  мәселесінде көнбіс қыл­ғысы келеді. Бірақ олар да Ресейдің құрдымға кеткенін қаламайды. Себеп – сол баяғы Қытай. Ресейдің соңғы жылдары Қытаймен тым жақындасуы да ұжымдық Батысты мазалайды. Сол себепті олар Украина картасын шама­сы келгенше  аяғына дейін ойнатады. Түркия бүгін­де ірі регионалдық лидерге айналды. Оның амбициялары тек түркі елдерін біріктірумен шектелмейді. Түпкі мақсат – барлық мұсылман елдерін өз ықпалының астына алу. Қытай экспансиясын тежеу үшін АҚШ Түр­кияның бұл ниетін қолдауы әбден мүмкін. Әсіресе Түркі қауымдастығын нығайту ісінде. Бірақ оған Ресей де, Қытай да қарсы. Сондықтан Орта Азияға ықпал ету үшін күрес басталып та кетті. Міне, осындай әр тарапты мүдделер  тірескен  жерде  кез  келген  сцена­рий болуы мүмкін. Өкініштісі сол, ірі мемле­кеттердің  жұлдыз­дары қарсы  болған кезде БҰҰ  емес,  НАТО, ОДКБ секілді  әскери  бағыттағы блоктардың дегені  жүреді. Қалыптасқан  жағдайда  бір нәрсе  анық.  Өзге елдер бізбен санас­сын десек, Түркі елдеріне бірігуден, оның ішінде  әскери  одақ  құрудан  басқа  жол  жоқ.

40-50  МЫҢДЫҚ  ҚУЫРШАҚ  ӘСКЕР ЕШБІР  ҚАУІПКЕ  ТӨТЕП  БЕРЕ  АЛМАЙДЫ

– Тіс қайрасқан текетірестерді естіп-білген соң, әскери әлеует тақырыбынан айналып өте алмаймыз. Бұл арқаны кеңге салуды емес, қор­ғанысты күшейтуді қаперге салатын сияқты. Әңгі­ме  ауанын әскери техникалар мен қауіпсіз­дік  амалдарына  бұрсақ…

– «Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен соншама байтақ жерді сақтап қалды» деп мақтанғанды жақсы көреміз. Ретті де, ретсіз де соны мантра ұқсатып қайталай береміз, қайталай береміз. Олай болса, шын мықты болсақ, қалайша Астраханнан Красноярскіге, Байкалға дейінгі кең-байтақ жерлерімізден айырылып қалдық? Бүгінде Астрахань, Саратов, Омск, Томск, Орск, Тюмень, Челябинск деп аталатын қалалардың қазақтың мекені болғаны – дәлелдеуді де қажет етпейтін фактілер. Барлық аталған қаланың этимологиялық түбірінде әлі күнге дейін қазақ атаулары жатыр. Тізіп жатпай-ақ қояйын. Басқасы басқа, Орынбор күні кеше ғана қазақтың астанасы еді. Оны да беріп қойдық. Солардың бәрін жаттың қолына бергенде қайда болды біз мақтанатын білектің күші? Найзаның ұшы қайда  тот  басып  жатты?

Ащы болса да шындықтың бетіне тура қарауымыз керек. Атақоныстарымызды қорғап қалуға дәрменіміз жетпеді. Жоқ, қорыққаннан емес, соғыстан жалтарғаннан да емес, расымен дәрменсіздіктен. Тым бейқам едік. Сол найза мен қылыш, шоқпардан басқа қолда түк жоқ еді. Не мылтық жоқ, не зеңбірек жоқ, не оқ-дәрі жоқ. Сол заманға сай қару-жарақтың ешбір түрі болмады бізде. Қару-жарақ шығаруға, тым болмаса сатып алуға талаптанбадық та. Нәтижесі белгілі. Амал жоқтықтан шегін­шектей бердік, шегіншектей бердік. Ақыры ең құнарлы, едәуір шұрайлы жерлерден айы­ры­лып  тындық.  Өкініштісі  сол, сорлаған тарихымыздан әлі де сабақ алмай келеміз. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ертең не болатынын білмейміз. Сирия мен Газа секторы, Украинаның  тағдырын көре тұра қамданбаймыз. Әскер саны шектеулі, әскери техника аз, заманауи техника одан да аз. Қару-жарақ шығаратын отандық кәсіпорындар жоқтың қасы. Бірер бронды мәшине шығарғанымызға мәзбіз. Елдің әскери қорғаныс сауаты нөлде. Ең аяғы ракеталық шабуылда қалай, қайда тығылу керектігін де білмейді. Еркектің 70%-ы өмірінде қолына автомат ұстап көрмеген. Сонда ел басына күн туса қалай, немен қорғанбақпыз?

Осыдан шамалы-ақ уақыт бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесінің шұғыл  жиынын өткізген еді. «Шұғыл» дегені­нің өзінде астарлы мән бар ма деймін. Басты талқыланған мәселе де ауқымды – әскерді модер­низациялау. Біздің билік те алпауыт елдер­дің ендігі назары Орта Азияға ауатынын түсініп отырған сыңайлы. Жиын барысында нендей шешімдер қабылданғаны беймәлім. Бірақ  азғантай әскерді модернизациялау жеткілік­сіз қарекет пе деймін. Шынын айту керек, біздің 40-50 мыңдық қуыршақ әскер ешбір қауіпке төтеп бере алмайды. Ал одан үлкен әскерді асырауға біздің экономикалық әлеуетіміз  көтермейді.

Бұл жағдайда, Украинаның тәжірибесін ескеріп, қазіргі таңда халықтың еркек кін­дік­тілерін жаппай қаруландыруға жететіндей етіп, әскери қоймаларда қару-жарақ қорын жинап қойған артық болмайды. Ақыры өзіміз әскери техника шығармайды екенбіз, онда өзгелерден сатып алу қажет. Түркияның «байрақтарын» шығаратын зауыты салынады деген бір хабар болып  еді. Оны  да  жеделдеткен  абзал.

Бірақ қару бергеннен не пайда, егер ол қару­дан әйел түгілі еркектеріміз ату білмесе? Онда ол маймылға граната ұстатқанмен бірдей болады да қалады. Сондықтан «бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайын бол» демекші, қалайық, қаламайық, бүгінгі таңда елді тұтастай әскери дайындықтан өткізу қажеттілігі туындап отыр. Ол – алғашқы әскери дайындық ісін қайта қолға алу. Оған тек жастарды ғана емес, бүкіл  халықты  тарту  қажет.

Нақты айтқанда, келесі шараларды жүзеге асырған  жөн  бе деймін.

1. Жаппай бүкіл халықты авиа бомбалау мен артиллериялық атқылаулардан қорғануға үйрету;

2. Противогаз бен сақтану костюмдерін қолдануға үйрету;

3. Көпқабатты үйлердің паркингтері мен жертөлелерін бомбалардан жасырынуға болатындай  етіп  икемдеу;

4. 17 мен 55 жас аралығындағы ер-азаматтарды кезегімен полигондарға шығарып, тым құрығанда екі апталық дайындықтан өткізіп, ең  болмаса  автоматтан  атуға  үйрету;

5. 17 мен 55 жас аралығындағы қыз-келіншектерді  жаралыларға  алғашқы көмек көрсету  курстарынан  өткізу;

6. Хирург дәрігерлерді түгелдей әскери міндеттілер қатарына кіргізу. Соған сәйкес қосым­ша ақы төлеу мүмкіндігін қарастыру;

7. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық материалдық резерв қоймаларын жіті қадағалауға алу;

8. Барлық төрт тараптағы шекара бекеттерін күшейту және заманауи техникамен жабдықтау.

Бүкіл халыққа қару-жарақ таратып беріңдер  демеймін. 200-300 мыңдық әскер ұстауға да шамамыз жетпейді. Бірақ осындай шұғыл шараларды ұйымдастыруға қаражат та, мүмкіндік те  әбден  жетерлік.

Мұның  бәрі – қауіпсіздік амалдары. Ал егер де оны біреулер милитаризация десе, өзде­рі білсін. Не десе ол десін. Әрі-беріден соң капитуляциядан гөрі милитаризация арқылы жан сақтанған әлдеқайда артық. Күш тек күштіні сыйлайды.

ҚАРАПАЙЫМ  АФЕРИСТТЕРДЕН   БАСТАП,  САЯСИ  ПОПУЛИСТТЕРГЕ  ДЕЙІН…

– Аға, мына мәселеге тоқталайықшы. Әлеу­меттік желілер саяси құралға айналып кетті. Тіпті әлемде де дәстүрлі медианы шетте қалдырып, Фейсбук, Твиттер, Тик-ток платформасын үгіт-насихат жүргізудің жаңа алаңына айналдырды. Жалпы, әлеуметтік желілер саяси пікір қалыптастыруда қаншалықты қауіпті немесе пайдалы?

– Жалпы, интернеттің, оның ішінде әлеуметтік желі атаулының бүгінгі маңызды рөлін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сая­си құралға айналғаны да рас. Мәселен, 2016 жылы Түркияда әскерилер саяси төңкеріс жаса­мақ болған кезде Режеп Ердоғанның билігін аман алып қалған «Уатсап» желісі болатын. Трамп та бірінші сайлау кезінде негізінен «Твиттер» желісіне арқа сүйеді. Бірақ әлеуметтік желілер адамзат баласының қаншалықты бағы болса, соншалықты соры. Мәселе тек оның кімнің қолын­да болғанында. Кім ықпал ете алатынында. Өкініштісі сол, әлеуметтік желінің микрофоны кім көрінгеннің қолында кетті. Нәтижесінде оның мүмкіндіктерін басқалармен бірге небір алаяқтар да пайдалана бастады. Және ол алаяқтардың әркелкілігі қорқытады. Қарапайым аферисттерден бастап, саяси популист­терге дейін бәрі осында. Оларға тосқауыл қою мүмкін бе? Әрине мүмкін. Ол үшін әлеуметтік желіні пайдаланушылардың ой-өрісі кеңейіп, критикалық анализ жасау қабіле­ті артуы тиіс. Қиын  әрі  ұзақ процесс, әрине. Дегенмен әбден  мүмкін  нәрсе.

Айталық, Жапония мен Ұлыбритания интер­неті мен әлеуметтік желілері дамыған елдер қатарына жатады. Солай емес пе? Солай  бола  тұра дәл осы екі елде соңғы жылдары газет тираждарының едәуір өскені байқалады. Бұл нені  білдіреді?  Жапондықтар  мен  ағылшындар ақпараттық азық ретінде не болса соны қыл­ғыта беру әдетінен арылып, сали­қалы сарап­тама мен талдауды қажетсінетін болды. Ал ондай сапалы контентті әлеуметтік желілердің дүмше блогерлері бере алмайды. Ол тек кәсіби маманданған эксперттердің қолынан ғана келе­ді. Бұл елдердің мерзімді басылымдары тенденцияны  тез  түсініп, өз бағытын осындай  сараптамалық  контент  шығаруға бұрды. Алайда әлеуметтік желінің әлемдегі ықпалы әлі де ұзақ  сақталатын  болады.

ЕЛГЕ  СҮЙІСПЕНШІЛІКТІ  ЕШБІР  ДИПЛОМ  БЕРМЕЙДІ

– «Елден ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ақыл-ой иелері кетсе, сол елдің сәні – интел­лигенция  құриды. Ондай елде бизнесмендер билікке келеді, көшедегі кім көрінген саясаткер атанады. Ал әртістер мен спортшылар, базардағы алыпсатарлар  депутат болады» депті неміс ғалымы Х.Йенсен. Әрине, олардың өз саласындағы еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Десек те, Мәжіліс пен Сенатта мәселені тиісті деңгейде көтере ала ма? Міндет тек министрді қыспаққа алып,  сұрақ  қою  емес  қой…

– Бизнесмен мен спортшыдан жөні түзу депутат шықпайды деп кім айтты? Кез келген елдің парламентінде әртүрлі мамандық иесі бар. Йенсеннің айтқанына қарсы мен де бір ұлы қазақтың  сөзін  келтіре  кетейін. «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» демеп пе еді Әлихан Бөкейханов. Әрине, жап-жақсы мамандардың елден кетіп жатқаны өкінішті. Бірақ   қайсыбірінің  жолын бөгейсің, таңдау­лары сол болса? Басым  көпшілігінің  айтатыны, маған әрі қарай дамуға бұл жерде мүмкіндік жоқ, мемлекет маған жағдай жасамады дейді. Бәрі де бос сөз, өзін-өзі ақтаған сылтау ғана. Сол шетел асқан мыңдаған жастың саусақ­пен санарлығы ғана белгілі бір жетістікке жетті. Қалғаны  көптің  бірі болып қалды сонда неме­се  түк  таппай қайтып оралды. Әрі-беріден соң, біз үшін кім маңыздырақ? Қалайда жер бетінен өзіме жылы орын табам дейтін, Отаным, туған жерім  дегенде  жүрегі  бүлк  етпейтін,  елінің  дамуы  үшін күресуге зау­қы  да жоқ білімді азамат па, жоқ әлде білімі жетіспесе де, елім дегенде жанын беретін адал ұл ма? Білімді жинауға, жинақтауға болады, ал елге сүйіспеншілікті ешбір диплом бермейді. Оларға ақ жол тілеп жіберу керек. Бәлкім, бағы ашылып, осында таппаған қолдау тауып, күллі әлемге пайдасы тиер жаңалық ашар. Планетарлық  масштабта қарасақ, ол  да  жақсы.

– «Министр болатын адам едіңіз». Сізге айтыл­ған осы пікірді көзім шалып қалды. Мансапқа қызықпайтын сияқтысыз. Әлде себеп өтірік  айтуға  мәжбүр болғыңыз келмейтіндігі ме? Билікке  барып, «бүлінбеу» мүмкін  бе?

– Менің түсінігімде дарынсыз адам ғана шенеуніктік карьера жасауға ұмтылады. Себе­бі қолынан басқа түк келмейді. Ол мешеу, жарым­жан мүгедек, Құдай дарындарды тарат­қан кезде ол маубас ұйықтап жатқан. Шенеу­ніктік қыз­меттен басқа барар жері жоқ оның. Әйтпесе есі дұрыс адам өмір бойы біреуге жалтақ­тап, бастық  атаулының  бәрінің қаба­ғына қарап, аңдысын аңдып жүргеннің, біреудің барып кел, шауып кел шабарманы болғанның несі жақсы дейсіз? Сөз жоқ, шенеу­ніктердің ішінде де білікті маман көп. Бірақ олар негізінен өз жолы мен  бағытын әу баста дұрыс таңдамаған. Іштегі дарынына, талан­тына сене алмаған жандар. Ондайларды,  шынын  айтайын,  аяймын.

Жалпы, шенге құмарлық қазақта қайдан пайда болды? Меніңше, бұл әдет сонау ашаршылық жылдары жұққан болуы керек. Себебі қазақ аштықтан жаппай қырылып жатқанда коммунист шенділер мен комиссарларға, төтен­ше комиссия қызметкерлеріне тұрақты түрде азық-түлік пен киім-кешек  беріліп тұрды. Олардың қарыны тоқ, көйлегі көк болатын. Соны көрген аш-жалаңаш қазақтар да аман қалудың жалғыз амалы – шенеунік болу деп түсінді. Содан бері портфельге деген ерекше құрмет қалыптасқан секілді. Қызмет пен кәсіптің арасы жер мен көктей. Қызмет бүгін бар, ертең жоқ. Ал игерген кәсібің сенімен өле-өлгенше бірге болады және асырайды. Кәсібі  жоқ  адам – ең  бақытсыз  адам.

ЖУРНАЛИСТИКА – КӘСІП,  ӘДЕБИЕТ – ДАРЫННЫҢ  ЕНШІСІНДЕ

– «Межелі   уақыт». Әкеңіз   Жақсылық  Түменбайға жазған хатыңызды оқыған едім. Әсерлі әрі мазмұнды. Әсіресе, жазушылық қабі­лет пен сыни  қарауға  келгенде батыр Бауыржан мен ұлы Бақытжанның байланысы есіме түсті. Жазуға жауапкершілікпен  қарау.  Жазушының  жазбауы – трагедия ма әлде көпірме көбік сөзді көбейтпей, үнсіз болу да әдебиеттің пайдасына шешіле ме? Әкеңіздің қай сөзі жадыңызда жаңғырып  тұрады?  Ал,  өзіңіз  қандай  әкесіз?

– Қандай әке екенімді мен емес, балаларым айтқаны жөн шығар. Ал әкемнің мына сөзі мықтап санама сіңіп қалды. Марқұм қашан­да «бойыңды түзу ұста» деп қайталай бере­тін. Тіпті жанында түп-түзу келе жатсаң да, сол сөзді қайталай беруден бір жалыққан емес. Оның арғы жағындағы ойын тек есейе келе түсіндім. Сондағысы, «қашанда тік жүр, жұртқа тіке қарайтындай бол, омыртқаң ешкімнің  алдында  иілмесін»  дегені  ғой.

Енді жазу-сызуға келер болсақ, әдеби шығарма жазу мен журналистика – екі бөлек дүние. Журналистика – кәсіп, ал әдебиет – дарын­ның еншісінде. Мұхтар Мағауин бір сөзінде  «мен  шабыт дегенді түсінбеймін, күнде сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жазуға отыра­мын» деп еді. Ал мен әдебиетте шабытсыз жазуды түсінбеймін. Шабыт жоқ болса, келтіру керек. Меніңше, ол жүрек соғуынан емес, ой толғанысынан туады. Демек, шабыт жоқ болса, көп жүріп, көп ізденіп, көп нәрсені ой елегінен өткізу керек. Ерте ме, кеш пе, өмірдің бір құбылысы санаңа сарт етіп тиіп, ұмытылмастай із қалдырады. Кейін сол іздің орнында шабыт жайқалып өсіп шығады. Міне, сонда қалам  алып  отыруыңа  болады.

– Аға, телеарнада жұмыс істедіңіз ғой. «Бір пьесаның ізімен» деректі фильмінің авторы болдыңыз. Көрерменге қажетті, танымды дүние.  Ал телеарналардан  ұсынылатын  бүгінгі  бағдарламаларға  көңіліңіз  тола  ма?

– Шынымды айтайын, теледидар көруден қалғанымыз қай заман. Анда-санда Дархан Әбдік досымның «Парасат майданын», орысшадан Майя Бекбаеваның деректі фильмдерін көремін. Сонымен болды-ау, сірә. Сондықтан пәлендей деп баға беріп жатқаным ыңғайсыз болар. Жалпы, өзім көріп-білмеген, танысып-­зерттемеген тақырыпты әңгіме етуден аулақ­пын.

– Қай  газетті  жиі  оқисыз?

– Газет талғамаймын, авторларды таңдаймын. Пікірлерін сыйлайтын бірнеше авторым бар, соларды  іздеп  жүріп  оқимын.

–  Жеті  жыл  журналистикадан  алыс кеткенде  не  түсіндіңіз?

– Жеті жылымды бекер жоғалтқанымды түсіндім.       

–  Өзіңізді қай ойдан құтқарғыңыз келеді?

– Жалғыздықтан. Көпшілік ортасында отырып  та, жалғызсырайтын  кезім  болады.

– Барлығына байыппен  қарайтын  секілдісіз. Байқауымша, күлкімен  көмкеріп, әзілмен астарлайтын  әдетіңіз бар сынды. Мұхтар Түменбайды  ашуландыратын  не  нәрсе?

–  Біреуге көпе-көрнеу жала жауып жатқанды  көрсем  қаным  қараяды.

–  Өмірде  нені  ұнатпайсыз?

– Даңғойлар мен мақтаншақтарды суқаным  сүймейді.

–  Оқырманға айтар лебізіңіз болса…

– Өмір ақ пен қара түстен ғана тұрмайды. Оның сан алуан түсі бар. Адам баласы солардың бәрін аңғарып, сол ғажайып үдерістен барын­ша ләззат алса екен деймін. Түптің түбінде  бақыт  деген  сол.

–  Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер:
  • Өте пайдалы сұхбат.Сұхбат беруші азамат Мұхтардың өмірден көргені мен түйгені көп интеллектуал азамат екені айқын көрініп тұр.Пікірлері орнықты,ақылға сыйымды логикаға құрылған,дүниежүзілік адамзат қоғамының даму троекториясын жақсы бағамдай алатын сарапшы екені байқалады.Осындай азаматтардың елдің заң шығарушы,немесе атқарушы билік орындарында қызмет атқаруы еліміз үшін аса пайдалы болар еді.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: