Күні кеше көпшілік асыға күткен ойын болды. Дәлірек айтқанда, ЧЛ-ға алғаш рет шығып, елдің сүйіспеншілігіне бөленген «Қайрат» командасы турнирдің екінші турында ЧЛ-ның 15 дүркін жеңімпазы, корольдық клуб «Реал Мадридті» өз алаңында қабылдады. Матчтан көп нәрсе түйдік. Жеребе сәтінен-ақ ажиотаж тудырған ойын нәтижесін екіжақты талдауға болады. Қорыта айтқанда, климатқа, жолға қатысты тұжырымдар жүзеге аспады және «Қайрат» көбі ойлағандай сұрықсыз ойын көрсеткен жоқ. Мүлде футболға қызығушылығы жоқ адамдарды да көруге мәжбүр қылған ойынның басынан аяғына дейін толығырақ тарқатсақ.
Матчқа дейінгі атмосферадан бастайық сөз басын. Жеребенің қорытындысы бойынша барлығы күткен ойын «Реалмен» болғаны айтпасақ та белгілі. Билеттер сатылымға шықпай-ақ «қалай да болсын барамын», «тіпті мүлкімді сатуға дайынмын» деушілердің қарасы көп болды. Билет бағасының «удай» қымбат болатыны да анық еді. Дәл солай, билет бағасы 30 мың теңгеден басталып, қымбаты 250 мыңға дейін барды.
Аншлаг болатын матчта әрқашан мәселе туындайтыны айдан анық қой. Ал «Реал Мадрид» ойыншыларының қонақүйге орналасуының өзіне мыңдаған жанкүйер барып, бүкіл қаланы шулатқан сәтте бұл нәрсеге таңғалудың реті жоқ та шығар. «Қайрат» футбол клубының амбассодоры, Арчи атымен белгілі Артур есімді блогер кейбір адамның билетсіз кіріп кеткенін, тиісінше билеті бар кей жұрттың ойынға кіре алмағанын айтады. Одан бөлек бәріне белгілі «алыпсатарлар» мәселесі де әдеттегідей орнықты. 250 мыңның билетін миллион теңгеге сатқандарды кезіктірдік. Ойын басында стадионның жанын жағалап, 20 билет таратқан әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспановтың да басы дауға қалды. «Әрдайым жұрттың назарына негативті жағынан ілігіп жүретін блогердің қолына осыншама билет бірден қайдан түсті?» десті жұрт.
Хош. Ойынның айналасында болған жайттарға бөлек бір мақала арнасақ та болады. Негізі басымдық – матчтың өзінде. «Реал Мадрид» Алматыға келеді дегеннен-ақ сарапшылар арасында неше түрлі пікір айтылды. Бірі «Реал» бұрын-соңды мұншалықты шақырым жол жүріп көрген емес, ары кетсе минималды есеппен жеңеді, тіпті тең тарқасуы да мүмкін» десе, ал енді бір бөлігі «Климаттың әсері ойын барысына қатты әсер етеді, «Реалға» бұл қиындық тудыруы мүмкін» деді. Әлбетте, «Реалды» ешкім фаворит санатынан алып тастаған жоқ, бірақ та мүмкін тең ойын немесе жеңілістен де үмітті болдық.
Ойынға дейінгі баспасөз конференциясында екі тараптан да біраз нәрсе айтылды. «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Оразбахтиннің айтуынша, «Реал» секілді клубтың Қазақстанға табан тіреуінің өзі – үлкен мәртебе. Және «Қайраттың» дәл «Реалмен» жеребеге түсуі – команда үшін қуанышты жаңалық.
Ал «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо ЧЛ-да оңай қарсыластың болмайтынын, неде болса қиын ойын болатынын атап өтті. Оның жанындағы спикер, «Реалдың» жартылай қорғаушысы, уругвайлық Федерико Вальверде бұған дейінгі «Атлетикодан» болған ауыр жеңілістен ес жию керек екенін және «Қайратқа» қарсы қателіктерді жуып-шаятынын мәлімдеді.
Сонымен, бүкіл баспасөз конференциясы, ойын алдындағы жаттығулар аяқталып, матчқа да кезек келді. Қыркүйектің 30-ы, күн райы түсініксіз, жаңбыр болуы ықтимал делінгенмен, ойын барысында жауын-шашын болған жоқ. Бәрі сақадай дайын. «Реал» негізгі құрам шығара ма, әлде «Қайратты» бағаламай, екінші не үшінші құраммен алаңға шыға ма?» деп уайымдаған жұрт ойынға бір сағат қалғанда құрамды көріп, ойлары сан-саққа кетті. Бір топ жанкүйер беделді ойыншыларды көретініне дән риза болса, енді бір топ «Қайраттың» жеңісіне күмәнді бола түсті. Себебі, «Реал» негізгі құрамды құп көрді. Тек Джуд Беллингем шықпады демесең, қалғанының бәрі – өңкей тәжірибелі, ЧЛ-ның плей-офф кезеңдерінде, финалдық ойындарда бой көрсетіп жүрген ойыншылар. Трент пен Карвахальдың жарақатына байланысты Рауль Асенсио оң қаптал қорғаныста ойнайтын болса, Джуд Беллингемнің орнын Дани Себальос толтырған. Ал қалғандары – бәріне белгілі Мбаппе, Винисиус, Арда Гүлер, Тчуамени, Хейсен сынды аяқдопшылар. «Қайрат» та негізгі құрамға әдеттегі ойыншыларын шығарды. Атап айтқанда, шабуыл шебінде болашағымыз Сәтпаев, одан бөлек Громыко, Мрынский, Жоржиньо секілді ойыншылар шықса, ортаңғы шепте Арад пен Қасабулет, қорғаныста Мата, Сорокин, Мартынович пен Тапалов болды. Қақпада – Анарбековтың ізбасары, күллі Қазақстанның үмітін арқалаған Шерхан Қалмұрза.
Матчтың бастапқы минуты сенсациялы басталды. Нақтырақ айтсақ, «Қайрат» кенеттен шабуыл ұйымдастырып, Дастан Сәтпаевтың баспен ұрған соққысы баяу болып, Куртуа бір голдан аман қалды. Ойын одан соң түбегейлі «Реалдың» тарапына өтті. Бірақ, өзінің деңгейіне сәйкес доминация көрсете алмай, әбден қиналды. «Қайрат» қинады да. Біздің ойыншылар мадридтік қонақтарды қыспақтап, прессингке салды. Сол себепті «Реалдың» қай шабуылы да мардымды болған жоқ. Тек ойынның 20-минутына тақаған тұста Винисиуста бірге бір, Шерхан Қалмұрзаға қарсы мүмкіндік болғанымен, оңды пайдала алмады, қиыс кетті. Арада сәл уақыт өткен соң, яғни 25-минутта қорғаушылар қателігінен кейін абдырап қалған Шерхан абайсызда Франко Мастантуоға қарсы тәртіп бұзып, 11-метрлік айып добы белгіленді. Әдетте пенальтиден мүлт кетпейтін Килиан Мбаппе бұл жолы да мүмкіндігін оң пайдаланды. Одан кейін де «Реал» үстемдік еткендей көрінгенімен, жөнді шабуыл болған жоқ. Тиісінше, бірінші тайм тең тамамдалды.
Екінші таймға қарай Алонсо командасының ойынына ризашылық білдірмегені анық. Ал қайраттықтар «Реалға» қарсы ойнауға болатынын ескеріп, еңселерін тік көтергендей болды. Дегенмен, екінші тайм басталып, жеті минут өтпей жатып, Мартыновичтің шабуылға шығып, допты жоғалтып алып, бір жағынан қорғаныста Сорокинді жалғыз қалдырып кеткенінің кесірінен жылдам Мбаппе қарсы шабуылға шығып, бірге бір қақпашыдан айласын асырды. 0:2 есебімен жеңіліп жатқан сәтте сәл де болсын үміт оты оянғандай болды. Өйткені, шабуыл шебіндегі біздің ойыншы Громыконы Дани Себальос аяқтан шалып, бас рефери пенальти белгілеген-ді. Десе де, «Реал» ойыншылары төрешіге VAR-ды бір қарауды өтініп, ойын өзгертті. Экраннан сол сәтті қайта қараған төреші бұл жерде пенальти жоқ деп шешті. Сол сәттен кейін «Қайрат» ойыншылары шаршады ма, ойын бәсеңси бастады. Тек Шерхан біраз голдан аман алып қалып, амалын жасады деуге негіз бар. 73-минуттан кейін «Реал» тарапынан голдар толассыз кіре бастады. «Реал» ойыншыларының ұранындай «Uno, Dos, Tres» демекші, ойын соңына дейін «Қайрат» үш гол жіберіп алды. Біреуінің авторы хет-трик жасаған Мбаппе болса, қалған екі голды қатарға қосалқы құрамнан қосылған қос ойыншы Камавинга мен Браим қақпа торына тоғытты.
Осылайша көптен күткен ойын да аяқталды. Шыны керек, әңгіме басын жанкүйерлерден бастаған жөн секілді. Жалпы, бұл жерде матчқа кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтыны бастапқыда-ақ белгілі болған. Яғни, қалтасы көтергендер көрермен болып, қанша жыл жанкүйер болса да қаражат мәселесіне байланысты матчқа бара алмағандардың да қарасы қалың болды. Айтқымыз келгені, ойындағы жанкүйерлік жайы. Ультрасқа тән еш «перфоманс» байқамадық. Әрине, ту көтергендер, форма киіп келгендер де болды, сөз жоқ. Бірақ та ойынның кей бөлігінде шынайы жанкүйерлік жетіспеді. Арена үшінші гол кірген соң алаңсыз «өлді» десек те болады.
Ал ойыншылардың ойынына келер болсақ, реніш орынсыз болады. Не дегенмен қарсылас – әлемнің ең үздік клубы «Реал Мадрид». Бұл турнирде аталған командадан «Қайраттан» бөлек қаншама гранд жапа шеккен. Біздің жігіттер лайықты қарсыластық көрсете алды. Тек шабуылдағы динамика мен стандартты сәтті орындауда тәжірибе жетіспеді. Себебі, мұндай мықты командаларға қарсы стандартқа үміт арту керек екенін жақсы білеміз. Мүмкін «Қайратқа» пенальти берілгенде, ойын барысы басқаша өрбуі мүмкін еді ғой деп аһ ұрушылар көп. Неде болса, «Реалмен» ойнауға болатынына көз жеткіздік. Олар да – екі қол, екі аяғы бар адам. Асып-тасып бара жатқан ештеңелері жоқ. Тек қаражат пен жасалған жағдай рөл ойнап тұр десек болады. Ал «Қайратқа» екі ойын жеңілдік деп мойымау қажет. Алда әлі «Интерге», «Арсеналға» қарсы матчтар мен одан бөлек өздерімен шамалас төрт командамен ойындар бар. Қазақстандық командаға тек сәттілік тілейміз!
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!