Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Токио Олимпиадасының карантиндік ережелері бекітілді

04.02.2021, 14:35 538

Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық паралимпиада комитеті және Токиодағы ұйымдастырушылар комитеті 2021 жылы өтетін Олимпиада ойындарына карантиндік талаптарға сай жаңа ережелер енгізді. Онда сайыс барысында санитарлық нормаларды қалай ұстану керектігі толық көрсетілген.

Мәселен, ұйымдастырушылар спортшылар мен қатысушыларға өз құрамасын қолдап айқайлауға немесе өлең айтуға болмайтынын ескертіп отыр. Олардың орнына қол ұрып, шапалақтау арқылы өз қолдауын көрсетуді сұрайды. Сонымен қатар, келушілер өздерінің Олимпиада барысындағы 14 күндік жоспарын ұйымдастырушыларға алдын ала беріп қою керек. Сол жоспардың арқасында ойынға тек қатысушылар ғана кіргізілетін болады. Яғни, спортшылар өздері қатыспайтын жарысқа кіре алмайды. Сондай-ақ, 14 күннің ішінде спортшыларға дүкен, мейрамхана мен басқа да демалыс орындарына баруға тыйым салынады.

Ережені бұзған жағдайда спортшыларды немесе басқа қызметкерлерді ойыннан шығарып жіберуі мүмкін.

– Бұл сайыс басқалардан өзгеше болатынын жақсы білеміз. Кез келген қатысушыларға шектеу қоюға тура келіп тұр. Одан бөлек, олардың барлық жағдайын да жасайтын боламыз. Олар бұл өзгерістерге төзіп, түсінушілік танытады деген ойдамын. Біз бұған адамдардың бостандығына шектеу қою үшін емес, олардың денсаулығы үшін амалсыздан барудамыз, – деді Халықаралық олимпиада комитетінің атқарушы директоры Кристофер Дуби.

Бұл ұйымдастырушылар ұсынған жаңа ережелердің алғашқы бөлімі. Көп ұзамай ережелердің екінші бөлімі шығады. Онда басқа да қатысушылар мен журналистерге арналған ережелер жазылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: