Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ресми мәлімдеме: «Қайсар аренаның»: FIFA сертификаты бар, УЕФА инспекциясы алда

16.01.2026, 14:59 30

Коллаж: halyqline.kz

Қызылорда қаласында бой көтерген 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионына қатысты соңғы күндері бірқатар ақпарат құралдарында «УЕФА лицензиясынан өтпеді» деген мазмұндағы мәліметтер тарады. Осыған байланысты Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі ресми түсініктеме беріп, жарияланған ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, «Kaysar Arena» стадионы 2025 жылғы 4 қазанда Қазақстан Кубогының финалдық ойынымен ресми түрде ашылған. Стадион Қазақстан футбол федерациясы тарапынан лицензияланған және УЕФА-ның Time бағдарламасына 4-санаттағы стадион ретінде енгізілген. Бұл – халықаралық деңгейдегі матчтарды қабылдай алатын ареналарға қойылатын талаптарға сай екенін білдіреді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, УЕФА инспекциясын өткізу сәуір–мамыр айларына жоспарланған. Яғни, қазіргі уақытта стадионға қатысты УЕФА тарапынан теріс қорытынды немесе бас тарту туралы шешім жоқ. Керісінше, УЕФА деректеріне сай, нысан 4-санат талаптарына толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар, стадионның ойын алаңы FIFA-ның арнайы тестілеуінен өтіп, ең жоғары деңгейдегі FIFA QUALITY PRO сертификатын иеленген. Бұл сертификат футбол алаңының жабындысы халықаралық стандарттарға толық сай екенін, кәсіби және халықаралық деңгейдегі матчтарды өткізуге жарамды екенін растайды. Сертификат 2025 жылдың 30 қыркүйегінен 2026 жылдың 29 қыркүйегіне дейін күшінде.

Сурет: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Осы деректерді ескере отырып, басқарма өкілдері «Kaysar Arena» стадионында ірі көлемдегі матчтар мен халықаралық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа стадион УЕФА-ның ресми сайтындағы тізімге енгізілген.

Осыған байланысты Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі стадион туралы кейбір сайттарда жарияланған мәліметтердің жалған және нақты жағдайды бұрмалап көрсететінін жеткізді.

Басқарманың ресми түсініктемесіне сәйкес, «Kaysar Arena» – FIFA стандартындағы ойын алаңы бар, Қазақстан футбол федерациясы лицензиялаған және УЕФА жүйесіне енгізілген заманауи спорт нысаны. Ал УЕФА инспекциясының жоспарлы түрде өтуі – халықаралық тәжірибеде қалыпты процесс. Сондықтан стадионға қатысты асығыс немесе біржақты қорытынды жасауға негіз жоқ.

Коллаж: halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: