Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Садриддин Ахметов Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысты инстаграмм парақшасында пікір білдіріп, журналистерді итке теңеді. Сөзінің ұзын-ырғасы мынадай.
– Жігіттер не сөйлеп қойып жатқанын білмейді, ішіндегі өкінішті айтып, қан жылап тұрған сезімдерімен бөлісіп қойып жатыр. Нағыз жігітке жараспайтын жақтарын мына біздің журналист білгіштеріміз хайп жинап қалу үшін салып қойып жатыр. Өз еліміздің иттері қастарыңда жүргенін біліңдер. Сендерді көретін адам көріп, шын қолдайтындар қолдайды. Ал қалғаны сендерді халық жауынан кем қылып жатқан жоқ, – деп жазды.
Әлем біріншілігін ерте аяқтаған Талғат Сырымбетов пен Санатәлі Төлтаевтың жеңілісі боксшыға осындай ауыр сөзді айтқызды. Өкінішті. Рингте атой салып жүргенде өнерін жоғары бағалап, елге танытуға атсалысып жүрген журналистерді итке теңегеніне айтар сөз таппай отырмыз.
Бұл жігіт журналистердің жалғыз боксшылардың емес, барлық спорттың суығына тоңып, ыстығына күйіп жүргенін біле ме екен? Біздің ойымызша, өте жақсы біледі. Оның ішінде ОАР бокшысы Нкулулеко Мхлонгомен өткен кездесуінен кейін «Залдың іші толған жоқ» деген ренішін залға айтқанымен, оны кейбір әріптестеріміз (жанкүйерлер де – авт.) «Несіне ренжиді, осал қарсыласты таңдап, көрерменді қызықтыра алмады» деп сын айтқан. Біздіңше осы сынды көтере алмаған Садриддиннің ішіндегі қалып кеткен қыжылы 4 ай өткеннен кейін, екі боксшымыздың жеңіліп, жанкүйерлердің наразылығынан соң сыртқа шықты. Айтылған сыннан сабақ алып, алға жылжудың орнына өзімбілемдікке салынды.
Иә, Садриддин талантты боксшы. Мықтылығын дәлелдеп, тарихқа өз атын атын жазар. Бірақ оның журналистерді, одан қала берді шын жанашырлық еткен жанкүйерлерді «итке» теңеген сөзі де сол тарихта қалатын болды.
Журналистер бір боксшы бізден сырт айналды екен деп оған бас ауыртпайды, қазақ спортының жүгін көтерісіп, онымен мәңгі бірге жасайды.
Жасұлан Наурызәлі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!