Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аманжол Оңғарбаев: Елдік мәселеде енжарлық танытуға болмайды

20.03.2025, 8:20 2615

Аманжол  ОҢҒАРБАЕВ, 

Арал  ауданының  әкімі:

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевпен екеуара әңгімеде теңізге қатысты сұрақтарды сөз соңына қалдыра алмадық. Оның себебін түсіндіріп отырудың өзі әбестік шығар. Экономикадан басталған сұрақтар кезегі экологияға да, экотуризмге де жетті. «Ауданда Орта Азиядағы алғашқы «Геопарк» ашылды» деп қалды әкім өз сөзінде. Мұның мән-маңызын әңгімелеушінің әсерінен соң ұғына түскендейміз. Тұрғындар үшін ең негізгі мәселенің бірі саналатын таза ауызсудың жайы биыл ауданда 100 пайыз шешімін табатынын білдік.

«Мемлекеттік қызметтің мінбесіне келуге қандай жайт әсер етті?» деген сауалымызға Аманжол Сақыпұлы «Мұнда жетелеп келген жауапкершілік деп қабылдауға болады» деді.

БАСШЫЛЫҚҚА  КЕЛГЕН  БОЙДА  ҚИЫНДЫҚТАРДЫҢ  ШЕШІМІН  ТАБУДЫ  КӨЗДЕДІМ

– Аманжол  Сақыпұлы, туған жерге ту тігіп, Арал ауда­ны әкімі қызметіне тағайындалғаныңызға да бір жылдан асыпты. Алғашқы жұмыс күні қалай басталды? Аралдағы қандай  мәселе  ең  бірінші  есіңізге түсті?

– Көнекөздер «Дүниені жоғалтсаң орнын толтыру­ға болады, алайда уақыттың орны толмайды» дейтін. Арал ауданына әкім болып келген 1 жылда Арал халқы үшін тындырымды істер атқарылып, елдің ыстық ықыласы мен батасын алу мақсатында жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Соны бастамалар мен жаңа идеялардың үйлесім­ділігі болса, қиындық кедергі келтіре қоймайтыны  белгілі.

Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың: «Халқым менен де биік» деген әңгімесін білесің. Сол ғұлама туралы «Оның  өмірлік  жолы өз елін жақсы көрудің және ынтамен беріліп қызмет етудің үлгісі болды» деген пікір бар. Кез келген адам туған топырағында ойға алған дүниелерді істеп, халықтың игілігіне қызмет жасауды мақсат қыла­ды. Мен де осы көштің ішіндемін. Осы бір жылдың ішінде ойға алған жұмыстың бірқатары шешімін тапты. Көздеген меженің шешімін тауып жатқаны жігерлендіре түсті. Мұның бәрі алғашқы күннен бастап тілектес болған жанашыр жандардың қолдауының арқасында жүзе­ге  асты.

Ал мәселелер жайында айтар болсам, Аралдың мәселесі қашанда аудан әкімінің мәселесі болуы тиіс. Мен бірнеше шақырылымда облыстық мәслихат депутаты болдым. Осы жылдардағы халықтың қалауы, сұранысы, елдің тілегі бесенеден белгілі. Басшылыққа келген бойда сол қиындықтардың шешімін табуды көздедім. Маған дейін басталған жұмыстарды аяғына жеткізу алды­ма қойған ең үлкен миссиям болды. Осы мәселелерді шешу­де облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қол­дауын ерекше айтуы­мыз керек. Осы қолдаудың арқасында «сақалды» құрылыстар мен көптен шешімін таппай жүрген түйткілді  мәселелердің  жақын  арада  жақсы жаңалық­қа ұласуына жағдай жасалды. Соның ішінде Сексеуіл кентіндегі аурухана құрылысы, Ақшатаудағы мектеп пен Тоқабайдағы апатты жағдайда тұрған білім ошағының құрылыс барысын жеделдету де болған. Жаңа оқу жылында оқушыларымыз жаңа мектепке кірді. Жыл басында Сексеуіл тұрғындары жаңа аурухананың есігін ашып, «көгілдір отынның» игілігін көріп, қуанышқа бөленді.

– Жерлестеріңіз сіздің әкім болғаныңызды қалай қабыл­дады? Қазір Аралда тұрмаса да, республиканың түкпір-түкпірінде жүрген ел ағалары өзіңізге  қалай  қолдау  білдірді?

– Иә, пешенеңе жазылған Алланың бұйрығынан бас тарта  алмайсың. Кіндігіміз осы Аралда кесілген. Әкем – соғыс  ардаге­рі, ақжал  толқынмен  алысқан  балықшы болған, анам – қоғамның ыстығын да, суығын да көрген батыр ана. Әке-шешеден тараған он бала әртүрлі мамандықпен  еліміздің түкпір-түкпірінде қыз­мет еткен. Солар­дың  ішінде туған жерге қызмет ету маған бұйырыпты. Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол»  деген тәмсіл бар. Елге қызмет – кез келген азаматтың  борышы. Менің алдымда да талай жайсаңдар Арал үшін толғанған, мұндағы тұрғындардың қамын ойла­ған қай әкімге болмасын, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жерлес­тер үнемі қолдау білдіріп келген. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Қай кезде де тілеулес аға буынмен ойла­сып отыру­дың еш сөке­ті жоқ. Мақсат – айқын,  міндет – ауқымды. Қолдан  келгенше  азды-­көпті  тәжірибеге  сүйеніп  аудан  экономикасының алға  басуына  жұмыс  істегеніңе олар да тілекші. Арал – Қазақстан үшін айрықша мекен. Осынау ерекшеліктері  бөлек  ауданды басқаруда толымды тірліктер, жарқын жобалар жасалуы керек. Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің бағдарлы бастамаларын ел игілігіне асыруға тамшыдай үлес қоса алсақ, еңбектің  ақтал­ғаны  деп  білемін.

ТЕҢІЗГЕ  ҚАТЫСТЫ  ТОЛҒАҚТЫ  ТҮЙІН  БҮГІН-ЕРТЕҢ  ШЕШІЛЕ  ҚОЙМАСЫ  АНЫҚ

– Шыны  керек, бюджеттің  бүйірі томпайса, халықтың көңілі ортаймайды. Көп мәселе шешімін оңай табады. Осы орайда, аудан  экономикасына  тоқталып  өтсеңіз.

– Ұлу жылы аралдықтар үшін жайлы болды десек артық емес. Ел айтып жүретін игі істер мен баянды бастамалар жұртшылықтың жадында. Әр салада оң тенденция қалыптасып, 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша нақты өсімге  қол  жетті.

Соңғы 3 жылда ауданға 80 мил­лиард теңгеге  жуық инвестиция тартылған болса, өткен жылғы көрсеткіш 36,7 млрд теңгені құрады. Ал екі жыл бұрын аудан бюджеті  10,1  миллиард теңге болса, 2024 жылы 22,1 млрд теңгеге дейін жетті. Нәтижесінде Арал аймақтағы аудан­дар арасында бюджеті көп аудан қатарына ілікті. Бұл қаражат елдегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арт­тыруға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды  жүзеге  асыруға  бағытталды.

– Арал өңірі жайлы сөз еткенде, теңіз туралы сұрақты соңына алып қала алмай отырмыз. БАҚ беттерінен теңіздің толысып жатқанынан, теңізге қатысты тағдыршешті жұмыстар тиянақталғанынан хабард­армыз.

– Теңізге  қатысты толғақты түйін бүгін-ертең шешіле  қоймасы анық. Өйт­кені, ол – әлемдік мәселе. Дей тұрғаны­мен, қарт Аралдың бүгінгі күні мен ертеңіне алаңдаушылық болатыны заңдылық.

Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде соңғы жылдары теңізге жоғарыдан келетін судың көлемі екі есеге артты. Айталық, 2022 жылы Кіші Арал теңізіне 816 млн текше метр су түссе, өткен жылы түскен судың көлемі 2,6 млрд текше метр­ді  құрады.

«Ақлақ» су тоспасы арқылы қыс айларын­да Кіші Аралға түсетін судың көлемі 2 есеге көбейіп отыр. Қазіргі таңда «Басықарадан» секундына 280 м³ су түсіп тұрса, «Ақлақ» су тоспасы ар­қылы теңізге 160 м³ су құйып жатыр. Мамандар теңіздегі судың  қоры 22 млрд текше  метрден  асты  дегенді  айтып  жүр.

Өткен жылдан бастап еліміз Халық­аралық Аралды құтқару қорына төрағалық етіп жатқанын жақсы білесіз. Содан бері ауданға көптеген саяси тұлғаның ресми  сапары  ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының Кіші Аралды сақтау және дамыту жөніндегі тапсыр­масына сәйкес, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Кіші Аралдың жағдайымен танысып, суды үнемдеу және экология бойынша атқарылып жатқан  жұмыстарды  бағамдады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы мен меценат-кәсіпкер, «Freedom Hol­ding» компаниясының басты меншік иесі Тимур Турловтың ауданға жасаған іссапарында тиісті қаржыларды бөлу тура­лы  келісім  жасалды.

Жақында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ресми сапармен Аралға келді. Көп жылдан бері елдің талқысында жүрген Кіші Арал  теңізін  сақтап қалудың бірнеше кезеңі бойынша нақты байламға келу мәселесінде елдегі теңіз жанашыр­ларымен  бірге  арнайы  жиын  өтті.

Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған осындай маңыз­ды  жобалар  жалғаса  беретін  болады.

Сонымен қатар өткен жылдың соңында «Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу» жобасы талқыланды. Көптің талқысы ортаға түскен жиында теңізге жанашыр азаматтар мен сала басшы­лары,  балық, су шаруашылығының арда­герлері мен мамандары бас қосып, өз  ойын  ортаға  салды.

Аталмыш жобаның ғылыми жетекшісі, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-­зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы Оразхан Қарлыханов және «Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару» халық­аралық қорының жоба үйлес­тіру­шісі әрі менеджері Тоғатай Арман жоба барысымен таныстырды. Жоба жетекшілерінің түсіндіруінше, Есіл өзенінің тасқын суын ұтымды басқару алдымен Торғай өзеніне, одан кейін Арал теңізіне бағыттау экологиялық ахуалды жақсартуға, ауданның экономикалық жағынан ілгерілеуіне, Арал теңізінің дағдарыстық жағдайын жоюға септігін тигізеді. Сондай-ақ, су тасқынынан болатын шығын көлемі де азаяды. Бұл үшін алдымен канал­дар жүйесін салу, Торғай өзенінің салаларының  арналарын пайдалана отырып, Қостанай  облысы,  Торғай ауданынан «Сарықопа» және Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданынан «Торғай» су қоймасын салуды қажет етеді. Жоба­ның техникалық-экономикалық негіздемесінде бірнеше нұсқа әзірленген. Аталған жобаға «Каспий-Арал экожүйе­сін  жаңғырту  және  тасқын  суды  басқару» халықаралық  қоры   демеушілік  жасай­ды.

Бұл әзірге жоба болғандықтан, байламды ой айту қиын. Нәтижесі күтіліп жатқан жобаның оң бастама екенін жерлестеріміз де айтып, бір ауыздан қолдау білдірді. Нақты шешімді алдағы уақыттың  еншісіне  қалдырамыз.

АРАЛ АУДАНЫНДА  ОРТА АЗИЯДАҒЫ  АЛҒАШҚЫ «ГЕОПАРК»  АШЫЛДЫ

– Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егу жұмыстары да Президент тапсырмасымен қолға алынғаны белгілі. Қоғамда осыған деген күмән басым секілді. Жалпы, сексеуіл көшеттерінің шығымдылығы  қалай  болып  жатыр?

