Қызылордалық «Қайсар» Қазақстан Премьер-лигасындағы жорығын сәтсіз бастағаны жасырын емес. Алғашқы үш ойында бір ғана ұпай еншілеген «дала қасқырларына» жанкүйерлердің көңілі толмай, бас бапкер ауысуы мүмкін деген ақпараттар да шығып жүрді. Оқу-жаттығу жиындарындағы сәтті кездесулерден кейін жанкүйерлер командадан жоғарғы нәтиже күткені анық. Десе де, ойынның жүйесі болғанымен, нәтиже көңіл қуантпады. Сол себепті қалған ойындарда жерлестеріміз барын салып ойнауға міндетті еді.
Көптен күткен жеңіс
Өткен жұмада футболдан ел чемпионатының 4-туры өтті. Сыр өңірінің намысын арқалаған «Қайсар» футбол клубы ақтаулық «Каспиймен» кездесіп, маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Орталық стадионға жиналған жанкүйерлер де сәтсіз сериялардан кейін жеңіс дәмін ұмытқандай болған. Ойыншылар алаңға шығысымен-ақ, жанкүйерлер шулап, жігер беруге тырысты. Бас бапкер Серік Әбілдаев та бұл жолы құрамды өзгертіп, жергілікті жастарға көбірек сенім білдірді. Атап айтқанда, Қызылорда футбол мектебінің түлегі Өркен Махан мен Бекзат Құрманбекұлы матчты негізгі құрамнан бастады. Ақтаулықтар матч басталысымен ойынды өз қолдарына алып, комбинациялық әдемі ойын өрнегін көрсете бастады. Қайсарлықтарды өздерінің айып алаңына тықсырып, қауіпті шабуылдар санын көбейте берді. Ал «қасқырлар» болса тек қорғанып, қарсы жылдам шабуылдарға ғана үміт артты. Толассыз шабуылдардан соң, 26-минутта Аслан Дарабаевтың пасын Руслам Мингазов қақпаға тоғытып, есеп ашты. Жалғыз голға қанағат тұтпаған «Каспий» футболшылары шабуылды жалғастыра берді. Десе де, қорғаныс ары қарай сыр бермей, есепті бірінші таймның аяғына дейін ұстап қала алды. «Каспий» футбол клубы бірінші таймның қорытындысы бойынша «Қайсардың» қақпасына сегіз мәрте соққы жасап, оның бесеуін қақпаға дәл бағыттаған. Ал «қасқырлар» бұл кезде қарсыластарға бір ғана соққы дарытып үлгерген.
Екінші тайм алдында бас бапкер «Қайсар» сапынан бірнеше ойыншыны ауыстырып, ойын жүйесін құбылта бастады. Ол тиісінше өз жемісін беріп, қызылордалықтардың ойыны жүре бастады. Алаңға жаңадан шыққан ойыншылар ойынның тынысын ашып, шабуыл жүйелене бастады. Екінші тайм басталысымен-ақ, Стефан Денковичтің пасын сәтті пайдаланған литвалық легионер Каролис Лаукжямис есепті теңестіріп, табло 1:1-ді көрсетіп тұрды. Ойындағы басымдығын бәсеңдетпей, қауіпті шабуылдарды бірінен соң бірін жасап, жылдамдықтарын үдете берді. Нәтижесінде 81- минутта Гегам Кадимян пасын сәтті пайдаланған Шоқан Абзалов «Қайсардың» екінші голын соғып, жеңісті жұлып алып кетті.
Кеңесовтің кереметі
Ойын барысында «Қайсардың» бірнеше ойыншысы өзінің жеке шеберліктерімен жанкүйерлерді таңғалдырды. Маусым басында қатарға қосылған жас футболшылар қайрауы жетіп, бабына келгендерін тағы бір дәлелдеді. Ойынның біріншісі бөлігінде алаңда болған Бекзат Құрманбекұлының деңгейін атап өтпеске болмас. «Каспийдан» келген толассыз шабуылдарды ортадан тойтарып, тәжірибелі әріптестерінің қателіктерін жауып жүрген бірден-бір футболшы Бекзат болды. Жартылай қорғаушы алаң ортасындағы бар «қара» жұмысты атқарып, допқа талас кезінде салқынқандылық таныта білді. Жас ойыншының мұндай сенімді ойыны кімді де болмасын таңғалдырғаны анық. Ойыншы өткен матчта да алаңда жақсы көзге түскен. Қызыл сөзден бал жағуға әбден лайық екенін дәлелдеп жүр. Одан бөлек, Шоқан Абзаловтың да техникасы біршама дамығаны көрініп тұр. Маусым басында ресейлік «Ска-Хабаровсктен» келген Арман Кеңесовтің керемет ойынын жеке түртіп өтуге болады. Маусым басында бапкер Арманды жартылай қорғаушы ретінде пайдаланса, бұл матчта ол көбіне қорғанысқа жауап берді. Қорғана жүріп «қасқырлардың» шабуылының біршамасы дәл осы Арманның бастамасымен болды. Қас пен көздің арасында қарсыластарының бірнеше ойыншысын қапыда қалдырып, шабуылға леп беріп жүрді. «Қайсар» соққан екінші голға да дәл осы Кеңесовтің тікелей қатысы бар. Қорғаныстан шыққан «Каспий» футболшылары алаңның екінші бөлігіне өтем деп жүргенде жылдамдығымен қарсыластардың ойыншыларын басып озып, алдында тұрған допты армениялық әріптесіне жеткізген дәл осы ойыншы еді. Еліміздің жастар құрамасының ойыншысы жанкүйерлердің сүйіктісіне айналып үлгерген. Матч соңында орнын әріптесіне беріп, алаң жиегіне шыққанда бүкіл стадион жас футболшыны қолдап, түрегеп тұрып қол соққаны осыған дәлел.
Алғашқы жеңістің дәмі қашанда тәтті болатыны түсінікті. Біздің ойыншыларға да, жанкүйерлерге де дәл осы эмоция қажет еді. Ойын біткесін де стадионға жиналған қауым қайтуға асықпады. Ойыншыларды трибунаға соңына дейін шапалақпен шығарып салды. Қазіргі таңда қызылордалық команда турнирлік кесте де 4 ұпаймен сегізінші орында тұр. Бірінші орында тұрған алматылық «Қайрат» екеуінің арасын алты ұпай бөліп тұр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!