Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір күнде тапқан табысым – 400 мың теңге

18.02.2021, 9:00 1154

Талшын  АНАРБАЕВА,

блогер, @bomba_kelin:

HALYQLINE.KZ Жалпы анықтамасы өте қарапайым әрі түсінікті: блог – онлайн күнделік. Блогер – күнделік жүргізуші. Әдеттегі күнделіктен айырмасы – жариялылығы. Дәл осы әлеуметтік желілерде блогерлікпен айналысып, өзінің табысын табу сәнге айналды.  «Фэшн-блогер», «бюти-блогер», «фуд-блогер», т.б. Салаларға бөлініп оқырмандарына өзі айналысып жатқан істерімен, маңызды деген ақпараттармен бөлісіп отырады.  Инста әлеуметтік желісінде «фуд-блогер» болып бастап, қазір «бомба келін» атанған жас блогер – Талшын Ерболатқызы Анарбаева. Қызылорда  қаласында 1999 жылы 2 мамыр  күні туған.  М.Мәметова атындағы гуманитарлық арнаулы оқу орнында «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы және  Болашақ университетінде «дефектолог» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде «жас ана» – үлгілі келін, блогер.

БЛОГЕРЛІКТІ  ТҰРМЫС  ҚҰРМАЙ  ТҰРЫП  БАСТАДЫМ

– Талшын Ерболатқызы, ең алдымен «Жылдың ең үздік келін блогер»  атануыңызбен құттықтаймыз! Жетістіктеріңіз көп болсын! Келін блогерсіз, ата-енеңізбен бірге тұрасыз, бұл блогерлік өміріңізге кедергісін келтірмеді ме?

– Құттықтауыңызға көп-көп рақмет! Мен блогерлікті тұрмыс құрмай тұрып бастағанмын. Сол кезден торт секілді неше түрлі рецепттеріммен бөлісемін, мен келін болып келгенде жаңа отбасым менің Instagram желісіндегі белсенділігімді білді, азды-көпті ақша тауып та жүрдім. Ешқандай қарсы болған жоқ. Маған көп көмегін көрсетіп, қолдаушы болған – осы екінші отбасым.

– Керемет, жалпы келін атанғаныңызға 3 жылға таяу уақыт болды, үй шаруасына үлгересіз бе, кім көмек береді?

– Бір баланың анасымын, екіншісіне аяғым ауыр. Үй шаруасына бір өзім үлгермеймін жасыратыны жоқ, қайын інілерім бар. Бала қарайласуға да, үй тіршілігіне де Әли, Ержан деген екі қайын інім көмектеседі. Анамыз, яғни жолдасымның анасы өте керемет жан. Сол кісінің арқасында шаңырағымыз шаттыққа бөленіп, бақытты, тәрбиелі отбасы болып отырмыз. Екі қайныма енем тапсырып қойған «жеңешелеріңе көмектесіп жүріңдер, ауыр көтертпеңдер» – деген сияқты. Шүкір Аллаға. Әйтпесе кейбір енелер бар ғой, келіндерін «құлдай» көретін. Анам да жұмысынан демалыс күндері үнемі маған көмектесіп жүреді.

– 24 сағатыңыздың қанша уақытын телефонға арнайсыз, сіздің денсаулығыңызға кері әсер тигізбей ме, қазірде аяғыңыз ауыр дегендей… Одан бөлек, күнделікті әлеуметтік желіңізді жүргізу оңай ма, видео түсіргіңіз келмей жалқауланатын кезіңіз көп болады ма?

– Күніне барлығын қосқанда 3 сағаттай отырады екенмін Instagram желісінде. Негізі телефонды көп пайдаланамын. Себебі, қазіргі таңда менде көмекші жоқ.  Әлеуметтік желілердің өзінде жұмыс жөнінде 2000 смс ашылмаған. Олардың барлығына жауап қайтарып отыру мүмкін емес. Үлгергенімше жазамын. Оның үстіне үйдің тамағы, балам, күйеуімнің күнделікті жұмысқа киімін дайындау бар дегендей. Барлығына үлгеруге тырысамын. Түсіргім келмей жалқауланатын кездер өте көп болады. Күйеуімнің 1-2 мотивациясынан кейін қайтадан шабытым ашылып, видео түсіріп кетемін!

БЛОГЕРЛІК  –  ЖАЛҒЫЗ  ТАБЫС  КӨЗІМ  ЕМЕС

– Мотиваторым күйеуім дейсіз ғой, дұрыс екен. Көмекші алу ойыңызда бар ма?

– Көмекші алу біраздан бері ойымда бар, бірақ сенімді адам алмасаң болмайды. Сенетін, танитын, өз ісін жақсы білетін адам іздеп жүрмін.

– Сіз өзіңіз ұнатып тамашалайтын блогеріңіз бар ма? Ол қандай қырымен ұнайды?

– Өзім ұнататын нақты блогер осы деп айта алмаймын. Келін блогерлердің барлығының контенттері ұнайды. Өйткені, артында қаншама еңбек жатыр. Иә, кемедегінің жаны бір. Асхана, отбасы бәрімен телефонды, әлеуметтік желіні қатар алып жүріп, үлкен жетістіктерге де жетіп жатқандар қаншама…

– Өзіңізге пайда көзі қайдан түседі, блогерліктен бөлек жұмыс істейсіз бе? 1 күнде тапқан ең көп табысыңыз қанша?

– Блогерліктен бөлек үйде отырып қашықтан бизнеспен айналысамын. Белгілі бір компанияда жұмыс істеймін. Сол компанияның өзінен 21 күн сайын айлық алып отырмын. Командамда 600-ге жуық қыз бар. Аллаға мыңда бір шүкір. Бір күнде ең көп тапқан табысым 400 мың теңге шығар.

МАМАНДЫҒЫМ  –  МҰҒАЛІМ

– 400 мыңға  жуық оқырманыңыз  бар, журналистика саласында таралымы  көп газет-журналдардың өзінің  корректоры,  яғни  қатемен жұмыс  істейтін  маманы  болады, сіз  осыншама  адамға  пост  жазардың  алдында  жауапкершілікті  сезінесіз бе?

– Иә, әрине не нәрсені жазар алдында мың ойланып, бір жазуға тырысамын. Негізі қалай жазсаң да шектеу жоқ қой, оқырманға тез жететіндей, қызықты етіп жазу керек.

– Мамандығыңыз қандай? Мамандық бойынша жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Екі мамандық бойынша білім алдым. М.Мәметова атындағы гуманитарлық арнаулы оқу орнында  «Қазақ тілі және әдебиеті» мұғалімі,  жоғары білімді «Болашақ» университетінде «дефектолог» мамандығы бойынша оқыдым. Мамандығым бойынша жұмыс істеп көргенім жоқ.

– Егерде блогер болмасаңыз, өзіңізді қандай салада жүремін деп  елестетесіз?

– Егер блогер болмасам үйде балаларымды босанып, көпбалалы ана, мектепте мұғалім болып, қосымша өз бизнесімді жүргізіп жүретін шығармын. Мен үйде құрқол отыратын келіншектердің қатарынан емеспін. Өзім еңбек етіп ақша тапқым келеді.

– Қазір осындай оқырманыңыз бар, оларды қызықтырып, сіздің әлеуметтік желіңізді торуылдап отыруы үшін тек байқау ұйымдастырумен шектелмей пайдалы посттармен неге бөліспеске? Инста желісінде белгілі бір салаға маманданған блогерлер бар, олардың посттарын асыға күтетініміз тағы бар дегенім ғой.

– Менің өзімді сүйіп оқитын оқырмандарым жетерлік. Әр блогерде әртүрлі аудитория.

– Өзіңізді 5 жылдан кейін қалай елестетесіз?

– Өзімді 5 жылдан кейін материалдық жағынан өз еңбегіммен жеткен көлігім, үйім және ең бастысы көп балалы ана, табысты бизнес леди боламын деп елестетемін!  Алла бұйыртса!

– Арманыңыз  орындалсын! Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұрай  ӘБДУӘЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: