Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсардың» жаңа құрамы таныстырылды

26.02.2025, 9:10 56

HALYQLINE.KZ

Кеше «Достық» үйінде «Қайсар» футбол клубының жаңа құрамын жанкүйерлерге таныстыру рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов арнайы қатысып, «Қайсар» футбол командасының жаңа маусым ойындарына сәттілік тіледі. Бұл туралы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылы «Қайсар» футбол командасының құрамында 11 легионер бар болатын. Осы ретте аймақ басшысының бастамасымен елімізде алғашқылардың бірі болып команда легионерлерсіз жасыл алаңда өнер көрсетеді. Қазіргі таңда «Қайсар» командасының құрамындағы 25 футболшының 6-ауы – команда сапына жаңадан қосылған ойыншылар. Олардың арасында Қазақстан құрамасының ойыншысы Айбол Әбікен, ел чемионатының 8 дүркін жеңімпазы, тәжірибелі қақпашы Александр Мокин, Қазақстан жастар құрамасының футболшылары Роман Божко, Никита Губарев, Нұрдәулет Ағзамбаев, Жалғас Жақсылықов бар.

– Аймақ басшысының бастамасымен «Қайсар» футбол клубы легионерлерсіз, яғни жергілікті футболшылармен жаңа маусымды бастайды. Осы бастама арқылы футболшыларымыздың жасыл алаңдағы деңгейін арттыруға және олардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашылады деп сенеміз. Осы жылы өтетін чемпионаттарда «Қайсар» бар мүмкіндігін пайдаланып, жанкүйерлерді қуантады деп сенеміз. Бұл ретте, футбол клубтың білікті бапкері Виктор Кумыковқа үлкен жауапкершілік жүктелді. Сондықтан футболшыларымыз жерлестерін үлкен жеңістермен қуантады деп ойлаймын. Облыстың спорт саласын қарқынды дамыту аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, облыс әкімінің үлкен қолдауымен аймағымызда заманауи үлгідегі спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталуда. Соның бірі Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 20,9 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде спортшыларымыз биік белестерді бағындырады деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы.

Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары футболшыларға жаңа жейде табыстап, ойыншылармен естелік суретке түсті.

Іс-шара соңы мерекелік концертпен жалғасты.

Еске салайық, кезекті ел біріншілігіне Қызылорданың «Қайсары» тыңғылықты дайындалды. Түркияда екі оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Еуропаның 10 командасымен шеберлік шыңдады.

Айта кетейік, «Қайсар» Қазақстан чемпионатының 1-турында 2 наурызда «Жеңіспен» кездеседі. Матч Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда өтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: