Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ күресінен қызылордалықтар да намысты қолдан бермеді

20.03.2023, 16:40 277

Қазақ жарыс десе, делебесі қозатыны анық. Әсіресе қазақ күресі десе, аламанға жиылған қазақтың қарасы көп болады. Өйткені көшпелі қазақ өркениетіндегі балуан күресі – бабалар мұрасының бізге қалған сыйы. Сондықтан болар қазақ күресіне деген ұрпақтың көрсетер қошеметі де зор. Тіпті әлемдік футбол жанкүйерлерімен бірдей деңгейде деп айтуға негіз бар. Оның үстіне Қызылорда облысы қазақ күресіне ерекше назар аударады. Мәселен, «Қазақстан барысы» байқауынан аймағымыздың ер-азаматтары үш мәрте жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық турнирлер де жеткілікті. Халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир биыл 11 рет ұйымдастырылды. Аталған турнир осы жылы 2003-2005 жылы дүниеге келген жастар арасында өткізілді. Екі күнге созылған жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Асылбек Шәменов қатысып, қазақ спортын насихаттаушыларға жылы лебізін білдірді.

–  Бүгін Қызылорда төрінде құрыш білек, қайсар жүрек балуандардың шеберлігін шыңдайтын дүбірлі дода өз жалғасын тауып отыр. Жарыстың былтырғы жеңімпазы Теміржан Руслан Астана қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында топ жарып, әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 350-ден астам балуан қатысқан дүбірлі додада үздік атанды. Сондай-ақ, дәл осы турнирде талабымен танылған Серікболсын Шәріп, Бекзат Шакизаев секілді балуандарымыз жастар арасында ҚР чемпиондарының қатарына енді. Бұл турнирге де болашақ әлем чемпиондары қатысып отыр десем, қателеспеймін. Біз осы додада салт-санамызбен біте қайнасқан «Қазақ күресі» арқылы жастарымыздың бойына ұлттық патриотизм сезімін сіңіреміз деп сенемін, – деді ол.

Турнир 9 салмақ дәрежесінде өтті. Жарыстың бірінші күнінде 72, 78, 84, 90, 100, +100 салмақ дәрежелері бойынша балуандар жарысқа қатысса, екінші күні 55, 60, 66 салмақ дәрежелері бойынша балуандар белдесті. Барлығы 300-ге жуық спортшы қатысты. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Байрақты бәсекеде 11 команда бақ сынасты.

Жалпы командалық есеп бойынша алдыңғы қатардағы үштікті көрсетейік.

Турнир жеңімпаздарына ҚР-ның спорт шеберіне кандидат атағы берілді. Сонымен қатар, қала әкімінің дипломдары мен медальдары және қаржылай сыйақылар табысталды. Сыр өңірінің перзенттері намысты қолдан бермей, қожайын ретінде жақсы өнер көрсете білді. Осы додада жалғыз алтынды қанжығасына ілген Нұртуған Ықыласбекпен тілдестік.

– Мен 55 салмақ дәрежесінде бақ сынастым. Ақтық мәреге дейін 5 адаммен сайысқа түстім. Қарсыластарым жақсы дайындықпен келсе де, белгіленген уақыттан бұрын таза жеңіспен аяқтадым. Турнир ұйымдастыру жағынан болсын, бәрі-бәрі тамаша өтті. Бүкіл қатысушы ұзақ уақыт бойы еңбектенгені байқалады. Қазақ күресімен айналысқаныма 7 жылға жуық уақыт болды. Қазақтың ұлттық спорты еш уақытта жоғалмаса екен деп тілеймін. Өйткені бізді қазақ ететін де – осы спорттар. Олимпиадасы жоқ спорт болса да, мен ешқашан бұл спортпен айналысқаныма өкінбеймін. Керісінше, ғұмырлы болуына үлес қосып жатқаныма ризамын, – деді жас балуан Нұртуған Ықыласбек.

Рас, қазақты қазақ еткен қазақ күресі деуге болады. Осындай кезде әкімдіктің ұлттық құндылықты дәріптеу, жастардың қызығушылығына мән беру, ата-бабамызды ұмытпау т.т. жақсылықтың бәрін қосып, үлкен іс-шара өткізгеніне көпшілік дән риза. Оның үстіне бұл бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Мұндай турнирлер елімізде таусылмасын. Әлемдік деңгейге көтерілген спорттың бір түрі болады деп сенеміз. Қайткенмен де, өзге елдердің ұлттық спорттарымен бүгінде бүкіл ел айналысуда. Қазақ күресі де сондай деңгейге жетуге қауқарлы. Қайта жаңғыр, қазақ күресі!

Азамат АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: