Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауданды ауқымды жобалар түлетеді

13.06.2024, 10:00 2805

Мейрамбек  ШЕРМАҒАНБЕТ,

Қазалы  ауданының  әкімі:

Қазалы ауданы – Қызылорда облысының экономикалық қуатты аудандарының бірі. Мұнда өндіріспен айналысушылар көп болмаса да, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейген. Мәселен, шикізат, балық, ет, сүт өнімдері Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелге экспортталады. «Қазалы» атты мұз конфетімен танымал мекеннің тыныс-тіршілігі, даму динамикасы жайында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен сұхбаттасудың  сәті  түскен  еді.

– Мейрамбек Зинабдинұлы, қазыналы Қазалы өңіріне әкім болып келгеніңізге 100 күн толған екен. Әрине, аз ғана уақыттың ішінде қыруар тірлік атқару мүмкін емес. Дегенмен, біршама жұмыс істеліп жатыр. Оған халық куә. Мәселен, сіз қызметке келгелі тазалыққа басымдық бердіңіз. Мұның нәтижесі қандай? Өз аузыңыз­дан  естісек.

– Өздеріңіз  білесіздер, биыл  ақпан айында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы үлкен сенім артып, тари­хы шежірелі, Сыр еліндегі іргелі аудандардың бірі – қасиетті Қазалы ауданына қызметке келдім. Қазалы ауданы – ежелден тамыры тереңге жайылған тарихы бар, сонымен қатар қайраткер тұлғаларымен таныл­ған өңiр. Бұл, әрине, маған үлкен жауапкершiлiк жүк­тейдi. Сондықтан менiң негiзгi мақсатым – осы сенiм үдесiнен шығып, халыққа  адал  қызмет  ету.

Бұрыннан да білеміз, Қазалы ауда­ны – қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тіршіліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Киелі өңірде ең алдымен ауданның ақсақалдарымен, халқымен кездесіп, ақ батасын алып, жұмысымызды бастадық. Мұнан соң, әрине, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытын саралап, алдағы жоспарларымызды тиянақтадық.

Қазақта «Тазалық бар жерде тәртіп те бар, береке де бар» деген сөз бар. Осы бір ұғымды жанымызға серік етіп, барша қазалылық болып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, көктем айы басталысымен аудан аумағында  екі айлық санитарлық-таза­лық  айын  бастап  кеттік.

Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, биыл көктем айы басталысымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция­сы да басталды. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұр­пақ», «Мөлдір бұлақ» сынды 5 аптаға созылған бұл науқанға ел азаматтарымен қатар қазалылықтар белсене атсалысты. Жалпы ауданда респуб­лика көлемінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық кент, қала және ауылдық округте сенбіліктер ұйымдастырылды. Әрбір тазалық апталығының тақырыптарына сәйкес, аудан орталығы мен барлық елді мекеннің көшелері, аяқ су арықтары, саябақтар, скверлер, мекеме, кәсіпорын аумақтары, ауданның ішкі, сыртқы аймақтары қоқыстан тазартылып, ағаш және гүл шоқтары отырғызылып, ғимараттардың қасбеттерін және көше бойындағы шартақтар мен қоршаулар, жол белгілері, аялдамалар басқа да нысандарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылды.

Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде бүгінде 50 мыңға жуық халық тұрады. Әйтеке би кентін ауданның айнасы деуге болады. Осы кенттің тазалығы баршамыздың ортақ абыройымыз болғандықтан, кент аумағын 7 аймаққа бөліп, әрбір аймақ бойынша тазалық жұмыстарына кірісіп кеттік. Бұл жұмыстар әр сенбі сайын әлі де қарқынды жүргізіліп келеді. Жалпы «Таза Қазақстан» респуб­ликалық экологиялық акция­сы аясында ауданның санитарлық тазалығы, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын  болады.

Ал, абаттандыру жұмыстарына келер болсақ, алдағы уақытта кезең-­кезеңімен ауданның бас қақпасы саналатын теміржол вокзалын, қаншама жылдық тарихы бар Жеңіс сая­бағын, сонымен қатар аудандық әкімдік ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей алдын, Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңға абаттандыру жұмыстарын жүргізуді  жоспарлап  отырмыз.

– Қазалының топырағы қасиет­ті. Осы киелі өңірден талай талант пен даңқты  батыр, қара қылды қақ  жарған би-шешендер шыққаны бәрі­мізге аян. Сондай жаужүрек жауын­гердің бірі Жанқожа Нұрмұхаммед­ұлының туғанына биыл 250 жыл толды. Осы орайда батыр бабамыздың ерлік істерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа таныту мақсатында  қандай  іс-шаралар  жүзе­ге  аспақ?

– Алаштың анасына балаған Сыр өңірінде талай жаужүрек батыр мен аруақты әулиелер, ғұлама ғалымдар мен би-шешендер, ақын-жазушылар дүниеге келіп, өсіп-өнгенін жақсы білесіз. Әрине, олардың алғашқы легінде ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Сыр бойындағы ұлт азаттығы күресінің қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы тұр. Биыл қазалылықтар халық батыры Жанқожа Нұрмұхам­медұлының 250 жылдығын кең көлемде атап өтпек. Мерейтой аясында облыстық жыр-дастан орындаушылар байқауы, конференция, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар тағы басқа да ауқымды іс-шаралар жүзеге асады. Сондай-ақ ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш  орнату  жоспарлануда.

Жалпы, ел тұтастығы жолында жанын пида еткен бабаларға тағзым ету – азаматтық борыш десек, жасампаздығымызды паш ететін бұл іс-шараның болашақ ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі үлесі зор болмақ. Бұл, бір жағынан, асылды ардақтаудың, батырды бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болатындығына сөз жоқ. Ендігі жұмыс – баба мерей­тойын жоғары деңгейде өткізу. Бұл – елдігімізге сын, халықтық іс. Себебі, батыр баба – баршамызға ортақ.

Мұнан бөлек биыл Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кесенесінің аумағына абаттандыру, сондай-ақ «Қызылқұм» шекарасы аумағындағы батыр бабаның бейіті мен түнеуханасына жөндеу жұмыс­тары  жүргізілді.

– Қазалының тағы бір озық тұсы кәсіпкерлік саласы өрге басқан. Ел аузын­да «екінші Түркістан» деп аталып кетуінің де себебі осында. Кәсіпкерлік саласы туралы толығырақ тоқталсаңыз… Аудан халқының қанша пайызы кәсіпкерлікпен айналысады? Соның ішінде кәсіптің қандай бағытына  басымдық  берілген?

– Ауданда 2024 жылдың 5 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкер­лік субъектілерінің саны 5673 бірлікті құрады. Жыл басынан жаңадан 688 кәсіпкер тіркеліп, өз жұмысын бастаған. Жалпы, бұл саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағ­дарламалар шеңберінде жыл басынан  бері жалпы көлемі 1 мил­лиард 532 миллион теңгені құрайтын  48  жоба  қаржыландырылды.

Ендігі кезекте, ауыл халқының табысын арттыру бағытындағы «Ауыл аманаты» жобасы және 21-35 жастағы азаматтарға арналған 2,5% жеңілдетілген несиемен қамту бағдарламалары басталған кезде тиісті сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды несиелендіру шаралары қолға  алынатын  болады.

Осы жылдың 4 айында өнеркәсіп  көлемі  8,2 миллиард теңге  болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салысты­рғанда, нақты көлемінің индек­сі  104,3%-ды  құрады.

Өнеркәсіп саласының басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 7,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемінің индексі 103,6%-ды көрсетіп  отыр.

Биылғы ақпан айында Жалпы­ұлттық бірыңғай жобалар пулы аясында құны 501 миллион теңге құрайтын «Жанкент Агро» ЖШС-нің күріш өңдеу зауыты іске қосы­лып, өнім шығара бастады (қуат­тылығы – жылына 5000 тонна, жұмыс  орны – 10). Кәсіпорынның іске қосылуы ауданымыздағы өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласының өсіміне оң септігін тигізетін болады.

Қазалыда сауда-саттық пен қыз­мет көрсету саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтуға болады. Осы жылдың 4 айында бөлшек сауда көлемі 3,8 миллиард теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңіне нақты көлемінің индексі 102,8%-ды құраса, 40 адамды жұмыспен қамтитын 11 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қосымша 20-ға жуық кәсіпкерлік нысан пайда­лануға  беріледі  деп  күтілуде.

– Қазалы соңғы жылдары қарқынды құрылыс алаңына айналды. Тіпті, шалғайдағы елді мекендердің өзінде бірқатар әлеуметтік нысан салынуда. Енді осы құрылыс жұмыстарына тоқталып өтсеңіз… Аймақ басшысының тапсырмасымен облыстың өзге аудандарында «Рухани орталықтың» құрылысы жүріп жатыр. Мұндай орталық біздің ауданда да бой көтере ме?

– Орынды сұрақ. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен, 2024 жыл Сыр өңірінде «Руханият» жылы болып жарияланды. Жыл аясында өңірде мәдени-көпшілік іс-шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Барлық ауданда аймақ басшысының бастамасымен «Руханият» орталықтарының құрылысы басталуда. Жуық арада аудандағы құны 1,7 миллиард теңге болатын аталмыш нысанның іргетасы қаланбақ. Орталықтың орны Әйтеке би кенті, Жанқожа батыр көшесі бойын­дағы аудан әкімдігі мен Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы ғимар­атының ортасынан белгіленді. Рухани кешен аяқталғаннан кейін музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени ұйымдар осы типтік үлгідегі орталыққа біріктіріліп, халыққа қызмет ететін  болады.

Құрылыс саласында қарқын бар. Биыл Қазалы ауданында бір­қатар нысан ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табыс­ты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қо­лайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жо­ба­сы  қолға  алынды»  деген  болатын.

Міне, осы қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимараты құры­лысы қарқынды жүргізілуде. Мектепті қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Мердігері – «Асар» ЖШС. Қазіргі уақытта 2-қабатының кірпіш қалау, ішкі сылақ, терезе орнату, жертөленің жылу жүйесі және кәріз желісі жұмыстары жүруде. Аталмыш жоба аясында биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталады.

2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб нысаны құрылысын бастауға 200 млн теңге бөлініп, мердігерлері анықталып, құрылыс  жұмыстары  басталды. Олар – құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентінденгі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 398,4 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би ауылынан спорт кешені, Қожабақы ауылынан спорт кешені (құны – 537,7 миллион теңге). Бұл қатарда 399,1 миллион теңгелік Майдакөл ауылынан 100 орындық  клуб  та  бар.

Өздеріңізге белгілі, былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 50 отбасыға баспана тапсырылған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғынжай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 75 тұрғын үй  құрылысы  басталды.  Бастап­қы 21 тұрғынжайды  сатып  алуға  266,973 миллион теңге бөлінді. Қосымша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 129  тұрғынжай  сатып  алуға  бюджеттік  өтінім  тапсырылды.

Бір сөзбен айтқанда, ауданды ауқымды  жобалар  түлетеді.

– Мейрамбек Зинабдинұлы, жол қатынасы – тұрғындар үшін ең өзекті проблема. Соның ішінде астын сызып айтатын мәселе – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы жол жағдайы. Бұл туралы не айтасыз? Тақтайдай  тегіс  жолға  қашан  қол  жеткіземіз?

– Ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 406 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы және елді мекендердің 430 шақырымды құрайтын 470 көше жол тораптары бар. Оның ішінде, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 86%-ды құрайды. Елді мекендер бойынша бұл көрсеткіш 65% болып отыр. Әсіресе, аудан орталығы Әйтеке би кентінде асфальт  қабаты  салынған жолдар 50%-ға да  жетпейді.

Осы тұрғыда біршама жоба қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 70,0 миллион теңгеге жұмысы басталған Әйтеке би кентіндегі 2,4 шақырымды құрайтын Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жобасын биыл аяқтауға ұлттық қор есебінен 691,8 миллион теңге алып отырмыз. Жанқожа батыр көшесінің асфальт қабатын қайта ауыстырып, жол жиегін бекіту және қоғамдық көлік аялдамаларын орнату, сонымен қатар, көлік кептелісін азайту мақсатында Пірімов көшесімен қиылысына бөлек жол айрығы жүргізілмек. Ал, Әйтеке би көшесінің 1,7 шақырым автомобиль жолын барынша кеңейтіп, 8 автобус аялдамасы және 110 жол белгісі жаңадан орнатылмақ, жол сапасын арттыру мақсатында 2 қабатты жол  төсемдері,  яғни  асфальт  салынады.

Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің Бегім ана және Сырым батыр көшелері толық асфальттанып пайдалануға берілді. Кенттегі 6 көшеге құм аралас малта тас қоспасы салынды. Оған рес­публикалық бюджеттен 198,0 миллион теңге қаржы  бөлінген  болатын.

«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 10 көшесіне мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы жұмысты бастауға республикалық бюджеттен 69,0 миллион теңге бөлініп отыр. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 5 шақырым көшеге асфальт қабатын төсеу, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу және аяқсу өткіз­гіш­терін орнату жұмыстары атқарылатын бола­ды.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша да жұмыстар жалғасуда. 2024 жылға облыстық бюджеттен бөлінген 120,0 миллион теңгеге «Бозкөл-Тасарық» (жоба құны – 687071,0 теңге), «Бекарыс­тан би – Шөмішкөл» (жоба құны – 546198,0 мың теңге) бағытындағы барлығы 20,4 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыс­тары жүріп жатыр. Жолды пайдалануға беруге республикалық бюджеттен 164,0 миллион теңге, қажеттігіне қарамастан, мердігер мекеме «Қазалы жолшы» ЖШС өз қаражаты есебінен жобаны аяқтауға жұмыс істеуде.

«Бозкөл-Тасарық» автомобиль жолының 11,2 шақырымына құм аралас малта тас қабаты төселіп, жол бойына 2 дана су өткізгіш құбырлар орнатылды. «Бекарыстан би – Шөмішкөл» автомобиль жолына гравийлі құмды қоспа (ГПС) қабаты төселіп, 1 дана су өткізгіш құбыр салынды. Қазіргі кезде Әйтеке би кентінің кезек күттірмейтін 10 көшесін орташа және күрделі жөндеу бойынша жоба-сметалық құжат­тар әзірленіп, сараптама қарауына жолданды. Сондай-ақ, Әйтеке би кентінің жалпы ұзындығы 5,1 шақырымдық Әбілхайыр хан, Желтоқсан, А.Байтұрсынов көшелерін күрделі жөндеу, ұзындығы 3,1 шақырым Аманкелді, Қобыланды, Төремұрат жырау, С.Жәрім­бетов, С.Нұрхатов  көшелерін  орташа  жөндеуге жоба-­сметалық  құжаттары  әзірленуде.

Ендігі өздеріңізге белгілі, ауданымызда бірнеше жылдан бері құрылысы басталып, мердігер мекеменің жауапсыздығына және басқа да себептерге байланысты кешеуілдеп келе жатқан Әйтеке би және Қазалы қаласын байланыстырып жатқан 7 шақырымды құрайтын жолдың жайы күрделі мәселе болып келген болатын. Алайда бүгінгі таңда бұл мәселенің шешімін табуға бірлесе жұмыстар атқарылды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырысымен жүзе­ге асып жатқан аталған аудандық маңыз­дағы авто­мобиль жолын қайта жаңғырту жұмы­старын аяқтау мерзімі 2022 жылдың 30 желтоқсаны болатын. Құрылыс жұмыс­тары мердігер мекеме тарапынан биылға дейін жалғасып келді. Дегенмен, осы жұмыстар тікелей бақылауға алынып, бұрынғы мердігер мекемемен сот шешімі арқылы біржақты келісімшарт бұзылды. Қазіргі кезде 838,1 миллион теңге қаржыға қалған жұмыстарды аяқтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жақын уақытта қорытынды шығады деп күтілуде. Биыл 4 жолақты жолды аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

– Тұрғындарды сапалы ауызсумен, «көгілдір отынмен» қамту мәселесі де қашанда күн тәртібінде тұр. Осы орайда аудан халқының қанша пайызы тіршілік нәрімен және газбен қамтамасыз  етілген?

– 2022 жылы 2025 жылға дейінгі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосудың егжей-тегжейлі схемасы бекітілді. Жалпы аудан бойынша ауызсумен қамтамасыз етілуінің индик­аторлық үлесі 97,3 пайызды құрайды. Орта­лықтандырылған су жүйесіне қосу үшін жоба құны 389,4 миллион теңгелік жоба-сметалық құжаттары әзірленген Шәкен, жоба құны 730,6 миллион теңге тұратын Сарбұлақ және жобасы 235,7 миллион теңге Шилі елді мекендерін ауызсумен қамту жобалары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сарбұлақ және Шәкен елді мекенін қаржыландыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Аталған жобаларда су айдау насостарын орнату, су сақтау резервуарын, су тұщыту қондырғысын салу және сервистік су желісін тарту жұмыстары қаралған. Ал, Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендерін су тұщытқыш қондырғысы арқылы ауызсумен қамту үшін 2024 жылға аудандық бюджеттен 26,0 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оған Ажар, Жұбан елді мекеніне су тұшытқыш қондырғылары сатып алынатын болады. Осы жұмыстарды іске асыру арқылы  2025  жылға аудан бойынша барлығы 42 елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсумен толықтай  қамтитын  боламыз.

Енді аудан тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге келер болсақ, ауданда жалпы газбен қамтудың индикаторлық үлесі елді мекендер бөлінісінде 17,0%-ды құрайды. Ал, жеке тұрғын үйлердің 65%-ы «көгілдір отынға» қосылған (барлығы – 14994 үй, 9736 үй газдандырылған). Елді мекендерді газдандыру бойынша 2023 жылдан өтпелі Абай елді мекеніндегі орамішілік газ желісі құрылысы жалғастырылуда, қаржысы толығымен шешілген, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 85%-ы атқарылды. Жоба құны – 343,1 мил­лион теңге. Сәтін салса, жыл аяғына дейін Абай ауылының тұрғындары үшін «көгілдір отын» пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, «Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түкті­баев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салу құрылысы» жобасы бойынша республикалық, облыстық бюджетен 1562,4 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде (жоба құны – 3863,8 млн теңге). Жеңімпаз анықталысымен, құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ, «Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақтан батыр елді мекеніндегі орамішілік газ құбырын салу» құрылысына облыстық бюджеттен 325,9 млн теңге қаржы бөлініп, жеңімпазы анықталып, құрылысын бастауға жұмыстар жүргізілуде (жоба құны – 371,2 млн теңге).

– Қазалылықтардың негізгі кәсібінің бірі – егін шаруашылығы. Енді осы егін жайында сөз қозғасақ. Жергілікті диқандар биыл қанша гектарға егіс екті? Су  тапшылығының  алдын  алуда қандай  қарекет  жасалуда?

– Биыл Қазалы ауданы бойынша барлығы 17377 гектарға ауыл шаруашылығы дақыл­дарын орналастыру жоспарланған. Атап айт­қанда, дәнді дақылдар – 6637 гектар, майлы дақылдар – 65 гектар,  картоп,  көкөніс,  бақша – 2384 гектар, малазықтық дақылдар – 8291 гектар,  негізгі  дақыл  күріш – 6 200 гектар.

Биылғы жылдың егіс сызбасын даярлау барысында әртараптандыру бағытындағы жұмыс­тарға ерекше мән беріліп, өткен жылмен салыс­тырғанда жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 112 гектарға артық орналасты. Негізгі дақыл күріштің көлемі 250 гектарға азайған. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін 146 гектар жерге барлығы 281 адам бірігіп, аталған дақылдарды егу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге 15 гектар картоп, 35 гектар көкөніс,  46 гектар бақша дақылдары егілді.

Су тапшылығына байланысты 2024 жылға егістікке қажетті судың  лимиті – 350 мил­лион  текше  метр,  экологиялық  жағдайға 270 миллион текше метр жоспарланған. Алайда ауданға егістікке 335 миллион текше метр, экологиялық жағдайға 270 миллион текше метр, барлығы 605 миллион текше метр болып бекітілді. Сондай-ақ, вегатациялық кезеңде су тапшылығын болдырмау мақсатында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы тарапынан биылғы жылы каналдарға 17,9 шақырым механик­алық тазалау жүргізілді. «Сақыбай», «Еңбек», «5х-4», «Бақы», «Коммуна» каналына механикалақ тазалау жұмыстары толық жүргізі­лді.

Ал, «РЗА» АҚ жаңбырлатып суғару арқылы 260 гектар сүрлемдік жүгері, «Smart Agro» ШҚ тамшылатып суғару тәсілімен 6 гектар бақша, яғни су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, барлығы 266 гектар жерге егіс егіліп, күтімге алынуда.

– Сұхбатыңызға рақмет!  Жұмысыңызға  сәттілік  тілейміз.

Сұхбаттасқан  Есет  ТАБЫНБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: