Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланың бүгіні ойыншық емес, ояныңыздар, аналар!

19.02.2026, 7:40 38

Бала саулығы қашанда басты орында тұрады. Дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап, былдырлап сөйлеп, тәй-тәй қадам басып кеткені, кейіннен қатарына ілесіп, уақытылы дамуы – бұл бүгінгі ата-ана жеңісімен пара-пар. Неге бұлай деп отырмыз? Қазіргі уақытта цифрлық дәуірдің дүркіреп тұрған шағында біздің балаларымыз, әрине,  кей  бала осы цифрлық  кеңістікте  кері  дамуда. Бұлай деуімізге кеш сөйлеп, даму үдерісі баяу, қатарынан қалып бара жатқан балалар  дәлел. Бүгінгі  балалардың  басты  мәселесі  осындай. Неге  бұндай  диагноз  жиілеп  кетті? Бұған кінәлі кім? Осындай проблемасы бар ата-аналар не істеуі керек? Алдын алу үшін қандай шаралар қолданған жөн? Осы және өзге де сауалдарға педиатрия саласының білікті маманы және интегративті дәрігер Гүлвира  Қанатқызымен  сұхбат барысында  жауап  іздеп  көрдік.

– Гүлвира Қанатқызы, сұхбатқа  келісім берге­ніңізге рақмет. Алдымен өзіңізбен жақын таны­сайық. Бала дәрігері болу – үлкен жауапкершілікті жүктейтін сала, осы ретте, еңбек  жолыңыздан  бастайық.

– Иә, дәрігер болу жоғары білімді ғана емес, мықты төзімді қажет етеді. Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлегімін. Тоғыз жылдық білімі бар дәрігермін. Алғашқы еңбек жолымды облыстық көпбейінді балалар ауруханасында педиатр болып қабылдау бөлімінен бастадым, кейін­нен реанимация бөліміндегі балаларға жауапты дәрігер болдым. Қазіргі уақытта бала күтіміндегі демалыстамын, сонымен қоса жеке интегративті дәрігерлік жолды бастадым. Балалардың ішкі құрылысы, ішек саулығы, даму дағдысы – осының бәріне қазір жауапты әрі бақылаушы дәрігермін. Жалпы, интегратив­ті дәрігер ұғымы біздің өңірде әлі де дұрыс қалыптаспаған. Алматы, Астана секілді үлкен  қалаларда бұл бағыт жоғары деңгейде дамы­ған, демек  сұраныс  жоғары  деген  сөз.

Ал, енді  еңбек  жолым  бала денсаулығымен астасып келгеннен кейін, баланың жай-күйі, тұрақты түрде қалыпты дамуы бүгінгі менің бас­ты мақсатыма айналды. Өзіңіз айтқандай, психо­ло­гия­лық ақыл-ой қабілетінің, сөйлеуінің кешеуілдеуі (аутизм, ЗРР, ЗПРР), тағы да сол секілді даму дағдысына кері әсерін беріп жүрген диагноздар көбейіп кеткені рас. Осы тақырыпты кеңінен талқылауға әзірмін, ашығын айту қажет, неге? Себебі бүгінгі баладағы бұл мәселе тек анаға ғана емес, отбасы мүшелеріне де қатысты. Осы бағытта Алматы қаласындағы ғылыми орталықта жоба қорғап, Алла қаласа, көктемде Әзербайжан мемлекетінің Баку қаласында өтетін Халықаралық семинарда шетелдік әріптестерден тәжірибе  жинамақшымын.

– Дұрыс айтасыз, бүгінде баланың дамуы басты мәселеге айналғаны «Біз неден қателестік?» деген сауалды алға тартады. Ендеше, негізгі тақырыбымызға көшейік, сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуіне не себеп? Неге мұндай диагноздарды  жиі  естиміз?

