Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырбойылық төрт спортшы олимпиадада бақ сынайды

25.07.2024, 11:00 242

Париж-2024 олимпиадасына да санаулы уақыт қалды. Әртүрлі спорт түрі бойынша 92 қазақстандық Франция астанасында ел намысын қорғағалы тұр. Оның төртеуі – қызылордалық. Биыл әлемдік додаға аттанғандар қатарына бокстан 92 келі салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев, грек-рим күресі бойынша 60 келі салмақта бақ сынасатын Айдос Сұлтанғали, сондай-ақ, дзюдодан 100 келі салмақ дәрежесінде Нұрлыхан Шархан және 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар енді. Байқап тұрғандай, бәрі  дерлік  – жекпе-жек  шеберлері.

Қамшыбек Қоңқабаевтың мансабы бәрімізге мәлім. Ол – бокстан  ҚР  спорт  шебері. 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, 2021 жылы Токио қала­сында өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Байқағандарыңыздай, Қамшыбекке біраздан бері алтын бұйырмай жүр. Оның басты себебі – аталған салмақтағы өзбек боксшысы  Баһадүр Жалолов. Баһадүр көптен бері отандасымыздың жолын кесіп жүр. Бірақ, Қамшыбектің тыңғылықты дайындықта жүргені, Баһадүрге қарсы арнайы стратегия құр­ғаны анық. Сондықтан да, көпшілік бұл жолы Қамшыбектің алтын алатынына кәміл сенімді. Букмекерлік кеңселердің есептеуінше, Қамшыбек – Баһадүрден  кейінгі алтынға  үмітті   боксшы.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда дүние есігін ашқан. Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Биыл Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде иеленіп, Париж олимпиадасына жолдама алған. Бұл – Айдостың алғашқы олимпиадасы. Ол олим­пиадада  барын  салатынын, қайтсе де жүлдегерлер қатарынан көрінетініне сенеді. «Олимпиадада бақ сынауды алдыма мақсат еттім. Арманым орындалды. Жеңіске жетуге бар күшімді   саламын»  дейді  ол.

Жалпы, қызылордалықтардың дзюдо спорты­нан өзге өңірлерге қарағанда бәсі жоғары. Бұған биыл 4 жылда бір келетін додаға жолдама алған Нұрлыхан Шархан мен Абылайхан Жұбаназар дәлел болып отыр. Нұрлыхан Шархан 2023 жылдың соңында Азия ойындарының қоласын жеңіп алған-тұғын.  Сол Азия ойындарында Нұрлыхан Токио олимпиадасының алтын жүлде иегері, жапон­дық Аарон Вольфті қапы қалдырған болатын. Нұрлыханның да бұл – алғашқы олимпиадасы. Дзюдошыл қауым қызылордалық жас спортшының  жүлдемен  қайтатынына  сенімді.

Абылайхан Жұбаназар – қазалылық дзюдошы. 81 келі салмақ дәрежесінде олимп шыңына жолда­ма алған ол тек дзюдомен емес, сонымен қатар, самбо және қазақ күресімен де айналы­сады. Абылайхан 2022 жылы Grand Slam турнирінде қола жүлде иеленді. «Олимпиада – әрбір спортшының арманы. Алдымда асқақ арман бар. Ел намы­сын абыроймен қорғасам деген мақсатым  бар», – дейді  спортшы.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: