Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәтпаев «Челси» үшін сәтті трансфер бола ала ма?

13.02.2025, 11:40 113

Биылғы жыл қазақ футболы үшін қиын болды. Черчесовтың келуімен ұлттық құрамамыз 2024 күнтізбесін голсыз өткізді. Онымен қоймай, Ұлттар лигасында да, іріктеу ойындарында да жарытып доп теппеді. Клубтық деңгейді айтар болсақ, Еурокубокқа жол тартқан жалғыз командамыз «Астана» футбол клубы Конференция лигасын жалпы командалық есепте 36 клубтың ішінде 28-орынмен тамамдады. Осы тұста жылдың жалғыз ақжолтай жаңалығы Дастан Сәтпаевтың лондондық «Челсиге» ауысымы болып тұр. Жалпы, жас таланттың трансфері ресми жуырда ғана орындалғанымен, жыл соңында сыбыстар шыға бастаған. Отандық инсайдерлер бастап, Фабрицио Романо растап, Сәтпаевтың «Челси» қаралымынан сәтті өткенін, артынша келіссөздердің жүріп жатқандығын айтқан-тұғын. Айтқандары бекер болмады, күні кеше «Қайрат» клубының басшысы Қайрат Боранбаевтың өзі аталған трансферді растады. «Қайрат» клубы бұл ауысым арқылы 4,3 млн еуроны қанжығалайтын болды. Бұл – қазақстандық клуб үшін әжептәуір қаражат. Бұрын-соңды мұндай көлемдегі трансфер қазақ футболы тарихында болмағанын да атап өткеніміз жөн.

Сәтпаев – Алматы қаласының тұрғыны. Жастайынан, нақтырақ айтқанда, сегіз жасы­нан бері «Қайрат» клубының академиясында доп тебеді. Дастанның таланты бала кезінен білінген. Былтыр ғана миллиардер, «Freedom Bank» басшысы Тимур Турловтың бастамасымен ұйымдастырылған жастар арасындағы QJ League турнирінде рекордтық нәтиже көрсетіп, жалпы екі маусымда 28 ойында 26 гол салып, 10 голдық пас берді. Ал мамыр айында 15 жастағы Дастан ҚПЛ ересектер лигасында «Ақжайыққа» қарсы қосалқы құрамнан алаңға шығып, лига тарихындағы ең жас ойын­шы атанды. Әубастан талантымен таңғалдырған ойыншы жастар арасындағы ұлттық құрамалар  халықаралық турнирінде «Челсиден» бөлек немістің «Лейпциг» клубы, сондай-ақ, португалдық «Бенфиканың» да назарына ілінген екен. Фабрицио Романо да кім көрінген жас ойыншының ірі клубқа трансферін жария­лай бермейді. Соған қарағанда Сәтпаев осы кезден батыстың медиасферасында әжептәуір танылып үлгерген сияқты. Қазіргі таңда қазақ­стандық жанкүйер­лер ойын­шыны ұлттық құрамаға шақыртуын сұрап отыр. Алайда, ересектер арасындағы футболдың агрессивке толы, физикалық тұрғыда қиын болатынын ескерсек, сатылап, адаптация  арқылы  дамы­ғаны  жөн секілді.

Бүгінде Дастан Сәтпаевтың 16 жаста болуына байланысты толыққанды «Челсиге» ауысымы қиынға соғуда. Яғни Ұлыбритания­да 18 жасқа толмай жұмысқа тұра алмайтынына байланысты Дастан «Челсидегі» қатарлас­тарымен бірге ойнап, U17, U19 сынды ювениалды командаларда доп тебе алмайды. Сол себепті де «Челси» ойыншының 18 жасқа дейін «Қайратта» ойнауына рұқсат беріп отыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы ойыны барысында челсилік бапкер футболшының өсуін жіті қадаға­лап  отырмақ.

Қазірде Орталық Азия ойыншылары Еуро­па клубтарының назарына әжептәуір ілігіп жүр. Осыдан бірер жыл бұрын Эльдор Шомуро­дов атты өзбек ойыншысы итальяндық лиганың «Рома» клубына ауысқан еді. Бірақ ол ойыншы дебюттік матчтарын жақсы өткізгенімен, сол кездегі бас бапкер Жозе Моуриньоның артқан үмітін ақтай алмады. Еуропа деп жарытып айтпасақ та, Түркияда және Ресейде доп теуіп жүрген ойыншыларымыз да жоқ емес. Соның бірі – Дастанға дейін ең көлемді трансфер саналған Нұралы Әліп. Әліп – ұлттық құраманың негізгі ойыншысы. Оның үстіне Ресей чемпионы «Зениттің» де қорғанысын тұсап ұстап отыр. Ал Түркиядағы Зайнутдинов пен жерлесіміз Айымбетов те – өз клубтарының маңызды ойыншылары. Бірі «Бешикташта» доп тепсе, бірі «Адана Демир­спор» футбол клубында ойнайды. Ал Сәтпаевқа дейінгі басты жаңалық француздық «Ланс» клубының орталық қорғаушысы Абдукодир Хусановтың тұманды Альбионның ең ірі клубы «Манчестер Ситиге» ауысымы болды. Өзбекстандық қорғаушы келе салысымен Пеп Гвардиоланың сенімінен шығып, Сәтпаев­тың болашақ командасы «Челсиге» қарсы негізгі құрамға шықты. Десе де, қобалжыды ма, қарсылас голына себепкер болып, екінші таймда орнын босатты. Дегенмен, біраз уақыт бұрын Англия Кубогінің 1-16 финалында «Лейтон Ориентом» клубына гол салып, сәтті ойын өткізді. Ойын соңында Пеп Гвардиола 20 жастағы өзбек ойыншысына толық­қанды сенім артатындығын атап өтті. Ол бұған дейін де «ол қазір ағылшынша түсінбейді. керек болса, мен онымен қарым-қатынас үшін орысша немесе өзбекше үйренуге дайынмын» деп желіні жарған болатын. Бұның бәрін айтып отыруымыздың себебі, Еуропа клубтары бұған дейін назардан тыс болған Орта Азия құрлығын дамушы ел ретінде қарап, біртіндеп таланттарына  көз  салып  жатқан  секілді.

Таяқтың екі ұшы бар дегендей, Сәтпаевтың трансфері мен құрлықаралық футбол дипломатиясының қараңғы тұсын да біраз аналитик айтып отыр. Кейбір спорт журналисінің айтуынша, «Челси» футбол клубы қазақстандық ойыншыны сатып алуы – маркетингтік қадам. «Челсидің» елімізбен байланысы осыдан біраз уақыт бұрын әлемжеліде тарап кеткен. Бәріміз білетіндей, «Челси» – ТМД-лық «PariMatch» букмекерінің басты серіктесі. Аталған букмекер қазіргі кезде Қазақстанда да кәсібін дөңгеле­тіп отыр. Сондықтан да «Челси» ойын­шылары қазақтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, кейде «Айт қабыл болсын!» деп  те  жарнамалық  роликтер  жариялап  жүрді.

Одан бөлек «Челсидегі», сондай-ақ АПЛ-­дегі  бәсекелестікті  де  мәселе қылмасқа амал жоқ. Журналист Ермұхамед Мәуленнің өзі Сәтпаевтың трансфері туралы әзіл-шыны аралас пікір білдірген-тұғын. Ол өзінің әлеу­меттік желідегі тікелей эфирлерінің бірінде «Ол «Челсиде» бірден ойнай алмайды. Оны екі жылдан кейін сатып алған соң ортаңқол коман­даға жалға береді. Ол жалға берген клубтың өзі бірден отандасымызды негізгі құрамға шы­ғаруы екіталай» деп, ауысымның біз ойла­ған­дай оңай болмайтындығын жасыр­ған жоқ. Соны­мен қатар, Ибрагим Раббай, Эстевао секілді таланттары бар «Челсиде» Сәт­паев үшін қиын бәсекелестік болатыны анық. Бірақ, елімізде Дастан секілді талантты ойыншы болмаған секілді. Оның допты иірімінде ұстауы, мінсіз реализациясы мен жылдамдығы бір кездері манчестерлік «Ситиде» атой салған Агуэроны еске түсіреді. Отандасымыз­ға тек сәттілік тілейміз! «ТОП 5 лигада қашан қазақ­тың қара баласы доп тебеді екен?» деген көпшіліктің  арманын  орындайды  деп  сенеміз.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: