Бүгінде Сыр спорты серпінді түрде дамып келеді. Себебі, салаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Облыста өткен жылы 13 спорт кешенінің құрылысы басталса, биыл тағы 10 кешеннің құрылысы жүргізілмек. Аймақтың атын асқақтату үшін спорт мектептерінде 48 спорт түрінен 640 жаттықтырушы-оқытушы 22 266 спортшыны тәрбиелеп-баулуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов саладағы жаңашылдықтар мен жетістіктерді баяндады.
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың құрама команда мүшелері тұрақты түрде оқу-жаттығу жиындарына барып, ресми жарыстарға қатысты. Нәтижесінде, біздің спортшыларымыз ҚР чемпионаты мен кубоктарынан 609 медаль, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 83 медальға қол жеткізді. Одан бөлек, 3 спортшы ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 20 спортшы ҚР спорт шеберін иеленсе, 570 спортшы ҚР спорт шеберлігіне кандидат болды. Биыл жалпы спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан 960 спортшы еніп отыр. Бұл өз кезегінде Сыр спортының алдыңғы шепте екенін көрсетеді. Өздеріңіз білесіздер, осы жылдың басты спорттық додасы – Олимпиада және Паралимпиада ойындары. Оған аймағымыздан 7 спортшы жолдама алып отыр. Бұл да біз үшін үлкен қуаныш. Жерлестеріміз ел үмітін ақтап, жеңіс сыйлайды деп сенеміз. Сонымен қатар, биыл Қызылорда қаласында стадион мен үстел теннисінің құрылысы жүруде. Ал, шілде айында демеушілердің қолдауымен Жалағаш және Шиелі аудандарында шағын спорт кешендерінің құрылысы басталатын болады. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясының «Alan» бағдарламасы арқылы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңын күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарланып отыр,- деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!