Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаттықтырушы Жұмахметов

29.04.2022, 9:00 1026

HALYQLINE.KZ

Доп теуіп футбол ойнамайтын бала болмайды, кейде осы әуестігі өзінің келешектегі мамандығына айналатынын да білмей қалады. Солардың қатарына Ардақты жатқызуға болады. Ардақ теміржолшылар отбасында дүниеге келді, 5-сыныптан бастап спорт мектебіндегі футбол жаттықтырушысы Бақытбек Мәмбетжановтың шәкірттерінің бірі болып, доп тебудің әдіс-тәсілдерін үйрене бастады. 2002 жылы жаттықтырушы Рысбек Қосжанов құрған «Намыс» футбол командасының жетекші ойыншысы болды, осы «Намыс» командасы футболдан ауданның 11 рет жеңімпазы болған болатын.

Ардақ №165 мектептің 9-сыныбын бітірген соң, тепловоз машинисі болып істейтін әкесі Аймағанбеттей теміржолшы боламын деп, Алматы қаласындағы теміржол колледжіне оқуға түсіп, колледж намысын футболдан ғана емес баскетбол, волейбол, қол күресінен де қорғап жүрді. Осы оқу орнын бітіргесін, мамандығы туралы ойы өзгеріп, Шымкент қаласындағы университеттің «дене шынықтыру және спорт маманы» факультетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шықты.

2012 жылы аудандағы іргелі оқу орны Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қабылданып, ұстаздық еңбек жолын бастады. Күнделікті сабағына мұқият дайындалып, өз пәнінің қыры мен сырын меңгеріп болған соң, ешкімге айтпай жүрген арманын орындауға кірісті. Ол Рысбек Қосжанов басқа қызметке ауысып кетуіне байланысты тарап кеткен «Намыс» командасын қайта құру еді. Ардақ тұратын аудан орталығындағы аймақ 5-ші квартал деп аталады, оның өзі 11, 12, 13 учаскіге бөлінеді, осында тұратын қатарларынан команда құрамын жинаудан бастады. Олар қазіргі команда капитаны Жасұлан Смағұлов, машинист көмекшілері, қақпашы Асылы Жәлеке мен шабуылдаушы Баубек Қожамұратов, спорт мектебінің әдіскері Ғабит Ешмаханов, т.б. жігіттердің басын қосып, қайта тіркеуден өтіп болғасын, аудандағы мектеп пен күзгі спартакиадаларына, түрлі мерекеге байланысты өткізетін турнирлерге қатысып, жеңістерге жете бастады. Енді аудан намысын қорғау үшін ауданнан тыс жерлерге шығатын кезге де жетті. Ең алдымен командаға бірыңғай жақсы форма, спорт құралдары, жол қаржысы мәселесі тұрғанда өздері тұратын аймақта орналасқан «Намыс-Құрылыс» ЖШС-ның директоры, футболдың үлкен жанашыры Әбдімәлік Өтеулиев қол ұшын созды, сол кезден бастап «Намыс» футбол командасының тұрақты демеушісі болып келеді.

Әуесқой футбол лигасы барлық ауданда бар, солардың шақыруымен көрші аудандардағы өткізген турнирлерге Қазалы ауданының «Намыс» командасы тұрақты қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде, сондай ақ Қызылорда қаласында өтетін «Алтын күз» спартакиадасында да Ардақ құрған «Намыс» командасы ауданның намысын қорғауда. Байқоңыр қалалық футбол федерациясы өткізіп тұратын Ю.М.Парнышковты еске түсіруге арналған мини футбол турнирінде де «Намыс» футбол командасы 1-орынды қанжығасына байлап жүр. Ардақ Жұмахметов Қазалы аудандық денешынықтыру және спрот бөлімі бастығы О.Жәмшейітов пен Қазалы аудандық футбол федерациясының президенті Ф.Қожабергеновтың қолынан соңғы үш жылда 3 рет «Қазалы ауданының үздік футбол жаттықтырушысы» деген диплом алды.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

Қазақстан  Журналистер  Одағының мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: