Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сынның көбейгені сын сағатында көмектесті ме?

25.11.2020, 12:55 682

HALYQLINE.KZ

Қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Соңғы уақытта біршама сынға ұшыраған қызылордалық «Қайсар» футбол клубының соңғы уақытта «қадамы түзелгендей» болып еді. «Маусымның ортасында «сүрінген» клуб етек-жеңін жинап, турнир аяғында жүйелі ойын өрнегін көрсете бастады». Шымкенттік «Ордабасымен» өткен матчтан кейін сарапшылардың барлығы осылай дабыл қақты. Тіпті, Еуропа Лигасының жолдамасына таласуға да мүмкіндік пайда болған. Дегенмен, «Астанаға» есе жіберіп, турнирлік кестедегі жағдайын қиындатып алды. «Қасқырлардан» чемпионат аяғында не күтуге болады?

Маусым аяқталуына үш тур қалғанда «қасқырлар» негізгі құрамның бірнеше ойыншысынан айырылған болатын. Олардың қатарында Марк Гурман, Александр Колев, Элгуджа Лобжанидзе, Режинальдо және т.б. бар. Аталған ойыншылардың барлығының келісімшарты аяқталған. Клуб басшылығы ойыншыларды ең төменгі жалақы бойынша чемпионатты аяқтауға шақырған болатын. Алайда біразы келіспеді. Дегенмен, маусымның соңғы 3 ойынын тегін ойнауға келіскен футболшылар да болды. Олардың қатарында Фортес, Битанг, Граф және Станиславлевич бар. Қара сөзбен қайырғанда, құрамда тек жанкүйерлер үшін ойнағысы келетіндер ғана қалды. Тиісінше, ол өзінің жемісін де берді.

Қазақстан Премьер-Лигасының 19-туры аясында «Ордабасы» мен «Қайсар» клубтарының арасында ойын өтті. Қос команда да алғашқы алтылықтың ішінде болғандықтан матч тартысты өтетіні түсінікті еді. Екеуіне де Еуропа Лигасының жолдамасы ауадай қажет және екеуі де – сарапшылардың сынына көп ілініп жүрген команда. Ойын басында негізгі ойыншыларынан айырылған «қасқырларға» көпшілік сенбей, шымкенттіктердің жеңісін болжаған. Дегенмен, жасыл алаңда қызылордалықтар жауапсыз 3 гол соғып, «Ордабасының» тас-талқанын шығарды. Бұл жеңіс «Қайсардың» турнирлік кестедегі жағдайын біршама жақсартып, «қасқырлардың» төрт құрлық көзін тіккен доданың жолдамасына таласуға ниеті бар екенін білдірді. Алдыңғы командалармен ұпай арасын қысқартып алған қызылордалық клубқа қалған ойындарда мүлдем қателікке жол бермеу керек болатын. Дегенмен, «қасқырлардың» сәтті ойыны көпке созылмады. Сейсенбіде 20-тур аясында өткен матчта 3 ойын қатарынан жеңіліске ұшыраған «Астанадан» 3:1 есебімен жеңіліп, Еурокубок жолдамасы көзден ғайып болды. Әрине, математикалық тұрғыда әлі де мүмкіндік бар. Бірақ, қалған ойында «Ордабасы» мен «Шахтер» ұпай жоғалтуы екіталай.

Премьер-Лига аясында жерлестерімізде бір ғана ойын қалды. «Қасқырлар» 27 қараша күні чемпионат аутсайдері «Қызылжармен» кездеседі. Соңғы ойында аяқдопшыларымызға сәттілік тілеп, жанкүйерлер үмітін ақтайтынына сенейік.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: