Елеусіновтердің ұлттық ойындағы елеулі ісін көпшілік жақсы біледі. Бұл әулеттің жасы да, жасамысы да тақта үстіндегі тартыстан бір тартынбайды. Тоғызқұмалақтан әлемнің 3 дүркін чемпионы, Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусінов «ұлттық ойынымыздың аясы жыл сайын кеңейіп келеді» деп отыр.
Иә, бұл пікірмен келісуге болады. Бір ғана мысал, Қызылорда облысында тоғызқұмалақ спорты жақсы жолға қойылған. Әр жылдары ҚР командалық және жекелей чемпионаты, ҚР кубогы, ҚР жастар чемпионаты, ҚР жасөспірімдер чемпионаты, Суперлига, Азия чемпионаты, ҚР президент жүлдесі, т.б. турнирлер, жарыстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Тіпті, осыған дейін тоғызқұмалақтан 6 рет әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Олар – 2010 жылы Астана қаласы (Қазақстан), 2012 жылы Пардубице (Чехия), 2015 жылы Алматы (Қазақстан), 2017 жылы Астана (Қазақстан), 2019 жылы Анталия (Түркия), 2022 жылы Ақтөбе (Қазақстан). Мұның өзі тоғызқұмалақтың әлемдік аренаға әлдеқашан таралғанын көрсетеді. Осы тақта үстіндегі барлық тартысты ойынға қазақстандық, қызылордалық спортшылар қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
Төл ойынның жанашыры Хәкімжан Елеусінов ұлттық спорттың арнайы күн ретінде тойлануын жақсылыққа балайды.
– Ұлттық спорт күнін арнайы мереке ретінде белгілеуін зор қуанышпен қабылдадық, сонымен қатар ел арасында одан әрі насихатталып, дамуына айтарлықтай үлес қосады деп сенемін.
Республика бойынша тоғызқұмалақ спорты жақсы дамыған аймақтар қатарында Қызылорда облысы да бар. Барлық жас ерекшелік бойынша үнемі жүлделі орындарды иеленеміз. Қызылорда қаласы мен 7 ауданда үйірмелер жұмыс істейді. Түрлі деңгейдегі чемпиондарды шығарып жатырмыз, – деді ол.
Сыр өңірі жұртшылығы Елеусіновтердің ұлттық спорттағы елеулі істерін жақсы біледі. Тіпті, бұл әулетті тоғызқұмалақ династиясы деуге әбден болады.
– Әкеміз Мектепхан Елеусінов – тоғызқұмалақ, шахмат және еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат кісі. Бауырларым – Біржан Елеусінов ҚР спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы болса, Білімжан Елеусін де – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Сондай-ақ, жиеніміз Дамир Ахметов ҚР спорт шебері, жасөспірімдер, жастар арасында ҚР бірнеше дүркін чемпионы атанды, Азия үздігі саналды. Нұрай, Нүрила Мектепхандар – ҚР спорт шебері, ҚР жасөспірімдер, жастар арасындағы бірнеше дүркін чемпиондары, – дейді тоғызқұмалақтан Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусінов.
Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Елеусінов отбасындағы тәртіп пен тәрбиеге байланысты ұлттық ойынға жақын өскенін айтады.
– Тоғызқұмалақ ойнауыма әкемнің мектебі, бауырларымның септігі ерекше болды. Ұлттық ойынның адамға тигізер пайдасы көп екені айтылып та, жазылып та жүр. Жалпы, тоғызқұмалақ – зияткерлік спорт түрі, зерделі жандардың ойыны, – дейді ол.
Шыны керек, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалаққа құмар жастардың қатары көбейе түскені көпшілікті қуантады.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!