HALYQLINE.KZ Бүгін Ташкентте бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтеді.
48 келідегі Санжар Тәшкенбай Ресейлік Эдмонд Худоянмен (Ресей) кездеседі. 2022 жылы Болгарияда өткен «Странджа кубогы» турнирінің жартылай финалында Санжар Тәшкенбай алғашқы ересектер бәсекесінде осы Эдмонд Худояннан 2:3 есебімен жеңіліп қалған. Бұл жолы есе қайтаруға мүмкіндігі бар.
54 келідегі Махмұд Сабырхан Куба өкілі Йосвани Вейтиямен жұдырықтасады. Бұл сында мамандар жас боксшымыз бабы басым болады деп болжайды.
67 келіде Дулат Бекбауов Лаша Гурулидің (Грузия) осал тұсын табуға тырысады. Грузин боксшысы 2021 жылы өткен әлем біріншілігінде қола медаль еншілеген. Екі қарсыластың да финалға шығуға үміті бірдей.
71 келі салмақта өнер көрсететін Асланбек Шымбергенов үндістандық Нишант Девпен жұдырық түйістіреді. Нишант Дев ширек финалда Куба боксшысын жолда қалдырып, енді чемпион болмай қоймаймын деп алақанын ысқылап отырған көрінеді. Ұлттық құрамамыздың капитанына зор үміт артамыз.
80 келідегі Нұрбек Оралбай Ресей үміті Имам Хатаевпен жолығады. Ол Токио Олимпиадасында әлем чемпионы Бекзад Нұрдаулетовті жеңіп, қола жүлдегер атанған. Нұрбекке бұл жекпе-жек өте қиынға соғуы мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!