«Доп ойнаған тозар» деп жүріп футболды да жарытпадық. Әлемдік рейтингте ең төменгі елдердің қатарындамыз. Есесіне сол футболдың баламасы болып саналатын футзалдан ұпайымыз түгел. Аяқдопшыларымыз жыл сайын түрлі жетістіктерге жетіп, жанкүйерлердің көз қуанышына айналған. Бұрындары әлемдік аренада қарсылас шақ келтірмейтін отандық клубтардың арасында алматылық «Қайрат» ғана болса, бүгінде оның қатарына «Ақтөбе» қосылып, екеуі қос-қостап еуропалықтарды сан соқтыруда. Дәлірек айтқанда, Чемпиондар лигасының 1/16 финалы аясында өткен қос ойында қазақстандық клубтар қарсыластарына шыдас бермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Айтпақшы, пандемия әсерінен 1/8 финалға жолдама тағдыры бір матчта ғана шешілді.
Додаға алғашқылардың бірі болып алматылық «Қайрат» пен Белоруссиядан келген «ВитЭн» командалары шықты. Тартысты өткен ойында қазақстандық ұжым 5:3 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің 1/8 финалының жолдамасын жұлып алды. «Қайрат» сапынан Савио, Умберто, Диего, Оразов және Дуглас қарсылас қақпасын дәл көздеп, көзге түсті.
Алматылықтардан кейін араға уақыт салмай Афина қаласында жергілікті клуб «АЕК» пен «Ақтөбе» арасындағы матч басталды. Әдепкіде қазақстандық клубтың еуропалық аренадағы тәжірибесінің аздығы ойынға әсер етеді деп күтілген. Тиісінше, алаң иелері фоварит саналды. Дегенмен, ақтөбеліктер доптың қайда домалайтынын алдын ала анықтау мүмкін емес екенін тағы бір рет дәлелдеді. Ойын басталысымен-ақ белсенді қимылдаған футзалшылар грекиялық команданы 2:5 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік алды.
Айта кететін жайт, отандық қос клубтың келесі кезеңдегі қарсыластары 21 қаңтарда анықталады. Сондай-ақ, қазақстандық қос клуб та жеребеде фаворит командалардың қатарында тұр. Демек, келесі турда жерлестерімізге қарсылас болып аутсайдер командалар жолығатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!