– Алдымен, ананың жүктілік кезеңінен бастағанымыз жөн болар. Аяғы ауыр әйел – болашақ ана, болашақ бір тұлғаны қалыптастырушы. Осы ретте, жүктілікке селқос қарамау керектігін ескерген дұрыс. Яғни  ана тек өзінің ғана емес, болашақ дүниеге келгелі тұрған сәбидің де жағдайын ойлап, уақытылы ем алып, қажетті дәрумендерін қабылдап, ағзаның әлсіз тұстарын реттеуі керек. Бізге кей ана баласын түрлі диагноз, асқынған анализбен 2-3 жас, тіпті кейде 4-5 жасында әкеледі. Сол сәтте анализдерімен толық танысып, ағаттық әу баста, жүктілікте кеткенін байқаймыз. Егер әйелде жүктілік уақытында анемия, темір тапшылығы, өт жолының толуы секілді ағзасында қандай да бір бұзылыс болса, дереу дәрігерге қаралып, тапшылықтың орнын толтырып отырғаны абзал. Себебі, осы кезеңге селқос қарауының салдарынан баланың да ағзасы осындай тапшылықтармен, тіпті бұдан да ауыр диагноздармен бетпе-бет келуі әбден мүмкін. Мәселен, ағзадағы қажетті деген элементтердің аздығы даму дағдысына тікелей әсер етеді.

Одан бөлек, баланың дүниеге келгендегі сарғыштығын «желтуха» деп атаймыз. Бұл көбіне ана мен баланың қан тобының сәйкес келмеуінен пайда болады. Осы сарғыштық – уақытында емдел­месе, яғни жойылмаса, баланың миына тіке­лей зақым келтіруші болып саналатын зиянды құбылыстардың бірі. Бұл дегеніміз – баланың алда­ғы уақытта жылдар бойы қалыпты қалып­тасып кетуіне кедергі тудырушы. Қазір расын айту керек, сарғыштықтың билирубин (қан сынағы. – ред.) деңгейі өте жоғары көрсеткішпен дүниеге келіп жатқан сәби көп. Негізгі нормасы 100-150 шама­сында  болса, күні кеше ғана 9  күндік сәбиден 400 билирубин деңгейіндегі сарғыштық анықталды. Қазір осы баланы бақылаудамыз, қажетті емін жүргізіп жатырмыз. Сарғаю белгілері бар сәбилерге арналған арнайы фототерапиялық жарықшамы қолданылады. Бұл емдеу әдісі баланың ағзасындағы артық билирубинді азайтып, денсаулығын қалпына келтіруге көмектеседі. Ем-шара қауіпсіз, еш ауыртпалықсыз және дәрігер бақылауымен жүргізіледі. Десе де, көп жерде бұл билирубинді 21 күн ішінде ағзадан алуға әрекет жасауға болады деп жата­ды. Бірақ, бұл – қате түсінік. Небәрі тоғыз күндік бала қанында билирубин мөлшері 400-ден  асқан, бұның  өзі шұғыл дәрігердің көмегіне жүгіне­тін жағдай. Мұндай сәттерде, жалпы, ағзадағы билирубин шамасын сағат сайын өлшеп, қажетті шараны уақытылы жасап отырады. Ал егер селқос қарап, салғырттықпен уақыт өткізіп алса, салдарын болашақта бала көреді. Яғни, баланың дамуында сөйлеуі кешеуілдейді, тіпті кейде тежеле­ді, жүйке жүйесіне де біраз соққы болады. Ойлау қабілеті, сөзді жеткізуі, жүйке жұмыстарының жақсы болуын қалаған әрбір ана осы сарғыштық белгісі сәбиінен табылса, дереу дәрігермен етене жұмыс істеп, ағзадағы артық зиянды мөлшерін азайтуға әрекет етуі керек. Осы ретте аналарға тағы бір айтатынымыз – сәбиді ана сүтімен қорек­тендіру. Бұл осы айтып отырған сарғыштықты жоюдың жылдам жүруіне көмектеседі. Мәселен, ана сүтінде қаншама мыңдаған жаңа туған нәрес­теге керекті иммунитет бар, осы арқылы баланың тезірек ет жинап, басқа да түрлі вирус, жұқпалы дерттерден ада болуына үлкен септігін тигізетінін әлі де айтып келеміз. Әрине, кей анада табиғи ана сүтімен емізуге болмайтын диагноздар болады, мәселен, қант диабеті деген  секілді. Бұл ретте қосымша сүтке көшуге тура келеді. Міне, жалпы, бүгінгі баланың сау болуына, тұрақты түрде дамуына осындай да факторлар әсер етеді, яғни сәбидегі сарғыштық – селқос қарайтын қалыпты құбылыс емес. Салдары осы біз көтеріп отырған  мәселеге  әкеп  тірелуі  әбден  мүмкін.

– Бала дамуының баяулауының басты салдары сәби кезеңдегі дұрыс бақылаудың болмауы болса, біз білмейтін тағы да қандай белгілер немесе факторлар болуы  мүмкін?

– Бәріміз білетіндей, біздің аймаққа экология­лық аймақ деп біршама жеңілдік жасалған. Осы ретте бүгінгі баланың дамуына кері әсер етуші факторлардың бірі экологияны қарастыруға негіз бар. Баладағы йод тапшылығы біршама кедергіге әкеледі. Яғни, йод қалқанша безінің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет. Ал қалқанша безі гормондарды шығарады. Атап айтар болсақ, өсуді, мидың дамуын, энергия алмасуды реттейді. Ағзадағы йод тапшылығы баладағы ақыл-ой қабілетінің баяу дамуы­на, сондай-ақ, сөйлеу, есте сақтау қабілетінің тежелуіне апарады. Тіпті кей қиын жағдайда бала­ның интеллект деңгейінің төмен­деуіне әсер етуі мүмкін.  Жалпы, осы йод жеткіліксіз болған жағ­дайда баланың тек ақыл-ой дамуы ғана емес, бо­йының өсуі, уақытылы салмақ қосуына да кері әсер етеді. Йод тапшылығы бар бала тез шаршайды, энергиясы аз, әлсіз болады. Мұндай балалар аурушаң келеді. Яғни кез келген жұқпалы вирус түрін бірінші тартып алады. Енді ойлана беріңіз, бір ғана элемент  біршама  ағзаның  дамуына  жауап­ты. Экологиялық аймақ деп жатамыз, десе де, дәл осы йод тапшылығы бойынша Қызыл­орда алдыңғы орында тұр. Бір қынжылтатыны, тағы бір экологиялық аймаққа жататын үлкен атомдық жарылыс болған Семей қаласы емес, біздің қарапайым көзқараспен қарап жүрген тұзды өлкелі аймақ­тағы тұздағы йодтың жетіспеушілігі біршама ағзаның  жетілуіне кері әсер етуде. Біз бұрындары ДЦП, аяқ-қол қозғалысының мүмкіндігі шектеулі балаларға баса назар аударсақ, бүгінгі күні миының дамуы баяу, тіпті тежелу үстіндегі балаларды жиі кездестірудеміз. Бала сөйлемейді, назар аудар­майды, ашушаң келеді, қалыпты назар қалыптаспайды. Міне, осының барлығы болашақтағы бір-бір тұлғаның жойылуына әкеледі. Сол үшін де көп жағдайда аналарға «алдымен ағзадағы йод тапшылығын толықтырайық» деп кеңес береміз. Сіз бен бізге қарапайым болып көрінген элементтің ағзада атқарар қызметі мен қажеттілігі осында. Көп ана біле бермейді, көпшілігі мән бермей жатады.

– Расымен де, қазір осы диагнозбен шыр-пыр болған ананы көп кезіктіреміз. Бала дамуының баяу­лап жатқанын қандай белгілерден байқай аламыз? Қандай  белгілерге  баса  назар  аударғанымыз  жөн?

– Басты белгілердің бірі – баланың тұрақты назарының болмауы, есімін атаған сәтте бұрылып қарамауы. Алғашқы белгілерінен бастасақ, бала­ның сәби кезіндегі айлық дамуы. Осы даму бары­сында бала әр айда қалыпты нормамен дамуы қажет. Оған сәбидің гуілдеуі, түрлі затқа, түске назар салуы, уақытымен отырып, еңбектеуі жатады. Міне, осы қалыпты даму дағдысы нормамен орындалмаса, ана дереу дабыл қағуы қажет. Біздің елде жауыр болған, аналарға жақсы сылтау болған бір сөз бар, «2-3 жасқа келгенде сөйлеп кетеді, әр баланың дамуы әртүрлі» деген. Шетелдік тәжірибемен танысқан, осы саланы жетік зерттеуші маман, бала дәрігері ретінде де, 4 баланың анасы ретінде де бұл тұжырыммен толықтай келіспеймін. Шетелдік әріптестеріміз баланың дамуының баяулығын, тіпті аутизмді ерте 7 айынан бастап анықтай алады. Өкініштісі сол, біздің елде мұндай техника, білім, қызмет әлі де дұрыс дамымаған. Тіпті аутизмді көршілес ел Ташкентке апарып емдеу­де. Яғни Ташкент қазір халықаралық дәрежеде осы дертпен жұмыс істеуде. Неге елімізге осы дертке толық көңіл бөліп, керекті техника, тіпті білімді де қолға алмасқа? Бізде жас маманға көзқарас та, көңіл де толық бөлінбейді. Алға шығарып, жұмысының жетістіктерін ескеру де аз. Ал жастар көбіне шетелдік тәжірибемен елді салыстырып даму үстінде. Қынжылтатыны, елімізде аутизм, психологиялық ақыл-ой қабілетінің, сөйлеуінің кешеуілдеуіне (ЗПРР, ЗРР) аса назар аударылмаған. Ал аналар балаларын шетелге жетектеуде. Жоғарыда айтып өткенімдей, шетелде 7 айынан бастап белгілерді байқаған болса, өкініштісі сол, бізде 2-3 жаста байқап жатады. Осы ретте, «неге осынша кеш?» деген сауал туындауы мүмкін. Ащы да болса айтайын, ананың салғырттығы мен дәрігердің сауатсыздығы – себеп. Отбасының қолдауы да – үлкен көмек. Себебі, бұл диагнозды емдеу бір ғана жолмен жүрмейді, бұл жерде тек дәрілік препараттардан бөлек, баламен жаттығу жұмыстарын жүргізетін логопед мамандардың да бірлесуі міндетті. Сондай-ақ, анаға да үлкен төзімді, төзімге төтеп беретін қолдауды, онымен қоса ұзақ уақытты қажет ететін жұмыстар жүргізіледі. Қарапайым бір айлықпен өмір сүретін отбасының әйелдері келеді, баласының еміне қажетті қарапайым дәрумендерді алуға шамалары жоқ. Ал бұл дәрумендерсіз, жоғарыда атап өткенімдей, тапшылықтардың орнын толықтырмайынша келесі кезеңдегі емдерге өту нәтиже бермейді. Бала тек анаға ғана емес, әкеге де қажет. Ал әкесі мен анасы бірігіп жүретін пациенттерді сирек кезіктіреміз. Отбасы мүшелерінің де осы тұрғыда алар орны орасан, тиісінше, нәтижеге апармауына да келтірер кері тұстары да жетерлік. Айтқым келіп отырғаны, ем жүргізуге қаражаттың жетіспеушілігі, ал дәрі-дәрмекті үйдің кей үлкен кісілерінің түсінбеуі, дұрыс бағаламауы ананың сағын сындыратыны рас. Ал ананың ішкі күйі балаға сезіледі. Сондықтан да, осындай мәселеге душар болмас үшін «қабылдауыма отбасыңыздың  үлкені ата-енеңіз­бен  немесе  жолдасыңызбен келіңіз»  деп  жиі  айтамын.

– Қазіргі  уақытта  қызылша жұқпалы ауруы бала­лар арасында жиілеп кетті. Бұған басты себеп – уақытылы қызылшаға қарсы екпені (ҚҚП) алмаған­нан деп жатыр дәрігерлер. Бір өкініштісі, осы қызылшадан кейін де дамуы тежеліп жатқан бүлдіршіндердің бар екендігі. Әлеуметтік желідегі дүйім елді дүрліктірген дерт – қызылшадан кейін 5-6 жылдан соң баланың сал ауруына шалдығуы. Осы аталған дерттің  бала  дамуына  қаншалықты  қатысы  бар?

– Соңғы үш айда қызылшамен ауырған нау­қастармен байланыста болған балалар саны артып кетті. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы тез таралады. Салдары да тым ауыр. Ал екпеге келер болсақ, екпені уақытылы алмаған бала түрлі вирусқа төтеп бере алмайды. Нәтижесінде, денсаулығы нашар, ағзасы әлсіз бала боп өседі. Баланың сау иммунитеті мен тұрақты екпесі барша аурудың алдын алады. Әрине, екпе салуға сай, дайын ағза болса, кері әсерін бермейді. Ол үшін де алдымен толық тексерістен өту керек. Ал, қызылшаға келер болсақ, сауығуы да, кейіннен салдары да аса ауыр. Мәселен, қызылшаның тигізер әсері әр балаға әртүрлі. Демікпе, бөртпе, апталап түспейтін жоғары дене қызуы, ларингит, әлсіздік, стоматит, осының барлығы бір аурудың әсерінен болады. Бұны баланың көтеруі екіталай. Қаны аз, гемоглобині төмен балада бұл кезең өте ауыр өтеді. Тіпті реанимациялық деңгейде өткізетіндер де бар. Ал сауыққаннан ке­йін дәрігерлердің тәжірибесінде кездесіп жатыр, сіз айтқан сал ауруына шалдығу расымен де бар. Сондықтан да, ата-аналарға екпеден қашпай, бала­ның болашағына баса назар аударуларын сұраймыз. Ал екпені алу үшін бала сау болуы қажет. Яғни ағзасында ешқандай да тапшылық, екпенің  кері  әсерін тудырушы фактор болмауы керек. Осы ретте, тағы да айтып өтетініміз, баланың денсаулығына, қалып­ты дамуына ең бірінші ана жауапты. Ал қызыл­шамен ауыру кезеңі ауыр өткен бала­ларда ми жұмысының тежелуі жиі кездеседі. Бұл дегеніміз, әлсіз, иммунитеті толық қалып­таспаған бала осы ауру түрімен ауырса, әрине ағзадан бөлек, бірінші ми соққы алады. Тиісінше, мидың жұмы­сы тежеле бастайды. Яғни, ауруды ауыр өткізген­нен ағза одан әрі әлсіреп, кері нәтиже береді. Қызыл­шадан сауықтыру үшін қаншама антибио­тик дәрілер қабыл­дауға тура келеді. Ал зерттеулерге сүйенсек, адам 1 жылда кемі 5-8 антибиотикті дәрілер алған жөн. Әрине, ауырған сәтінде. Ал шамадан тыс анти­биотикті дәрілер ағзаға, тағы да миға әсер етеді. Сол үшін де баланың сау болуы алдымен ата-ананың қолында, шарасы таусылған жағдайда  ғана  дәрігердің  көмегіне  жүгінуі  қажет.

– Енді интегративті емге көшейік. Қателеспесем, осы бағытты қатар алып жүргеніңізге 2 жылдан асыпты. Аймақтағы ахуал қандай? Бұл ем түріне қызыл­ордалық  ата-аналардың  көзқарасы  қандай?

– Сұрағыңыз орынды. Қазір аймақта бұл ем түріне қалыпты көзқарас әлі де толық қалыптаспады. Неге? Себебі бұл ем қыруар қаражатты қажет етеді, сонымен қоса, үлкен жауапкершілік, төзім, тәртіпті талап етеді. Бұл ретте ананың жауапкершілігі дәрігердің алдында біршама айқын байқалады. Мәселен, толық тексерістен өтуден бөлек, кеңес алу да жеке болғаннан соң арзан тұрмайды. Сол үшін де болар, көпшіліктің қабылдауы әлі де үлкен қалалардағыдай қарқынды емес. Емханадағы тексеріс пен интегративті дәрігердің тексерісі екі түрлі. Себебі 24/7 байланыста болу, нәтижеге жұмыс істеу, арнаулы уақыт аралығында белгілі бір жетістікке жету – осы интегративті дәрігердің жұмысының төрттен бірі. Уақытылы тексеріс, тағайын­далған емдерді толық қабылдау, уақытымен балаға көңіл бөлу – ана мен интегративті дәрігердің  бірлескен  жұмысы.

Аймақ бойынша қазір аудандарда да ем алушы пациенттерім бар. Осы бүгінге дейін Арал, Қазалыдан 4 аутист, сөйлеу қабілеті кеш дамыған 2 баланы емдеу ісімен айналысудамын. Нәтиже жақсы, өз уақытымен жақсы өзгерістерге алып келеміз. Аудан немесе сырт аймақтардағы пациенттермен онлайн форматта бейнеқоңыраумен байланысып отырып, емін жүргіземін, кейде шұғыл жағдайда аудан аралап, үйлеріне  барып,  көзбе-көз  қабылдаймын.

Жалпы нәтиже бар, өзгеріс бар, даму да бар. Бұл бағытты денсаулықты басты орынға қойған жандар  ғана  жақсы  түсінеді.

– Сұхбатымыздың соңында бала дамуында басты жасау керек деген қағидаттарды бөліссеңіз. Мұндай олқылықтың  алдын  алу үшін  ата-ана не істеуі  керек?

– Алдымен, сәби кезеңге қатты көңіл бөлу керек. Қазір «ақпараттық соғыс» заманы болғандықтан, нағыз маманның ғана кеңесіне құлақ түрген дұрыс. Өз білгенімен артық қыламын деп, тыртық қылып алатын немесе өз уақытымен ілесіп кетеді деп салғырт қарайтын аналардың ағаттығынан бала болашақта зардап шегеді. Сондықтан баланың болашағына бүгіннен бастап белсене араласыңыздар дегім келеді. Сау бала – сау болашақ. Қарапайым гаджеттердің өзі баланың дамуына едәуір тежегіш саналатыны дәлелденген. Тәрбиенің бір тетігі осын ұялы телефондардың тізгініне түсіп кеткен заманда, бала болашағы емес, кей анаға баланың бүгінгі жыламай, тыныш болуы маңызды боп барады. Бұның салдарын ертеңгі күні өзіңіз бен балаңыз көресіздер. Баланың бүгіні де, болашағы да ойыншық емес, ояныңыздар, аналар!

– Ашық  әңгімеңізге, ақпаратыңыз­ға рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

ТҮЙІН. Біздегі бүгінгі сұхбат әрбір ананы ойландырған, толғандырған сауалдарына жауап болды деп ойлаймыз. Баланың болашағы мен денінің саулығы – бірінші біздің, яғни ананың қолында. Баланың бүгінгі саулығы – ананың жүктілігінің айғағы. Бала – болашағымыз болса, болашағымыз сау, саламатты  болсын!

Сұхбаттасқан

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: