Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшылық балуан үш дүркін «Бала барыс» атанды

08.10.2024, 17:30 192

HALYQLINE.KZ

Жасөспірімдер арасында ұлттық спортымызды насихаттау, балаларды саламатты өмір салтына баулу мақсатында шаһарда биыл үшінші мәрте «Бала барыс-2024» байрақты бәсекесі ұйымдастырылды. «Бала барыс-2024» турнирінің дәстүрлі сипат алуы – қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларының бір дәлелі.

Қызылорда қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс аумағынан 32 жасөспірім қатысқан жас балуандар додасы «Евразия» спорт кешенінде өтті. Иығына қасқыр терісін ілген жас балуандар өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады.

Қала күніне орай өткен тартысты бәсекенің нәтижесінде қызылордалық «Балмолдин» лақап атын иеленген Исламбек Балмолдаев ІV орынды (25 мың теңге) иемденсе, ІІІ орын (50 мың теңге) және «Қола белбеу» «Көкбөрі» лақап атын иеленген Жалағаш ауданынан Ерсұлтан Сұлтанбековке бұйырды. Жалағаш ауданынан Әлинұр Сәрсенбай («Ошақты») ІІ орын (100 мың теңге) мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, І орын (200 мың теңге) және «Алтын белбеуді» қармақшылық «Семетей» Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған алтын «Тайтұяқты» қанжығасына байлады. Осылайша үш дүркін «Бала барыс» атағын иемденді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: