Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ футболының тарихи жетістігі. АЛМАТЫНЫҢ «ҚАЙРАТЫ» – ЕУРОПАНЫҢ БАСТЫ ДОДАСЫНДА

04.09.2025, 12:00 787

Осыдан бірер ай бұрын Өзбекстан ұлттық құрамасы Азия құрлығының ең үздік футбол командаларының бірі атанып, 2026 жылы өтетін жаһандық мундиалға жолдама алғанда тілеулес болып қуансақ та, қазақ футболының көршімізден артта келе жатқанын мойындамасқа амал қалмай, күрсініп те алдық.

Иә, біз «Еуропалық грандтармен текетіресеміз, сол себепті мұндай додаларға іріктеуден өту қиынырақ» деп өз-өзімізді жұбатқанымызбен, іштей әлемдік турнирлерде бой көрсетуді қай-қайсымыз да армандайтынымыз хақ. Енді арада біраз уақыт өткен соң аңсаған арманымызға қол жеткізгендей болдық. Әрине, ұлттық деңгейде болмағанмен, клубтық деңгейде қазақстандық «Қайрат» командасы Еуропаның ең басты турнирі саналатын ЧЛ-ның ұранын Алматыда шырқатпақ. Бұрын-соңды тек «Астана» клубы ЧЛ-ның топтық кезеңіне жолдама алған. Оған да он жылдың жүзі болды. Осыншама уақыт салып, алматылық клуб ЧЛ-ға шыққан қазақстандық екінші команда атанды. Турнир жолында қайраттықтар бар күшін сарп етіп, намысты қолдан бермеді. Еуропаның төрт бірдей белді клубымен айқасқан олар төртеуінен де сәтті өтіп, Еуропаның  ең  басты  турниріне  жолдама  алды.

ТОПТЫҚ  КЕЗЕҢГЕ  ДЕЙІНГІ  ДАҢҒЫЛ  ЖОЛ

Өкініштісі сол, қазақстандық клубтар ішкі лигадан алғашқы орын алған жағдайда да жұрт қатарлы еш қиналмастан ЧЛ-ның 36 клубының қатарына қосыла алмайды. Бұған қазақстандық клубтардың UEFA-дағы рейтингінің төмендігі мен премьер-лиганың да өзге лигаларға қарағанда әлсіздігі себеп. Сол себепті ҚПЛ-дан оза шапқан команда ЧЛ-ына өту үшін 4 турдан тұратын іріктеу турнирі­нен  өтуге  мәжбүр.

Квалификация негізінде «Қайрат» ең алды­мен словениялық клуб «Олимпиямен» жол түйістірді. Словенияның ұлттық құрамасы жақсы дегенмен, ішкі лигасының ҚПЛ-дан аса айырмашылығы жоқ. Бірақ та «Қайрат­тың» бұған  дейін ЧЛ-ына  шықпағанын  ескере отырып, фаворит санау да ерте-тұғын. Көпшілік қос команданың деңгейіне қарап, мүмкіндікті тең бағалады. Алғашқы матч эксперттердің айтқанына сәйкес тең аяқталды. Есеп – 1:1. 16 жаста бола тұра команда лидерлерінің біріне айналған, болашағынан біраз үміт күттіретін Дастан Сәтпаев қазақ­стандық клуб тарапынан жалғыз голды соқты. Және ерекше атап өту керек, ЧЛ-ын іріктеу кезеңі­мен қатар алғанда, аталған турнирде гол соққан  ең  жас  футболшы  атанды.

Ал екінші матчта «Қайрат» өз үйінде әлде­қайда сенімдірек ойнады. Ойынның небәрі бірінші таймында-ақ матч тағдырын шешіп тастады десек болады. Сегізінші минутта  Жоржиньо есеп ашса, 31-минутта қазақстандық жас фулбэк Мринский есепті еселеді. Екінші таймда сақ ойнаған «Қайрат» қарсыласқа еш мүмкіндік берген жоқ.

Келесі матчта «Қайрат» қиынырақ қарсыласпен айқасты. Дәлірек айтқанда, финляндиялық команда «КуПС». Қарсы алаңда өткен бірінші матчта 2:0 есебімен жеңіліс тауып, үшінші турға өту мүмкіндігінен алыстап қалғандай болған. Алайда, Алматыда өткен қарымта ойында ешкім күтпеген сенсация жасап, финдіктерден 3:0 есебімен басым түсті. «Балақай» бомбардиріміз Дастан есеп ашса, тайм соңына қарай Жоржиньо мен қызыл­ордалық «Қайсардың» экс-ойыншысы Громыко тайм соңында қос гол соқты. Бірінші таймда маңызды ойыншылардың бірі Зария қызыл қағаз алып, 10 ойыншымен қалғанда көбіміз үрейленген едік. Десе де, алматылық команда екінші таймда екінші нөмірмен ойнап, сәтті қорғана білді. Және екінші турды да артта  қалдырды.

Осылайша үшінші турға да кезек келді. Яғни, қоржында кемі Конференция лигасының топтық кезеңі бар. Алайда, не болса да ЧЛ-ға шығу ауадай қажет. Қарсылас – «Слован Братислава» клубы. Былтыр ЧЛ-ның топтық кезеңінде ойнаған команда. Сәтті ойын көрсетпесе де, ортаңқол клуб үшін аталған турнирге жолдама алудың өзі бір мәртебе екені белгілі. «Қайрат» өз үйінде 1:0 есебін тіркеді. 90-минутта Дастан Сәтпаев пенальтиді сәтті орындап, жалғыз голды қақпа торына тоғытты. Және де ең үздік бомбардирлер тізімінің үштігіне  кірді.

Екінші  ойын – шешуші сәт. Словандықтар екінші  рет  қатарынан ЧЛ-да ойнай ала ма, алмай ма деген сұраққа нүкте қойыла­тын және «Қайрат» өз тарихында тұңғыш рет аталған турнирге жолдама алу-алмауы шешілетін кез. Бірінші таймда «Слован» есеп ашқан. Сол күйі екі команда бір-біріне қанша шабуылдаса  да ештеңе өзгермеді. Нәтижесінде негізгі тайм голсыз, тең есеппен тамамдалды. Экстра-тайм­да да гол көрмедік. Ақыры ойын тағдыры пенальти сериясымен шешілетін болып, «Қайрат» берілген бес мүмкіндіктің төртеуін оң пайдаланып, келесі кезеңге өтті. Ал словакиялық клубтың екі ойыншысы 11 метрлік  айып  добынан мүлт кетті. Оның ішінде «Қайсар» мен «Астанада» атой салып есте қалған Тигран Барсегян да бар. «Барсегян басқа жақта да қазақстандықтарға көмегін тигізуде», «ол әдейі қателесті» деп қалжыңдасты қазақ  жанкүйерлері.

«СЕЛТИКПЕН»  ТАРИХИ  ОЙЫН.  АНАРБЕКОВ  ФЕНОМЕНІ

Үш тур негізінде төртінші турда «Қайрат» шотландық «Селтикпен» ойнайтын болды. Екеуара осыған дейін кездеспегенімен, «Селтик» қазақ футболы үшін таңсық клуб емес. Нақтылап айтсақ, 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» аталған команданы жеңіп, ЧЛ-ға өтуге сәл қалған. Ал «Астана» болса, өз алаңында 4:3 есебімен жеңген еді. Бірақ қарсы алаңда ойсырай ұтылғанына байланысты  келесі  кезеңге  өте  алмады.

«Қайрат» алғашқы ойынды қарсы алаңда өткізді. Матч бойы екінші нөмірмен максималды қорғаныспен ойнаған олар «Селтикке» өз жартысында мүлде мүмкіндік бермеді. Солай бірінші матч «Қайраттың» бағына орай дейміз бе, голсыз әрі тең аяқталды. Екінші ойын өз алаңымызда, Алматыда өтеді. Сенімділік бар. Бірақ та «Селтик» бір кездері ЧЛ-ға шықпақ түгілі, сол турнирде жеңімпаз атанған клуб болғасын, соңғы онжылдықта қиындықсыз ойнап жүрген соң шотландықтар фаворит санал­ды. «Қайратты» бәрі тіпті өз алаңында аутсайдерге балады. Оған да көндік. Алайда, Алматыда «Қайрат» көпшіліктің аузына қақпақ қойды деуге келеді. Шабуыл бойынша тең тарқасты, қарымта шабуылда өткірірек ойын өрнегін көрсете алды. Және де бірінші ойында жарақат алған Заруцкийдің орнын басқан жас қақпашы Темірлан Анарбековтың ерен еңбегін атап өткен жөн. Ақыр соңында екі ойында да гол болмай, экстра-таймда ештеңе шешілмей, ойын тағы да пенальти сериясына ұласты. Пенальти сериясының шымылдығын Анарбеков тамаша сейв­пен ашты. «Қайраттың» алғашқы кезеңінде Громыко «паненка» тебемін деп шалыс басты. Бірінші айналымда екі клуб ойыншылары да қателесті. Барша қазақ жұрты Анарбековтың тілеуін тілеп, тақым қысты. Стадион толы көрерменнің үмітін Анарбеков ақтай алды. «Селтиктің» екінші пеналь­тиін де тосып, біршама сенімділік әкелді. Одан соң «Қайраттың» үш ойыншысы да қатарынан қателес­пей, «Селтик», дәлірек, жапондық Маеда соңғы пеналь­ти тепкен тұста Анарбеков үшінші сейвін жасап, күллі қазақтың қуанышына бөленді. Пенальти бо­йынша есеп «Қайраттың» енші­сінде 4:3, алма­тылық клуб – Чемпиондар лигасында! Клуб басшысы Қайрат Боранбаев та, бас бапкер Рафаэ­ль Уразбахтин де балаша мәз, қуанышында шек жоқ. Футболды көретіні бар, көрмейтіні бар, бәрі дерлік «Қайратқа» риза болып, «гу» етті. Ал Алматы көшелерінде сол түні мүлде тыным болмады. Араға он жыл салып, дәл осылай тарихи жеңіске куә болдық.

АЛМАТЫҒА  ӘЙГІЛІ  МАДРИДТІК  «РЕАЛ»  КЕЛЕДІ

Иә, айды аспаннан бір-ақ шығаратын жаңалық. Бір жыл бұрын ҚПЛ-де зорға чемпион болған «Қайрат» жыл өткен соң ЧЛ-ға шығып, Алматыда «Реал Мадридті» қабылдайды десек, сенер ме едіңіз? «Селтикпен» өткен ойыннан соң араға ұзақ уақыт салмай, ЧЛ-ның 2025/26-шы маусымының топтық кезеңінің жеребесі өтті. Әр команда деңгейіне сәйкес сегіз үздік деп танылған 36 команданың сегізімен жолығады. Соған сәйкес ортақ кестеде нақты ұпай белгіленіп, плей-оффқа өтетіндер анықталады. Әдеттегіден өзгеше ереже. Былтырғы  маусымнан  бері  осындай.

Жалпы, жеребе тарту рәсімі біз күткеннен де асып түсті деуге толық негіз бар. «Қайрат» ЧЛ-ның жалпы кезеңінде «Реал», «Интер», «Арсенал», «Спортинг», «Брюгге», «Олимпиакос», «Пафос» және «Копенгаген» клубтарымен жүздеседі. Бір қызығы, «Қайрат» шетелдік басылымдардың айтуынша, нағыз «жиһанкездің» өзі болмақ. Дәлірек айтқанда, отандық клуб сырт алаңда басқа командалармен ойнауы үшін 45 мың шақырымға жуық жүреді екен. Бұрын-соңды ЧЛ тарихында мұндай  статистика  тіркелмеген.

Жеребе тартылғанда жанкүйердің көңілі жай тапқаны рас. Себебі «Қайрат» топтағы әлсіз­дің рөлін ойнамайды деген үміт бар. Әрине, «Реал Мадридті» сүріндіреміз немесе «Эмирейтсте» «Арсеналды» шошытамыз деу артық. «Интер» де «Сан-Сирода» абай жүрері анық. Сондықтан алып үштіктен 1 ұпай олжаласақ – табыс, 2 ұпай – ерлік, ал бірін жеңу – нағыз сенсация болар еді. Бірақ алдын ала тізе бүгу  де  қисынсыз.

Қалған қарсыластардың бәрімен ойнауға болады. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин айт­қандай, «ботқадан қашпаймыз». «Брюгге» – Еуропаға етене таныс клуб, тәжірибесі мол. «Спортинг» соңғы жылдары Португалияның алдыңғы қатарынан түспей жүр. «Олимпиакос» та тәжірибесі толысқан, тіпті 2024 жылы Конференция лигасын ұтқан. Ал ең жас команда – «Пафос», бай демеушілердің арқасында  тез  өсіп  келеді.

Міне, осылардың қай-қайсысынан да ұпай алуға мүмкіндік бар. Әсіресе Алматыдағы кездесулерде «Брюгге», «Олимпиакос» пен «Пафостан» жеңіс күтуге болады. Тарих көрсеткендей, біздің клубтар Португалия, Грекия, Бельгия өкілдерінен ұпай тартып алған кездер көп болған. Өткен маусымда плей-офф­қа өткен командалардың орташа көрсеткіші – 11 ұпай. «Қайраттың» сол межеге жетуі қиын. Бірақ 8-9 ұпай алса, дебют үшін керемет нәтиже болар еді. Біріншіден, команда өзіне сенімді екенін дәлелдейді. Екіншіден, Қазақстанға  қосымша UEFA  ұпайын сыйлайды.

«Қайраттың» басты қиындығы – алып үштікке қарсы ойындарда. «Реал», «Арсенал» мен «Интерден» бірер ұпай алу мүмкіндігі бар, бірақ одан артық үміт арту әбестік болар. Негізгі сенім орта деңгейлі клубтармен кездесулерге тіреледі. «Брюгге», «Спортинг», «Олимпиакос» пен «Пафостың» ешқайсысы жеңіл қарсылас емес, бірақ дәл солардан ұпай алмаса, басқа ешкімнен ала алмайды. Сол себепті Алматыдағы кездесулер шешуші рөл атқарады. Ең қолайлы сценарий – 8-9 ұпай жинап, топта үшінші орынға тұрақтап, Еуропа лигасына ауысу. Ал ең нашар нұсқа – небәрі 3-4 ұпаймен соңғы орыннан көз ашпау. Демек, «Қайраттың» болашағы батыл ойынына тікелей байланысты, ал топтан шығу мүмкіндігін шынайы есеппен 20-25 пайыз шамасында бағалауға  болады.

ТҮЙІН. Неде болса «Қайраттың» бұл турнирге жолдама алуының өзі – сұмдық көрсеткіш. Оның үстіне Алматыға Мбаппе мен Винисиустердің келуінің өзі көңілге қуаныш ұялатады. Сол себепті «Қайраттан» сұмдық нәтиже күту, плей-оффты талап ету артық. Грандтардың бірінен ұпай алса да жеткілікті шығар. Бірақ, ақыры «Қайраттың» ЧЛ-ға шығуы сенсация болған екен, неге екінші мәрте күллі Еуропаны аузымызға қаратпасқа? Футболда бәрі мүмкін екенін АПЛ жеңген «Лестер» мен 2016 жылы жартылай кәсіби футболшылармен Еуропа чемпионатының ширек финалына шыққан Исландия құрамасы дәлелдеді емес пе?

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: