Ел чемпионатының екінші айналымынан сенімі мол «Қайсар» футбол клубы Орталық стадионда қатарынан 8 матч жеңіліс көрмей келе жатқан қостанайлықтарды қабылдайды. Қазіргі таңда жергілікті клуб матчқа дайындықты бастап кетті. Клубтың бас бапкері Владимир Никетенко бұл матчта ұпай еншілеуге бар күштерін салатынын жеткізді.
– Қазіргі таңда командамен бар болғаны екі ойын өткізіп үлгердік. Құрамда бар ойыншылардың мүмкіндігіне қарай түрлі ойын өрнектерін құрастырудамыз. Екі ойында да қарсыласқа қарағанда допқа ұзақ иелік етіп, жақсы нәтиже көрсеттік. Біздің басты мақсат – Премьер-лигада қалу. Өкінішке қарай, «Тобылмен» ойында бірнеше ойыншылар көмектесе алмайды. Бұл ойында сары қағаздың көптігінен капитанымыз Думан Нәрзілдаев алаңға шықпайды. Сондай-ақ, Елжас Алтынбеков пен қақпашымыз Артем Леонов ойнай алмайды. Өткен матчта Артем жарақат алып қалғанын білесіздер. Оның жағдайы туралы нақты айту қиын. Бірақ, кем деген 2-3 апта емделуі керек. Одан бөлек, Стефан Денкович те жарақатынан енді айықты. Ұзақ уақыттан кейін кеше алғашқы жаттығуын өткізді. Сондықтан оның алаңға шығуы екіталай. Бәлкім, екінші таймда алаңға шығып қалар, – деді «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Владимир Никитенко.
Команда кешкі жаттығу кезінде «Тобыл» ойыншыларымен жеке танысып, тыңғылықты дайындалуда. Сондай-ақ, «Каспиймен» өткен ойыннан кейін еліміздегі футбол инсайдерлері «Тобылмен» өтетін ойын келісілген матч болуы мүмкін деген ақпарат қалдырған еді. Алайда бұл ақпаратты клуб түбегейлі жоққа шығарды. Оның үстіне ойыншылардың дайындықтарына қарап, жеңіске деген ұмтылыстарын байқау қиын емес.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайсар» мен «Тобыл» футбол клубтары арасындағы матч сәрсенбі күні Қызылорда уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!