– Осыдан 60 жыл бұрын біздің әкелеріміз 60 метр тереңдіктен балық аула­ған жерлердің қазір шаңын бұрқыратып көлікпен жүрміз. Аңқасы кепкен Аралдың ұлтаны бүгінде ұшы-қиыры жоқ шөл далаға айналды. Одан көтерілген тұзды шаң климаттық белдеуден әрі асып, мұзды өлкелердің маңайынан табылғаны жиі айтылып жатады. Сондай-ақ, құм көшкінінен жақын маңдағы ауылдарды құм басу қаупі бар. Осындай өзгерістерден тіршілікке келетін зиянның алдын алуда теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары жыл сайын қолға  алынып  келеді.

Өткен жылдың сәуір айында ауданымызға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшісі арнайы іссапармен келді. Қонақтар Кіші Арал теңізін көріп, оған климаттық, экологиялық жағынан қарап, құмды алқапқа төзімді өсімдік түрлерін егуді және құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар мен қажетті қолдау шараларының бағытын  айқындады.

Айталық, 2024 жылдың көктем айын­да Арал теңізінің құрғаған ұлтанына барлығы 65 156 гектар жерге 19 531 000 дана қара сексеуіл көшеті отырғызылған. Күзгі санақ жүргізу барысында атқарыл­ған жұмыстың шығымдылығы 26%-ды құраған. Күз мезгілінің қазан айында барлығы 13 250 гектар жерге сексеуіл көше­тін отырғызу (толықтыру) жұмыс­тары жүргізілді. Ал қараша-желтоқсан айында 50 000 гектар жерге 174 000 келі қарабарақ және 43 504 келі сексеуіл тұқымы  механикалық  тәсілмен  себілді.

Жоспар бойынша осы жылдың көктем айларында 15000 гектар жерге сек­сеуіл көшетін отырғызу жұмыстары қолға алынбақ. Күз айларында жұмысты қайта қолға алып, 85 000 гектар жерге тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар бойынша Арал, Қаза­лы және Қармақшы аудандарындағы орман және жануарлар дүние­сін қорғау мекемелері тарапынан тиісті  жұмыстар  қолға  алынған.

– Арал өңірі – туризмге сұранып тұрған аймақ. Шетелдік саяхатшылар ақ соры шыққан теңіз табанын, құмда қайырлап қалған алып кемелерді көргісі келеді. Ол аздай теңізге қолтықтай жатқан балықшы ауылдардың тұрмыс-тіршілігі, одан әрі құм басқан ауылдардың жайы бар, Ақеспе жоталары мен Қарасандық төбесі, ыстық су ағатын бұлақ, бәрі-бәрі туристерді ерекше  қызықтырады. Бұл бағытта қандай  жоспарларыңыз  бар?

– Ауданда Орта Азияда алғаш болып «Геопарк» ашылды. «Geopark Aral» жобасы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық жағдайдың оңалуы­на, өңірге туристерді тартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мол  мүмкіндіктер  туғызады деп күтілуде.

Арал өңірі – ерекше мәдени-этногра­фиялық мұраға, болашақ ұрпақ үшін сақталуы қажет археологиялық, тарихи және геологиялық ескерткіштерге бай өңір. Сай саласы сан ғасырлық сыр бүккен киелі өңірдің аңызға бай тарихи жер-су атаулары да баршылық. Бір ғана Ақирек­тегі Арыстан баб жерленген орынды тұтас түркі әлемінің тұғырлы өлкесіне айналдыруға болады. Әлімсақтан аңыз боп қалған Ақирек тауындағы қа­сиетті орын – өз алдына бір бөлек шежіре, тұнып тұрған тарих. Тек оны көруге  көз  керек.

Біз ендігі жерде туристер бірегей табиғатпен, геологиялық ерекшеліктерімен және өлкенің ежелгі тарихымен, заманауи  экологиялық апатпен және оны еңсеру жөніндегі іс-шаралармен таны­са  алатын  қолайлы  жағдай жасау­ды қолға алмақшымыз. «GEOPARK ARAL» деп аталатын ұлттық геопаркін құру бастамасы ішкі және сыртқы турис­терге Арал әлеміне жол ашып, бір кездердегі теңіз астындағы тіршіліктің қазіргі  көрінісін көз алдыңызға әкелмек.

Осы жоба арқылы кез келген турист өз көзімен көптеген қызықты нәрсені көре алады. Тарих, ерекше табиғат құбы­лыстары мен романтикалық әдебиет пен кинематографияға енген теңіз, батыл саяхатшылар мен теңізде жүзушілер, контр-адмирал Бутаковтың, академик Бергтің және аңызға айналған ақын Шевченконың экспедициялары туралы аңыздар мен әңгімелерді тыңдап, сақтар мен оғыздардың ежелгі астаналарына, «Арал атлантидасы» деген атпен белгілі теңіз  түбіндегі Кердері қалашығына барып, жергілікті тағамдардан дәм татып, салқын шұбат ішіп, тіпті түйе сауып, теңіз бен көлдерге шомылады. Ыстық  су атқылаған ұңғымалар мен тұзды бұлақтарда болып, Қызылқұмның, Қара­құмның, Үлкен және Кіші борсық құмдарының массивтерімен, әлемдегі ең жас шөл – Аралқұммен жүріп өтуге мүмкіндік бар. Осылай  Аралдың құшағындағы түрлі  құбылыстың әлеміне терең бойлап, боя­масыз  әрі тірі табиғаттың таңғажайып тылсымдарына  қанығуға  болады.

Орталық Азияда Арал өңірінде алғашқы геопаркті құру, ең алдымен, осы өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуын жақсартуға белсенді ат салысып жүрген барлық ұйымның жұмысын шоғырландыру, аталған аумақты басқарудың нақты құралына қол жеткізу үшін бұрынғыдан да маңызды және өзекті  болып  қала  бермек.

Мұнымен қоса Ақеспе маңындағы ыстық су мен Қамбаш көліндегі тыны­ғу жағажайының жұмысын жетілдіру арқы­лы, ауданға келетін туристердің санын арттыру бағытында да кешенді жұмыс­тарды  қолға  аламыз.

ЕЛДІҢ  ИГІЛІГІ  ҮШІН  ЖАСАЛЫП  ЖАТҚАН  ІСТЕ  ЕРЕКШЕЛІК  БОЛМАЙДЫ

– Әкімдермен әңгімеде көп әріптесі­міз атқарған жұмыстарына басымдық беріп жатады. Әрине, біздің де бастапқы сұрақ­тарымыз солайша өрбіді. Бірақ, осы жолы бағытты келер шаққа бұрғымыз келіп отыр. Сіздің ойыңызша, ауданда биыл атқарылатын ТОП-3 ауқымды жұмыс  қандай  болмақ?

– Меніңше елдің игілігі үшін жасалып жатқан істе ерекшелік болмайды. Қоғамға қажет деп танылған қай істің болсын айтылған уақытта, сапалы әрі тиянақты біткені – біздегі басты мақсат. Бірақ уақыт пен сұраныс жағынан келгенде елге қажет ең негізгі жұмыс­тардың бірі ретінде ауызсу тарту жұмыс­тарын айтар едім. Ауданымыз аумағы жағынан үлкен  болғандықтан,  қазіргі  таңда  ауыз­су және жол мәселесі ең өзекті  болып тұр. Мәселен, аудан орта­лығынан 250-300 шақырым шалғайда жатқан ауылдар  бар. Теңіз  қолтығындағы ақбас­тылық ағайын­ның ауызсудың азабын  тартып  келе жатқанына көп­теген  жыл  болды. Тіпті, осы елге су әкелу тура­лы  игі бас­тамаға  жан біткеніне де 7-8 жылдың шама­сы болды. Түйенің етін жеген түйін­ді іс биыл толық аяқталмақ. Ақбас­тыға Қосамандағы су айдау бекетінен бастап 117 шақырым болатын ауызсу құбырын біз өткен жылы толық аяқтап шықтық. Биыл химиялық  тазалау жұмыс­тары жүрген соң күн жылына Ақбастыға ауыз­су  бере  бастаймыз.

Сонымен қатар Тоқабай, Абай ауылдарын ауызсуға қоссақ деген жоспарымыз бар. Тоқабай ауылына ішкі ауыз­су құбыры толық тартылып болды. Күн жылына ауылға су берсек, одан әрі Абай ауылын сапалы ауызсумен қамтимыз. Бұдан бөлек  биыл біз Ерімбетжаға ауылы мен Тастүбек елді мекендеріне де ауызсу  желісін  тартамыз.

Осы жылы өңірді таза ауызсумен қамту 100 пайыз  шешіледі. Жақында ғана ел Үкіметінің қолдауымен қайта­рылған активтердің 4 млрд теңгеден ас­тамы Арал ауданындағы  сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын аяқтауға бөлінді. Нақтысы Қызылорда облысының Арал ауданында сумен жабдықтау жүйесін салуға және жаңғыртуға арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 4,2 млрд теңге  бөлу  туралы  шешім  қабылданды.

Қазіргі таңда «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырының 200 шақырымнан астам бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Биыл тұтынып отырған ауызсу құбырының екінші желісін тарту бойынша құрылыс жұмыс­тары жүргізіледі. Жоба құны – 43 млрд теңге.

Ауданды  газдандыру  бойынша соң­ғы 3 жылда 6,8 млрд теңгеге 228,3 шақырым газ желісі жүргізілді. Қазіргі таңда аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Оның ішінде, өткен жылы Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары және Сексеуіл кенті мен Шижа­ға елді мекенінің тұрғындары «көгілдір  отынға» қосылды.

Сыр беткейдегі жұртшылық үшін жағымды жаңалық – құны 6,3 млрд теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекенін газдандырудың автоматты газ тарату стансасы салынып жатыр. Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық  халыққа кезең-кезеңімен «көгілдір отын»  жеткізуге  мүмкіндік  туады.

Ел күтіп жүрген ең ауқымды жұмыс – аспалы көпірдің де аяқталар күні алыс емес. Әдетте қала орталығындағы теміржол өткелі – ауданның екі жағын жалғайтын жалғыз маңызды нысан. Қозғалыс көп болғандықтан, бұл өткел­дің бойында да ұзын-сонар кептеліс пайда болады. Әсіресе, жедел қызмет көрсететін жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері үшін бұл кедергі айтарлықтай сезіліп келді. Біз күн жылына аспалы көпірді аяқтап ел игілігіне берсек, мұндай кедергілердің жолы кесіледі. Қазіргі  таңда  теміржол үстінен  өтетін  аспалы көпір жұмысының 90 пайызға жуығы аяқталды. Қаланың екі жағындағы жолдың бөліктері толықтай көтеріліп, топырақпен нығайтылды. Өзіміздің жоспарымыз бойынша құны 2 млрд 887 млн теңге болатын ауқымды жоба сәуір-мамыр айларында аяқталады деп күтілуде. Қазір көпірдің бетін асфальттау және абаттандыру  жұмыстары  қалып  тұр.

Баланы болашағым деп білген қазақ оның ертеңі үшін ештеңеден аянып қалмаған. Қазір де солай. Мемлекеттің де бола­шақ үшін қолға алған жұмыстарының басым бағыты білім саласына арналады. Балалардың жайлы ортада, жайлы мектепте білім аулы үшін мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл жоба аясында 2023 жылы Арал қаласынан бой көтерген 300 орындық мектеп құрылысы биыл толық аяқталып, жыл басында  балалар  игілігіне  табысталды.

Бұл бағыттағы жұмыс аяқсыз қалмайды. Биыл Сексеуіл кентіндегі дәл осындай білім ордасының құрылысын аяқтап, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берсек  деген  жоспарымыз  бар.

Аймақ басшының тапсырмасына сәйкес, бұдан былай ауданда бой көтеретін заманауи білім ордаларының барлығы жайлы мектеп стилінде салынбақ. Соған сәйкес ауданға қарасты Мергенсай ауылдық округінде құны 2 млрд 333 млн теңге болатын 150 орындық жаңа мектеп бой көтереді. Бұл мектепті де жайлы мектеп ретінде саламыз. Сонымен қатар, осы жылы Сапақ ауылы­нан жаңа мектеп салу мәселесін тиісті министрліктерге көтердік. Ұсынысымыз осы жылы қолдау табады деген үміттеміз.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Тоқабай мен Ақшатаудағы мектеп мәселесі бүгінде толықтай шешімін тапты. Демеу­шілер мен мердігерлер есебінен салын­ған мектеп ғимараттарында бүгінде ауыл балалары  емін-еркін  білім  алуда.

Міне, осы сынды жұмыстар ел ертеңі үшін  жасалып  жатқан істердің ең ауқымдысы  әрі маңызды ретінде есте қалады.

КІШІ  АРАЛДА  БАЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ  АЗАЙЫП  КЕТКЕНІН  ЖОҚҚА   ШЫҒАРА  АЛМАЙМЫЗ

– Білуімше, Аралда бірнеше балық зауыты жұмыс істеп тұр. Өнімді шетелге экспорттайтындары да кездеседі. Жыл сайын өңірде «Балықшылар слеті» өтіп, саладағы кем-кетіктер мен жетістіктер теңдей таразыланатынынан хабардармыз. Жеке қабылдауыңызға жазылып, мәселесін  жеткізген  балықшылар  болды  ма?

– Қазіргі таңда ауданда жылдық қуат­тылығы 23900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты мен жылдық қуаттылығы 4000 тонна болатын 15 балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс істейді. Оның 2 зауыты 2024 жылы пайда­лануға берілді. «ARAL SEA FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балықты терең өңдеу, балық ұнын және пластикалық қайықтарды өндіру цехын салу жобасы іске асырылуда. Жобаның 2-ші кезеңі бойынша балық ұнын шығаратын  цех  өткен  жылы  іске  қосылды.

Ауданда соңғы жылдары балықты қолдан өсіретін тоғандар ашу жұмыс­тары басталды. Қазіргі таңда жоспарланған 10 тоғанның 8-і ашылып, балықшылар атакәсіпті  жаңа  қырынан  дамытуда.

«Арал Рыбторг» серіктестігі тұқы өсіретін тоған балық шаруашылығын құрып, тауарлы балықтың алғашқы өнімін  биыл  алуды  жоспарлауда.

Аудан аумағында Кіші Арал теңізі, балық шаруашылығы маңызы бар 16 көл мен 75 су шаруашылығы нысаны орналасқан. Соңғы 3 жылда 2,5 млрд теңгеге жуық қаржыға су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру, жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Оның ішінде 8 канал тазартылып, «Ақлақ» су  тоспасы жөн­деуден  өтті. «Көкарал» бөгетін нығайту мақсатында «Тәуір», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2», «Тұщы» және «Сары­терең» каналдарына су тоспалары салынып, 8 су ұнғымасы қазылды. Аманөткел ауылдық округіндегі «Ескі арнаның», Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Ералы» каналының жырылып кеткен бөліктері  бөгеліп, қайта  қалпына  келтіріл­ді.

Кіші Аралда балық қорының аза­йып кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Атакәсіп құлдырамаса да, тоқыраудың белгілі бір кезеңінен өтуде. Бұл тұрғыда балық шаруашылығы саласының жанашырларының тілегі бір екенін айта кету керек. Ол – көңілге медеу Кіші Аралдың қайтып  оралуы.

БАСШЫЛЫҚ  пен ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ –  ҚАТАР  АЛЫП   ЖҮРУГЕ  КӨНДІГЕ БЕРМЕЙТІН  КҮРДЕЛІ  САЛАЛАР

– Өзіңізді мықты медиаменеджер ретінде ел жақсы таниды. Талай тілшінің өзіндік қалыптасуына түрткі болғаныңыз тағы бар. 2000 жылдары Қызылордада тұңғыш  рет тәуелсіз ақпараттар понорамасының құрылуына себепші болдыңыз. Осы орайда сұрайыншы, басшылық қызметте жүріп қалам қуатына қаншалықты көңіл  бөліп  жүрсіз?

– Бірінші мықты медиаменеджер деген­ге өз басым келісе қоймаспын. Рас, медиа салада бірсыпыра тың жұмыстар атқаруға тырыстық. Бірақ ойға алған, армандаған жұмыстарымыздың ең болмағанда жартысын жүзеге асырғанда мықтылықтың жалына қол создық деп айтуға болар еді. Өкініштісі, көп нәрсеге шамамыз  жетпеді.

Қазақта «Екі кеменің  басын  ұстаған суға  кетеді»  деген  тамаша  сөз бар. Сол секілді   басшылық   пен шығармашы­лық – қатар алып жүруге көндіге бермейтін күрделі салалар. Өйткені, елдік мәселеде енжарлық танытуға болмайды. Оның үстіне халық «семіз сөйлеп, арық шыққанды» көп құп көре бермейді. Айтылған сөз орындалуы тиіс. Менің бұрыннан  ұстанымым  сондай.

Қарапайым тәжірибені алар болсақ, журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан мамандардың өзі редакторлық қызметке келген соң көп жағдайда шығармашылық тоқырауға ұшырап жатады. Өйткені басшылық қызмет қай жерде де оңай емес. Газет жұмысынан бөлек  шаруашылық пен жергілікті ахуал­ға байланысты атқарылар жұмыс бес батпан. Ал тұтас ауданды басқару – оның  қасында  бөлек  мәселе.

Уақытында біз шығармашылықтың шекпенінде болдық. Өйткені таңдау түс­кен сала сол болғандықтан оған лайық­ты көңіл бөлдік. Ғылыми жобалармен айналысып, филология ғылымдарының кандидаттығын қорғадық. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттан аймақ  журналистикасының  дамуы жолын­да  тер  төктік.

– Мемлекеттік қызметтің мінбесіне  келуге  қандай  жайт  әсер  етті?

– Мен жоғары оқу орнынан кейін еңбек жолымды мемлекеттік қызметтен бастаған адаммын. Облыста Тілдер басқармасы болды. Ол Ұлт саясаты жөніндегі комитетке айналды. Осы бас­қармаларда жұмыс істеп, оң-солы­мызды таныдық. Уақыт өте «Ақмешіт апталығы» газетін құрып, сол басылым беделі жолында біртіндеп шығармашылыққа бет  бұра  бастадық.

Енді өзің көріп отырғандай, маңдайы­мызға елге қызмет ету мүмкіндігі жазылыпты. Бұл қызметтің басқаларға қарағанда  жауапкершілігі жоғары. Елмен жүздескенде әрбір ағайынның ұсынысы мен тілегін ескеру, одан нәтиже шығару – қиын іс. Мен мұндайда өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйенемін. Бастысы, елге қызмет ету мүмкіндігін беріп, осы жұмыс­ты атқара алатыныма айрықша сенім артқан аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына рақмет! Әрбір перзент туған еліне лайықты қызмет ете алса, ол да бір бақыт деп есептеймін. Мемлекеттік қызметке жетелеп келген осы жауапкершілік  деп  қабылдауға  болады.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: