Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттар лигасы: Португалия Еуропа чемпионын тізе бүктірді

12.06.2025, 7:40 151

Ұлттар лигасының турнир ретінде өткізіліп келе жатқанына биыл – алтыншы жыл. Шыны керек, аталған чемпионат жайлы екіұдайы пікір айтылады. Объективті түрде екі жақтың да айтысына келісуге болады. Жақтаушылардың сөзінше, Қазақстан, Венгрия секілді орта топтағы, Лихтенштейн, Сан-Марино және Андорра сынды төмен топтағы ұлттық құрамалардың араға екі жыл салып өтетін халықаралық турнирлерге шығу мүмкіндігінің аз екенін қалай тартсақ та жоққа шығара алмаймыз. Амал жоқ, халықаралық додаларға шыға алмаған соң, жылда не Еуропа, не Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қайта-қайта ойнай беруге мәжбүр. Олар үшін аталған турнир практикалық тұрғыда үлкен «плюс» саналатыны анық. Сонымен қатар, сенсация көрсеткен жағдайда медианың назарына түсіп, бір марқайып қалады.

Ал енді екінші жағын алып қарасақ, әлеуеті басым, клубтық деңгейде жоғары ойын өрнегін көрсетіп жүрген ойыншыларға түсетін салмақты тілге тиек етеміз. Мысалға «Барселона» футбол клубын алайық. Ішкі біріншілікте 38 ойын ойнайтын клуб, сондай-ақ ішкі кубокта да қатар ойнауға міндетті. Ол турнирлерден бөлек, Еурокубок – Чемпиондар лигасы бар. Қазірге ережемен ойындар саны екіге артты. Финалға дейін жетсең, 14 матч ойнайсың. Осының бәрі клубпен қатар ұлттық құрама деңгейінде де маңызды рөл ойнайтын Ламин Ямаль, Педри секілді ойыншыларға қиынға түсетіні айқын. Ойынның тым көптігі футболшылардың физикалық қалыпқа келуіне кедергі келтіретінін де жадыдан шығармаған жөн.

Жә, айтарымыз негізі бұл емес. 2024/25 маусымғы Ұлттар лигасының кезекті турнирі де аяқталды. Финалда екі грандты қапы қалдырған, дәлірек айтқанда Мбаппе бастаған француздар мен тәртіптің үлгісі саналатын немістерді сан соқтырған Испания және Португалия құрамалары Германияның Мюнхен қаласындағы Альянц Аренада жүздесті. Екі команда да жартылай финалдан оңай өткен жоқ. Расын айту керек, көп сарапшы Португалия құрамасын Германиядан сүрінеді деп болжап, немістерді фаворит деп есептеген. Десе де, немістердің жарты құрамы жарақатта болып, Португалияға оңай құрам жолықты. Мусиала секілді маңызды ойыншының жарақат алуы, Кроостың мансабын аяқтауы Германияға ауыр сын болса керек. Криштиану  Роналдудың  шеберлігі осы тұста тағы көрінді. Қырыққа келсе де жасымаған жетілік Германия қақпасына маңызды голды тоғытып, португалдықтар 1:2 есебімен жеңіске жетті. Жарақатынан жаңа айыққан Тер Штеген қанша тырысса да, Португалияның толассыз шабуылына төтеп бере алмады.

Ал Испания болса Франциямен жолықты. Жай матч емес, драма дерсің. Француздық «ПСЖ» Чемпиондар лигасын жеңіп, 19-дағы өрен Дезире Дуэ финалда керемет ойнап, екі гол, бір ассист бергеннен кейін маусым бойы оқ бойы озық болған Ямальды одан төмен қоюшылар көп болды. Сондай-ақ, «ПСЖ-ның» үздік ойыншысы Дембелемен де «Алтын допқа» тартыс осы матчта шешіледі деп балады жұрт. Ақыр соңында испандықтар қатарынан төрт гол соғып, матчтың нүктесін қойғандай секілді көрінді. Екі голдың да авторы – Ламин Ямаль. Алайда, француздар сәл болмағанда камбэк жасап кете жаздады. Пенальтиден мүлт кетпеген Мбаппе есепті         4:1 қылып, бірақ араға көп уақыт салмай Испания құрамасы есепті 5:1-ге жеткізді. Сол сәтте француздық  футболшылар  екінші демін алып, үздіксіз төрт голды Симон қақпасына торуылдатты. Испания  қорғаушысы  Вивианның автоголын есепке алғанда. Осылайша, Ямаль Дуэ және Дембелемен салыстыруларға нүкте қойғандай көрінгенмен, оны  алда  ғасыр  үздігі  Криштиану  Роналдумен   текетірес  күтіп  тұрды.

Португалия Испанияға қарсы. Жалпы қос команда географиялық тұрғыда бір-біріне жақын орналасқан. Сәйкесінше, өзара көп матч өткізіп тұрады. Бас-аяғы қырыққа жуық кездесудің басым бөлігінде испандықтар жеңіске жеткенмен, соңғы жиырма жылдықта екі құрама тең тарқасып келеді. 2010 жылы Испания Әлем чемпионатын жеңген тұста 1/8 финалда дәл сол португалдықтарды қапы қалдырған. Ал 2012 жылы жартылай финалда пенальти сериясы бойынша тағы да «Қызыл фурия» жеңіске жеткен. Бірақ, 2018 жылы Ресейде өткен мундиалда көршілес мемлекеттер арасындағы ойын нәтижесі тең аяқталды. Сол кездегі Криштиану Роналдудың хет-тригі футболсүйер қауымның есінде. Ендігі кезек – Ұлттар лигасының финалында. Қос құрама да сақадай сай. Мен-мен деген ойыншылар шақыртылып, негізгі құрамға шыққан. Испания сапында  Нико  Уильямс,  Ямаль сынды  жүйріктер, Педри сияқты маэстро, қорғаныс  шебінде болашақ  «Реалдың»  аңызы  Дин Хейсен. Португалия құрамасы да осал емес. Криштиану бастаған командада да Бруну Фернандеш, Витинья, Нуну Мендеш сынды ойқастап тұрған ойыншылар бар. Әсіресе, соңғысы финалда жанын салып ойнады. Ойынның 21-минутында Ямальдың асырған добын қабылдауда Жоау Невештің жасаған қателігін оңды пайдаланған Мартин Субименди есеп ашты. «Арсеналдың» болашақ ойыншысы «Алтын доп» иесі Родриді жоқтатпады. Бірақ испандықтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Небәрі бес минут өткен соң Нуну Мендеш «Қызыл фурияның» оң жақ қорғаушысы Мингесаны балаша алдап өтіп, күтпеген жерден қақпаға дәл соққы бағыттады. Есеп – 1:1. Ойын тартысты өтуде. Испания допты ырығына көндіріп, Нико жақтан қайта-қайта шабуылдай берді. Тек таймның аяқталуына санаулы уақыт қалғанда Оярсабаль өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, испандықтарды лайықты түрде алға шығарды. Дегенмен, екінші таймның орта тұсында, яғни 61-минутында Криштиану Роналду маңызды гол соғып, негізгі матч қорытындысын теңестірді. Артынша ойын экстра-таймға созылып, онда да ештеңе шешілмей, пенальти сериясына жалғасты. Пенальти тебуде Португалия құрамасының тәжірибесі молырақ екені белгілі. Атап өткендей, португалдықтар әр мүмкіндіктен жаңылыспай, испандықтардан Альваро Мората қателесіп, 5:3 есебімен Поругалия жеңіске жетті. Жеңе отырып, Ұлттар лигасының екінші мәрте чемпионы атанды. 2019 жылы да Роналду бастаған команда Нидерландыны  қапы  қалдырып, чемпион  атанған-тұғын.

Дәл  осылай  көптен  күткен финал  да  аяқталып, жалпы  маусым  өз  мәресіне  жетті. Жаңа  есімдердің  аты  аталып, күтпеген  командалар  чемпион атанды. Олардың  қатарына Ұлттар лигасында озық болған Португалияны  да  қосса  болады.

А.АБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: