Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналист спорт саласын сынап, Маңғыстау облысының әкіміне дат айтты

16.09.2024, 10:50 224

Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбайға

Құрметті Нұрдәулет Игілікұлы!

Жақында Париж олимпиадасында еліміздің 3 қаласы мен 14 облысынан 80 атлет 25 спорт түрінен бақ сынап, 1 алтын, 3 күміс пен 3 қола медаль алды. Өкінішке қарай, Маңғыстау облысынан бірде-бір спортшы ХХХІІІ жазғы олимпиада ойындарына бармаған. Неге Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш өзіне бағынысты 31 мекемеден бір спортшы дайындап шығара алмады?

Басқа облыс пен қалалардағы спорт басқармаларының басшылары спортшыларын үш жыл дайындап, Парижге жіберді. Неге солар секілді спортшы дайындай алмаған? Оң нәтижесі жоқ Мақсат Мұқаш неге отставкаға кетпейді?

27 тамыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХIII жазғы олимпиада ойындарындарының жүлдегерімен кездесуінде: «Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомоство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн», – деді.

Енді төрт жылдан кейін Лос-Анжелесте өтетін олимпиадаға қазірден бастап маңғыстаулық спортшылар мен жаттықтырушыларды оқуға жіберіп дайындауымыз керек.

Лос-Анжелес-2028 олимпиадасында жүлде алуға қол жеткізеді-ау деген спортшыларды жазып көрейік.
Спорт басқармасының басшысы спортшыларға көңіл бөліп, бюджеттен қаражат бөліп Иран, Жапония, Америка, Ресей, Оңт. Корея елдеріндегі жарысқа және оқу-жаттығу жиынына қатысып тәжірибе жинауы керек. Төртжылдықтың басты бәсекесі олимпиада ойындарында атой салар деген атлеттеріміз мыналар:

Облыста 31 мемлекеттік спорт мекемесі бар. Оның ішінде 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 6 спорт клубы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадалық дайындық орталығы және 1 ұлттық спорт орталығы жұмыс істейді.

Маңғыстау облысындағы 813 жаттықтырушының тек 49%-ның ғана жаттықтырушылық санаты бар екен. Өкінішке қарай, отыз екі жылдан бері олимпиада чемпионын шығара алмай келеміз.

  1. Камил Круглиев – еркін күрестен Қазақстан чемпионы, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы;
  2. Майис Алиев – еркін күрестен ҚР чемпионы, жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері;
  3. Марал Тәңірбергенова – әйелдер күресінен жасөспірімдер және жастар арасында алты дүркін Қазақстан чемпионы, VI жазғы универсиаданың қола жүлдегері;
  4. Асқар Нарқұлов – дзюдодан Дүниежүзілік универсиада ойындарының қола жүлдегері;
  5. Әсем Таңатар – әйелдер боксынан Қазақстан чемпионы, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері;
  6. Бейбіт Жұқаев – теннистен спортшы;
  7. Дмитрий Носков- велоспорттан V Ислам ынтымақтастық ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері;
  8. Эльдар Бірімбай – таеквондодан ашық Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
  9. Сергей Пономарев – велоспорттан Азия чемпионатының қола жүлдегері;
  10. Жантілек Нұртілекұлы – дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогының күміс жүлдегері;
  11. Ғани Есентемиров – парапауэрлифтингтен әлем кубогының қола жүлдегері.

Шетелге курсқа жіберілетін олимпиадалық спорт түрлерінен жаттықтырушылары:

  1. Ермек Жаңабергенов – бокстан жаттықтырушы, Ақтау қаласы;
  2. Қайрат Иманғазиев – дзюдодан жаттықтырушы, Мұнайлы ауданы;
  3. Еламан Курбанкулов – еркін күрестен жаттықтырушы, Сағынбай Мұхамедәли төл шәкіртті жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы, U15 арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, Мұнайлы ауданы;
  4. Диас Есенов – бокстан жаттықтырушы, Мұнайлы ауданы;
  5. Әділ Бисенқұлұлы – дзюдодан жаттықтырушы, Ақтау қаласы;
  6. Батырбек Жайлыбаев – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Жаңаөзен қаласы;
  7. Меруерт Дынбаева – әйелдер күресінен жаттықтырушы, Ақтау қаласы;
  8. Наурызбек Бақтығұл – үстел теннисінен жаттықтырушы, Мұнайлы ауданы;
  9. Роман Ахмедханов – еркін күрестен жаттықтырушы, Ақтау қаласы;
  10. Темірлан Абишев – грек-рим күресінен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жаттықтырушы, Ақтау қаласы;
  11. Аслан Нұрмағанбетов – еркін күрестен жаттықтырушы, Жаңаөзен қаласы;
  12. Хамит Медетбаев – дзюдо және қазақ күресінен жаттықтырушы, Бейнеу ауданы.

Облысымызда кейбір спорт мектептерінің басшылары 20, 15 және 10 жылдан бері бір «креслода» жабысып отыр. Олар әлі күнге дейін жасөспірімдер мен ересектер арасында өтетін жазғы олимпиадасында жүлдегер шығара алмаған. Кейбір басшылардың спортта жетістіктері жоқ. Ал мықты мамандар әлі күнге дейін жаттықтырушы болып істеп жүр. Жастарды басшылыққа қою керек. Маңғыстау спорт мектептердің басшылығына резервте тұрған азаматтарымыз бар. Олар мыналар:

  1. Болат Дүйсенбиев – джиу-джитсудан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы;
  2. Ильдар Ягиев – стритлифтинг және воркаут бойынша жеті мәрте әлем чемпионы және Гиннестің рекордтар кітабына енген облысымыздан тұңғыш спортшы;
  3. Асқар Шоханов – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, пауэрлифтингтен жаттықтырушы;
  4. Мейрамбек Жаңабай – самбодан жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, қазақ күресі мен дзюдодан жаттықтырушы;
  5. Берік Әбдірахманов – бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, жаттықтырушы;
  6. Шыңғыс Қайранов – аралас жекпе-жектен «Алаш Прайд» турнирінің жеңімпазы;
  7. Исембай Мәтенов – қол күрестен жоғары дәрежелі жаттықтырушы.

Айбек МҰХАНОВ,

Маңғыстау облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: