Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеңіліссіздер тартысы: Шавкаттың кезекті жеңісі

12.12.2024, 9:40 36

Желтоқсан  айының  7-сінде  өткен Лас-Вегастағы нөмірлі «UFC 310» турнирі де мәресіне жетті. Негізгі жекпе-жекте Алешандро Пантожа мен Кай Асакура аса жеңіл салмақ чемпиондығын сарапқа салды. Осы кард аясында отандасымыз, жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Шавкат Рахмонов та жекпе-жекке шықты. Дәлірек айтқанда, ирландиялық жауынгер Иэн Гэрримен жартылай орта салмақтың чемпиондығына үміткерлікке таласты. Тартысты жекпе-жек Шавкат бауырымыздың жеңісімен аяқталғанымен, оның бұған дейінгі 100 пайыздық мәрелік сериясы аяқталды. Расын айту керек, Иэн – бұған дейінгі Шавкат кезіктірген ең қиын қарсылас. Қиын жекпе-жек ММА эксперттерінің көзқарасын, тұжырымдамасын өзгертті. Ал, Иэн Гэрри бұл жеңілістен соң фанаттар тарапынан жеңіске жетпесе де, біраз  құрметке  ие  болды.

Негізі, бұл нөмірлі кардтың басты жекпе-жегінде Шавкат палестиндық файтер Белал Мухаммадпен шығуы керек болған. Алайда, Белалдың алған жарақатына байланысты оның келесі қарсыласын таңдау үшін турнирге небәрі бір ай уақыт қалғанда Рахмонов Иэн Гэрримен шығатын болды. Алғашқыда Шавкат өзінің жаттығу лагерін Белал Мухаммадқа арнайы жасақтаған-тұғын. Дегенмен, шешім ауысқан соң тез арада стильдік тұрғыда мүлдем келіспейтін Иэн Гэрриге қарай ыңғайлануға тура келді. Гэрри – UFC-дің жаңа жұлдызы. Олай дейтін себебіміз, ол– Конор Макгрегордың ізбасары, өз-өзін ұстауы, тіпті  ұлтына  дейін  бірдей. Конор  секілді  ащы  тілі, медиамен жақсы байланысы Шавкаттың  кәрі  құрлықтағы танымалдығына мол әсер ететіні  бесенеден  белгілі  еді. Атап айтқандай, жекпе-жек алдында  Шавкатқа  американдық  БАҚ  тыным  бермеді. Әйгілі  «Full Violence»  брендінің  өзі  отандасымызға арнап жаңа жейделер үлгісін ұсынған болатын. Сонымен қатар, американдық подкастерлер және тәуелсіз спорт журналистері Шавкатпен сұхбаттасуға асықты. Жалпы, батыста Гэрридің танымалдығы жоғары болса да, бұл тұста Шавкаттың бәсі биік болған секілді. Гэрри қанша танымал болғанымен, оның көп сөйлейтініне, қарсыластарына деген құрметсіздігі үшін көп жанкүйер бұл жауынгерді суқаны сүймейді. Ал, Шавкат керісінше, өзінің сабырлығының, сондай-ақ, мінсіз рекордының арқасында американдықтардың сүйіспеншілігіне бөленген.

Жекпе-жек  алды  баспасөз конференциясында отандасымыз  әдетінше  сабырлық  танытып, онша көп  сөйлей қоймады. Дей тұрғанмен, журналистер тарапынан  Шавкатқа қойылған сұрақтар легі көп болды. Бірақ, кезек көз атысуға келгенде қазақстандық аралас жекпе-жек шебері бұрын көрсетпеген қылық жасады. Нақтырақ айтқанда, қарсыласына жемтігін көздеген жыртқышша қарап, медиа әбден дүркіретті десек болады. Ертесі күні «Шавкаттың мына көзқарасы – сұмдық, ол міндетті түрде жеңіске жетеді» деген секілді пікірлерге куә болдық. Салмақ өлшеу рәсімінен де сүрінген жоқ. Бәріміз білетіндей, Шавкат бұл үрдісті ешқашан бұзған емес, алайда Шавкатқа қарсы бұзушылар көп болды. Бұл – отандасымыздың өз ісіне деген сүйіспеншілігінің, адал махаббаты мен кәсібилігінің көрінісі. Бұған дейін қарындасының тойында Америкада жаттығу жиынында болып, видеожазба арқылы құттықтағанына көпшілік тәнті болған-тұғын. Десе де, қарсылық танытушылар да кездеспеді емес.

Енді Лас-Вегастағы біраз жыл бұрын қазақ боксының аңызы Геннадий Головкин шулатқан T-Mobile Arena-да болған жағдайға шолу жасайық. Жоғарыда атап өткендей, Шавкат co-main event-те, яғни маңыздылығы жөнінен екінші жекпе-жекте төбелесті. Бірақ та көптеген спорт басылымы мен ақпарат агенттігі Шавкат – Гэрри арасындағы жекпе-жекті кештің ең маңызды әрі тартысты жекпе-жегіне балады. Instagram желісіндегі активтен-ақ бұл сөздің растығына көз жеткіздік. Басқа жекпе-жектер жайлы посттар аса көп лайк пен пікір жинамағанымен, Шавкаттың жекпе-жегі жайлы жарияланған жазбаларда белсенділік ерекше болды. Тек қазақстандықтар ғана емес, отандасымыздың батыстық жанкүйерлері жарыса стикер жіберіп, сүйікті жауынгеріне қолдау көрсетті. Эксперт-сарапшылардың айтуынша, Шавкат – фаворит, бірақ Гэрри – есептен шығаруға, елемеуге келмейтін файтер. Дистанцияда жақсы жұмыс істейді, футворк жоғары деңгейде. Ашық айқасқа түсуді құп көрмейді, ұпайға жұмыс істейтін жауынгер. Сол себепті Шавкатқа бұл жекпе-жек бұрынғы кездесулерге қарағанда оңайға соқпайтыны айдан анық болды. Гэрриді күреспен-ақ шаруасын тындыруға болатын өзге страйкерлер қатарына қосуға да келмейді. Ирландиялық файтер соңғы уақыттары Чарльз Оливейра, Демиан Майя сынды UFC-дің ең мықты грэпплерлерімен бірге жаттығу жасап жүрген. Оливейра тіпті Шавкатпен жекпе-жекте Гэрриге секундант болатыны анықталған болатын. 17 жасында дзюдодан қара белбеу иегері болғанын да назардан тыс қалдырмаған абзал.

Шавкат әдетінше «Тау адам» әнімен шықты. Әлеуметтік желіде отандасымыздың қандай әнмен аренаға көтерілетінінің өзі қызу талқыда болған. Кейбір жанкүйер желтоқсандағы жекпе-жекте тәуелсіздік жолында қаза болғандарға тағзым ретінде «Желтоқсан желі» әнімен шығуын қаласа, енді бірі «Олай мұңды әнмен шыққан соң рухтана алмай, өзіне көп жауапкершілік жүктеп алады» десті. Жекпе-жектің алғашқы бөлігі әдеттегідей, Шавкаттың басымдығымен болды. Гэрриге қысым жасап, клинчке тартып, соққы жасауына мүмкіндік берген жоқ. Өкініштісі, өзі де соққы жасай алмады, тэйкдаун жасай алмай әбігерге салынды. Екінші раундта да сол сценарий десек болады. Клинчпен қысым жасау арқылы бұл раундта да басымырақ көрінді. Гэрри де осал болған жоқ. Аяққа жасаған соққылары, корпуске жасаған тебістері Шавкаттың шабуылдарына кедергілік танытты. Ал үшінші раундты тіпті өз таблосына жазды. Шавкаттың күресін пайдалануына мұрша берген жоқ, сондай-ақ, джебпен жасаған соққылары Шавкаттікіне қарағанда эффективтірек көрінді. Төртінші раундқа да кезек келді.

Атап айту керек, Шавкат Рахмонов бұрын-соңды чемпиондық раундарға дейін жекпе-жек өткізбеген. Яғни Шавкат үшінші раундтан әрі аспаған, бұған дейінгі қарсыластарының бәрін дерлік немесе нокаут арқылы, қылғындыру және ауырту әдістеріне салып жеңіп отырды. Гэрриге қарсы бұл жоспар жүзеге аспады. Осы тұста сақ жауын­гердің баспасөз конференциясында бекер көп  сөйлемегеніне  анық  көзіміз жетті,  бекер сенімді    болмаған   екен.  Десек    те,  төртінші  раунд Шавкаттың  еншісін­де  кетті. Төрт раунд­тық айқас көрмесе де, кардиомен еш мәселе туындамады. Күнде чемпиондық жекпе-жек көрсетіп жүргендей сенімді қимыл­дады. Атап айту қажет, жалпы жекпе-жек бойғы екі тейкдаунды да аталған раундта жасады. Ал енді бесінші раунд драмаға толы болды.  Күллі Қазақ елін ұйқысынан ерте тұрғызған Шавкат абайсызда өзі де «ұйық­тап» қала жаздады. Байқамай Гэрридің қылғын­дыру әдісіне түсіп қалып, бір минут­тай алысқанымен, сытылып шыға алды. Онсызда тақым қысып, таң азанымен жеті шелпек таратып, қолдау көрсетіп отырған халық Шавкатпен бірге өздері қылғынғандай болды. Қорытындылай келе, бесінші раунд Гэрри еншісінде кетсе де, толық жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Шавкат Рахмонов жеңіске жетті. Жекпе-жектен кейінгі интервью­де қарсыластың өте қиынға соққанын айтып, қолдау көрсеткен барша қазақстандық жанкүйерге шексіз алғысын білдірді. Сонымен қатар, көрермен қатарында отырған қазіргі жартылай орта салмақ чемпио­ны Белал Мухаммадпен көз түйістіріп, ресми титулға таласқа претендент екендігі  анықталды. Енді тек кездесу күнін  анықтау  қалды.

Жекпе-жектен түйгеніміз, Шавкатты біз бұған дейін асыра мақтап, көп минусын елемей келген секілдіміз. Гэрри жеңіліске ұшыраса да, қазақстандықтарды әбден әбігерге салды. Ал Рахмонов болса, маңызды жекпе-жектерге дайындықты күшейту керек­тігіне, енді бәрі өзі ойлағандай оңай болмайтынына  куә  болған секілді. Жекпе-жектен соң қашанда  ұнжырғасы  түсіп жүрді. Баспасөз конференциясында  бас-аяғы 1-2 сұрақ­қа жауап беріп, соңына дейін күтпей, кетіп қал­ғанын да атап өткен жөн. Жаттықтырушы Эдуард Базровтың айтуына сенсек, жекпе-жек алдында Шавкатта бірқатар мәселе туындаған. Физикалық және моральдық тұрғыдан да жүз пайыз дайын болмағанын алға тартады. Бапкер сондай-ақ Шавкатта аздаған жара­қаттың болғанын, егер Шавкаттан басқа кез келген жауынгер болса, жекпе-жектен бас тартатынын айтты. Көпшілік бұл сөздерді сылтауға санауы мүмкін. Бірақ, расымен де Шавкаттың аяғымен мәселе болғанын көзі қырағы жанкүйерлер мен сарапшылар бірден байқай алды. Шавкат қарапайым лоу киктерге төзімділік білдіре алмады, сонымен қатар, өзі жақсы көретін тіземен корпусқа соққыларын жасаған жоқ. Бұл жайлы экс-чемпион, қазіргі спорт комментаторы Дэниель Кормье де  атап  өткен  болатын.

Неде болса, Шавкатты жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Өзінің сөзіне сүйенсек, келесі айқас сәуір немесе мамыр айын­да болғалы тұр. Чемпиондық титул үшін па­лестиндық жауынгер, атақты Хабиб Нурмагомодевтің командасында жаттығатын Белал Мухаммадпен төбелесіп, жартылай орта салмақ дивизионының белдігін сарапқа салады. Жеке пікірім, Белалға қарсы күресті күшейту керек секілді. Белал Хабибпен бірге грэпплинг деңгейін әжептәуір көтеріп жатыр. Ең болмағанда, қорғаныс тәсілдеріне басымдық бергені жөн. Отандасымызға тек сәттілік!

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: