Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр спортын дамыту мәселесі пысықталды

01.04.2024, 8:30 195

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында аймақтағы спорт саласына жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері талқыланып, проблемалық мәселелер мен «Қайсар» футбол клубының қаржылық жағдайы пысықталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдау нәтижесімен мамандардың жұмысқа орналасуына, спортшылардың іссапар шығындарының мақсатты жұмсалуына, спорт клубтарының жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар кемшілік анықталды.

Осыған орай, аймақ басшысы тиісті лауазымды тұлғаларға аталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіріп, кінәлі қызметкерлерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма жүктеді.

Спорт – ұлт саулығының кепілі. Осы орайда, спорт саласын дамыту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылы 23 желтоқсанда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы құрылды. Басқарма – барлық мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Өткен жылы атқарылған жұмыстардың арқасында өңір халқының 39%-ы бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік алып, олардың саны 328 597 (ауылдық жерде 192 535) адамға жетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 497 адамға артқан.

Өңірде спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 44%-ға өсті. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту, халықтың дене шынықтыру және спортпен айналысуын ынталандыру үшін аймақта заманауи спорт нысандарының саны артып келеді.

«Балалар жылы» аясында 80 балалар және спорт алаңы пайдалануға берілді.

Өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттерден 5 458,1 млн теңгеге 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 кешен қолданысқа берілді. Сол жағалаудан халықаралық талапқа сай келетін, жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, осы жылы үстел теннисі орталығының құрылысы басталды.

Жақын күндері еуропалық стандарттарға сәйкес келетін, 10000 адамға арналған заманауи Орталық стадионның құрылысы жүргізілуде. Спортшыларымыздың нәтижесі көңіл қуантарлық. ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан 552 спортшы енген.

Бүгінде 2024 жылдың басты спорттық додасы – Олимпиада және Паралимпиада ойындарына 2 жолдама бар. Дүбірлі додада Қ.Қоңқабаев бокстан, Э.Қасқабаев, Ш.Медеуов отырып ойнау волейболынан ел намысын қорғайтын болады.

«Қайсар» командасын қаржыландыру мәселесі өзекті. 60 жылға жуық тарихы бар Сырдың бас футбол командасының жанкүйерлері жыл санап артып келеді.

Биылғы маусымда Сыр спортының жанкүйерлері «Қайсардан» жақсы жаңалықтар күтеді. Жергілікті футболды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Былтырдан бері команда жұмысын ұйымдастыруда бірінші кезекте бюджет қаражатын үнемдеу әрі сапаны арттыру міндеті қойылды.

Өткен жылы футбол клубына 1,2 млрд теңге қаралып, қайсарлықтар Премьер-лиганың турнирлік кестесінде 6-орынды иеленді. Бұл алдыңғы жылдардағы бөлінген қаражатпен салыстырғанда біршама төмен, әйтсе де көрсетілген нәтижені мамандар да, жанкүйерлер де жақсы деп бағалады.

Бұған дейін 2018 жылы футбол клубына 3 млрд теңге, 2019 жылы 4,15 млрд теңге бөлінген.

Облыс әкімі «Қайсар» футбол командасының құрамында ойнайтын легионер ойыншылардың жалақысы жоғары екенін ескеріп, келесі жылдан бастап команда сапына жергілікті ойыншыларды тартуға және жас футболшылар клубын дамытуға күш жұмсалуы қажет екенін айтты.

Келесі жылы «Қайсарға» мүмкіндігінше жергілікті ойыншыларды тарту жолдарын қарастыру, жақсы нәтижелерге жету талабы қойылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: