Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талай таланттың қанатын қақтырған

02.12.2024, 10:00 120

HALYQLINE.KZ

Бәріміз білетіндей, Сыр өңірі спорт саласының қарқыны жаман емес. Бұл сөзімізге жастар және жасөспірімдер, ересектер арасында өткен Азия, Әлем біріншіліктерінде жеткен спортшыларымыздың жетістіктері дәлел. Спортшыны қамтитын ресурс болмаса, тиісінше нәтиженің де жөнді болмайтыны анық. Спортшы тек қана бойындағы талант пен қарым-қабілетіне ғана сеніп қоймайды. Одан бөлек оның жаттығу орны сапалы жабдықталған болуы керек. Бапкерлердің де үлесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Себебі, қаншалықты бапкерің білгір болса, алар асуың да соншалықты биік болатыны айқын. Осы тұста Сыр спортшыларына көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Қай спорт түрінен болмасын, барған спортшыларымыз үздік үштіктен түспей, көңіл қуантуда. Бұған дейін қызылордалық дүлейлердің ауыр атлетикамен аты шықса, бүгінде мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, спорттық гимнастика секілді көпшілік біле бермейтін, дегенмен, әлемдік деңгейде аса бағаланатын спорт түрлерінде бәсі жоғары. Одан бөлек дзюдо, қазақ күресі секілді жекпе-жек түрлерінен де өңірлік спортшыларымыз жоғары деңгейде екенін өздеріңіз байқап жүрген боларсыздар. Осыдан бірер күн бұрын облыстық дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қаншама спортшының түлеп ұшып, жаһандық аренада өнер көрсетуіне атсалысып, «чемпион боламын» деген амбицияның ізінде жүрген жас өрендерге тәлім-тәрбие беріп отырған спорт мектептері мен кешендерінің жұмысымен бір топ журналист танысқан болатынбыз. Спорт саласындағы ілгері жұмыстардың куәсі болдық, енді сол көрген-білгенімізді, алған ақпаратымызды назарларыңызға ұсынсақ.

Тасбөгеттік өрендер су жаңа залда жаттығады

Атап айту керек, облыс бойынша халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылуы 44 пайызға жетіп, әрбір 1000 адамға шаққанда 1490 нысан қарастырылған. Бұл көрсеткіш – қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген мүмкіндіктерінің біршама артқанының айғағы.

Ең алдымен жолымыз Тасбөгет кентіндегі «№5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне» түсті. Спорт мектебінің сыртынан жақында ғана пайдалануға берілген ғимарат екенін аңғаруға болады. Ішінде де бар жағдай жасалған. 2023 жылы негізі қаланған бұл мекеме жас спортшыларды кәсіби спортқа баулып, болашақ чемпиондар шығаруды көздейді. Жалпы ауданы 540 шаршы метрді құрайтын мектепте еркін күрес, таэквондо және каратэ, самбо және қазақ күресі спорт түрлері бойынша бүгінде 438 бала дайындықтан өтуде. Ал жалпы жаттықтырушылар саны – 14. Жеткіншектер арасында еркін күрес бойынша 103, таэквондодан 112, қазақ күресінен 94, самбодан 60 және каратэден 69 спортшы бар.

Нысанда балалардың жағдайы үшін бар жағдай жасалған. Жақында ғана қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында оқушымыз Тілекжан Мұрат чемпион атанып, спорт шебері атағын сәтті қорғады. Сонымен қатар, мектебімізде таэквондодан ел біріншілігінің жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Алмат Қаленов.

Үстел теннисі орталығы: Халықаралық стандарттағы заманауи нысан

Үстел теннисі еліміздің көп бөлігінде таңсық болғанымен, Қызылордада ерекше танымалдыққа ие. Тенниске көпшілік жай хобби ретінде қарайды, десе де, бұл спорт түрінің жалпы Азияда қалай дамығанын бірі білсе, бірі білмейді. Бізше үстел теннисі болса, халықаралық тілде пинг-понг деп аталатын ойынның қытайлықтар мен кәрістер түбін түсірген. Осыдан бірер уақыт бұрын олимпиада ойындарында Қытай ұлттық құрамасына қарсы өңкей легионер қытайларды қарсы қойған АҚШ құрамасы «мемге» айналған еді.

Теннис орталығының пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қоймады. Ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының өзі қатысқан-тұғын. Үстел теннисі орталығының аумағы 3651,9 шаршы метрді алып жатыр. Халықаралық стандартқа сай салынған нысанда бір мезетте 32 спортшы жаттыға алады. Сондай-ақ, 16 үстел теннисі мен 350 орындық трибунасы бар. Орталық ашылғалы бері спортшыларымыз түрлі жетістікке жетіп үлгерді. Атап айтар болсақ, жас таланттар арасында Аделя Әлжанова Қазақстан чемпионатында екінші орын иеленсе, Әлем би Айдарбек халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы, орталық жұмысы жайлы теннис спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жәнібек Оңталап толығырақ тарқатып өтті.

Қазіргі таңда спорт мектебінде үш жаттықтырушы қызмет етіп жатыр. Желтоқсан айында ҚР чемпионаты өтеді. Астана қаласынан Үстел теннисі федерациясынан аға жаттықтырушылар алып, жарысқа дайындықты күшейтпек ниеттеміз. Үстел теннисі орталығы толықтай халықаралық стандартқа сай салынған, – дейді ол.

«Мұз айдыны» – көпфункционалды кешен

«Мұз айдыны» орталығын спортпен айналыспайтын қарапайым жұрт та жақсы біледі. Олай дейтін себебіміз, мұндағы мұз айдынында бала-шағасын жетектеген отбасы, жора-жолдастар болып жиылған жастың қарасы қалың, қашан қарасаң да адам толы болады. Алайда, кейбіріміз бұл нысанды басқа қырынан танымай жатамыз. «Мұз айдынында» қыстық спорт түрлерінен бөлек көркем гимнастика, грек-рим күресі, волейбол бойынша да жасөспірімдер мен ересектер жаттығады. 8160 шаршы метр аумақта орналасқан бұл кешен қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтуде. Орталық директоры Талғат Әбдіғаппарұлының айтуынша, бұл кешен болашақта мәнерлеп сырғанау мен хоккейден жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.

Атап айту қажет, орталықта олимпиадалық емес спорт түрлеріне де жағдай жасалған. Нақтырақ айтсақ, кешкі сағат 20:00-де панкратион, дәстүрлі жекпе-жек және грэпплингке барғысы келетін жасөспірімдер мен ересектер келіп, жаттығу жасайды.

Жасөспірімдер спортының ордасы – «MYNBALA» спорт кешені

Баспасөз туры барысында қаладан шалғай орналасқан, бірақ та заманауи жабдықталған «MYNBALA» спорт кешеніне де бардық. 2022 жылы жұмысын бастаған бұл кешен 6000 шаршы метр аумақта орналасқан. Мұнда грек-рим, дзюдо, бокс, кикбоксинг, волейбол, баскетбол, футбол сынды 12 спорттық үйірме бар. Қазіргі таңда бұл орталықта 1000-ға жуық бала спортпен шұғылдануда. Оның 22-сі – Қазақстан чемпионы, ал біреуі – әлем чемпионы. «MYNBALA» кешені дарынды жастарды анықтап, олардың спорттық әлеуетін барынша дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Жыл басынан бері кешен 21 спорт шеберіне үміткер дайындап шығарған. Футболдан 16 бала футбол орталықтарында доп теуіп, қала, тіпті облыс мүддесін абыроймен қорғап жүр. «Наман ата» қоғамдық қорының қарамағындағы спорт кешені «Абай-Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен көптеген жарысқа барып, түрлі іс-шара ұйымдастырудан тайынған емес. Дайындықтан немересін күтіп отырған апаны көзіміз шалды. Айтуынша, сегіз немересі бар екен. Оның бесеуі осында әртүрлі спорт түрі бойынша жаттығу жасап жүр.

Бауырымыз Марат Абайұлы менің бес немеремді тегін спорт секциясына қатыстырып отыр. Сол себепті осы кісіге алғысым шексіз. Баланы тәрбиелейтін – спорт. Спорт жаман әдеттен аулақ қылады. Сондықтан «MYNBALA» кешенінің басшылық қызметіне, жаттықтырушыларына аналық алғысымды білдіремін, – дейді Күлжәмика Ералиева.

Чемпиондар  ұстаханасы

Турды «Евразия» спорт кешенімен қорытындыладық. Бұл кешен – тек жай ғана спорттық нысан ғана емес, талай таланттың қанатын қақтырған даңқты орталық. Ашылғалы елге белгілі чемпиондар шығарудан тайынбаған орталықта бәрі бірқалыпты.

Жалпы ауданы 3922 шаршы метрді құрайтын кешенде спорттың әртүрлі бағыты әлде де даму сатысында. 25 метрлік жүзу бассейні, 576 адамға арналған футзал алаңы, тренажер залы, дзюдо және боксқа арналған арнайы залдар спортшылардың кәсіби деңгейде дайындалуына мүмкіндік береді. Кешеннің басты мақсаты – ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту, сонымен бірге әлемдік аренада Қазақстанның беделін көтеретін спортшыларды тәрбиелеу. Кезінде мұнда бірнеше спортшы алғашқы жаттығуларын бастап, артынша үлкен ареналарда ел намысын қорғады. Шорт-тректен Нариман Молдабек пен Диляра Туралиева, дзюдодан Әділет Керейтбай мен Диляра Тынышбаева секілді белді спортшылар дәл осы кешеннен түлеп ұшқан.

Бүгінде мұнда спорттың алты түрінен 402 спортшы жаттығып, кәсіби мансапқа бірте-бірте икемделіп жатыр. Жаттықтырушылардың жоғары біліктілігі мен спортшылардың табандылығы бұл спорт кешенін өңірдегі ең ірі спорт орталықтарының біріне айналдырды.

Түйін. Жоғарыда атап өткен спорт орталықтары – өңірдің денсаулығы мықты, жеңіске ұмтылған өжет ұрпағын қалыптастыру жолындағы іргетасы. Заманауи нысандар мен спорттың алтын дәстүрін сақтаған орталықтар тек бір мақсатта қызмет етеді. Ол – жасөспірімдерге жол сілтеп, чемпиондарды тәрбиелеу. Қорыта айтқанда, спорт саласы үшін қаланған әр нысан – еңбек пен жеңістің символы. Ал оның қабырғасында жаттыққан әрбір спортшы – келешек еліміздің мақтанышы.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: