Бүгін Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Қайрат Есенгелдиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ресми парақшасында жариялады.
Жалпы, қалада тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 652 спорттық нысан бар. Оның ішінде 3 стадион, 125 спорт зал, 11 спорттық кешен, 122 жапсарлас залдар, 364 жазықтық құрылғылар, 9 бассейн, 6 ату тирі, 8 теннис корты, хоккей корты, ипподром, есу базасы және жеңіл атлетикалық манеж қала тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу көрсеткіші өткен жылы 155 755 адамды құрап, меже 43,1%-ға орындалды. 192 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 13 051 адам қамтылды. Бұдан бөлек, 56 республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарға 954 спортшы қатыстырылды.
– Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында бөлімге қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында спорттың 11 түрінен үйірме жүргізілуде. Аталған үйірмелерде 1396 қала тұрғыны тұрақты негізде спортпен шұғылдануда. Аталған үйірмелердің спортшылары спорттың парапауэрлифтинг, қоян-қолтық ұрыс, грэпплинг түрлерінен жарыстарға қатысып, жүлделі І, ІІ, ІІІ орындар алып, нәтижелі жетістіктер көрсетуде, – деді бөлім басшысы.
Халықтың әлеуметтік әлсіз тобы қатарындағы қала тұрғындарын қолдау мақсатында әр ай сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы балаларға және қала жастарын қолжетімді спорт инфрақұрылымымен қамту бойынша «Евразия» (жүзу бассейні), «Мұз айдыны» спорт кешендеріне 17 600 адамға жолдамалар берілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!