Өткен жылы бірінші лигадан жоғары лигаға көтерілген қызылордалық «Қайсардың» биыл Түркияның Анталия қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына Қазақстан футбол клубтарының арасынан бірінші болып барғанын жақсы білеміз. Бұл – бас бапкер Виктор Кумыковтың шешімі. Мұны клуб директоры asi_inside ютуб арнасына берген сұхбатында айтқан болатын. Бас бапкер «сырбойылық команданы қайтсем де жоғары жетістікке жеткізсем» деген оймен жанталасқаны айдан анық. Өйткені, 2023 жылғы Olimpbet-Қазақстан чемпионатында «қасқырларға» үздік бестікке кіру тапсырмасы қойылды. Десе де, қызылордалық команданың бюджеті өзге клубтарға қарағанда аз, футболшылардың да алатын айлығы көп емес. Бірақ, бұған қайсарлық қалмады деп қарауға болмайды. Сонымен, біз газеттің бүгінгі санына «Қайсардың» құрамы мен қарқыны қандай?» деген тақырыпта ізденіп көрдік.
Жаңа футбол маусымы алдында «Қайсар» футбол клубының ойыншыларын таныстыру рәсімі өтті. Биыл команда құрамында 25 футболшы өнер көрсетсе, оның 15-і «Қайсардың» сапына жаңадан қосылған. Премьер-лигадан түсіп қалғанша «қасқырлар» көбіне бір құраммен, көп ойыншы алмастырмай ойнап келгенін футболсүйер қауым жақсы біледі.
Іс-шара барысында футболшыларға жейде табыстау рәсімі жылдағыдан ерекше болды. Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, «Қазақстан барысы» турнирінің 2022 жылғы жеңімпазы Мақсат Исағабылов және ауыр атлетикадан әлемнің 4 дүркін жеңімпазы Илья Ильин футболшыларға жаңа жейдені табыстады.
Жиында бас бапкер Виктор Кумыков жаңа маусымда жанкүйерлерді барынша қуантуға тырысатынын жеткізді.
– «Қайсар» футбол клубына қайта тағайындалғаныма қуаныштымын. Команда құрамындағы футболшылармен бірге әрдайым жеңіске ұмтыламыз. Жоғары жауапкершілікті сезінемін, – деді бас бапкер.
Айта кетейік, кезекті ел біріншілігіне Қызылорданың «Қайсары» тыңғылықты дайындалды. Түркияда үш оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Еуропаның 13 командасымен шеберлік байқасты.
– Өткен жылы футболдағы мансабымды аяқтап, «Қайсардың» спорт директоры қызметіне тағайындалдым. Осы орайда, барлық күш-жігерімді, тәжірибемді туған жеріме, өзім қанат қағып өскен клубыма арнап жатқаныма қуанамын. Қызылордада талантты балалар өте көп, тек бағыт-бағдар беріп, іріктеп «Қайсардың» құрамына қосу керек. Биыл «Қайсар» оқу-жаттығу жиында әртүрлі деңгейдегі командалармен бақ сынасты. Әрине, жеңіс те, жеңіліс те бар. Десе де, жолдастық кездесудің бәрін жеңе беру деген мақсат жоқ. Бұл – ойыншылардың әлеуетін тексеру мақсатындағы матчтар. Әрі мұнда ойнайтын негізгі құрам емес, – дейді «Қайсар» футбол клубының спорт директоры Мақсат Байжанов.
Статистикаға сүйенсек, «Қайсар» ойыншылары бағасы бойынша ең арзан клуб болып тұр. Бірақ, бұл ойыншылардың әлсіздігін білдірмейді. Сондай-ақ ойыншылардың орташа жасы 24 екен.
– «Қайсардың» Қызылордада өтетін ойындарынан қалған емеспін, тіпті бірінші лигадағы кездесулеріне де барамын. Түздегі маңызды мачтарына да арнайы барып, сүйікті клубымды қолдаймын. Шыны керек, бірінші лигадан енді келген клубтан жоғары нәтиже талап ете алмаймыз. Дегенмен, биыл «Қайсар» жақсы ойын өрнегін көрсетіп, келесі жылға сенімділігін арттырады деген ойдамын. Қандай жағдай болса да, жергілікті команданы қолдауды жалғастыра беремін, көпшілікті де соған шақырамын, – дейді жанкүйер Руслан Қоқанов.
Olimpbet-Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Қайсар» «Қызылжар-СҚ» командасымен ойнайды. Кездесу Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда 5 наурыз күні сағат 18:00-ге жоспарланған. Бір жылдан кейін жоғарғы лига Қызылордаға қайта оралады десек болады.
Рыскелді ЖАХМАН
«Қайдардың» 2023 жылғы құрамы
Қақпашылар:
Нұрымжан Салайдын
Нұрмат Сарсенов
Степан Сикач
Қорғаушылар:
Қуаныш Қалмұратов
Әділет Кеңесбек
Абылайхан Төлегенов (вице-капитан)
Проспер Менди
Бен Азиз Загре
Жоао Педро Оливейра
Виталий Приндета
Василий Совпель
Жартылай қорғаушылар:
Руслан Сақалбаев (капитан)
Дидар Жалмұқан
Мағжан Бауыржан
Дмитрий Бородин
Горан Милойко
Әліби Тұзақбаев
Шабуылшылар:
Елжас Алтынбеков
Бақдәулет Зульфикаров
Георгий Бухаидзе
Никола Дишич
Ескертпе: өзгеріс болуы мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!