Қасым-Жомарт Тоқаев ХХV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның бапкерлерін марапаттады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөз сөйлеп, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын иеленген Михаил Шайдоровтың жеңісі – күллі елдің мерейін асырған тарихи оқиға екенін атап өтті.
«Михаилдың жеңісінің арқасында көк байрағымыз Олимпиада аренасында биікке көтерілді. Ең алдымен, оны шын жүректен құттықтаймын және ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ әкесіне, бапкерлеріне және бүгін Ақордаға жиналған барша жанға алғыс айтамын. Михаилдың әлемдік деңгейде мойындалуы – сіздердің табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Бүгінде ол – тұтас ел мақтан тұтатын спортшы, ал жастар үшін үлгі боларлық тұлға. Олимпиада чемпионы атану – ең күрделі жолды жүріп өтуге дайын болу деген сөз. Биікке тек тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіп арқылы ғана жетуге болады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Олимпиада Қазақстан үшін айрықша маңызға ие болғанын айтты. Оның сөзінше, Шайдоровтың жеңісі – отандық спорт шежіресіндегі ірі белес.
«Бұл – қазақстандықтар 32 жыл күткен тарихи алтын. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Бүкіл әлем Қазақстанда жарқын таланттар бар екеніне көз жеткізді. Олар әйгілі спортшы Денис Тен салған даңқты жолды лайықты жалғастырып келеді. Михаилдың Кортина д’Ампеццодағы жеңісі – тарихи маңызы бар табыс. Бұл – өзіне деген сенімнің, қажырлы еңбектің және осы күрделі спорт түріне деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі», – деді ол.
Президент Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әке ретінде де, жаттықтырушы ретінде де ол Михаилға өміріндегі ең қиын сәттерде тірек бола білді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионының бапкері, 1994 жылғы Олимпиада чемпионы әрі әлем чемпионы Алексей Урмановтың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді. Бұдан бөлек, Президент Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, аты аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин бастаған спорт саласындағы ұйымдардың да үлесін атап өтті.
Мемлекет басшысы Михаилдың еркін бағдарламада тәуекелге барып, жеңісті жұлып алғанын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұндай мүмкіндікті екінің бірі тиімді пайдалана алмайды. Бұл жеңіс мыңдаған жас қазақстандықты спортқа шабыттандырып, армандардың еңбек пен табандылық арқылы орындалатынын дәлелдеді.
Президент Олимпиада чемпиондарының есімі әлемдік спорт тарихында мәңгі сақталатынын, олардың жетістіктері Халықаралық Олимпиада комитетінің Лозаннадағы музейінде тіркелетінін айтты. Енді 2026 жылғы Олимпиадада Михаил Шайдоровтың жарқын жеңісі де сол шежіреге енеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға барлық жағдай жасай беретінін жеткізді. Оның айтуынша, адал бәсеке, меритократия, тәртіп пен жауапкершілік – әрі спорттың, әрі қуатты мемлекеттің тірегі.
Президент ұлттық құрама мүшелерінің барлығын құттықтап, алда өтетін Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар екі жылдан кейін Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиадаға дайындықты күшейту қажеттігін айтты.
Сондай-ақ 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды екенін атап өтті.
Жиын соңында Мемлекет басшысы ХХV қысқы Олимпиада ойындарындағы жоғары жетістігі үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал «Құрмет» ордені ұлттық құраманың бас бапкері Әсем Қасановаға, бапкер Станислав Шайдоровқа және Қазақстан мәнерлеп сырғанаушылар одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
Өз кезегінде Михаил Шайдоров Мемлекет басшысына және барша қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Бұл медаль – тек менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мені қолдаған бүкіл елдің жеңісі. Олимпиада алтыны – мен үшін мәреге жету емес. Алда ел намысы үшін жауапкершілікпен атқаратын үлкен жол бар. Қазақстанды әлемге таныта беруге бар күшімді саламын», – деді Олимпиада чемпионы.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!