Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы еркін күрестен КСРО спорт шебері атанған жалғыз балуан

26.03.2025, 8:55 466

HALYQLINE.KZ

Қазалы аудандық спорт комитетін Ұзақ Сәрсенбаев басқарып тұрған кезді «Қазалы спортының алтын ғасыры» деп атайды. Сол кездері классикалық, қазіргі грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атағын қорғаған Қуандық Бакенов, Дәстен Айбосынов, Жеткерген Бекбосынов, Сапарбек Көбегенов, Шора Салмаев, Тұңғышбай Дербісалиевтердің ізбасарлары көп еді, соларға еліктеп қаншама балуан шықты, солардың алдыңғы ілегінде Талапбай болды. Бірақ, қазақша күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған жалғыз Жұмабек Құлыбаев болса, еркін күрестен Қазалы ауданынан жалғыз балуан Талапбай Мадияров қана КСРО спорт шебері атағына қол жеткізді.

Талапбай Мадияров 1957 жылы 11 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы станциясындағы мұғалімдер отбасында дүниеге келді. Әкесі Құттыбай Мадияров пен анасы Базарбике Қазиқызы Сәрсенбаева ұзақ жыл бойы математика пәнінен мұғалім болып, елге сыйлы адамдар болды.

Талапбай Қазалы станциясындағы теміржолға қарасты Кеңес Одағының батыры В.М.Счастнов атындағы №16 (419) орыс мектебінде үздік оқыды. Мектепте спорт пен оқудағы жетістігі үшін 1972 жылы Қара теңіз жағасындағы одақтық тынығу «Артек» лагерінде демалып қайтты (фото). Осы мектепте оқып жүргенде спорт мектебінің еркін күрес секциясына қатыса бастады, алғашқы жатықтырушысы Шорабек Ысқақов болды. Қатарына қарағанда күрес әдісін жетік меңгерген Талапбайды екінші жаттықтырушысы болған Қорғанбек ағайы облыстық және республикалық  оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатыстыра бастады.

1975 жылы орыс мектебін үздік бітірген Талапбай Шымкент қаласындағы Қазақтың химия-технологиялық институтының «өндірістік және азаматтық құрылыс» факультетінің кешкі бөлімшесіне оқуға түсті. Әке-анасы «жағдаймыз келеді ғой» деп қарсы болғанына қарамастан күндіз жұмыс істеп, кешкісін оқимын деп шешті. «Неге?» десеңіздер, ол кездегі жастар ата-анасына масыл болмай, барлық жетістікке өздері қол жеткізетін. Бірақ 3-курсында күндізгі бөлімге ауысып, жоғарыда аталған институтты 1981 жылы бітіріп шықты. Сол кездің өзінде Талапбай өзіне қатал талап қоя біліп, мақсатына өзі қол жеткізуді өмірлік басты ұстанымы – кредо етіп алды.

Осы студент кезінде Талапбай еркін күрестен республикалық және одақтық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып, атағы шыға бастады. 1978-1980 жылдары КСРО-ның түрлі кубогы үшін спартакиадаларға, турнирлерге және көптеген облыс пен республика көлеміндегі жарыстарға қатыса бастады. Красноярск қаласында өткен Котельников құрметіне арналған турнирде күміс жүлдегер, Киев қаласындағы турнирде де күміс жүлдегер, Минск қаласындағы турнирде алтынды жеңіп алса, Бабруйск қаласындағы «Буревестник» спорт клубының қола жүлдесіне ие болды. Алматы қаласындағы республикалық спартакиадада күміс медаль еншілесе, Ақтөбедегі Қазақстан кубогінің қола жүлдегері атанды, Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров атындағы республикалық турнирде күміс медальді жеңіп алды. Сол кездегі жаттықтырушылары Мәжіт Мажренов, Хамидин Андақұлов, Ілияс Омаров, Сағынтай Қаратаевтардың еңбектерін үнемі еске алып отырады.

КСРО бойынша жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алғаны үшін КСРО Министрлер Кеңесіне қарасты КСРО Денешынықтыру және спорт комитеті төрағасының бұйрығымен 1978 жылдың тамыз айында Талапбай Мадияровқа еркін күрестен «КСРО спорт шебері» деген куәлік пен төсбелгі тапсырылды. 1978-1980 жылдары Т.Мадияров Қазақстанның еркін күрестен ұлттық құрама командасының құрамында болып, республика намысын одақтық және шетелде қорғап жүрді. Сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкерлері әлемге әйгілі балуан болған Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев еді.

1981-1983 жылдары Талапбай Мадияров РСФСР-дің Забайкал әскери округі құрамындағы Саха елінде кеңес армиясы қатарында әскери міндетін өтеді. Лейтенант шенімен полк сарбаздарына күрес тәсілдерін үйретіп, ЦСКА тарапынан өткізіліп тұратын сайыстарға қатыстырып, жүлдеге ие болып жүрді. Солтүстік мұзды мұхит жағалауында болғандықтан алты ай түннен кейін алты ай жарық басталар сәтте жергілікті эвен және якут халықтарының мейрамы басталғанда ұлттық ойындар өткізілетін: үлкен от жағылып айналасында ән салып, би билейтін, ит пен бұғы жегілген шаналар жарысы болатын. Қалың қар үстінде ұлттық күресі «Хапсагай» (қазақта кең жауырынды жігітті қапсағай денелі дейді) күресі басталатын. Осы күрестің амал-тәсілдерін үйреніп алып қатысқанда Талапбайдың жауырыны жерге тимей жеңіс тұғырына көтерілді. Саха халқының даңқты ұлы, еркін күрестен 48 келі салмақта олимпиада және әлем мен Европаның, КСРО-ның 6 дүркін чемпионы Роман Михайлович Дмитриевтің (1949-2010) құрметіне өткізіліп тұратын КСРО турниріне қатысқан Талапбай Мадияров чемпион атанды. Осы даңқты балуан Дмитриевтің Мадияровқа қатты көңілі кетіп, ескерткішке суретке түсіп және қолтаңба жазып берді (фото).

Армиядан кейін де қызмет істеген жылдары да спорттан қол үзген жоқ. Әскерден келген соң Қазалы қаласындағы ПМК-42 мекемесінде экономист, құрылыс учаскесінде шебер, прораб бола жүріп, мекемедегі комсомол ұйымының хатшысы болып, партия қатарына қабылданды. Осы қызметте жүргенде, оның бойында басқа мамандыққа деген құлшынысы оянды. Оған себеп, 1984 жылы орталық теледидардан «ТАСС мәлімдеуге өкілетті» деген телесериал көрсетілгенде табиғатынан романтик Талапбайдың барлаушы қызметіне деген құлшынысы артып, арманы сол кездегі КГБ деп аталатын қаһарлы органға алып келді. Арнаулы тексерулерден өткесін 1986 жылы КСРО Мелекеттік Қауіпсіздік Комитетінің әскери құрамына алынды. 1986-1987 жылдары Грузияның астанасы Тбилиси қаласындағы КСРО МҚК жоғарғы курсының (высшие курсы КГБ СССР) курсант болып жүріп те еркін күресін одан ары дамытты. Осы жерде қолма-қол (рукапашный бой) ұрысы және гір көтерумен кәсіби түрде айналысып жетістікке жетіп отырды. «Тбилисоба» атты ұлттық мерекеде еркін күрестен өз салмақ дәрежесі бойынша Тбилиси қаласының чемпионы болса, Москва қаласында МҚК (КГБ) жоғары оқу орындарының курсантары арасында Грузия республикасы атынан қатысып, «рукопашный бойдан» 1-орынды, гір көтеруден 2-орынды жеңіп алды. Осы жарыс қорытындысымен Т.Мадияровқа «рукопашный бойдың» нұсқаушысы, гір көтеруден КСРО спорт шеберіне кандидат деген куәліктер табыс етілді.

1987 жылдың қазан айында елге келіп, Қарағанды облыстық МҚК Басқармасындағы қызметі басталды. Лейтенант шенімен (фото) қатардағы жедел уәкілі болып бастап, аға жедел уәкілі болды. Сосын ҚР ҰҚК-нің әскери қарсы барлау Басқармасында (УВКР) ауысып, Байқоңыр (Ленинск) қаласында орналасқан әскери қарсы барлау бөлімінің жедел аға уәкілі, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарып, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Себебі, ол кезде КСРО ыдырап, одақтың мұрагері Ресей елі тарапынан түрлі өктемдік жағдайлар туындағанда, өз еліміздің мүддесін бірінші орынға қоя білді. ҚР Ішкі істер әскерінің екінші Басқармасының әскери қарсы барлау бөлім бастығының орынбасары лауазымын абыройлы атқарды. 1994 жылы (сол кездегі «майор» шенінде) келесі қызметін ҚР ҰҚК Қызылорда облысы бойынша басқармасының аға жедел уәкілі ретінде жалғастырып, кейіннен бірнеше басшылық қызметті атқарған, атап айтқанда, қарсы барлау бөлімінің 2-ші бөлімшесінің бастығы, басқарманың өз қауіпсіздігі тобының аға инспекторы, 1995-1998 жылдары ҰҚК-нің Қазалы аудандық бөлімін подполковник шенімен атқарғанын жерлестеріміз жақсы біледі.

Бұдан әрі қарай ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Департаментінің ақпараттық-сараптау бөлімінің басшысы, «Барлау» 1-бөлімінің аға офицері және Департаменттің өзіндік қауіпсіздік тобының аға инспекторы, сосын резервтегі әрекет етуші офицер (бөлім бастығының лауазымына сәйкес) қызметін атқарып жүріп, 2004 жылы доғарысқа шықты. Резервтегі әрекет етуші офицер бола жүріп, ҚР Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер Комитеті Қызылорда облысы бойынша Салық департаментінің ұйымдастыру басқармасында және кадр бөлімінің бас маманы мен мемлекеттік құпияларды сақтау бөлімінің басшысы болып абыройлы қызмет істеп жүріп, сырттай «Болашақ» университетін бітіріп экономист мамандығын алып шықты, бұл қызметтен 2015 жылы өз еркімен шығып кетті.

Отан алдындағы мінсіз қызметі лайықты бағаланып, ҚР ҰҚК-нің үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «ҚР Қарулы Күштеріне-20 жыл», «Отан-Намыс-Айбын», «100 лет военной контрразведке», «100 лет ВЧК-КГБ-КНБ», «Ветеран органов безопасности», «ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне-30 жыл» төсбелгілері мен медальдарымен марапатталды.

Зайыбы Нағима Сәлиқызы екеуі екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бұл мақаланы жазу себебім, Қазалы ауданы бойынша еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері атанған жалғыз балуан ретінде және еліміздің қорғаныс пен қауіпсіздік саласында өзінің қолтаңбасын қалдырған Талапбай Құттыбайұлы Мадияров «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағына лайық тұлға дейміз.

Аудандағы спорт ардагерлері бастамасымен еркін күрестен Қазалы ауданынан КСРО спорт шебері атанған жалғыз балуан Талапбай Мадияровтың жүлдесі үшін 2025 жылдың 23 сәуірінде еркін күрестен жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өтеді (фото).

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: