Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Сыр халқы үшін ондағы өзгеріс, көтеріліп жатқан мәселе аса маңызды. Бақтияр Артаевтың басқармаға басшы болып келгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен, білікті маман Қызылорда спортында болып жатқан түйткілді мәселелерді жасырып, тек жақсы жаңалықтарды тілге тиек етіп жүрген жоқ. Керісінше, барды бар, жоқты жоқ деп ашығын айтып, шындықтан тайынған емес. Бұған жақында жаңадан ашылған «Достық үйіндегі» спорт саласы сараланған алқалы жиында куә болдық. Бақтияр Ғарифоллаұлы көкейтесті мәселелерді кесіп айтып, өткен жылға қорытынды есеп беріп, алға қойған жоспарларды түйіндеді.
Аталмыш жиынға сала басшылары, спорт мекемелерінің директорлары, сондай-ақ федерация өкілдері мен БАҚ мамандары қатысты. Алқа отырысында біршама мәселе майшаммен қаралды. Бақтияр Ғарифоллаұлы жылды қысқаша қорытындылап өткен соң, басқармаға қарасты дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Сағидат Талғатұлы сөз алды.
– Өздеріңіз білетіндей, жыл өткен сайын әлемдік бәсекелердің бәсі биіктеп, мемлекеттер арасындағы бедел мен абырой көбіне олимпиадалық жетістіктер арқылы анықталуда. Осыған орай, президенттің Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасымен басым спорт түрлерінің тізімі анықталып, енгізу туралы бұйрық шыққан болатын. Өңірде басым спорт түрлеріне 29 спорт енгізілді. Облысымызда 2025 жылы спорт мектептерінде олимпиадалық спорт түрлерімен шұғылданушылар саны шамамен 80 пайызға жетті. Ал олимпиадалық емес спорт түрлерімен шұғылданушылар саны 15 пайызды құрады. Осы көрсеткіш 2024 жылы керісінше болған-тұғын. Осы шамадағы нәтижелердің арқасында көрсеткіштеріміз жақсара бастады, – деді ол.
Іс-шара барысында 2025 жылғы нәтижемен қатар, басқа да мәселелер сөз болды. Соның бірі – жаңадан құрылған «Қамқоршылар кеңесі». Атап өту қажет, бұл кеңестің шешімімен жаңадан облыстық аға жаттықтырушылары тағайындалып, спортшылардың ай сайынғы шәкіртақысы қаралады. Сондай-ақ облыс төңірегіндегі федерациялардың жұмысы талқыға түсетінін айтып өткеніміз абзал.
Тағы бір дерек, өңірде 67 спорт федерациясы жұмыс істейді. Осы ретте «Қамқоршылар кеңесінің» шешімімен және республикалық федерация ұсынысымен бірқатар жаңа президент тағайындалды. Мәселен, облыстық бокс федерациясының президенті болып Досхан Болатұлы Жүсіпов, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып Нұрәлі Әділбекұлы Қожасов және облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті болып Исламғали Айтуарұлы Қозбақов тағайындалды.
Алқалы жиында қаржыны игеру мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні айтылды. Тексеру барысында кейбір мекемеде іссапар шығындары мен оқу-жаттығу жиындарына бөлінген қаражаттың дұрыс игерілмеуі, тиісінше жоспарсыз жұмсау деректері анықталған. Сонымен қатар «Қайсар» қол добы клубы мен ұлттық спорт клубының медаль көрсеткіші азайған. Ал велоспорт клубында спортшы саны көбейгенімен, нәтиже мүлде көңіл көншітпейді. Бұл туралы да Бақтияр Ғарифоллаұлы толығырақ тарқатты.
– Азия чемпионатында медаль саны екеуге азайған. 2025 жылы мектеп-интернаттарға көрсетілген тексеру нәтижесінде іссапар қаржысы жоспарсыз жұмсалғаны анықталды. Бәріңіз білесіздер, мен біраз уақыт бұрын жиналыс өткізіп, сол жерде осы мәселе жөнінде ескерту жасаған болатынмын. Алты ай ішінде 119 млн теңге қаражат игеріліп, оның ішінде 86 млн теңгенің 17 млн теңгесі бірыңғай бір спортқа жұмсалған. Бәріңізге қатаң түрде ескертемін, кеше ғана аймақ басшысы тапсырма берген. Түсінікті ғой, бір спорт түрі бойынша Ташкентке 17 млн теңгеге барып жатса, шыны керек, қиын жағдай. Сондықтан да осы мәселеге ұқыпты болыңыздар, — деп, басқарма басшысы бүкіл мектепке ескерту жасады.
Бәрімізге белгілі, қай өңір үшін де, қай ел үшін де спорттың басты межесі – олимпиада. 2024 жылы Парижде өткен жазғы олимпиада және паралимпиада ойындарына тоғыз қызылордалық жолдама алған. Басқарма басшысы ендігі мақсат алдағы АҚШ-та өтетін олимпиадаға жүйелі түрде дайындық жүргізіп, жүлделі орындарға қол жеткізу керек екенін жеткізді. Сондай-ақ Бақтияр Ғарифоллаұлы президент бекіткен олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беру керегін қадап айтты. Себебі, оның айтуынша, ол жақтан түсетін пайда олимпиадалық емес спорт түрлерінен түсетін пайдаға қарағанда орасан. Спорт саласының дамығанын тек сол арқылы аңғаруға болады. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы журналистердің сұрақтарына да мүдірмей жауап берді.
– Президенттің тапсырмасы – басым спорт түрлерін анықтау, оны белгілеу және сол бағытта жұмыс істеу. Және келесі олимпиадада біз міндетті түрде медаль еншілеуіміз керек. Ал қысқы спортқа келер болсақ, жақында ғана өздеріңіз куә болдыңыздар, «Мұз айдынында» шорт-тректен чемпионат өтті. Және сол жерде біздің қызылордалық өрен чемпион атанды. Егер де біз осы шамадағы чемпионаттар өткізбесек, спортшыларымыз көзге көрінбей, тасада қала береді. Сондықтан да осындай қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында коньки, хоккей, шорт-трек спорт түрлерін дамытып жатырмыз.
«Қайсар» жайлы бірер сөз, қазір команда жекеге кетті, нақты тапсырма да берілді. Клубқа қолдау бар, академия да соғылып жатыр. Құдай қаласа, жеті алаң болады. Оның біреуі – жабық, алтауы ашық болады. Биылғы мақсат – елге Еурокубок ойындарын алып келу. Ішкі біріншілікте нешінші орында болатынын нақты болжай алмаймын. Бірақ, міндетті түрде Еурокубокта өз алаңымызда «Қайсарға» жанкүйерлік етіп отырсақ деген шын ниет бар, — дейді ол өз кезегінде.
Жиын соңында Бақтияр Ғарифоллаұлы сөз сөйлеп, спорт журналистеріне, жаттықтырушылар мен спортшыларға сый-сияпат көрсетіп, марапат тарту етті. Сондай-ақ алқа отырысында көтерілген мәселелердің сол жерде қалмау керегін де алға тартты.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!