Қазақ – қай тәмсілді болмасын, тауып айтқан халық. Зергерді «темірден түйін түйген» десе, ұстаны «ағаштан ою ойған» деп беделін биікке бір-ақ көтереді. Бірақ, бұл сөздерден жалған ештеңе таппаймыз. Шынтуайтында да, шеберлік дарыған адамның мәртебесі қашанда биік, абыройы асқақ. Сондықтан, газетіміздің арнайы «Мырза» бетіне еліміздегі ұлттық өнерді дәріптеп, өнерден бөлек, қазақи болмысты кейінгілерге насихаттап жүрген Пахриддин Садықовпен сұхбат құруды жөн көрдік. Ұрпаққа ұлы өнердің қадір-қасиетін жеткізіп, жас жеткіншектің санасына сәулелі салт-дәстүрді сіңіруді мақсат еткен кейіпкеріміз қаладағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өз қолынан шыққан туындыларының көрмесін өткізуде.
Солай, өткен аптаның жұмасында Пахриддин Шәмшідінұлының «Қолөнерден өнеркәсіпке» атты шығармашылық көрмесінің көрермені болдық. Ағаш арқылы қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілігін, тарихын, дінін, салт-дәстүрін бейнелей білген шебер көпшіліктің алдында әр туындысының мәні мен мағынасын ашып түсіндіріп, жалпақ жұрттың таңданысын тудырды. Расында, қолөнер бұйымдарына зер салғанымызда біз де қалыпқа құйылған дүниені көргендей таңдандық, дегенмен, шедевр ағаштан ойылып, сырланып, сөрелерге қойылған. Бір тамашасы, ұстаның барлық бұйымдарында дерлік қобыз аспабын көруге болады. Шебер әр туындысын таныстырғанда қобыздың сырына тереңінен тоқталып өтті.
Іс-шарадан соң ағаш ұстасымен тікелей тілдескен едік, Сырдың тумасы болғанымен, қазір Түркістан қаласында тұрады екен. Жолға асығыс екенін айтып, сұхбатты келер аптаның сәрсенбісіне жоспарладық.
АЛЛАДАН АРТЫҚ СУРЕТКЕР ЖОҚ
– Ассалаумағалайкүм, Пахриддин аға! Өткен аптаның жұмасында, яғни 10 ақпан күні С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында жеке шығармашылық жұмыстарыңыздың көрмесі өткізілді. Көрме ақпан айының 20-сына дейін жалғасады екен. Осы туралы айтып беріңізші.
– Бұл көрмені өткізудегі мақсат – бүгінгі таңда жойылып бара жатқан халықтың жетістігі, ұлттық болмыс, салт-дәстүр, сана, қасиет сынды дүниелерді қайта жаңғыртып, қазақылықты насихаттау. Мұны тек көрме деп емес, елдік нышанның үстемдігі, тарихтың толқынысын түсіндіру деп айтуға болатын шығар. Мен бұл іс-шараны тек Қызылорда облысында емес, басқа да өңірлерде өткізіп, жұртшылыққа рухани байлық сыйлауды мақсат еткенмін.
Тағы бір мақсат – жалпы, осы кем-кетікті толтыру үшін қазақтың өткен өмірінен бүгінге дейін пайдаланған дүниелерін көз алдарына елестету және Қызылорда өңірінде жатқан Қорқыт бабамыздың болмысын насихаттау.
Бүгінгі таңда қолөнер бұйымы болып көрінетін заттар – кешегі ата-бабамыз тұтынған дүниелер. Ал соны қолдан жасағандар өздерін «мықты шеберміз» дейді. Ешкім шебер емес, бұл – атадан-балаға жалғасып келе жатқан аманат. Аманатқа қиянат жасамай, заман ағымына сай болу үшін, өткеннің өнегесі болған туындыларды өнеркәсіп нарығына енгізіп, халықтың сұранысын қанағаттандырып келеміз. Көрме тақырыбын «Қолөнерден өнеркәсіпке» деп қоюымыздың себебі де – осы.
Өзім қазақтың келешегінен үмітім зор адаммын. Өз негізінен жойылып кеткен ұлт жоқ. Оған қашанда сыртқы күштер, алпауыт елдер әсер етеді. Халқымыз расында рухани құлдырау үстінде. Бұл жөнінде құндылықтардың насихатталуының кемшін екенін айтуымызға болады. Бұл қалай болып жатыр десек, өзімізді бағаламаудан болып отырған дүниелер. Елдің еңсесін көтеру үшін жұмыс істеп келе жатқан соң, соның негізін көтеруге пайдамды тигізсем деп жүрмін.
– Шығармашылық тек қалам мен қағазда немесе күміс көмейде тұрған жоқ. Осы сөздің бірден-бір себепкері өзіңіз. Жаңа бір айтқаныңызда «ешкім шебер емес, ол – атадан берілген аманат» дедіңіз ғой. Бұл да сізге атадан қалған мұра ма? Шеберлікпен қай жастан бері айналысып келе жатырсыз? Мұны сіздің шығармашылығыңыздың шыңы деуге бола ма?
– Біз бір құрсақтан 10 ағайынды дүниеге келдік. Соның ішіндегі 4-ші перзентпін. 10 баланың бәрі де шығармашылықтың бір ұшын ұстаған жан. Ата-бабамның арғысы халық ақыны болса, бергі жағы сөзге тоқтаған шешен екенін қуанышпен айта аламын. Ал, әкеміз – осы өнердің барлығын бір бойға жиған тұлға. Алладан артық суреткер жоқ. Бұл – әуелі Тәңір дейін, одан кейін әкемнен үйренген кәсібім. Бірақ, осы кәсіптің шыңына шықтым дей алмаймын. Тек өмір бойына оқып, үйреніп келе жатқан адаммын. Ұлы өнердің шыңына жету мүмкін емес. Себебі, адам қашанда үйренуші болып қала береді.
Шеберлікпен айналысып келе жатқаныма қырық жылдай болыпты. Бұл іске ең қатты кіріскен кезімде 1997 жылы Шауғар қаласының 1500 жылдық мерейтойы өтетінін естіп, 3 жыл соған дайындалдым. 2000 жылы сол мерейтоға қатысып, қолөнер бұйымдарымен жүлдегер атандым. Одан кейін 5 жылға жуық уақыт осы дүниелерді жасап, дайындығымды үдете бастадым. 2004-2005 жылдары болу керек, Қызылордада «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалі өтетінін бір газеттен оқып, сол жиынға қатысуды көздедім. Міне, сол уақыттан бері негізгі кәсібім де, нәсібім де осы қолөнер бұйымдарын жасау болып келе жатыр.
ҚОБЫЗДЫҢ ҚАСИЕТІ мен КИЕСІ ШЕКСІЗ
– Көрмеңіздің ашылу салтанатында жұртшылықпен бірге қолөнер бұйымдарыңызды мен де аралап көрдім. Барлық бұйымыңызда қобыз аспабын кірістіріпсіз. Оның сыры неде? Қобыздың сіз үшін қандай құдіреті бар?
– Қобызбен қолөнерді ғана емес, қазақтың әдет-ғұрпын, болмыс-бітімін, кешегі жеті қазынасын, жеті атасын, халқымыздың ішіп-жемін, ас-суына, киім-кешегіне жарап келе жатқан төрт түлігін, үш арысын, үш биін, үш анасын толық көрсетуге болады. Әлемде не қасиет бар, соның барлығын осы қобызға кіргізсек, айып болмас. Қорқыттың қобызын дәріптеу арқылы туындыға қазақтың кешегі тұрмысын, «Ақтабан шұбырындыны», қолдан жасалған ашаршылық қырғынды, бүгінгі отыз жылдық орасан зор опасыздықты, кешегі кенеуі кеткен келеңсіз күндердің бәрін сыйдырған болар едік. Соның ішіндегі ең маңыздысы – «әкенің арманы – балаға арман» деген тәмсілді кең мағынада сыйдырсақ та, артық емес.
Мысалы, қобыздың астыңғы және үстіңгі шанағы мен басына қазақтың «шексіз» деген оюын салу арқылы құндылықтың шексіз екенін ұғындырамыз. Себебі, ою-өрнектің мағынасы расында шексіз. Оның оң жағындағы үш шегені қазақтың Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген аталары, әйтпесе, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би немесе анам, анам, тағы да анам деп ақ жаулықты аналарды бейнелеуге болады. Біріншісі – өз анаң, екіншісі – бала-шағаңның анасы, үшіншісі – жиен немерелеріңнің анасы, яғни қызың. Мінеки, даналықтың шыңын, құндылықтың құнын осы бір қобыз аспабы бейнелеп тұр емес пе?! Ал енді қобыз аспабының екі құлағы мен екі ішегі төрт санын құрап, төрт түліктің атасы Ойсыл қара, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата, Сексек ата деп (ешкі малының атасын қосқанда) теңеуіміз туралықтан тайдырмайды. Үш пен төрт санының қосындысы жетіге тең. Бұл жерден жеті қазына мен жеті атаның рөлі мен маңызын айқын ұғынамыз. Енді бір кереметіне мән беріңіз, қобызды бір жағынан қарасаңыз, ананың бейнесін байқайсыз, бір жағынан болса, киелі аспап. Сайып келгенде, Еуропа еліндегі скрипка, виолончель деген дүние осы қобыздың қалыбынан сәл өзгертіліп жасалған дей аламыз.
Иран-Ғайып ағамның «Қорқыттың көрі» деген 16 томдық кітабында былай дейді:
…Қорқыт қорықты, мен де қорықтым,
Өз нәмінен безгеннен,
Қорқыт састы, мен де састым,
Көп ұлтты дегеннен.
Қорқыт қашты, мен де қаштым,
Шұңқыр көрсем, «көр ме?» деп,
Қорқыт кейін сазын тартты,
Мен қуандым, «сен бе?» деп.
Оян, оян, оян Қазақ, көтер басты!
Кетпеген мұң басыңнан,
Мен де көрдім сатқындықты,
Балалық шақ жасымнан.
Оян, оян, оян Қазақ, көтер басты!
Ұланыңмын, тасынған!
Еркелетші, еркелейін, қазағым деп бас ұрған…
Осыдан-ақ, Қорқытқа әнді де, күйді де, жырды да, термені де, қадір-қасиет, болмыс, наным-сенімнің бәрін кіргізуге болады. Қарап отырсақ, Қорқыттың ажалдан қорықпағаны, көрден қорықпағаны, зинақорлықтан қашып, бәле-жәледен өзін алыс ұстағаны және бастысы, Алладан қорыққанын осы өлең жолдарынан көреміз.
Адам ата мен Хауа анамыздан басталған дүниелер бар, одан бері қарай Қазығұрттың басында қалған Нұһ пайғамбардың кемесінің хикаясын ертегіге жатқызып, 10 ғасырға бері жылжитын болсақ, Қорқыт туралы былай да келтіруге болады:
«Қазығұрттың басында кемесі, Нұһ пайғамбардың,
Қорқыты да осында, қайран қалдым.
Қожа-Ахмет Ясауи туып өскен,
Жерінде Қазағымның сайран салдым.
Жиделібайсын жерінде желдей ескен,
Саз-сырнайын сызылтқан Нартай нарым.
Қызыл сеңгір бойында туып өскен,
Домбырамен ән салған Манап ақын.
Ей, жер байлығы өзіндік жөні бөлек,
Тұлғаларды туғызған жер жәннатым.
Қарт Қаратау бөктері Сыр бойында
Қазағым, бір сен үшін махаббатым…» – деп толғануға болады. Қорқыттың киесі осыншалық болса, қобыздың киесі де соншалық мен үшін. Айтып отырмын ғой, оның қасиеті мен киесі шексіз.
– Бұйымдарыңыздан қазақы тұрмыс, қазақы салт-дәстүрді жиі байқаймыз. Адам мәңгі болмаса да, мұралары мәңгі дейміз ғой, осы мәңгі мұраға қалатын туындыларыңыз арқылы көпшілікке не айтқыңыз келеді?
– Рас айтасың, адам мәңгі болмаса да, мұралары күн сөнгенше сақталады. Елдің елдігін, халықтың бекемдігін айқындап, оны келешекке мұра ету үшін салт-дәстүрді қажетті деңгейде ұстануымыз керек. Сол кезде болмыс дейтін дүниенің ұшқыны әрбір адамның бойында сәуле себеді. Ал енді мен жасап жатқан дүниелер осы ұғымдардың айнала-шегінде сыр шертеді, өскінге дем береді. Ұлтын, тарихын, тілін, дінін, ділін тануына көмектеседі. Ал руханиятқа қызмет еткен бұйым ешқашан жаманшылық тудырмайды деп ойлаймын. Биік болмысы аласарған ұлт өшеді, сөнеді. Өшпес рух пен бүтін болмысқа жетелейтін құндылық ғана.
Қазағым, халқым дегендер,
Олар бір тұлға кемеңгер!
Халқының қамын ойлаймын деп,
Таяқты оңбай жегендер.
Көпұлтты дегендер,
Шен үшін жерін бергендер.
Оларға жақсы болған мен,
Ұрпағы тәлпіш көрген жер.
«Қазақ болсын» дегендер,
Шырағы жанбай сөнгендер.
Көпұлтты дей берсе,
Қоралы қойдай бөгендер.
Барымды алды-ау зорлық қып,
Сонда да жүрміз, зор тұтып.
Қаңғып сырттан келгендер,
Қалаға мықтап енгендер.
Өз елінде жүрсе де,
Қасымдай болып жүргендер.
Өзіңді қазақ қорлама,
Уақыт келді көгерер.
Алашым басын көтерсе,
Өзгелер сұрып төмендер.
Аллам қуат бер-дағы,
Шуағыңды төге бер! – деген өлең жолдары басып өткен боданның, тікенді тағдырдың мәңгі болмағанын меңзейді, әрі халқымыздың қилы өмірі оңайшылықпен өрілмегенін аңғартады. Әр қазақтың жасанды емес, жасампаз етіп өсуіне ықпал етсек, ел бола жүріп еңсе тіктегеніміздің басы осы болар еді.
ҚОЛӨНЕР – МЕН ҮШІН ЫСТЫҚ КӘСІП
– Жалпы, жасаған дүниелеріңізді тек арнайы көрмеге дайындайсыз ба, әлде тапсырыспен де жасап, кәдесый ретінде ұсынасыз ба? Қолөнершіліктен басқа қандай жұмыспен айналысасыз?
– Дәл қазіргі уақытта кәдесый ғана жасап жатырмын. Бұған дейін үй жиһаздарының түр-түрін істеп, оны сатып, пұлдаған уақыт та аз емес. Одан бөлек құрылыспен де айналысып, көп кәсіптің көзін таптым десем де болады. Тіпті, мәдениет саласында да аз-кем бой көрсеткен жайым бар. Бірақ, соңында осы қолөнерге ештеңе жетпейтінін түсіндім. Бұл – мен үшін ыстық кәсіп. Айналып келгенде, барлық жұмысты тастап, осы берекелі тірлікті ту етіп келе жатырмын.
– Туындыларыңызды алыс-жақын шетелге шығарып көрдіңіз бе? Немесе сауда нарығында бой көрсеткен дүниелеріңіз жайында айтып берсеңіз.
– Бұйымдарыммен Қазақстанның барлық ірі қаласында болдым деуге болады. Бірақ өзім шықпасам да, қос қолдан шыққан қолөнер Сауд Арабия, Жапония, Түркия, Қытай, Ресей мемлекеттерін аралап келді. Түрлі туындыларыма қызығушылық танытқандар өзге мемлекетке біздің елдің тарихын бір ауыз сөзбен түйіндеп жеткізу үшін діл мен дін бедерленген бұйымдарды сұраған еді. Істеген жұмыстарым осылай да оң бағаға ие болып жатыр.
– Қолөнер бұйымдарыңыздың бағасы қанша?
– Аты айтып тұрғандай, қолөнер бұйымдары барша қазаққа тән болмысқа бай. Кез келген дүниені жасағанда төгілген тер мен еңбектің жайы бөлек, бірақ бағаға келгенде сол бұрынғы құнды өзгерткен емеспін. Жасаған заттарым қарапайым халықтың қалтасына қымбатқа түсетін болса, еңбегімнің ештігі деп білгенім болар еді. Сол үшін баға 5000 теңгеден басталып, көлемі, жұмыстың оңай-ауырлығына байланысты қымбаттай береді. Кейде, тапсырыспен жасатқан адамдар еңбекті бағалап, миллионнан аса құнды төлеген де кездер болған. «Алмақтың да салмағы бар» дегендей салмақты затқа кеткен уақыт пен күш те аз болмады. Бірақ жұмысым өз нәтижесін беріп келеді. Күнде болмаса да, айына 3-4 бұйымға тапсырыс қабылдаймын. Ал енді бұның жалпы, несібесі зор ғой. Бұл өнерді қуу – өркендеудің жоғарғы сатысы.
– Сіздің шығармашылығыңыз жайында аз-кем білгендейміз. Енді осы жолда шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе, сол жайында айта өтсеңіз.
– Осы уақытқа дейін шәкірттер дайындап келдім. Пандемиядан кейінгі жылдары бұл нәрсені тоқтаттым. Қолөнерге баулыған оқушыларым тек Қазақстанға емес, алыс-жақын шетелге де танымал болып үлгерді. Бәлкім, мына ісім дұрыс емес болар, өзім тәрбиелеген шәкірт белгілі бір уақыт аралығында жетістікке жетіп, өз жұмыстарымен танылмағанда осы дүниенің қызығы болмай қалады мен үшін. Ал алғашқы шебер буынды Ресей, Сауд Арабияға дейін жіберіп, көрген-білгенін арттыруына үлес қостым десем, артық емес.
МАҚСАТ – ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕП, ҚАЗАҚТЫҢ МӘРТЕБЕСІН ЖОҒАРЫЛАТУ
– Кез келген сауалға өз маманынан артық ешкімнің жауап бере алмайтыны ақиқат. Бірақ бұл сауалға маман емес, адам ретінде ойыңызды білсем. Бүгінгі ұрпаққа қарап, болашақты қалай елестетесіз?
– Бүгінгі буынға қарап, ештеңе елестете алмайсың, өйткені, келеңсіз уақыттан өткен біздер келешек ұрпаққа жауап беруіміз керек. Бүгінгі жастарға зер салсаң, бойында жауапкершілігі бар, ақыл-ойы толысқан, кез келген мәселеде өзінің пікірін ашық жеткізе алатын көш бой түзеп келе жатыр. Біздің жасаған дүниелерді егер олар мектептегі «Еңбек» сабағынан үйреніп шығатын болса, олардың бойында тек қазақылық қасиет емес, адами болмыс берік болар еді. Сананың сандық жүйеге деген тәуелділігін дұрыс жағынан басқара білетін жастар артса, олардың болашағынан мол мүмкіндік күтуге болады. Айтарым – осы.
– Енді отбасыңыз жайында айтып беріңізші, ұл-қыздарыңыз да қолөнер бұйымдарын жасаумен айналыса ма?
– Өзім Қызылорда өңірінен болғаныммен, қазір Түркістан қаласында тұрамыз. Қолөнершілікті отбасымызбен кәсіп еткенбіз. Өнеркәсіп дейтініміз де, содан. Жасайтын дүниелердің қиын қиыстары мен жону жұмыстарын, ойып, келтіру тұсын өзім жасайтын болсам, қалған тегістеу, дұрыстау жұмыстарын жұбайым, бала-шағам істейді. Құдайдың берген бес перзенті де қолынан іс келетін іскер, ісмер жандар. Шағын мемлекетімдегі басты ереже – қазақы дәстүр-ғұрыптың өз деңгейінде сақталып, үйдің әрбір мүшесі болмысы бөлек халықтың тарихын жіті білуі. Одан қалды, адамгершілік қағидасын биік орынға қоюы. Заман ағымына ілесу барысында бала-шағамды еңбекқор, төзімшіл етіп тәрбиелеуді негізгі нысанаға алғанмын. Содан болар, баршасы іске икемді, жұмысқа төзімді. Мектеп бітірген ұл-қызымның барлығы жоғары оқу орнында өнер, ұсталық, ғылым саласында білім алып келеді. Алды аспирантура деңгейінде білімін жетілдіріп жатыр. Қыздан көрген 4 немерем бар, Құдайға шүкір! Алдағы біржылдықта ұлымды үйлендірмек ниеттемін.
– «Дәстүр» қолөнер қоғамдық қоры арқылы аймақта бірқатар жұмыс атқарғандарыңызды білеміз. Алда қандай жоспар бар?
– Бұл қорды атына заты сай етіп пайдаланып келе жатырмыз деп ойлаймын. Осы кезге дейін аз дүние жасадық деп те, көп дүние жасадық деп те айта алмаймын. Бірақ, 4-5 жыл көлемінде көптеген облысты аралап, түрлі көрме өткізу үстіндеміз. Басты мақсатымыз – Қызылорда облысында осы бағытта бірнеше жоспарды жүзеге асырып, сырбойылық тұрғындарды құндылықтарымызды дәріптеуге шақырып, дәстүрімізді насихаттау. Одан кейін бұл дүниелер іске асқан соң, қазақтың мәртебесін жоғарылату. «Дәстүр» қолөнер қоғамдық қорының негізін қалаушы жан – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, ғалым Айдана Әлайдарова. Ол дәстүрге деген қызығушылығы арқылы қолөнер шеберлерімен бірлесе келе, ұжымдық жұмыстар атқарып келеді. «Дәстүр» арқылы басқа облыстарға үлгі болып, жетістіктерімізді көрсете білдік. Енді Алла қаласа, алдағы уақытта еліміздің бірнеше облысында «Дәстүр» қолөнер қоғамдық қорының филиалдары ашылмақшы. Ол қай өңірлерде жүзеге асатыны әзірге құпия болып қала берсін.
– Тағы да айтар дүниелеріңіз болса, мархаббат.
– Кешегі 30 жыл:
Сау боп жүріп, көрсетеді масаң қылық,
Жақсы екен ғой, жағымпаз, жасандылық.
Жақсы тірлік бастасаң, аяғыңа,
Тұсау салып қояды қасаң қылық, – деп мынау қасаң өмірден де өтті ғой қазақ. Бүгінгі буын бұдан былай өрлі, қасиетті, жігерлі ұлт боларына сенемін. Қолөнершілік тек өнер емес, бағзы даланың бәдәуи тарихына да үңіліп, одан керегін алып, керек емесін жадыңа тоқып қоюдан тұрады. Күндердің күні оның да айтылатын уақыты жақындайды. Кеңес үкіметі кезінде еркін сөйлей алмадық, рас, ал қазір сол еркіндіктің кезі ғой. Сол сияқты, іштегі әуен өз уақытында ойнауы тиіс. Адамзатқа қажет нәрсе – бірінші мақсат. Ал мақсаттың ішіне елдің тарихын білуді, ұлттық үрдісінен хабардар болуды, өнеге мен білімге жақын болуды тізген болсаңыз, сізден қуатты, сізден озық жан болмайды. Білімнің атасы – философия болса, шығармашылықтың атасы – қолөнершілік дер едім.
– Уақыт бөліп, сүбелі сұхбат бергеніңізге рақмет, аға! Аман болыңыз!
ТҮЙІН. Жоғарыда айтылған құнды дүниелерді бойына сіңірген ұлт – ұлттың төресі болары хақ. Қазақы болмысты заманың кері ағымы деп қабылдайтындар көп. Ол сізді соңында жардан құлатады. Ал болмысты құндылыққа негіздесеңіз, руханиятыңыз таза, жолыңыз ашық болады. Бүгінгі сұхбаттан түйгеніміз – осы.
Сұхбаттасқан
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!