Фото: bntnews.bg
Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Халықаралық олимпиада комитеті президентінің өкілеттіктерін тапсыру рәсімі Лозаннадағы Олимпиада үйінде өтті.
Томас Бах ХОК-ты 2013 жылдан бері басқарып келеді. Ол енді қызметті жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы, зимбабвелік Кирсти Ковентриге тапсырды.
Ковентри – ХОК-тың 10-шы президенті болды және бұл лауазымды атқарған алғашқы әйел. Әрі Африка құрлығынан алғашқы өкіл ретінде тарихқа еніп отыр. Ол наурыз айында Олимпияда (Грекия) өткен ХОК 144-ші сессиясында сегіз жылдық мерзімге сайланды.
Бахтың жиында Олимпиада үйінің кілтін символдық түрде Ковентриге табыс еткені белгілі болды, бұл – басшылық ауысуының дәстүрлі актісі. Кілттің авторы –1992 жылғы Олимпиада алауын жасаған испандық дизайнер Андре Рикар.
– Жаңа уақыт жаңа көшбасшылықты қажет етеді. Кирсти Ковентри – өмірі олимпиадалық құндылықтармен тығыз байланысты адам. Ол қозғалыстың болашағы үшін өте маңызды жаңа дауыс пен тың көзқарас әкеліп отыр, – деп атап өтті Томас Бах.
Ковентри Бахқа 12 жылдық жұмысы, олимпиадалық қауымдастықтың бірлігі мен оған қолдау танытқаны үшін алғыс айтты.
– Сіз «бірге» идеясына негізделген мұра қалдырдыңыз. Біз бұл мұраны мақтан ете аламыз деп үміттенемін, тіпті ең қиын уақытта да құндылықтарыңызға адалдық танытқаныңыз үшін алғыс! – деді ол.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!