Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт спортына реформа қажет сыңайлы

08.08.2024, 11:20 694

Олимпиада ойындары басталмас бұрын бокстан кем дегенде үш медаль жеңеміз деп топшылаған едік. Онымен қоса, теннистен де жүлдеден үмітті болдық. Себебі, құрама командада әлемнің төртінші ракетасы әрі Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина мен жақында ғана әлемнің  бірінші  ракетасын  қапы қалдырған  Юлия Путинцева бар еді. Алайда, жарыс жолына шығуға бір күн қалғанда екі теннисші де турнирге қатысудан бас тартты. Еліміздің бокстағы қауқары көпке белгілі. Біздің боксшылар Токиоға дейін ешқашан алтынсыз қайтпаған. Биылғы дүбірлі додаға да мен деген әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін аттандырған едік. Десе де, нәтиже біз топшылағандай болмады. Фаворит санаған қос боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергенов алғашқы айналымнан-ақ «үйге» қайтты. Бірте-бірте олардың қатарына Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да қосылды. Бар үміт – 80 келі салмақ дәрежесінің финалына шыққан Нұрбек Оралбайда. Нұрбек финалда Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Хижнякқа қарсы алтын жүлдені сарапқа салмақ. Сонымен қатар, әйелдер арасындағы бокстан Назым Қызайбай да қоланы қанағат тұтты.

Олимпиада дегенде қалың қазақ ең алды­мен боксты еске алатыны сөзсіз. Өйт­кені, аталған спорт түрі бойын­ша нағыз мықты держава, династия қалып­тастыра алдық. Тәуелсіз ел болып алғашқы мәрте додаға түскеннен-ақ Василий Жиров жартылай ауыр салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыларды жарыстан шығарып, мойнына алтын таққан-ды. Сол сәттерден-ақ көп жасөспірімнің бокс спортына деген аңсары ауды, «Балқаштық жолбарыс» секілді олимп шыңын бағындырамын деушілердің қатары көбейді. Тек алтын иеленгенді айтқанымыз жөн болмас. Бас-аяғы бокстан Қазақстан құрамасы төрт медаль еншіледі. Дәлірек айтқанда, 51 келі салмақта Болат Жұма­ділов күміс жүлдені, Болат Ниязымбетов 63,5 келінің, Ермахан Ибраимов 71 келі салмақтың қоласын еншіледі. Атланта олимпиадасынан кейінгі қазақ боксшыларының жетістіктері көпке аян. Одан бері Ермахан Ибраимов алтын қанжығалады, күтпеген жерден алаштың алтын баласы Бекзат Саттарханов та алтын әкелді. Ауыр салмақта беріспеген Мұхтархан Ділдәбековтің небір алып былғары қолғап шеберлерін атып ұрғаны әрқашан жадымызда. Әсіресе, 69 келі салмақ дәрежесінде өрендеріміз нағыз доминация жасады. Әлемде бұл дивизионда бізге ешкім тең келмеді. 2008 жылы Бейжіңде өткен төртжылдықта Бақыт Сәрсек­баев, 2012 жылы Лондон олимпидасында Серік Сәпиев, 2016 жылы Риода болған додада Данияр Елеусіновтің арқасында әнұранымыз  әлемдік аренада шырқалды.

Бұның бәрін еске алуымыздың да өзіндік себебі бар. Соңғы екі олимпиадада боксшыларымыздың әуселесі төмендеу болып тұр. Әрине, бізден бөлек елдерде екі қолаға да қанағаттанар еді, бірақ та бұған дейінгі әлемдік, құрлықтық додаларда алтынсыз қайтпаған біз үшін бұл – төмен нәтиже. 2021 жылдан бері 3 жыл өтті. Осы аралықта кеткен қателіктерді жөндеп, Париж олимпиадасына тың дайындықпен барады деп үміттенгенбіз. Десек те, турнирдің алғашқы күндерінен-ақ жағымсыз жаңалықтарға куә болдық. Капитан ретінде үміт артқан Асланбек Шымбергенов, онымен қоймай, Токиода қола алды ғой, бұл жолы финалға дейін барады деген боксшымыз, Сыр өңірінің тумасы Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы айналымнан-ақ сүрінді. Негізі екі жекпе-жекте де спортшыларымыз жеңіліс тапты деп толық айта алмаймыз. Бірақ, жеңді деуге де ауыз бармайды. Байқағанымыздай, спорт­шы­ларымыз екінші нөмірмен өнер көр­сету­дің зардабын тартып жатыр. 57 келі салмақта испандық боксшымен күш сынас­қан Махмұд Сабырхан да қарсыласын қанша соққылағанмен, жеңіліске ұшырады. Қарсылас боксшы жақсы қорғана отыра, қарсы соққымен жақсы күтіп алып отыр­ды. Ширек финалға шыққан боксшы­ларымыз Айбек Оралбай, Сәкен Бибосынов және 21-де жасындай жарқыраған Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жарты­лай финалға өте алмады. Бұл жерде де – жоғарыда атап өткендей мәселе. 3 раунд­та да нашар нәтиже көрсетіп, нақты жеңілді-ау дейтіндей болған жоқ. Головкин бастаған олимпиада комитеті бұл жөнінде халықаралық комитетке арыз-шағым да түсірді. Дегенмен, ол шағымнан ештеңе шықпайтыны анық, әрі кетсе төрешілер қызметінен айырылады. Боксшыларға айтылып жатқан сын көп. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының алтын жүлдегері Бақыт Сәрсекбаев боксшылардың физикалық дайындығына күмәнмен қарай­ды. 3 раундта шаршап, ентігіп қалып  жатқандығына  наразы.

– Соққылары тым аз. Сериялық соқ­қылар тіпті аз. Үш минутта қанша соққы жасауға болады? Физикамен айналы­сады  деп  арнайы шақыртылған мамандар қайда қарап жүр? Жалпы ғылыми топ мүше­лері қайда? Неге біздің  боксшыларға  шаршы  алаңда дем жетпей  қала  бере­ді? Неге үш раунд­та аяққа тұра алмай­ды? Бәрің шұбырып не істеп жүрсіңдер?», – дейді ол.

Сонымен қатар, экс-чемпион  бас  бапкердің  де  жұмысына  ренішін  білдіргендей  болды.

– Сосын тағы бір сұрағым бар: әрбір боксшы лицензия алғаннан кейін олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен Бейжің олимпиадасына дейін жарты жылда 22 кездесу өткіздім. Ал, бас бапкерге айтатын сөзім жоқ, – дейді  Бақыт  Сәрсекбаев.

Иә, расымен боксшылардың қимы­лы сылбыр көрінеді. Мүмкін, бокста бәсеке артып, өзге мемлекеттер де аталған спорт түріне көңіл бөліп жатқаннан жеңіс бұйырмай тұрған болар? Шыны­мен, бұрын соңды өзбек боксшыларынан жеңілеміз деген үш ұйық­тасақ та түсімізге кірмейтін. Бүгінде өзбек боксшыларының толық құрамы ширек финал­ға өткен. Біразы алтыннан үмітті. Біз білетін бәсеке қазақ боксшылары мен кубалық боксшылар арасында болатын. Өзбектер бокстан алдымызды орап кетті. Бұған олимпиадада толықтай куә болдық, 2-3 жыл аралығында өткен құрлықаралық турнирлерде іштей сезіктеніп жүргенбіз. Осы мәселе аясында  спорт журналисі  Айбек  Мұханов  та  бізге пікір  білдірді.

– Бокста өзбектен, күресте қырғыз­дан жеңіліп  жатырмыз. Қазақстанда бокс пен күрестен жарыс көп. Көрші ағайындарды жиі шақырдық. Олар дамып, біздер қалып қойдық. Бокста өзбек, күресте қырғыз ағайындар алдымызды орап кетті. Қазақ­стан ҰОК президенті Г.Голов­кин, ҚР туризм және спорт министрі Е.Маржықбаев, уақытша отырсаңдар да спортқа реформа жасап кетіңдер. Әйтпесе, 2050 жылдары елімізде 180 федерация емес, 450 федерация болып көбейіп кетер. «Бас-басына би болған өңкей қиқым…» деп  жүрмейік, – дейді  ол.

Медаль мәселесіне келер болсақ, жүлде жеңуден ондыққа кіру бізге әзір бұйыра қоймайтыны анық. Негізінде олимпиада шыңын бағындырып, жүлдеге қарық болғымыз келсе, әдеттегі бокс, күрес секілді жекпе-жек өнерлеріне ғана көңіл бөлмей, баланс ұстағанымыз абзал. Байқасаңыз, алғашқы үштікті әрқашан Қытай, АҚШ, Жапония немесе Ұлыбритания түгендейді. Бірақ, біз қашанда үздік үштіктен түспейтін бокстан алтын алған қытайлықты көрмейміз. Немесе, американдық дзюдошы алтын жүлдемен марапатталды деген жаңалықты әзір естімедік, Біле білсеңіз, олимпиада ойын­дарында бір адам бірнеше жүлде жеңе алады. Жекелей сыннан бөлек топтық сындар да бар. Сонымен қатар, жүзу, гимнастика секілді спорт түрлері әртүрлі дисциплина арқылы болады. Мәселен, әлемге аты әйгілі ұлы атлет Майкл Фелпс олимп шыңын 28 мәрте бағындырған. Бұл көрсеткіш бүкіл олимпиада тарихындағы Орта Азия мемлекеттерінің жетістіктерінің қосындысынан да көп. Биылғы додада жүзу спорты бойынша француз Леон Маршан жалғыз өзі төрт жүлде еншіледі. Сондай-ақ, Майкл Фелпс қойған, 16 жыл бойы бұзылмай келген 200 метр жүзу жарысынан рекорд орнатты. 2008 жылы Майкл Фелпс жалғыз өзі АҚШ-қа 8 алтын әкелді. Ал, біз ерлер арасындағы бокстан жеті салмақ дәрежесінде де алтын алсақ та, Фелпстің нәтижесіне жете алмайтын  едік. Ойлана  беріңіз…

Олимпиаданы құрама команда сәтті бастады. Алғашқы күні-ақ Елдос бауыры­мыз тарихи нәтиже тіркеп, дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінің жеңімпазы атанды. Ғұсман Қырғызбаев та қола иеленіп, қоржынға бір медаль сыйлады. Олимпиада бітпей, шорт кесіп спортшыларымызды жерден алып, жерге сала алмаймыз. Әркімнің өз шындығы бар дегендей, ешкім алғашқы айналымнан сүрінейін деп келмейді. Әрқайсысы алтынды місе тұтып келеді. Алайда спортшы болғаннан кейін мінез де қатар жүру керектігі анық. Спортшыларымыздың жеңілгеннен кейінгі сөзі көптің талқысына түскен болатын. Жеңіліске қандай факторлар әсер еткені жөнінде сөз етпей, «Құдайдың басқа салғаны» деген секілді фаталистік бағыттағы сөздер құдды ерік-жігердің жетіспеушілігін көрсететіндей. Өңірлік спортшылар биыл нәтиже көрсете алмады. Қамшыбектен бөлек дзюдодан қос балуанымыз да доданы алғашқы айналымнан тоқтатты. Нұрлыхан Шерхан ширек финалда сүрінсе, Абылайхан Жұбаназар татамидегі бірінші белдесуінде жеңіліс тапты. Ал грек-рим күресінен 60 келі салмақта күрес­кен Айдос Сұлтанғали қырғыз балуаны Жола­ман  Шоршанбековтен  жеңілді.

Доданың аяқталуына аз уақыт қалды. Әзірге қоржында төрт жүлде. Бірақ, Нұрбек пен Назымда кем дегенде күміс пен қола тұрғанын ескерсек, бұл әлі соңы емес екені айқын. Олимпиада комитетіне басшылыққа келген Генадий Головкин осы доданы қорытындылай отыра, жаңа реформалар жасайды, өзгерістер енгізеді  деген үміттеміз.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: