Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ күресінен республикалық турнир өтті

27.03.2025, 16:55 130

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына облыстық мәслихатының депутаты, құқық қорғау саласының ардагері Әмірбек Шаймағамбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қасымхан Асанұлы және Талғат Қозыбаевтың отбасы арнайы қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан басшысы бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың өнегелі өмірі мен ерлігін атап өтіп, қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін біз ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақша күрестен республикалық турнирдің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында қайсарлықпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Өйткені, өз антына адал болған перзенттерін ел ешқашан ұмытпайды. Ел тыныштығын қорғаудағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның ержүректігі мен табандылығы, азаматтығы өскелең ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге етілуде. Өзі қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және өзі туып-өскен О.Мәлібаев мөлтек ауданындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Жыл сайын батыр ұлды еске алуға арналған казақ күресінен республикалық турнир өткізіліп келеді. Бүгінгі додада боз кілемде бағын сынайтын жас балуандарымызға сәттілік тілеймін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар, турнирдің ашылу салтанатында облыстық мәслихаттың депутаты Әмірбек Шаймағамбетов пен батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев сөз сөйлеп, турнирдің өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 250-ге жуық жас балуан қатысып, өз шеберліктерін көрсетуде. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: